Ғылым мен ғалым туралы сөз бен ой
Мақала авторы – бар өмірін білім мен ғылымға арнаған, кезінде екі бірдей ғылым академиясында бас ғылыми хатшы қызметін атқарған кісі. Ол өзінің көпжылдық зерттеушілік тәжірибесіне сүйене отырып, «ғылым деген не?!», «Ғалым деп кімді айтамыз?» деген сұрақтар төңірегінде толғаныс жасай келіп, оларға өз тұрғысынан әлеуметтік-тұрмыстық анықтамалар берген. Сексен бестің төрінен ой қозғап отырған Тұлға кешегі Ыбырай Алтынсариннің, Ахмет пен Міржақыптың ағартушылық ізін жалғастырып келеді.

Ғылым мен ғалым – қоғамның өз туындысы, бел баласы. Олар қилы, қиын жолдан өтіп, қазір адамзат өркениетінің шешуші даму күшіне айналды. Көне дәуірдегі Платонның сәулелі санасынан бастау алған академиялық дәрістерден қуат алған ғылым маздағы мыңдаған жылдар кейде қаулап, кейде сөне жаздап, шоғының бір ұшқыны Шығыста, одан соң Еуропада қайта лаулап, бергі заманға жетті. Патшалық Ресейге өтіп, кейін Кеңес одағы елдерінде жаңа екпінмен лапылдады.
Қазіргі аға буын өкілдерінің одақтық телеарна арқылы 1973 жылдан ұзақ уақыт академик Сергей Капица жүргізген «Очевидное – невероятное» әңгімелері А.С. Пушкиннің
«О сколько нам открытий чудных,
Готовят просвещенья дух.
И опыт, сын ошибок трудных,
И гений, парадоксов друг…» – деген сөздерінен басталатыны естерінде. Ұлы ақын осы бір шумақ өлеңінде Кеңес заманында айтыла бермейтін бесінші «И случай, бог изобретатель» жолын қоса есептегенде, Құдай жаратқан дүниеден басқа жаңалықтарды ашу біліктілікке, сансыз сәтсіздіктерді артына қалдырған тәжірибеге, тума талантқа байланысты екенін екі ғасыр бұрын дөп басып айтып кеткен.
Қазіргі өндіріс құралдары мен өмір деңгейі – адам ойы мен шығармашылығының, оның көпғасырлық тәжірбиесінің жемісі. Олардың бүгінгі түрге жетуіне, еңбек пен кәсіптің жеке салаларға жіктелуіне қаншама уақыт пен күш кетті.
Тек соңғы екі-үш ғасырда ғана бұл процесс кеңейе де, ұлғая да түсіп, ғылыми- техникалық прогреске айналды.
Жұрт не десе о десін, бірақ осы тарихи үдерісті өзім оқыған әдеби көздерде
Ф.Энгельстен («Из ранних произведений». Москва, 1956) асыра ешкім бір ауыз сөйлемге сыйғыза алған жоқ. Ол: «Медленно начинает история свой бег от невидимой точки, вяло совершая вокруг нее свои обороты; но круги ее все растут, все быстрее и живее становится полет, наконец она мчится подобно пылающей комете, от звезды к звезде», – деген болатын. Ал В.И. Ленинді ғылымның мүмкіндіктеріне сеніп, оған ерекше құрмет көрсете білген адам деп есептеймін. Ол латынның ескі «бүгін ерте – ертең кеш» (сегодня рано – завтра поздно) деген мақалын пайдаланып, бір түнде Қазан төңкерісін жасап тастаса да, Ресейдің ғылыми мәселелерін күшпен шешкен жоқ.
Г.Бальдиштің «Посев и всходы»
( М.Знание, 1983) деген кітабында айтуына қарағанда, В.И. Ленин өзінің жеке және Совнаркомның хатшысы болып істеген Н.П. Горбуновқа Жаңа өкіметтің атынан Ресей ғылым академиясымен әдепті байланыс («тактичная связь») жасауды тапсырған. Сол тапсырмамен Н.П.Горбунов Кеңес үкіметі атынан бірінші болып Академияның өзгермейтін (несменяемый) хатшысы Ольденбургпен кездескен. Әрі қарай сол бір қиын заманда академияның ұсынысымен Радий
(М.И.Неменев, А.Ф. Иоффе, Е.С. Лондон, Г.А.Надсон), Физика-техникалық (П.Л.Капица, И.В. Курчатов, Н.Н. Семенов, А.А. Фридман), Биофизика (С.И. Вавилов), Тәжірибелік (опытная) агрономия, Қолданбалы ботаника және жаңа дақылдар (Н.И. Вавилов) институттары мен ВАСХНИЛ-ды ашуға атсалысқан.
Кеңестік кезең әлем тарихының көзге ілінер-ілінбес нүктесіндей ғана болса да, ғылым мен ғалымды, бүкіл шығармашылық салаларын социалистік реализм мен партиялық шеңберде ұстаса да, оларды биік мақсатқа жұмылдыра білген әрі оқымысты қауымның бірнеше ұрпағын тәрбиелеген шақ ретінде одан мәңгі өз орнын тапты. Ғылымды дербес мекемелер арқылы үш (академиялық, министрлік және жоғары оқу орындарында) жүйемен қалыпты дамытты.
Ғалым ғылымға дайын күйінде бара салмайды және онда зорға жүре алмайды. Ғылымға барудың алғышарты – білімді болу, ал – білім кітап пен дәрісханада, ғылым – кітапхана мен зертханада. Оған шыдамы мен өресі жеткендер ғана тұрақтайды. Оны тек қолы жеткен нәтижелері ғана ғалым атандырады, атақ-дәрежеге жеткізеді.
Шынына келгенде, ғылым мен ғалым – ертеден тағдырлас әрі егіз ұғым. Екеуінің бірі жақсарғанда, бірі жүдеген мезгіл болмаған-ақ шығар. Ғылым тірелген тығырық – ғалымға да түскен тауқымет. Мұндайда ғалым ғылымнан, ғылым ғалымнан ажырап қалып жатады.
Ғылым – біле білгенге берік қамал, биік арман, асыл мұрат, ауыр жол. Оны аласарту, осал көру, парқына жетіп, бағасын білмей, жеңіл қарау – кешірілмес күнә.
Ал ғалым – алдында айқын жолы жоқ жолаушы, алғысы аз да, азабы көп, басы бар да аяғы жоқ, түбі бар да төбесі жоқ ой дүниесін кезген бір бейбақ.
Шын ғалым ғылымның деңгейін биіктетеді, оның алабын кеңейтеді, құдіретін жалпыға паш етеді, сиқырлы сырларына қанығады.
Ол жаңа бұлақтың көзін ашады, жас буынның ынта-жігерін өрбітеді, оларды ғылымқұмарлық ауруға шалдықтырып, өзі кешкен «күй-қалыпқа» түсіреді.
Ғылым – шын ғалымның досы, сырласы, сүйеніші, керек десеңіз, ғылым оның баяғы колхоз өгіздерінің қамыты секілді мойнындағы міндеті мен мақсаты. Ол күндіз тағып, түнде шешіп тастайтын сұлудың алқасы емес, ғалымның ойы мен санасын билеп алған, мәңгі ғалыммен сіңіскен құбылыс.
Қазақ интеллигенциясы арасынан ғылым туралы терең ойды, оның жалпыға бірдей мән-мағынасы туралы керемет пікірді Қадір Мырза Әлі «Жазмышында» (Алматы, 2021) айтқан. Жүздеген кітап оқыған, жер бетіндегі ақындығы көп ғалымдар мен ғалымдығы мол ақындарды өте жақсы білетін ақын-энциклопедист осы кітабының соңғы оншақты бетіндегі толғаныстарында ғылымды тілден де, діннен де жоғарғы әлемдік деңгейге қойыпты. Ол «Белгілі бір халықтың қазына есептелетін тіл емес, белгілі бір региондық саналатын дін емес, ғылым – бүкіл халықтарға, бүкіл ұлт атаулыға ортақ», – депті. Қандай тың, қандай ғажап, ойға келмейтін, келсе қорқытып тастайтын салыстырмалы таңдау. Неткен көрегенділік. Бір қарағанда көпшілікті шошытатын сөз, тереңірек үңілсең – шындық сол.
Ғылым барлық шығармашылық пен өнер түрлерімен тектес. Әсіресе ғылыми жұмыстар проза мен поэзияға өте жақын. Ғалымның ізденіс жолындағы тауқыметі жазушы мен ақынның бастан кешкен машақаттарынан бір де кем емес.
Дей тұрғанмен адамға тән бұл екі үлкен шығармашылық құбылыстың айырмашылықтары да баршылық. Олардың біріншісі екеуіне қойылатын талаптарға байланысты. Мысалы, жазушылар мен ақындарға жалғыз-ақ талап бар. Ол тек, М. Горький айтып кетті дейтін, жаман жазуға болмайды. Олай болса аттары шықпайды. Бірақ басқа жағынан еркін, кеңістіктері мол, шектеуі жоқ. Оңы мен солы да, шығысы мен батысы да, асты мен үсті де бос, барлық бағытта шамасы жетенше сайран салады.
Ғалымдарға қояр талаптар анағұрлым көбірек. Олар ғылымға адалдыққа ант беріп, ізденістерін бүгінгі ғылым жеткен деңгейден бастауы керек. Ол үшін зерттеушілер өздері таңдаған бағыттың бұрынғы нәтижелерін толық игеріп, соның негізінде ғылыми айналымға жаңа түсініктер мен шешімдер кіргізіп, оны жоғарғы тұғырға көтеруі қажет.
Оның сыртында ғалымның жұмыс нәтижелері тек дерек пен дәйекке сүйенуі тиіс, ал оның қорытындылары толық дәлелденетіндей болуы керек.
Келесі айырмашылық, жазушылық жеке тұлғаның мүмкүндігіне, ал ғалым ізденіс түрлеріне қарай әртүрлі саймандар мен күрделі құралдарға тәуелді болады.
Тағы бір айырмашылық танымдылықта. Талантты ақын-жазушылар жазған дүниелерді хат танитындардың бәрі оқып, түсінеді, реті келген жерде айта жүреді, мадақтайды. Осылардың нәтижесінде олар бүкіл елге белгілі болады, халықтың сүйікті ұл-қызына айналады. Ал ғалымдардың, әсіресе жеке ғылым саласын жақсы меңгерген зерттеушілердің саны бірнешеу, тіпті кейде бір-ақ адам болуы жиі кездеседі. Ондай ғалымдарды бүкіл ел тұрмақ, ғылымды басқарушылардың өздері де біле бермейді. Сондықтан көбіне олар томаға тұйық, өз нәтижелері мен жетістіктерін өздерінінің рухани азығына айналдырып, азға қанағат етіп өмір сүреді.
Дегенмен қазіргі кезде бұл шығармашылық топтардың қайсысының да шаруасы шалқып тұрған жоқ. Маған олардың берекелі кезеңі Кеңес заманымен бірге өтіп кеткен секілді болады да тұрады.
Онымен қоса олардың дәуірлеу мерзімдері де бірдей емес. Жазушылықтың жеке- тұлғаның мүмкіндіктеріне байланысы көбірек болғандықтан, бұл бағыттағы жасампаздық шексіз, халықпен бірге жасайды. Қазіргі заманға лайықтап салыстырмалы түрде айтсақ, Абайдан
М.Әуезовке, одан дүниеден кеше ғана озған М.Мағауинге дейінгі бір жарым ғасырлық дәуір және ол әлі жалғаса береді.
Ал қазақ ғылымының алтын дәуірі өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасында ғана басталды. Осы екі ортада Т. Д. Лысенконың әлегінен кеңестік ғылымдардың жарты бағыты қырық жылға кешеуілдеп қалды.
Соған қарамастан, Қазақстандағы ғылыми жұмыстар:
— Жүйелі даму жолына түсіп, оның нәтижелері халқымыздың зор мақтанышына айналды;
— Қазақ ғылым академиялары мен ғылыми зерттеу институттары өз міндеттерін абыроймен атқарды, зор ғылыми жетістіктерге қол жеткізумен қатар, қазақ интеллигенциясының негізі болып табылатын ғылыми элитаның бірнеше буынын даярлап шығарды;
— Олардың жетістігі де, кемшілігі де мемлекеттік басқару ісіне тікелей байланысты болды. 1991–1994 жылдары ғылымды басқару ісіне демократиялық принциптер кіргізіле бастады да, көп ұзамай тоқтап қалды.
Шамасы сол кезден бастап білім-ғылым салаларына жақын министрліктер, өз жұмыстары бастарынан асып жатса да, академияларға салқын қарап, олардың жұмыстарына әртүрлі кедергілер жасай бастады. Ғылымға бөлінген қаражатты азайтып, ҒЗИ-лердің штаттарын, бөлімдері мен зертханаларын қысқартқызды, тақырыптарын жапқызды. Ал академия мүшелеріне кілең қартаң шал-кемпірлер, пайдасы аз, атақтары үлкен деген кінәлар тақты.
Бұлардың бәрі уәкілетті органдар тарапынан істеліп, айтылып жатқандықтан, академия мүшелерінің жастарына байланысты шындықты анықтағым келіп, өз бетімше шағын талдау жасадым. Ол үшін 1946 жылы бірінші сайланған академия мүшелерінің (мүше-корреспонденттер – 47,4; академиктер – 49,9) жастарын, олардан елу жыл кейін академияға қабылданған ғалымдардың (мүше-корреспонденттер – 50,7; академиктер – 53,1) жастарымен салыстырып, айырма сәйкесті 3,3 және 3,2 жыл екенін таптым және бұл жылдардың академия мүшелеріне еш байланысы жоқ екенін, олар тек ғалымдардың өсу жолындағы бюрократиялық кедергілерді өтуге жұмсалған уақыт екенін дәлелдедім. Өйткені ХХ ғасырдың қырықыншы жылдарындағыдай емес, қазір әр ғалымға докторлықты қорғауға кезекке тұруға, диссертацияның бекітілуін, академияларда сайлаудың жариялануын күтуге тура келеді.
Әрине, бұл жағдайда ғалым қандай жаста болса да уақыт өте үлкейеді, ал үлкейгені қартаяды. Бұл үрдістен жаңа академия мүшелері де қашып құтыла алмайды.
Осы секілді академияларға байланысты өте зиянды іске екі бірдей сырттан келіп, Премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарып жүрген кісілер араласты. Солардың бірі алдында ғана ҰҒА-ның мүше-корреспонденттігіне өткісі келіп, конкурсқа қатынасқан еді. Мүмкін өтпей қалғанына кектенді ме екен, ол ұялмай-қызармай жоғарыға жазған бір хатында «Ғылым академиясы конституциялық құрылым емес» деп, оны жабуды негіздеген көрінеді.
Ақырында, академиялар үшін тартыс тең болмай, олар заңды тұлғалық статустарын жоғалтып (1996), кейін қоғамдық қауымдастыққа (2003) айналып тынды.
Нарыққа көшу кезінде мемлекеттік екі ғылым академиясын жабу кешірілмес күнә болды. Ол ғылымды аяқасты қылды, ғалымның қадірін кетірді. Елімізде бәсекелестік арқылы ғылым элитасын даярлауды отызжылдық тоқырауға соқтырды. Ғылым әр онжылдықта бір жас ұрпақпен толығып отыратынын ескерсек, бұл әрекет зерттеушілердің кем дегенде 3-4 жаңа толқынның ғылымға деген жолын кесті.
Шетелдерде оқып жүрген жастар жөнінде Қадір Мырза Әлі жоғарыда аталған кітабында «Солардың бәріне болмағанмен, жартысынан көбіне күдігім бар. Олар ұлы ғалымдардың мұрагері бола ала ма, әлде әкімдер мен қалталылардың ұл-қыздары болып қала бере ме, кім біледі?» депті.
Шынында да, сырттан оқып келген топтың алды қазір 50-55-ке келіп қалды. Ал олардың арасында елге ғылымы арқылы танылғандары некен-саяқ. Сондықтан бұл топтың да академиялық ғылым элитасының негізін құруын ұзақ күтуге тура келетін шығар.
Ғалымдарды кәсіпкерлік арқылы даярлау да әзірге нәтиже беретін емес. Оған жыл сайын өзгеріп жатқан министірліктер жүйесінің де шамасы келмейді. Олар интеллектуалдар даярлау түгілі алдағы жылдарға өз мақсаттарын да ғылыми тұрғыдан жасақтай алмай отыр.
Бұл мәселені ЖОО мен ҒЗИ ұжымдары шеше алады деген дәме де, олардағы реформаға дейінгі ғалымдардың жастары жетіп, саны кеми түсуіне байланысты азайып барады.
Алдағы уақытта ғылымды дамытуға жеке кәсіпкерлер мен кәсіпорындар қаржы бөледі дегенге де сену қиын. Олардың өздері де, өндірістері де дамыған елдердің ғылыми орталықтары бар корпорациялары мен басшыларының деңгейіне әлі жеткен жоқ.
Осы жағдайда ғылымды университеттерде дамыту қолға алынып, ғылыми зерттеу институттарын жоғары оқу орындарына беру басталып жатыр. Бірақ бұл істі де жалпыға бірдей шараға айналдыруға болмайды. Оған үлгі ретінде медицинаға байланысты істерді келтірейік. Соңғы 7-8 жыл ішінде бұл саланың ғылымы да, тәжірибесі де Денсаулық сақтау министрлігі мен оның қарамағындағы ҒЗИ-лер арқылы жылдам дамыды.
Бұл фактіні де ескерусіз қалдырмай, кей салалардың ғылыми зерттеу институттарын сәйкес министрліктерге берген абзал.
Біз 2020 жылдың жарыққа шыққан «Академические формы организации сельскохозяйстенных наук в Казахстане» деген кітабымызда жасаған бірнеше түйіннің соңғысында «Бір немесе бірнеше жағдайдың әсерінен Ғылым академиясы қайта құрылуы мүмкін…» деген едік. Қателеспеппіз.
2022 жылдың 1 маусымында РҚҚ «Ұлттық ғылым академиясының» салтанатты жиналысында Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаев оған мемлекеттік статус беру туралы шешімге келіп, ол бойынша арнайы қаулы қабылданды. Бірақ оны ұйымдастыру процесі созылып кетті. Оның сыртында жаңа академия «Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық қауымдастығы негізінде құрылсын деген шешім жайына қалды. Ол өз бетінше жұмыс істеп жатыр.
Бұдан сәл ертерек мұндай республикалық маңызы бар тапсырмалар басқаша орындалушы еді. Алдымен, екі-ақ пунктен тұратын Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы шығатын. Оған ілесе Қазақстан Үкіметі қаулысы қабылданып, жарлықты іске асырушы арнайы ұйымдастыру комитеті не комиссиясы құрылатын. Әдетте, оның төрағасы болып Премьер-министрдің орынбасарларының бірі тағайындалатын. Ал қаулыда құрылғалы жатқан академияның мақсаты, міндеті, хақылары, деңгейі, қаржы-қаражат көздері жан-жақты атап көрсетілетін.
Осы сөздерім дәлелді болу үшін өзім бірнеше жыл қызметте болған Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясын ұйымдастыруға бағытталған Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы (11.12.1990) мен Үкімет қаулысының мәтіндері келтірілген жоғарыда көрсетілген кітабымдағы 6 бетке сілтеме жасап отырмын (206–212-б.). Егер осындай құжаттар дайындалып іске қосылған болса, қазіргідей созыңқы әрі түсініксіздіктері мол жағдай туындамас еді.
Өкінішке қарай, бұл жолы олай болған жоқ. Академия құру мәселесін түгелдей дерлік Ғылым және жоғары білім министрлігі мойнына алды. Басқаша айтқанда, бұл маңызды жұмыс бұрын ондай іспен айналыспаған мемлекеттік органға тапсырылды. Ал ол өз деңгейіндегі ғылыми гранттар бөлуге байланысты көрсеткіштерді академия мүшелерін таңдау деңгейіне көтеріп, оған қаншама күш-жігерін жұмсады. Үкіметке үш рет бекіттіріп, сонша рет жөндеді. Ақыры ойындағысын істеді. Республика бойынша ғылымға ғана емес, Ғылым академиясына да, ол арқылы академия мүшелеріне де иелік жасай алатынын дәлелдеді.
Бірақ осының бәрінің арты не болатынын ойлау аз болды. Академиялық демократия мен оның ішкі еркіндігі жоғалса, академия салалық министрліктің сателлиті болып шыға келетінін ешкім ескермеді.
Осыған байланысты Кеңес одағы кезінде де, кейінгі тәуелсіз даму кезінде де академиялық құрылымдар ғылым, білім министрлігімен қатар жұмыс істегенін айту парыз. Одақ кезінде Бүкілодақтық ғылым және техника комитеті академиялардың жұмысына еш уақытта араласқан жоқ.
Оның сыртында біздің салалық министрліктің бұрынғы академия мүшелелерінің қайсысы академияның мемлекеттік кезінде (1996), қайсысы қоғамдық кезінде сайланғанын анықтау оп-оңай болса да, оны керек қылмай, олардың бәрін болмашы тиын-тебенмен алдаусыратып, нөлге айналдыруы («обнуление») заңға ғана емес, адамгершілік тұрғысына да сыйыспайтын шешім. Бұл әрекет қазіргі министрліктің қызметкерлеріне уақыты келгенде ресми түрде «сендер бұл министрлікте істемеген адамсыңдар» дегеннен әлдеқайда ауыр моральдық соққы екенін олар әлі түсінбей отыр.
Академиядағы бірен-саран демейін, біраз көңіл толтырмайтын кісілерге бола үлкен тәжірибе мен сирек білім иелерін «жаппай жарамсыздар» қатарына жатқызу кімге керек?! Бұл – кешегінің бүгінгімен жалғасын, ғылым мен білімнің сабақтастығын, ұстаз бен шәкірттің әдетті байланысын үзетін, шолақ ойланған менмен шешім. Бұрынғылар осындайды ескеріп, «Битке өкпелеп, тоныңды отқа салма» деген шығар. Тіпті ол заманда жалғыз академияда ғана емес, басқа салаларға да лайық емес талай кісілер салтанат құрғаны өтірік емес қой. Кәсіп қолынан келмейтіндер басқаның ісін тартып алып кәсіпкер атанды, министрлік қолынан келмейтіндер министр болып шалқайды. Ректор болуға ыңғайы жоқтар жоғары оқу орындарын басқарып шіренді.
Біздің ойымызша, елімізде ғылымдарды дамыту мен ғалымдар даярлауды қатар және бұрынғыша көптарапты түрде өзіміздің және шетелдердің жоғары оқу орындарында, салалық министрліктер мен ірі жеке кәсіпорындардың зерттеу институттары мен орталықтарында жүйелі түрде жүргізу керек. Бұлардың ішіндегі соңғы аталған кәсіпорындардың мол мұршалары әлі ғылыми ізденістерге пайдаланылмай жатыр. Түптеп келгенде олар қолданбалы ғылым арқылы еліміздің негізгі дамуы жолына айналдырылуы тиіс. Ол үшін қазірден бастап барлық ірі жеке корпорацияларды ерікті-мәжбүрлі (добровольно-принудительно) жағдайда өз өндірістері мен өнімдерін ғылым жолымен жақсартуға бейімдеу керек.
Бұл істің басы-қасында жақында ғана республика бойынша жоғары ғылыми мекеме статусын алған Ұлттық ғылым академиясы болғаны дұрыс.
Жуықта осы академияның президенті, академик А.Қ.Күрішбаевтың қабылдауында болып, ғылымды дамыта түсудің біраз мәселелері туралы әңгіме жасадық. Ақылбек Қажығұлұлының ҰҒА-ны жаңа деңгейде құрып, оның мән-мақсатын қазіргі кездің келелі мәселелеріне бағыттап жатқанына көз жеткіздім. Үлкен Форсайт талдау (аналитикалық) орталығын ашып, республика ғылымдарының басым бағыттарын анықтағанына (аграрлық, мұнай-газ салалары, жасанды интеллект, сандық технологиялар және т.б.), олардың алдағы ізденістердің негізіне айналатынына көз жеткіздім. Қытай мамандарымен су ресурстарын басқару мен бақылауды соңғы ғылыми жетістіктерге сүйенген бағдарлама арқылы іске қосатынын ғылымдағы үлкен халықаралық шешім ретінде бағаладым.
Сонымен қатар әңгіме арасында ҰҒА-ның қазіргі деңгейі мен ресми мүмкіндігі ғылым мен ғалымға байланысты көп проблемаларының басын ашып алуға мүмкіндік беретінін, мысалы, бүгінгі күні асқынып тұрған ғылымды мезгілінде әрі жүйелі қаржыландыру мәселесін шешетін, аты дардай, бүкіл Қазақстан аумағында ізденіс жүргізетін ғылыми зерттеу институттарының көрінген отбасы құрып алып жатқан «Жауапкершілігі шектеулі серіктестік» (ЖШС) деген атауларын өзгертіп, олардың ел-жұртқа ететін қызметіне лайық және еңсесін көтеретін атқа ауыстыруын, кейбір университеттердің жастардың ұнжұрғасын түсіретін (мысалы, Қостанайдағы
А. Байтұрсынов атындағы, Ақтөбедегі
Қ. Жұбанов атындағы, Тараздағы М.Х. Дулати атындағы) өңірлік (региональный), басқаша айтқанда шеттегі, алыстағы деген сөзді қолданыстан алып тастайтын уақыт жеткенін академия президентінің есіне салдым. Басқа да ғылым туралы ойларыма ортақ талдау жасадық.
Бұл қабылдаудан жаңа академияның тың мәселелерді қолға алып, еліміздің дамуына зор үлес қосатынына үмітім үлкейіп, сенімім артып шықтым.
Сәбит Байзақов,
ҚР ҰҒА академигі