ӨЖЕТ МІНЕЗДІ ҒАЛЫМ
02.04.2026
12
0

Ұлтымыздың тарихы өз бастауын сонау көшпелі заманның гинократиялық дәстүрлерінен нәр алған, нәзік жанды, «түкті жүрек» ханшайым­дардың үкілі үлгілерін әлемге танытқан батыр да батыл қаһарман қыздарға кенде емес. Әрине, табиғаты күрделі, танымы тың, әлі де қыры мен сыры ашыла қоймаған аталмыш жұмбақ құбылыс өз алдына бөлек тақырып. Дей келе, оқушы назарын, алған бағытынан таймай, қойған мақсат-мүддесін жүгендеуде ғалым әйел атаулыдан тапжылмас қайсарлық талап етер ғылым «майданына» қарай бұрсам деймін…

Кезінде есімдері елге танымал болған Д.Дулатова, К.Хафизова, М.Әбусейітовалармен шектелген қазақтан шыққан тарихшы әйелдердің саусақпен санарлықтай сирек құрамы, бағымызға орай, бүгінде қатары қалыңдап, буыны қатайған үлкен қауымға айналды. Соңғы отыз бес жылда ғылым докторы атағын иеленген отандық тарихшы әйелдер статистикасынан хабарым аз, дегенмен сол топтың ішінде, көзім көріп көңілім толған, өзім білер өжет мінез қазақтың тағы бір қызы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, саналы ғұмырын ғылымға арнаған Зақыш Сәдуақасова жайында жадымда сақталған кішігірім жанды естелігіммен бөлісуді жөн көрдім.
Әріптесіммен алғаш кездесуіміз кәсіби қара шаңырағымыз болып танылатын Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университеті тарих факультетінің Қазақстанның жаңа заман тарихы кафедрасы қабырғасынан басталып еді. Екеуара азын-аулақ жас айырмашылығымызға қарамастан, Зақыш Төлеханқызымен ғұмыр бойы жалғасып та жарасып келе жатқан достығымыздың сыр-себебі тек адами не азаматтық көзқарас үйлестігімен шектелмек емес. Басымызды жіпсіз байлап-біріктірген ең басты ортақ құндылығымыз – сауатты да салауатты, тіршілік-тынысы түйсігімізге таныс та түсінікті, шынайы академиялық орта мен жанды ғылыми ахуал.
«…Кетбұғадай билерден, Кеңес сұрар күн қайда?» демекші, тап сол уақытта санамызға ұстаз бен шәкірт, ғылым мен ғалым, тарих пен тарихшы, зияткерлі ортада пікіралмасу мәдениеті мен ғылыми этика арақатынасын қазықтаған: У.Шәлекенов, С.Жақыпбеков, Ә.Хасенов, Д.Дулатова, Ж.Ибрашев, Ж.Қасымбаев, К.Хафизова, Т.Омарбеков, М.Қойгелдиев, Ә.Төлеубаев, Қ.Жұмағұлов сияқты аузын айға білеген, кесек тұлғалы кәсіби «жұлдызды шоғыр» ұстанымы мен тағылымы десек, артық айтқандық емес.
Әдетте, адам атаулының тұлға болып қалыптасуына сонау тумысынан түрткі болар табиғат, уақыт, қоғам, кеңістік сияқты сан салалы өлшемдердің өзара өрімі әсер етеді. Кейіпкеріміздің шағын да нәзік сыртқы болмысы мен даладай кең ашық пейілі мен қарапайым ішкі дүниесіне түрткі болған көпбалалы жұмысшы отбасының күнделікті өмір тіршілігі, жастайынан ата-анасына қамқор, артынан ерген бауырларына үлгі болуды мақсат тұтқан таудай талап, намысқой да тік мінез, құрыштай қайрат-жігер секілді сан қилы факторлардың сиқырлы үйлесімі болса керек.
…Қарағанды орта мектебін үздік аяқтаған бойжеткен Зақыш, өзі секілді көкірегі ояу өзге қаракөздер қатарында арман қуып Алматыға келіп, осында 1974 –1979 жылдар аралығында Қыздар педагогикалық институтының тарих факультетінде жоғары білім алады.
Көп ұзамай, Қазақ мемлекеттік университеті тарих факультетінің аспирантурасын тамамдап, кандидаттық диссертациясын қорғап үлгереді. Осы тұста Зақыш Төлеханқызын «инемен құдық қазар» қиын да қилы ғылым әлеміне баулып, оның ғалым ретінде қалыптасып, ғылыми-зерттеу шығармашылығының ұшталуына бірден-бір себепкер болған ұлағатты ұстазы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Жақыпбековтың еңбегін ерекше атап өту қажет деп санаймын. Көзі тірісінде, көбінесе Зақышқа «қыз» деп қарата сөйлетін профессор Жақыпбеков, бөгдеге жүзі суық, талабы жоғары, қатал кісі көрінгенімен, артынан ерген өз шәкірттеріне әкелік мейіріммен қарап, әрқайсысын қызғыш құстай қорғаштап, қолынан келген көмегі мен қамқорлығын аямайтын жанашыр да еңбекқор ғылыми жетекші болатын.
КазҰУ КСРО кафедрасының бұрынғы атауы «Қазақстанның жаңа заман тарихы» болып қайта рәсімделіп, басшылық тізгіні М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Қ.Атабаев сияқты ұлтжанды қайраткер-тарихшылар қолына тиген тұста ой-ортамыз балғын дем, жаңа идеяларға толығып, ізденушілеріміз бұрын-соңды зерттемек түгіл, ауызға алуға тыйым салынған мәселелерге назар аударып, отандық тарихнама жаңа белеске бет алған еді.
Тап сол жылдары Серік Құрманғалиұлы Орталық мұрағат қорларындағы Ресейлік патша өкіметінің отарлау саясатына қатысты қолжазбалар, дереккөздерін жинастыру ісіне қызу араласып, өз шәкірттерін аталмыш кезеңге қатысты құжат жинақтарын құрастырып, баспаға әзірлеуге жұмылдырды. Нәтижесінде, тез арада Қазақстанның «зар-заманына» тиесілі алғашқы архивтік құжаттар мен материалдар жинағы жарық көрген болатын. (История Казахстана (XVIII – начало XX вв.): Сборник документов и материалов. Алматы: КазГУ. 2001. Құрастырушылар: С.К.Жақыпбек, М.А. Қадыртаева, А.А. Белбаева, З.Т. Сәдуақасова).
Аталмыш мәселенің мән-жайын тарата жазып отырғаным, нақ осы ғылыми ізденіс үдерісі барысында, профессор Жақыпбеков ағамыз Зақыш Сәдуақасованың болашақ докторлық диссертация тақырыбын «Қазақстанның білім және дін саласында патшалықтың рухани экспансиялау» деп бекітуге шешім қабылдауына орай, отандық тарихнамада әйгілі Е.Бекмаханов тағдырынан қаймыққан ғалымдарымыздың әлі де бас көтеруге батылы бара қоймаған аса бір күрделі ғылыми бағыттың іргетасы қаланды. Сол жылдары аталмыш тақырыпта жарияланған Мекемтас Мырзахметұлының «Қазақ қалай орыстандырылды?» атты әйгілі кітабынан өзге мұрағат материалдары негізінде жан-жақты талданған іргелі ғылыми зерттеулерлер жоқтың қасы болатын.
Оған қоса жасыратыны жоқ, ол кезде ортамызда бодандық сана құрсауынан шыға алмаған, бұл мәселеге қатысты сын түгілі сыбыс шығаруға қауқарсыз әріптестеріміз де баршылық еді. Қалай дегенде де, алған бетінен айнымай, шаруасына білек сыбана кіріскен Зақыш есімді өжет мінез, қайсар қыз шектеулі мерзім ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттік архивтерінің қалың қамбарларында сан жылдар бойы көмулі жатқан, сирек жазбалар негізінде, патшалық империяның қазақтың жанды жері, рухани өмірі: тілі, ділі, дініне тиесілі жүргізілген қастандық саясатын ғылыми құжаттар негізінде дәлелдей отырып, докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. 2008 жылы профессор атағын иеленеді.
Одан қалды, кейіпкерімнің қажымас еңбекқорлығы, тынымсыз да шексіз, тек ғылыми шығармашылықпен шектелмес, ағартушылық, оқытушылық, тәлімгерлік қайраткерлігіне дәлел ғалым өмірбаянында төменде келтірілер қысқаша тізім қайырымы оқырманымызды біраз ойға жетелесе керек. Ол – «Қазақстан Республикасының ЖОО үздік оқытушысы» республикалық байқауының 2008 жылғы жеңімпазы. 2009 жылы Лондон университеттік колледжінде (UCL) біліктілікті арттыру курсын аяқтаған. 2009 жылы Познань университетінде тарих пәнін оқыту тәжірибесін және Хабилитациялық кеңестің қызметін зерттеген. 2012 жылы ҚазҰУ «Қазақстан Ресей империясының құрамында: отар мен мегаполис арасындағы қарым-қатынастардың тарихы» ғылыми жоба жетекшісі болған. 2013–2017 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры болып қызмет атқарса, 2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері.
Зақыш Төлеханқызы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстанның тарихи мұрасы және қазіргі қоғамның рухани-мәдени даму тенденциялары» және «Ұлттық идея ретроспективада және перспективада» атты ғылыми жобаларды жүзеге асыруға қатысқан. «Қазақстан Ресей империясының құрамында: отар мен метрополия арасындағы қатынастар тарихы», «Қазақстандағы империялық билік институттарының қалыптасу және қызмет ету тарихы» (ХІХ–ХХ) жобаларының ғылыми жетекшісі болды. «Қазақстанның ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы» академиялық жеті томдық басылымын әзірлеуге атсалысты. Профессор З.Т.Сәдуақасова – Қазақстан және Германияда жарияланған монографияларымен қатар, Қырғызстан, Польша, Ресей, Украина, АҚШ, Чехия, Франция және т.б. ғылыми журналдарда жарияланған 300-ден астам мақаланың авторы.
Бір қолымен бесік тербеткен, алдымен отбасы жайлылығын ойластырушы сүйікті жар, аяулы ана, мейірімді әже бола тұра, академиялық ортадан қол үзбей, осыншама ұшы-қиыры жоқ, ауқымды да ауыр еңбек артынған, ұлттық тарих ғылымының дамуына үздіксіз үлесін қосып келе жатқан қазақтың зияткер де зиялы ғалым әйеліне қалай қайран қалмассың! Әріптесіміздің қыруар жылғы адал еңбектері ең болмағанда, осындай мерейжас тұсында еленіп, ұлықталар кез келді білем…
Зақыш Төлеханқызының өн бойына тән, өзім ерекше бағалар тағы бір ерекше қасиеті – ол кісінің шыншылдық пен әділеттікке жанпида мінезі. Осыған орай, Астанада әріптесіммен араға біраз жылдар сала, 2014–2017 жылдар аралығында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасында бірге қызмет істеген тұста орын алған мына бір мұңды сюжет еске оралады. Тарих факультетіне қызметке орналасқан алғашқы күннен «өз ортасында» өзін бөгде сезінген қос профессор екеуіміз, санасы сірескен өзгеріссіз ортада әділеттік орнатамыз деп біраз әлек болудан әбден шаршап, бір күнде арыз жазып, жұмыстан шығып кетуге мәжбүр болып едік.
…Шәкірт үшін таласа шәй десіп, мамандыққа даярлау, білім сапасына шүбә келтіре, тігінен сөйлеп, турасын айтар, еркін ой, ерік мінез алматылық мектеп өкілдері, ә дегеннен, қарамағындағыларын бас игізе бағындыруға дағдыланған «бастықсымаққа» қайдан жақсын?!…
Бүгінде жүрекке сызат түсіріп, көңілге ауырлау тиген сол жылдарды езу тарта еске алғанымызбен, кезінде құса болып, «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаған «Жүректегі сөзіміз» әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қалай болғанда, Зақыш Төлеханқызымен тағдырымыз тоғысқан сол бір азғантай уақыт ішінде қаншама ортақ жоба-жоспарлар құрып, өзара қызықты пікір-идеялармен бөлісіп, жаңа мақалалар жариялап, болашаққа сенімді қадам басқан едік…
Сағынғанда телефонмен хабарласып, жол түсіп, ғылыми жиындарда жүздескен шақта төбем көкке жеткенше қуана қауышар Зақыш Төлеханқызы – бүгінде мұнарлана бастағанмен, әлі кешегі сол шынайы да пәкизат қалпын сақтаған, ұлттық тарих ғылымының іргетасын қалаушы тарихшылар қауымдастығымен байланыстырар дәнекер іспеттес. Жасыңыз ұзақ, шығармашылығыңыз шексіз болғай, қымбатты профессор!

Алтайы Оразбаева,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір