Жүз отыз бір елді аралаған жиһанкез
«Күш атасы – Қажымұқан әлемнің 30-ға тарта елін аралапты», «фотоаппаратын, киноаппаратын арқалай жүріп, Әліби Жангелдин Америка мен Еуропаны түгел шарлапты», «әлем желаяғы атанған Марат Жыланбаев 60-қа жуық елдің шөл даласы мен құмын жаяу жүріп бағындырыпты» дегенді естіп таңғалушы едік. «Әлемнің 131 елін жалғыз жүріп аралапты» деген отандасымызды естуің бар ма? Жоқ. Ендеше, тыңдаңыз, ондай адам бар ! Ол кім дейсіз ғой. Ол – Қарғалыдан шыққан (Алматы облысы Жамбыл ауданы) жиһанкез Исламжан Иминов. Сол елдердің әдет-ғұрпын, ішетін тамағымен бірге сусындарына дейін тәптіштеп жазып, әйгілі тарихи ғимараттарын суреттеп, сонда туып-өскен ғалым, жазушы, мүсінші, ақындарына дейін тізіп көрсету – оңай шаруа емес. Ал ондағы мәдени орындар мен стадиондарды суретке түсіріп алу – екінің бірінің қолынан келмейтін әрекет. Оның бәрін сипаттап жазып суреттерімен қоса әр елдің өзіне арналған папкілеріне тиянақтап салу – Исламжанның өзіне тән ұқыптылығы десе де болады. Осындай құнды папкілер кітап сөресінде қыздың жиған жүгіндей болып қатар тұр. Бұл деген – әлемдік аренаға енді-енді шығып, көзі ашыла бастаған білімді жастарымызға құнды жәдігер, энциклопедиялық дүние емес пе! Бұның бәрін көптен араласып жүрген інім Исламжанның үйіне барғанда өз көзіммен көрдім. Есіктен кіреберістегі дәлізінен бастап төрт бөлмелі үйінің барлық қабырғаларына жабыстырылған сол елдерден алып келген сувинерлері көздің жауын алады. Әр қайсысы сол елдің шеберлерінің қолынан шыққанын дәлелдеп тұр. Әсемдігі жағынан да бірінен-бірі өтеді. Әкесі марқұм Әбдіқадыр да сонау Құлжа мен Қытайдан бастап, Өзбекстан, Пәкістан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ресей жерлерін талай шарлаған екен. Сонау 30-жылдары Бұқарадағы діни медресені мақтау қағазымен бітіріп, мешіттерде иман болып жүрген жерінен «дін – апиын» деп сауысқанша шырылдайтын қызыл империя құзғындары тыныштық бермей, әзиз басын қаңбақша домалатады. Соның бәріне шыдап, балаларын «тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай» өсіріп, барлығының жоғарғы білім алуына жағдай жасайды. Өткен ғасырдағы 40-жылдары Қарғалыдағы Сәт болыс салдырған мешітте имам болып жүргенде Жамбыл ауданының қариялары осы жалғыз мешітке жұма намазына көп келетін. Кремльдің төрінде намаз оқыған ұлы жырау Жамбыл да осы мешітке жиі келеді екен. Әбдіқадыр имамды өзінің жақынындай көріп кетеді. Тиісті орындарға айтып, имамға тиіспеуді өтінеді. Сөйтіп, Жамбылдың арқасында қуғындаудан құтылады. Ұлы жыраудың о дүниеге аттанар алдында: «Менің жаназамды Әбдіқадыр молда шығарсын», – деуі тегін болмаса керек. Иминовтар әулеті осылай ұлы жыраудың ыстық ықыласына бөленгенін ауыл қариялары ауыздарынан тастамайтын. Имамдықтан айырылып, Қарғалы шұға комбинатында қара жұмыста жүргенін көріп қалған директор Әнуарбек Жұрынов: «Сіздей білікті адамға қара жұмыста жүрген жараспайды, жер бөліп берейік, базар ашыңыз», – деп Қарғалы өзені жанындағы казіргі үлкен базардың ашылуына пәрмен бергенін ел жақсы біледі. Өмірінің соңына дейін Әбдіқадыр ақсақал сол базарға басшылық етті. Балаларының бәрі Қарғалы ауылында әртүрлі қызметтерді абыроймен атқарды. Үлкен ұлы Иминжан шұға комбинатында бас энергетик, ортаншысы Смайылжан Құдыс Әбсеметов атындағы орта мектепте директор болып қызмет етті. Ең кіші ұлы Исламжан – Алматыда бір туристік компанияның директоры. Ол – бірнеше танымдық кітаптың авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оның шығармашылық жолына ақ батасын Мұрат Әуезовтің беруі де көп нәрсені аңғартса керек.
Исламжанның әлемнің түкпір-түкпіріне жиһангерлік сапары неше түрлі оқиғаларға толы болды. Барған елінде пілмен де, түйемен де, рихшамен де сапарлап, улы жыландармен арбасып, ұзындығы 7-8 метрлік анакондалармен арпалысып, арыстан, жолбарыстармен жолдас болып, маймылдардың мазағына ұшырап, насорогтардың тұмсығынан зорға аман қалып, крокодилдермен шайқасып, жирафтардың ұзын мойынын өлшеп, көрген екен. Өзге де хикаяларын айтқанда таң-тамаша боласың. Мұнысы ерлік пе, әлде пенделік пе, оны оқырманым, өздерің сараптай жатарсыңдар. Соған қарамастан, барған елінің ежелгі, қазіргі сан үлгідегі архитектурасымен танысып, алдында суретке түсіп, олар жөнінде қысқа да нұсқа сипаттама жазуды ұмытпаған. Ол жерде туып-өскен атақты ғалымдар, жазушы, ақындар, сәулет өнерінің қайталанбас ірі тұлғалары, саяхатшылары, өнер адамдары жөніндегі жазбаларын энциклопедиялық туынды десе де болады.
Мадияр елінде
Мәселен, қазақ десе елеңдеп тұратын Мадияр (Венгрия) еліне барған сапары жөніндегі жазбасы өте қызықты. Олар ата жұрты – қазақ даласы екенін мақтанышпен еске алатын көрінеді. Сондықтан да қазақты көрсе туғанындай қарсы алып, кең дастарқанын жаюды дәстүрге айналдырыпты. «Отыз мыңға жуық Қарсақ (қазақ деп те ұғыныңыз) қаласының тұрғындары мереке-тойларында қыз қуу, жамбы ату, бәйге жарыстыру, т.б қазақи дәстүрлерді әлі күнге дейін жалғастырып келеді. Жазда киіз үйде тұрып, бүркіт ұстап, тазы жүгіртуді де ұмытпаған. Ал атақты Венгер ғалымы Иштван қоңыр Мондеки жайлы деректі мен сонда болғанда естідім, – дейді Исламжан, – Оның жұбайы Оңайша атты қазақ қызы екен. Жарының қайтыс боларының алдында: «Мені қазақ жеріне апарып қойыңдар! – дегенін де мен сол жақтан естідім. Айша уәдесінде тұрып жарын Алматыдағы Кеңсайға қойыпты.
Исламжан мына бір жайды да қызыға еске алады. Будапештің базарынан қазақы өрнегі бар бір тамаша жүннен тоқылған шәліні анама сатып алдым. Шашақтары тотықұстың қанатындай сан алуан түске еніп құлпырады. Ауылға келген соң анам Ризванияға сыйламақ болдым. Ол кісі: «Балам, шет елден әкелген сыйлығыңды құдағиым Жібекке сыйла, мені қайда қашады дейсің, кейінгі сыйлықтарыңды алармын. Қайын атаң Арыстан да бір қуанып қалсын. Ақмаралың болса да қостайды ғой», – деп, ақыл берді. Дүние қумай, кісілікті, адамгершілікті ту қылып ұстаған шіркін аналарым-ай!

Хорват елінде
Ұлт көсемі болған генерал Броз Титоны Хорват елі ауыздарынан тастамайды екен. Оның қазақ жерінде он шақты жыл тұрып, қазақтың тілі мен әніне ғашық болғанын, сонда қой бағып, Иса атты байдың диірменшісі болып, қазақтармен етене араласқанын егде тартқан қариялар естеріне жиі алады. Жасы тоқсаннан асқан бір қария соғыс жылдары Броз Титоның әскерінің құрамасында болғанын, онда қолға түскен қазақ жауынгерлеріне әкесіндей қамқорлық жасап, оларға әскерінің батальоны мен роталарын басқартып, сеніммен қарайды екен. «Қызғанған жерлестеріне: «Мен қазақ елінде тұрғанымда жігіттерінің бірде-біреуі мені (ақтар іздеп жүрсе де) сатқан емес. Сөздеріне берік, жандары жайсаң, осыны түсініңдер!» – дейді екен салмақты үнмен. Соғыстың саябарсыған сәтінде қазақ жігіттерімен қосылып, халық әндерін шырқайтын кездері болатын», – дейді қария.
Жиһанкездігі қай кезеңнен басталғанын сұрағанымызда: «Мен Ақмаралға 1987 жылы үйлендім. Бал айын Мәскеу мен Ленинградқа барудан бастадық. Ондағы патша сарайы, I Петрдің ғажайып ескерткіші, сиқырлы фонтандары, Пушкин оқыған лицей, янтарь сарайы, т.б. да толып жатқан тамаша ғимараттар көзжауымызды алды. Елге барған соң дүниежүзінің осындай көрікті жерлерін аралауым, көруім керек деп түйдім. Мұны марқұм болған Ақмаралым да қостады. Осылай жиһанкез атанып кеттім», – деп күлді Исламжан. Ол айтқан сөзінде тұрып, бүгінге дейін әлемнің 131 елінде болып, 200-ге жуық қаланың қақпасын қағады. Алты материкті түгел аралайды. Параходпен, тік ұшақпен, ұшақпен, пойызбен шарлап, мұхиттар мен теңіздерді, шөл дала мен құмды жерлерді, ормандар мен тропикаларды, джунглилерді, тайгаларды басып өтіп, олардың бәрін суретке түсіріп, қысқаша сипаттама беруді де ұмытпаған. Ол елдердің территориясын зерттеп, театрлары мен музейлерін, стадиондарын аралап көріп, олар жөнінде де мәліметтер жинайды. Мая халқы мен Перу елінің таңғажайып ғимараттарының сұлулығына үңіледі. Мұның бәрін электронды кітабында жариялайды.
Германияда 15 жыл тұрып, ондағы халықпен етене араласады. Әдеттегідей ол елдің мәдениеті мен әдебиеті, ежелгі ғимараттары, әдеп-ғұрпы мен салт-дәтүрлерін егжей-тегжейлі жазып алады. Көбірек араласқандары – Қазақстаннан көшіп келген немістер. Олар жиын- тойларына Исламжанды жиі шақырады. Бір қызығы, өзімізден барған немістер ет асып, қазы-қарта қойып, тоқаш пісіріп, тіпті кейде қазақтың ұлттық киімдерін де киіп жүреді екен. Әндері де, билері де – қазақша. Қариялары қазақша бата да береді.
Исламжан Қарғалы ауылында туып-өскенін мақтан етеді. «Дүниежүзін аралап жүрсем де дәл осындай көзіме ыстық көрінетін жерді кездестірмедім. Өзіне магнитше тартып тұрады. Өйткені жастық шағым осында өтті. Әке-шешем осы жерде жер қойнында жатыр. Университетті бітірген соң да мамандығым бойынша көп жыл комбинатта қызмет еттім. Әлемге сапарымды осы жерден бастадым. Қазіргі таңда «Wokrug Sveta» атты туристік компанияның директорымын. Алға қойған жоспар көп. Инвестор тауып Қарғалының бұрынғы комбинат тұрған жеріне туристік база салып, оны көркейтіп, әлемге танытсақ деген ойымыз бар. Бұған жергілікті басшылар қуанбаса, ренжи қоймас деп ойлаймын. Бұл ауыл халқының да игілігіне айналар еді», – деген арманын да жайып салды Исламжан. Оның армандаған игілікті ісін біз қостадық.
Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ