ОТЫЗ ЖЫЛДЫҚ САҒЫНЫШ…
05.01.2026
78
0

Бидахмет Сапарбекұлы 1947 жылы 3 наурызда дүниеге келген. Бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданындағы мектептің 9-сыныбын бітірген соң, 1965 жылы Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищеге түсіп, оны 1969 жылы домбыра класы бойынша үздік аяқтаған.
Студент күндерінің өзінде ол Семей зоо­техникалық-малдәрігерлік институтында домбыра оркестрін құрып, оның көркемдік жетекшісі қызметін атқарған. Бұл оркестрге қаладағы педагогикалық, медициналық, технологиялық институттардың студенттері де қатысып, өнерпаз маманнан көптеген күйлерді үйреніп, өнер өлкесіне саяхат жасаған.
Бидахметтің жерлес қыз-жігіттері Семей педагогикалық институтында көптеп оқитын. Олар Ертіс өзенінің сол жақ жағалауындағы жатаханада тұратын. Ақжарқын мінезді, ақкөңіл азамат өз ауылдастарымен тығыз байланыста болып, үнемі араласып, келіп-кетіп жүретін.
Мен сол кезде педагогикалық институттың филология факультетінде оқитын едім. Бір күні көрші бөлмедегі қыздар шақырған соң барсам, бір топ жігіттер мен қыздардың қоршауында толқынды қара шашты, қыр мұрынды, келісті келген сымбатты тұлғасы мен нұрлы жүзіне киген киімі құп жарасқан келбетті жігіт Әсет Бейсеуовтің «Алтыным» әнін баянға қосылып орындап отыр екен. Таныстығымыз сол кезден басталып, кейін отбасылық өмірге ұласты.
Диапазоны кең, биік, ашық дауыс иесі Бидахмет Сапарбеков өз мамандығы домбырамен қоса пианинода, баянда, гитарада еркін ойнайтын.
Мен оқуымды аяқтаған соң, біз Семей облысының Жарма ауданына қызметке орналастық. Бидахмет Георгиевка ауылындағы Абай атындағы орта мектепте ән-күй сабағынан берді. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі орыстар мен немістер болғандықтан, ұлттық аспаптарға мән берілмеген жерде домбыра оркестрін құрып, көркемөнерпаздар үйірмесін ­ұйымдастырды.
Кейін аудан орталығында тұңғыш рет ашылған музыка мектебінің директоры болды. Ол музыка мектебінде Ресейдің өнер институтын, Мәскеу консерваториясын бітірген өз ісінің асқан шеберлері еңбек етті. Себебі аудан аймағында Ресейдің екі әскери бөлімі тұрған. Сондағы офицерлердің әйелдері музыка маманы Бидахмет Сапарбекұлының кемел басшылығымен жасөспірімдерді классикалық музыканың әлемдік туындыларымен таныстырып, сұлулық, әсемдік әлеміне баулыды. Сол шәкірттердің көпшілігінің кейіннен танымал музыка маманы болып қалыптасуы Бидахмет Сапарбеков басқарған мектеп ұжымының жемісті еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.
Сол жылдарда ауданаралық көркемөнерпаздар байқауы кең өріс алып, «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан өнерпаздар облыс, республика көлеміне атақ-даңқтары жайылып, лауреат атанып жатты. Осы игі істің басы-қасында да өз мамандығын жан-тәнімен сүйетін, бүкіл болмысы ән мен күйден жаралған бесаспап өнерпаз азамат Бидахмет Сапарбекұлы жүретін.
Биыл желтоқсан айының 19-жұлдызында ардақты әке, асыл азамат, майталман музыкант, жел жағымыздың панасы, ық жағымыздың саясы болған, нұрлы ақыл мен жылы жүректің иесі Бидахмет Сапарбекұлының өмірден өтіп, орны ойсырап қалғанына 30 жыл толады.
Әкелерінің шашына шаң жұқтырмай, кірпігіне кір түсірмей еркелетіп өсірген үш сүйікті перзенті үшін Бидахмет – қатерден қорғайтын қалқан, арқа сүйер тірек, қайы­рымдылық пен мейірімділіктің символы, ой-саналарының кемел бастауы, ақыл-кені, асыл тегі, алдарынан шығатын даңқы, көтерілер тұғыры, тағылым алар үлгісі еді…
Әкелері өзінің мамандығы өнермен, музыкамен байланысты болса да, балаларының заң саласының мамандары болуын армандады. Үш перзенті де мектепті алтын медальға бітіріп, әке үмітін ақтап, аманатына адал болып, абырой биігінен көрініп, мәртебелі қызметтер атқарып жүр.
Тұңғышымыз Анар ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызмет атқарып келсе, Динарамыз Қытай банкінде департамент бастығы, техника ғылымының докторы. Шынарымыз Алмалы аудандық Әкімшілік сотының судьясы болып еселі еңбек етіп жүр.
Аталарының өмірінің жалғасы, тамырларында тазалықтың, талғампаздықтың, тектіліктің тамшысы сіңген Әсем, Айя, Айзере, Азат атты төрт немересі мен Альтаир атты тәтті шөбересі бар.
Бидахмет Сапарбекұлы Жаратушы Иеміз елден ерек қабілет берген, жан жүрегін адамгершіліктің, адалдықтың асыл қасиеттерімен нұрландырған, мінезі ақ сарайдай ашық, бақытты шаңырақтың бас иесі еді…
Ол туғанынан-ақ ырыздық несібесі мол, уызына жарыған, жан дүниесі дарқан, сегіз қырлы, бір сырлы, біртуар, бірегей азамат еді…
Перзентерінің бойындағы тектілік пен парасаттылық әкеден бастау алары сөзсіз, сондықтан әкелерінің дана да дара тұлғасы, жарқын бейнесі олардың жүрегінде мәңгі сақталып, кемел келешекке жол сілтейтін алау болып, жарығын түсіріп тұра бермек.
Асыл азамат, сенімді серік Бидахметпен бірге өткізген ширек ғасыр уақыт ішінде біз сыннан да, шыңнан да мүлтіксіз, сүрінбей өттік. Бір-бірімізді құрмет тұтып, қастерлей білдік. Патша көңілдің терезесін кірлетпедік, тазалыққа көлеңке түсірмедік.
Өзім Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегерімін, зейнет жасына жетсем де, Алматы қаласындағы №131 Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-лицейде педагог-шебер ретінде еңбек етіп жүрмін.
Қазір азаматымның шаңырағын шайқалтпай, алтын босағасын берік ұстап, Жаратушыдан балаларымыз бен немере, шөбереміздің амандығын тілеп, жар аманатына адал болып отырған аяулы ана, сүйікті әжемін. Қырық тоғыз мүшел жасына жетпей өмірден озған адал жарымның асыл бейнесі, махаббатқа толы бүкіл болмысы менің жүрегімде мәңгі сақталады.
Өзімнің де, балаларымыздың да ендігі басты парызымыз – әкенің асқақ рухына, атақ-абыройына дақ түсірмей, адамгершілік, ар биігінен көріну.
Сізге Алладан рахым, Пайғамбардан шапағат тілейміз! Жаныңыз жәннатта болсын, ардақты әке, асыл азамат!

Гаухар КЕЛДЕНОВА,
ардагер ұстаз,
Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір