САРМЕРДЕН (Деректі әңгіме)
02.04.2026
73
0

Қарға бойлы Ай-апа есіктен айқайлай кірді:
– Атаңның гөрі, бұл не жатыс түске дейін!? Қырылып қалғаннан саусыңдар ма, түге! Әй, Жыпар, Гүлсары, сиырларыңды сауып, шай қойыңдар, елдің малы өрістен қайтатын уақ болды. Жаман қатындардың Ер Манасты өздері тапқандай боп шалжиып жатқандарын!
Арчалылықтар ауыздарынан тастамайтын «Ер Манасты өзі тапқандай боп жатысын» деген мақалды шығарған кісі мына тұрған жұдырықтай сары кемпір – Айкүміс, бұл өлкеге аты мәшһүр «Ай-апа».
Кейуана қолындағы асатаяғын қарағай еденге үшінші рет «тақ» еткізгенде, қоржын тамның екі жағынан үлкенді-кішілі екі келін атып шығып, енелеріне сәлем салды. Олардың соңынан көздерін уқалап, аңырая есінеп ағалы-інілі екі жігіт есік ашты. Әжелерінің жүзіне жасқана қарап, жанарларымен жер сызып отырып далаға беттеді.
Жыпар мен Гүлсары сиыр сауып жатқанда, Құтман от жағып, Садыр тұмадан су әкелуге кетті. Кемпір есік алдындағы сәкінің шетіне келіп, қаққан қазықтай боп қаздиып отырды. Күн әлі ұясынан шықпаған мезгіл. Аядай ғана Арчалы айылы шырт ұйқыда.
Тағы да сол ескі әуеніне салып, өзінен басқа жан естіместей баяу әнге басты Ай-апа:
Ауылым Ақсеңгірдің етегінде-ай,
дүние-ай,
Өмірім өксік болып өтемін бе-ай,
дүние-ай.
Елімнен айырмасын деп жүргенде,
дүние-ай,
Тағдырдың кетіп барам жетегінде-ай,
дүние-ай!…
Беу, ағайын аман болсын,
Жау алмас қамал болсын, ахау, арман. Беу, ботаңдай боздап барам,
Көрісер заман болсын, ахау, арман!
Бала күнінен құлақта жатталып қалған сол ән. Ақсеңгірі қайда, ит білсін! Ашаршылық жылы әке-шешесі Алатау асып, Айкүміс нағашысының қолында қалып қойыпты. Уақыт оза бойжетіп, ауылы аралас, қойы қоралас қырғыздың Аалы дейтін жігітіне ұзатылып барыпты. Айдарына жел тимеген бір үйдің жалғыз ұлы Аалы қолынан қомызы түспейтін жезтаңдай әнші, жеті өнерді бойына дарытқан сал-серінің өзі деседі. Алатаудың күнгейі мен теріскейін тең мекендеп, айылынан көктем шыға, қыста оралатын кезбе болыпты. Айкүміске дейін де төсек жаңғыртыпты мырза. Тірі жетім атанған қыз ақиқаты мен аңызы жеткілікті әңгімелердің бірін де құлағына ілмей, барған жеріне балдай батып, судай сіңіп кетіпті. Бір ұлды дүниеге әкелген жылы Аалының өкпесіне суық тиіп, даңқы алысқа кеткен әулие-тәуіптердің де ем-домы қонбай, небәрі отызында бақилық болыпты. Жалғызын жеткізіп, аяқтандырып, одан Құтман мен Садыр дейтін екі немере сүйді Айкүміс. Құдай берейін десе, балақтан саулата салады екен-ау, бұл күндері шөберелерінің санынан жаңыла бастаған. Аса мейірімді Жаратқан ием Аалы мен оның жарық дүниеден ерте кеткен тумаларының жасамаған жасын қосып бере салды ма, кім білсін, Айкүміс апа биыл жүз беске келді. Ертеде құрдасы Дүйшен: «Арчалыға ақырзаман келіп, бір кісі тірі қалса, сен қаларсың, Айкүміс! Осы жасқа келгенімше сенің ауырмақ түгілі, қатты жөтелгеніңді естіп көрмеппін», – депті. Сол кезде Дүйшен сексенде екен. «Манас атаңнан ұлымысың, әдірам қалғыр, асықсаң, жолың болсын!» – депті Айкүміс. Араға апта салып Дүйшен о дүниеге сапар шегіпті…
Тау бөктеріндегі шағын Қырғыз айылындағы Аалының әулеттерінің таңертеңгі тірлігі осылай басталатын. Бір айылды билеп-төстеп, әмірін жүргізіп отырған сары кемпірдің бетіне тік қарауға дәті жетпей, Ай-апаны ықтай жалдап, құрдай жорғалап жүреді арчалылықтар.


Ай-апа қою күрең шайды сораптай ішіп отыр. Оң жағында – Құтман мен Жыпар, сол жағында – Садыр мен Гүлсары. Күндегі дағды.
– Отын, шөптеріңді ертерек қамдап алыңдар!
Бұл – бұйрық.
– Отын да, шөп те іргеде жатыр ғой, – деді Құтман.
– Онда, Аалы атаң құсап ел кезіп, сауық құрып жүре бер. Отының үйге, шөбің қораға өзі келеді.
Жыпар мырс етті. Құтман: «Саспаңыз, апа», – деп міңгірледі.
– Осы қазақтан құтылатын күн бар ма деп Арчалының қырғыздары шаршап бітті. Соларға ерегескенде әлі бір-екі ғасыр жасасам ба деп жүрмін…
– Ойбай, апа, сізді өлтіре алмай жүрген кім?! Кеңірдегін суырып, желкесін қиып берейін! – деді Садыр.
– Әй, қара тентегім-ай, өзім-ақ жандарын жаһаннамға жіберіп жатқан жоқпын ба! Осында тоқсанға, жүзге келген біреуі болса, айт, кәне! Жалмауыз кемпірді көрсетейін көздеріне…
Алыста, беткейден құлдилап келе жатқан біреудің сұлбасы көрінді.
– Мына салпы аяқ сорлы Бишеналы ғой, – деді Ай-апа.
Төртеуі бірдей тесіле қарап, иықтарын қиқаң еткізді. «Танымадық» дегендері.
Ай-апа айтқандай «салпы аяғы» Бишеналы болып шыққанда, төртеудің көздері атыздай болды. Ойпырым-ай, мына кемпірдің көзі дүрбі ме, телескоп па, не бәле?! Таңданыстарын жасыра алмай, апаларының бетіне тесіліп қалыпты екі немере, екі келін.
Бишеналы амандық-саулық сұрап, Ай-апаның қасына малдас құрып жайланып отырып, шайға бас қойды. Қырықтағы қырқылжың әлі сүрбойдақ, барып тұрған көк мылжың, шапанының жеңін дұрыстап кие алмайтын ез.
– Таң атпай орныңнан су шықты ма, жоқ әлде, қос тонаттың ба, дәу де болса мына жүрісің тегін емес. Шай ішуге келмеген болсаң, тез айт шаруаңды!
– Мейрамбек ағамды білесіз ғой, Ай-апа?
– Ойбай-ау, оны қырдағы қырғыздың бәрі біледі ғой.
– Соның екі сиыры мен оншақты қой-ешкісі барын білесіз бе?
– Оны да көрші-көлемдері жобалап біледі де.
– Екі сиырдың біреуі қызыл сиыр екенін білесіз бе?
– Әй, оның қызыл екенін мен қайдан білейін!
– Соны айтам, сіз қайдан білесіз…
– Не бопты қызыл сиырға?
– Қасқыр жарып кетіпті!
– Түйт, атаңның гөрі! Мыжып отырғаның осы ма! Әй, сорлы! Мейрамбек сенің туған ағаң емес пе?! Сауынды сиырынан айырылып отырса, сенің жүрісің мынау, қыз берген сарсүйек құдамдай шікірейіп, бар, ағаң үйіне!
– Барғанда не істеймін, өлетін сиыр өлді де…
– Мынаның дені сау ма-ей! Сонда сен бізден сүйінші сұрап кеп отырсың ба?!
Ай-апа күйіп-пісіп отырса, ана төртеуі Бишеналыға қарап жымың-жымың етеді.
Ай-апа шыдамай орнынан атып тұрды да, таяғын таянып, Мейрамбектің үйін бетке алды.
Ай-апа ұзай бере Бишеналы күңк етті:
– Өзі қызық адам, жүгіріп барып Мейрамбектің екінші сиырына көңіл айтпақшы ма…
Арчалы деген жер Қырғыздың картасында бар-жоғын мына жұрт білмейді де. Атамзаманнан бері жасап жатқан бір рулы ел малмен күнелтіп, не көбейіп, не азайған емес. Өздерін ауыл санағанымен, бұлармен есептесіп жатқан үкімет жоқ. Әйтсе де ешқашан қағазға түспеген ақсақалдардың ата заңы бар, ешкім сайламаған «Ай-апа» дейтін Президенттері бар.
– Сиырың арам қатқан жоқ па, дер шағында бауыздап алдыңдар ма? – деді Ай-апа есіктен кірген бетте Мейрамбекке сауал тастап.
– Кеше өрістен қайтпаған соң іздеп барсам, соның алдында ғана шаптан жарып кеткен екен, тұяқ серпіп жатқан жерінде бауыздап үлгердім…
– Бұған да шүкір ет, балаларыңа азық болатын бопты.
– Кеште өзіңіз бастап, түгел қонақ боп қайтыңыздар. Ағайынның басын қоса алмай жүр едім, бұл да бір себеп болсын. Жарықтық семіз шықты, жас мал ғой…
Мал-сұлдарын жайғастырған ел тайлы-таяғы қалмай Мейрамбектің үйінде бас қосты. Жерге ұзыннан-ұзақ екі қатар жайылған дастарқан көз сүрінтеді. Құрт-май, шелпек-бауырсақ, жент-қаймақ, мейіз-кәмпит… дейсіз бе, құстың сүтінен басқаның бәрі бар көрінеді. Төрдің қақ басында отырған Ай-апаның батасынан кейін аяқтары аяқтарына тимей құрақ ұшқан күтуші қыз-келіншектер жағалата шай құйып, аппақ кеселерді қолдан-қолға сырғытып жатты.
– Қалаға барып келдің ғой, Жапар балам, мына дүниеде не боп жатқанын айта отыр, – деді Ай-апа айыр қалпағын милықтата киіп, шоқша сақалын сылап отырған дөңгелек жүзді, орта жастардағы қараторы кісіге тігіле қарап.
– Қалаңыз қайнап жатыр, – деді Жапар, – Құдай-ау, адамынан мәшинесі көп пе деп қалдым, түтінінен екі өкпем қысылып, өліп қала жаздадым. Базардағы құжынаған халықтың арасынан жол тауып өту де бір тозақ, қаланың бір басынан екінші басына дейін жетем дегенше жарты күнің кетеді, жегендері – шөп, ішкендері – сасыған су… бүйткен өмірлері құрысын! Қайран, Арчалым-ай, жұмақ екен ғой, барлықтарыңа айтарым, балаңның баласын қалаға жібере көрме!
– Айтпақшы, – деді Жапар есіне бірдеме түсіп, – біздің айылдың мәдениетін екі жылда бір өтірік тексеріп кететін Жуашбек бар ғой, сол кездесіп қалып: «Мемлекеттік телеарна биылғы Сармерденді1 жайлауда, таудың етегінде түсіреді. Соған сіздердің Арчалы айылы лайық деп шештім. Оның үстіне көрші қазақ елін де қатыстырамыз, дайындала беріңдер», – дейді. Менің ұққаным, біз де киноға түсетін көрінеміз, «Сіз қалай ойлайсыз?» деп қояды Жуашбек қу мен бейбақты Ай-апамдай көріп, қолымда билігі бар кісі құсап мен де «Барғасын ақылдасамыз», – деймін кісімсіп. Жақында кеп қалар.
«Қазақтарды да қатыстырамыз» дегенді естігенде, Ай-апаның тұла бойын жай оты осып өткендей болды. Шынымен, төркін жұртынан келетіндерді көретін күн туа ма! Он бес жасында ұзатылып келіп еді, тоқсан жылдың ішінде бір тірі қазақ кездестірмеген, заты демесең, еті түгіл сүйегіне дейін қырғызға айналып кеткен Айкүміс өң мен түстің арасында есеңгіреп отыр. Көз алдынан ауылы, жер-суы, ел-жұрты көшіп өткендей болды, қарғадай ғана тұлғасын сағыныш сезімі билеп, кеңсірігіне ащы өксік тығылып, көз жасын көл қылуға шақ қалып, өзін әзер ұстап алды. Бір тәуірі онысын ешкім елемеген секілді, гу-гу әңгіме жан-жақтан өрбіп жатты.
– Жердегі жұлдыздарды көреміз деші…
– Аалының аруағы бір аунап түсетін болды-ау…
– Бізде ток жоқ қой, микрофон деген бәлесін қайда жалғайды?
– Сиырдың артына тықпаса…
–Үсеннің қара бұқасының үлкендігіндей бір темір сандықтары бар, оны қосса, мына беткейді жап-жарық қып жібереді.
– Жоқ нәрсеге бастарыңды қатырмаңдар…
Ет желініп, ас қайырылып жұрт үйді-үйіне тарасты.
Ай-апа елегізіп түнімен ұйықтай алмады. Шым-шытырық түс көрді. Түсінде ел көшіп келе жатыр екен дейді, құзар шыңның бауырындағы жалғыз аяқ көш жолында түйенің алдыңғы өркешінен мықтап ұстап алыпты, төменге қараса, шыңырау, зәресі зәр түбіне кетеді, артына қайырылып қарауға жүрегі дауаламайды. Шешесі аттың үстінде, әкесі жаяу келе жатқан сияқты. Бір заманда атан түйенің табаны тайып, құздан құлап бара жатады. Өлдім, бітті деп көзін жұма бергенде, қарымды бір қол мұны қағып алады. Қараса, әкесі, енді бір қараса, шешесі…
Жүрегі атқақтап, көпке дейін көзі ілінбей жатып ұйқыға енді бас қойғанда қорқынышты түсі қайталанады. Тағы да сол қия беттегі көш, өркешке жабысқан өзі, жалама-жартастан ұшып бара жатқан сары атан…
Жапар айтқандай, орталықтан артынып-тартынып бір қора кісі келіп, Сармерденнің дайындығына кірісіп кетті. Сахна құрылды, Түрікпеннің гүлді кілеміндей әсем безендірілді. Электр жарығы тас қараңғы түнді түріп тастап, Арчалының аспанын күндізге айналдырды. Қарағай-самырсын, қайың-терек, ұшқат-арша, бұта-бүрген, мүк-қына жамылған бел-белес, шың-құзарларды бағзы заманнан мекен етіп келе жатқан аңдар мен құстар ит тұмсығы өтпейтін жыныстың ішінен кірерге тесік таппай, жан-жаққа тым-тырақай қашып жатты.
Арчалыға қоңсы айылдарда сармерденнің болатынын естігендер тайлы-тұяғы қалмай шұбырып жетті. Беткейде ине шаншар орын қалмады. Баяғы заманда Арчалыда Жүсіп деген мыңғырған малы бар бай болыпты. Оның алтын-күмістен жиған қазынасы қырық атанға жүк болыпты. Құдай соншалықты мол дүниені қиғанымен, Жүсіп байды бір перзентке зар қылыпты. Тоқалдан тоқал алып жүріп қартайған шағында шебер Алланың пейілі түсіп байға бір ұл сыйлапты. Жүсіп Жаратқанның мейіріне шексіз риза болып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, бүкіл байлығын оңды-солды шашыпты. Іркіт-қымыз өзен болып ағып, қазы-қарта, жал-жая үйеме табақтарды жігіт-желеңдер қаз-қатар тігілген боз үйлерге атпен тартыпты. Жердің түбінен жеткен жарлы-жақыбайлар, қызық қуып, той тойлағандар жалпақ далаға сыймапты деседі… Сол Жүсіптің тойынан кейін Арчалыға қарақұрым елдің жиналғаны осы жолы болса керек.
Сахнаның дәл орта тұсында, алдыңғы қатарда Ай-апа. Басында ақ кимешек, үстінде алтын зерлі қоңыр камзол, аяғында оюланған мәсі, оның сыртында мөкі, қолында нағашы апасының көзіндей көріп келе жатқан күміс білезік. Ай-апа бүгін өте ширақ, бір уыс бетінің ұшына қан жүгіріп, шырайы нұрланып, жас баладай мәре-сәре күй кешуде. Жоқтан өзгеге қарық болып, езуі жиылмай, әлемдегі ең бақытты жан болып отыр.
Бір анадан туғандай жүргізуші сұлу қыз, көркем жігіт кеш шымылдығын ашты. Әуелі ақсақалдың бірін бас төреші, екеуін жай төреші етіп сайлаған соң, өнер сайысы басталды да кетті.
Қырғыздан Асқар деген күйші жігіт ортаға шығып, халық күйі «Екі жорғаны», қазақтан Арман деген күйші «Жорға аю» күйін шертті. Онан соң Асқар «Қызыл шоқты», Арман «Ерке сылқымды» нақышына келтіріп орындады. Екеуінің де жүрдек саусақтары көз ілестірмей, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырып, делебелерін қоздырды. Домбыра мен қомыздың күй тартысы ұзаққа созылар еді, бас төреші төбелескен адамдардың арасына арашаға түскендей әзер тоқтатты.
Кезек әнге келгенде, қазақ әншісі Тілеуберді домбырасының құлағын бұрап, тамағын кенеп, қоңырлата бір мұңлы әуенге салды:
Ауылым Ақсеңгірдің етегінде-ай,
дүние-ай,
Өмірім өксік болып өтемін бе-ай,
дүние-ай.
Елімнен айырмасын деп жүргенде,
дүние-ай,
Тағдырдың кетіп барам жетегінде-ай,
дүние-ай!..
Беу, ағайын аман болсын,
Жау алмас қамал болсын, ахау, арман.
Беу, ботаңдай боздап барам,
Көрісер заман болсын, ахау, арман!..
Ай-апаның өмір бойы тек іштей айтып келе жатқан әні еді бұл. Әнге қосылып, жас сәбидей еңіреп отыр. Өзінің кіндік қаны тамған, балалығы қалған Ақсеңгірі ғой мынау, содан ауған елдің қасіреті емес пе мына ән! Екі көзінен аққан жасты тоқтата алатын емес, ой, Алла-ай, адамның көз жасы деген де сарқылмайтын ыстық қайнар екен-ау, жүрегінің терең түкпірінен сағыныш деген бір жегі құрт бас көтерді, көкіректі қарс айырып, мұң мен зардың запыраны ақтарылып түсті…
Ауылым Ақсеңгірдің қойнауында-ай,
дүние-ай,
Сайран сап жүруші едім
жайлауында-ай, дүние-ай.
Мөлтілдеп қара көзден ыстық жасым,
дүние-ай,
Тағдырдың кетіп барам айдауында-ай,
дүние-ай!..
Беу, ағайын аман болсын,
Жау алмас қамал болсын, ахау, арман.
Беу, ботаңдай боздап барам,
Көрісер заман болсын, ахау, арман!
Иә, мамыражай, бай-бақытты, қойын құрттап, айранын ұрттап жатқан ел еді. Қызыл үкімет қораларындағы тышқақ лақтарына дейін түгін қалдырмай тартып алып, қолдарына мал қайыратын құрық-шалмалары мен жүген-ноқталарын ұстатып кеткенде халық аш-жалаңаш қалды да, тау асып, шекара бұзып, бордай тозып, шілдің тезегіндей жер бетіне шашырап кетті. Сол қасіретті сурет көз алдына келді Ай-апаның.
Ауылым Ақсеңгірдің асуында-ай,
дүние-ай,
Асуда бұғы-марал қасынуда-ай,
дүние-ай.
Туған жер, бір көретін күн туар ма,
дүние-ай,
Бұл жалған шолақ екен асылында-ай,
дүние-ай!
Беу, ағайын аман болсын,
Жау алмас қамал болсын, ахау, арман.
Беу, ботаңдай боздап барам,
Көрісер заман болсын, ахау, арман!
Құдай-ау, жүз бес жас деген де қас қаққанша өте шығады екен-ау! Көргенін, көкірегіне түйгенін ойласа, өзін жұмыр жер жаралғаннан бері жасап келе жатқандай сезінетін, расында өмірінің қамшының сабындай қысқа, есіктен аттап төрге озғандай, таң атып, кеш батқандай-ақ жалт еткен сәт болғанына сене алар емес. Ей, дүние-ай! Адамның арманы бітпейді дейтіні қайда, Ай-апа да көксейтін де, үміттенетін де ештеме қалмапты, шөлейттегі қураған жалғыз ағаштай, ғазиз жанын дәл бүгін алса да Алла Тағаласына дән риза еді!
Кезек қырғыз әншісі Саламатқа келгенде, ол «Жылкычынын ырын» шырқай жөнелді:
Асыл тукум мингеним,
Салкын төр жайлоо жүргөнүм.
Эриктим жылкы четинде,
Кайдасың, келчи сүйгөнүм.

Жылкы оттойт чөптүн түрлөрүн,
Мен жыттайм жыпар гүлдөрүн.
Санаадан такыр чыкпайсың,
Сагындым келчи сүйгөнүм.

…Кубанам жылкы бакканда,
Кыялым учуп асманга.
Жаныма кенлсең болбойбу,
Жылкылар жуушап жатканда…
Осы әнді Аалы марқұм күні-түні аузынан тастамайтын. «Шіркін, қырғыздың әні сағыныш пен мұң ғой» дейтін жарықтық. «Арчалылықтар ғана еркін, азат қырғыздар. Осындай бостандық жер бетіндегі қырғыздарға қашан бұйырар екен» деп көзіне жас алатын. Ойлап отырса, бодан ел арман-мұратын, үмітін тек әнге тиек етеді екен-ау. Жас жұбайлар талай тойдан, талай кештен «Жылкычынын ырын» айтып қайтушы еді, ол күндер де сап-сары сағынышқа айналғалы қашан!
Қырғыз бен қазақтың қанын қыздыратын бір өнер – айтыс екен. Қазақ қызы Сағыныш пен қырғыз жігіті Иманалының айтысына кезек тигенде, жұрт іштен тынды да қалды.
Сағыныш:
Табынарым Ер Манас, кием менің,
Жатқа бермес қырғыздың
сүйем жерін.
Сәлемін ал алдымен нағашыңның,
Ай-апамнан тараған жиендерім.

Армысың, ағатайым – Иманалы,
Айтыстырып шалменен қинағаны.
Жиендер жиендігін жасаса да,
Жетеді нағашысын сыйлағаны.
«Ой, бәрекелді!», «Иманалы, тез жауап бер!» деп жан-жақтан қиқулаған ел өздерімен-өздері айтысып отырғандай бір орында байыз таппай тыпыршып кетті.
Иманалы:
Амансың ба, нағашым – Сағынышым?
Көзімнің қарасы ма ең, ағымысың?!
Бегімайдай жарқ етіп қайдан келдің,
Өртеніп-күйіп барам, жанып ішім.

Ай мен күн секілдісің төбемдегі,
Қозыдай жаутаң қағам көгендегі.
Райымалы атамның күйін кешіп,
Ағаңның денсаулығы төмендеді.

Сағыныш:
Дариға-ай , бұл дүние жалған екен,
Жас қыздар ағаларға арман екен.
Аалы атаң құсап үйге қонбай,
Онсыз да қу сүйегің қалған екен.

Бәрібір жолын жалға қай атаның,
Әжемді көргеніме тай атадым.
Аалы-Айкүмістің махаббатын,
Жасын берсін бәріңе Ай-апаның.
Жұрт Ай-апаңа қарайды. Ай-апа мәз. «Қарғаларым-ау, әумин, менің жасымды берсін! Бақытты болыңдар, боталарым!» – деп ақ тілегін ақтарып салды. Халық: «Әумин!» – десіп алақан жайып, бет сипасады.

Иманалы:
Бір мін жоқ тал бойында, қарағым-ау,
Қайтейін, құса болып барамын-ау.
Сағыныштан көз жазып
қалғаннан соң,
Аалының әніне саламын-ау.

Қарағым, әзілімді түсінерсің,
Түсінбесең, бағамды түсірерсің.
Менің де кемпірім бар, немерем бар,
Ғашықтық – атамыздың ісі дерсің.

Сағыныш:
Иманалы ағам да бұзық екен,
Айтқаны түзік емес, үзік екен.
Ай-апа, сіздің туған ұлдарыңыз
Сөзінде тұрмайтыны қызық екен…
Бұл жолы да төреші екі ақынды зорға тоқтатты. Әйтпесе таңды-таңға ұрып сөз қағыстыра беретін түрлері бар.
Одан кейін жастар жұмбақ жасырысты, жаңылтпаш айтысты, би жарыс өткізді…бұрын-соңды болмаған қызықтың көкесі болды. Сауық кеш мәресіне жеткенде төрешілер «Екі елдің сайысы тең болды» деген шешім шығарды. Жұрт үйді-үйіне тарап бара жатып: «ойпырай, әлгі қыз недеген айтқыш!», «ана әншіні айтсаңшы!», «күйді де шебер шертеді екен!» деген алқау сөздерін толастатпады.
Сармерденнен қайтқандардың не деп бара жатқанымен Ай-апаның ісі болмады. Екі езуі – екі құлақта. Көзіне жас алып, онысын жеті қараңғы түнде біреу-міреу көріп қалатындай байқатпай қолының сыртымен сүртіп қояды. Етегіне оралған шөберелерін шұбыртып көк шалғынның үстінде теңселе басып келе жатқанымен, ішінде бір алай-дүлей арпалыс барын сезді, бірақ ол сойқанның не екенін өзі де түсінбейді. Төркін жақтан келген төрт қазақ баланы «ертең үйге келіп қонақ болыңдар» деп шақырып кеткеніне бек қуанулы. Ертең әңгіменің тиегі ағытылатын, ақ түйенің қарны жарылатын, тойдың көкесі болатын күн…
Жыпар мен Гүлсары күндегі әдеттерімен ерте оянды. Сиырларын сауып, шайларын демдеп, Құтман мен Садыр су әкеліп, малды өріске айдап сап төртеуі Ай-апаларын күтіп отыр. Үлкен кісі болдырып қалған-ау, шамасы, ұйқысынан тұра қоймады.
Екі келін есікті ақырын ашып қараса, Ай-апа кешегі сармерденге барғандағы киімін шешпеген қалпы серейіп ұйықтап жатыр. Басында ақ кимешек, үстінде алтын зерлі қоңыр камзол, аяғында оюланған мәсі, оның сыртында мөкі, қолында нағашы апасының көзіндей көріп келе жатқан күміс білезік. Ақ жүзі талаурап, сілесі қатқан Ай-апа тәтті ұйқысын қияр емес.
«Ер Манасты өзі тапқандай боп жатысын!» – деді әзілқой Жыпар қолына көсеуді ұстап, Ай-апаның шіренген тұрысын айнытпай салып. «Соны айтам, жатысты қара!» – деді Гүлсары. Екеуі енелері естіп қоймасын дегендей ауыздарын басып, мырс-мырс күледі.
– Ай-апа, шай суып қалды, тұрыңыз енді!
Дәл сол сәтте қос келіннің демдеген шайы емес, Ай-апаның ұлы денесі суып бара жатқан-ды…

 

Ғалым ҚАЛИБЕК 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір