ТАЛАНТЫМЕН ТАНЫЛҒАН ҒАЛЫМ
12.10.2024
82
0

Талант­ты тұлғалардың өмірі, әдет­те, жан-жақты әрі көп қырлы болып келеді. Тағдыр оларға дарын берсе жан-жақты етіп молынан береді. Сондай талант­ты азамат­тың бірі – біздің Аманжол Қошанов ағамыз десем, қателесе қоймаймын. Абыз ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, ұлағат­ты ұстаз, парасат­ты азамат, білікті басшы, тәжірибелі ұйымдастырушы, міне, осының бәрі Аманжол Қошанұлының бір басына сыйып тұр.

Оның өмірінің әрбір қыры мен сыры айтулы тұлғалардың өміріне жүк боларлықтай. Ал ағамыз осы дарынын бір-бірімен өзара тығыз байланыстырып, байытып, толықтырып керемет адамгершілік қасиетін, талантын, парасат­ты тұлғалық болмысын қалыптастыра білді. Аманжол ағамыз туралы жазу оңай шаруа емес. Өйткені оның бір қасиетін білгенімізбен, басқа қыр-сырын біле бермейсің. Оның ұлылығы да осында болса керек.
Аманжол Қошанов – менің көптен бері араласқан, аға тұтып сыйласқан, ұстаз тұтқан адамым. Оның ғалымдық қабілетімен бірге отбасындағы тіршілігі, жұмыс істеу, өзін ұстау дағдысы, адамгершілік мінез-құлқы, ой-пікірлері түгелдей маған жақсы таныс. Ол кісімен ұзақ араласқаннан ойға түйгенім, Аманжол аға – адамдық мұратының биіктігі мен тазалығы, еңбекқорлығы мен адамға деген түсінігі тұрғысында сирек кездесетін жан. Көргені мен түйгені көп, көкірегі сара адамның өзін қоршаған ортаға, құбылысқа ойлы көзбен қарауы ұлғая келе даналыққа ұласқандай көрінеді. Оның дара тұлғасы ғалым есебінде де, адам, азамат есебінде де өз замандастары арасында биік тұрады.
Аманжол аға – қазақ, еуразиялық, әлемдік ғылымда жарқын тұлғалардың бірі.Тегінен тартқан адами қасиет­терімен бірге, оның өз еңбегімен сомдаған кісілік қабілеті, азамат­тық болмысы, жарқын тұлғасы ерекше екенін бүкіл ел мойындауда. Себебі әр тұлғаның бейнесін, азамат­тық келбетін, қоғамдағы орнын анықтайтын да, бағалайтын да халық. Қошановтар әулетінің елдік, адамгершілік мұрат­тары өте ертеден қалыптасқанын айту керек. Бұл әулет өз бастауын сонау XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген Құлеке батыр мен Шал ақыннан алады.
Аманжол ағамыздың туған жері – Солтүстік Қазақ­стан облысы, Шал ақын ауданы, Абылайдың ақ туын ұстаған батыр Құлеке мен атақты Шал ақынның дүниеге келген жері. Киелі жер. Есілдің жағасындағы Аю тас деген қиясында ағамыздың бабаларының қонысы болған. Орыстың қоныстаушылары келгесін бұларды Есілдің оң жағасына, қалың орманды жерге ығыстырады, бұл тұс атығай руының Құдайберді-Бейімбет бөлімшелерінің ежелден бергі қонысы, қыстауы болған.
Міне, осындай қасиет­ті топырақта дүниеге келген Аманжол Қошанов орта мектепті алтын медальмен бітірген білімге, ғылымға деген құштарлық албырт жасты Мәскеудің М.Ломоносов атындағы Мемлекет­тік университетінің экономика факультетіне алып келді. Университет­те студент А.Қошанов сол заманның атақты экономист-ғалымдары, академиктер К.В.Островитянов, А.И.Пашков, профессорлар Я.А.Кронрод, Н.Г.Блюмин, С.К.Татурлардан сабақ алады. Оның өмірлік есінде қалатыны терең мағыналы және түсіндіру жағынан баға жетпес тарихшы, академиктер Е.М.Тарле мен Н.Г. Черепниндердің дәрістері болды. Университет­тегі курстар ғылыми категорияларды, қоғамдық, экономикалық процестерді терең түсінудің негізін қалады.
Жоғары білімді жас маман жолдамамен туған еліне оралған соң қажыры мен қайратының арқасында өрлеу баспалдақтары биіктей береді. Білім мен біліктілікті жадына тұтқан Аманжол алғашында экономикадан сабақ береді де, одан кейінгі бар өмірін академик Қаныш Сәтбаев құрған ғылым ордасы –­ Ғылым академиясының қабырғасында өткізеді.
Академик А.Қошановтың сан қырлы ғылыми және ұйымдастырушылық қызметі осы Ғылым академиясының Экономика инс­титутымен тікелей байланысты. Әуелі осы институт­тың аспирантурасын ойдағыдай тамамдаған соң бұл институт­тың барлық қызмет баспалдағынан өтеді: кіші және аға ғылыми қызметкер, институт­тың ғылыми хатшысы, сектор, бөлім меңгерушісі, институт директорының орынбасары, содан кейін директор. Экономика институтын Республиканың қоғамдық-экономикалық және әлеумет­тік өмірінің ең бір қиын кезеңінде басқарады. Ғылымның талант­ты ұйымдастырушысы ретінде ол өзінің бойындағы бар ғылыми әлеуеті мен ұйымдастырушылық қабілетін осы жылдары экономика ғылымын қайта құруға, институт­тың ғылыми қызметін нарыққа көшірудің көкейкесті мәселелерін шешу ісіне жұмылдырды.
Адам өмірінде оның жекебасының табандылығына жол сілтеп, оны уақытында қолдап, дұрыс бағалайтын адамдар болады. Аманжол ағамыздың өмірінде сондай адам Қазақ­станның экономика ғылымының негізін қалаушылардың бірі, белгілі ғалым, академик Сақтаған Бәйішев болды. Ерекше атап өту қажет, академик А.Қ.Қошановтың ірі ғалым болып қалыптасуына осы ғылым ордасының қабырғасында ұлы Қ.Сәтбаев, оның кемеңгер ізбасарлары С.Бәйішев, Ш.Шокин, ­М.Ауезов, Ә.Марғұлан, Е.Бүкетов, С.Зиманов, С.Толыбеков сияқты академиктер болды.Ол кісі көп жыл Қазақ­стан Республикасы Ұлт­тық академиясының басшы қызмет­терінде болып, қазақ­стандық ғылымның да қарқынды дамуына үлкен үлес қосқан ғалым – Ұлт­тық ғылым академиясының вице-президенті, ҚР Ғылым академиясы Президиумның бас ғылыми хатшысы, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы, ҚР Ұлт­тық ғылым академиясының Президиум мүшесі, ҚР Білім министрлігі ғылым академиясының коллегия мүшесі болды.
Аманжол Қошанұлының вице-президент­тік жұмысы (1994 –1999 жж.) өте қиын кезде өт­ті, өте ауыр және жауапкершілігі жоғары қызмет еді. Бір жағы – еліміздің экономикасы, Егемен мемлекет­тің құрылымы, халқымыздың әлеумет­тік-рухани өмірімен байланысты болса, екінші жағы – тәуелсіз мемлекет­тің сая­сатымен ұштасып жататын. Осы ауыр міндет­тің өзін төрт жыл бойы абыроймен атқарды. Қоғамдық және гуманитаралық ғылымдардың дамуына ұлан-ғайыр үлес қосты. Экономика, философия, саясат­тану, әлеумет­тану, тіл-әдебиет, тарих, археология мәселелері бойынша жаңа бағыт­тар, тың тақырыптар зерт­теле басталды. Қазақ халқының тарихы және рухани-мәдени мұраларының жиынтығы құрылды.
Арнайы мемлекет­тік комисcиялардың мүшесі ретінде Аманжол ағамыз ол халықтың бірлігі мен ұлт тарихы, ұрпақтар сабақтастығы, саяси репрессия құрбандарын еске алу, ұлт­тық мәдениет­ті қолдау жылдарын жариялау жөніндегі Қазақ­стан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, кең ауқымды ғылыми шараларды ұйымдастырудағы жетекші тұлғалардың бірінен саналады. Қазақ­стан Республикасының Ұлт­тық ғылым академиясының «Отандық тарих тағылымдары және Қазақ­стан қоғамының қайта өркендеуі», «Әуезов – XX ғасырдың ұлы гуманист, жазушысы», «Абай – қазақ әдебие­тінің негізін салушы және философ-ойшыл» сияқты арнаулы және мерейтой сессиялары мен «Дуниежүзілік өркениет тарихындағы Қазақ­станның орны мен рөлі», «Қазақ­стан аумағындағы мемлекет­тік құрылыс», «Еуразияшылдықтың проблемалары мен келешегі», «Кенесары –колониализмге қарсы ұлт-азат­тық қозғалысының аса көрнекті қайраткері» деген тақырыптарда өткен ірі халықаралық конференцияларды ұйымдастырып, басшылық етуде табандылық пен белсенділік таныт­ты.
А.Қошановтың зерт­теулерінің ішінен 80-жылдары кең тараған «Кемелденген социализм тұсындағы Қазақ­станның индустриялық дамуы»(1979) ат­ты монографиясын ерекше атауға болады. Монографияда теориялық-әдіснамалық мәселелерді күн тәртібіне қойып, сыни көзқарас тұрғысынан жазылған бұл монография өзінің ғылыми-практикалық құндылығымен қазір де ерекшеленеді. Бұл монографиясы үшін А.Қошанов қоғамдық ғылымдар саласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атағын алған болатын.
Академик А.Қошанов – еліміздегі нарықтық экономика теория саласындағы жетекші экономист-ғалым. Нарықтық экономиканың теориясы мен әдіснамасын тыңғылықты зерт­теуші ретінде ол әлеумет­тік тұрғыдан бағдарды нарықтық экономиканы біртіндеп қалыптастыру мен Қазақ­станның экономикалық дербестігін нығайтудың теориялық негіздерін жүйелі зерт­теу сияқты жаңа ғылыми бағыт­тың негізін қалады. Оның жаһандану және өңірлік бірігу жағдайында түбегейлі экономикалық реформа, меншік қарым-қатынасын қайту құру, кәсіпкерлікті одан әрі дамыту, ұлт­тық экономикалық және экономикалық қауіпсіздік жүйесі мәселелеріне арналған еңбектері елімізге де, шетелге де кеңінен танымал.
Ғалым басшының ғылыми жетекшілігімен және авторлық қатысуымен жарық көрген «Қазақ­стан Республикасындағы меншікті мемлекет игілігінен алу мен жекешелендірудің экономикалық негіздері мен саясаты» (1993), «Қазақ­стан Республикасында акционерлік қатынастар жүйесін қалыптастыру» (1995), «Нарыққа көшу жағдайында жеке кәсіпкерлікті қалыптастыру» (1995) ат­ты монографияларына ғылыми жұртшылық, билік пен шаруашылық өкілдері аса қызығушылық таныт­ты. Ғалымның бұл еңбектері, ең алдымен, мазмұнының тереңдігімен және айтар ойының ашықтығымен ерекшеленетінін әріптестері де, шәкірт­тері де құрметпен атайды.
Академик А.Қошанов 700-ден астам ғылыми басылымдардың авторы, оның ішінде, 58 монографиялық жұмыстардың авторы және бірлескен авторы. Солардың ішінен, соңғы он бес жылда шыққан көпшілікке белгілі кейбір жұмыстарын атайық:«Ұлт­тық экономиканың бәсекеге қабілет­тілігі», (2010),«Трудное восхождение. На путях к рынку» (2010), «Ұлт­тық экономикалық мүдделер және меншіктік қатынастар» (2010) және басқа да монографиялар.
А.Қошанов халықаралық дәрежедегі ғалым, қоғам қайреткері ретінде ТМД елдерінің еуразиялық идеясы мен интеграциясы және Қазақ­стан мен Орталық Азия мемлекет­терінің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі, ғылымның жаңа кезеңде индустриалды-инновациялық дамуындағы стратегиялық басымдығы, республикамыздың жалпы ұлт­тық идеясы мен егемендігі т.б. мәселелерге қатысты өзінің ой-пікірін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалың жұртшылыққа кеңінен насихат­таған еді.
Академик А.Қ.Қошанов жоғары білікті экономика кадрларын даярлауға бедерлі үлес қосуда. Ол 20 жылға таяу Қазақ­стан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Экономика институтының докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі мамандандырылған кеңесіне басшылық етумен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің, Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің арнаулы докторлық кеңестерінің мүшесі болды. Академиктің ғылыми жетекшілік етуімен экономика ғылымдарының 17 ғылым докторы, 60-тан астам ғылым кандидат­тары даярланды. Ол – Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық университетінің, белгілі «Нархоз» университетінің құрмет­ті профессоры еді.
Академик Аманжол Қошановтың есімі мен даңқы бұл күнде әлемді шарлап кет­ті. Ол ғылым мен білімнің халықаралық дәрежеде жаһандануына байланысты Қазақ­станның экономика ғылымының беделді өкілі ретінде АҚШ пен Еуропа және Азияның бірқатар елдеріндегі шетелдің ғылыми орталықтарымен тығыз байланыста, көлемді және жемісті ғылыми жұмыстар атқарып келді.
Аманжол Қошанұлы – ірі ғалым ғана емес, ұлағат­ты ұстаз. Қаншама мың студент­терге, аспирант­тарға, магистрлерге, докторант­тарға дәріс оқыды, тәрбиеледі. Ол студентура, магистатура, докторантура арқылы экономика саласынан білікті мамандар дайындауға көп күш жұмсады. Мәселен, экономист-ғалым әл-Фараби атындағы Ұлт­тық университетінде, Нархоз университетінде және Абай атындағы Ұлт­тық педагогикалық университетінде қаншама жыл экономикадан дәріс оқып, экономист мамандар дайындаған білікті, ұлағат­ты ұстаз еді. Қазір ағамыздың шәкірт­терінің ішінен көптеген қайраткерлер, ғалымдар, ректорлар, министрлер, әкімдер шықты. Олар өз ұстаздарынан үйренгенін жастарға таратып, елімізге үлгілі қызмет атқарып жүр.
Ғылыми және қоғамдық қызмет­те сіңірген айтулы енбегі және экономика ғылымын дамытудағы үлкен үлесі үшін А.Қошанов Қазақ­стан Республикасы Президентінің Жарлығымен Парасат, Барыс (III дәрежелі) орденімен,«Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен, Қазақ ССР Жоғары Советі мен Қазақ­стан Министрлер Кеңесінің және Қазақ­стан Республикасының Ұлт­тық ғылым академиясы мен Ғылым министрлігі-Ғылым академиясның Құрмет грамоталарымен, Білім және ғылым министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген ерекше еңбегі үшін» деген құрмет­ті белгісімен екі мәрте марапт­талды. Қазақ­стан Республикасы Президентінің 2015 жылдың 3 жетоқсанындағы Жарлығымен академик А.Қ.Қошанов ғылымдағы ерекше жетістіктері үшін, Қазақ­стан экономикасының түбегейлі нарық негізінде қайта құрудағы еңбегі үшін Қазақ­стан Республикасының ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекет­тік сыйлықтың иегері атанды.
2004 жылы Халықаралық Кембридж өмірдерек орталығы (Англия) академик А.Қ.Қошанов ғылымды дамытудағы сіңірген еңбегі және халықаралық ғылыми топтармен тығыз байланыс жасағаны үшін «XXI ғасырдың аса көрнекті зияткері» құрмет­ті медалімен марапат­таса, Америка өмірдерек институты мен халықаралық зерт­теулер орталығы (Нью-Йорк) ғылымдағы және халықаралық ынтымақтастықтағы аса зор жетістектері үшін (Жыл адамы-2004) құрмет­ті атағына лайық деп тапты. 2006 жылдың тамыз айында белгілі Америкалық орталық (ABJ-USA) академик А.Қ.Қошановты халықаралық «Алтын белгісімен» марапат­тады.
Міне, ірі ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, ілуде сирек кездесетін жарқын тұлға академик А.Қ.Қошановтың өмір жолы мен шығармашылығы осындай бай және мазмұнды. Ол ғылымға жан-тәнімен берілген, бойындағы оған деген мол дарынын, қарымды қабілеті мен қажыр-қайратын, айтулы таланты мен тәлімді тәрбиесін, бар ықылас, ынта-жігері мен ой-ниетін өзі қалаған осы бір киелі де қастерлі өмір жолында жаңқиярлығымен аянбай жұмсап келген, алған бетінен таймаған, ары таза, кемеңгер жан еді.
Аманжол ағамыз өз ғұмырында соңына мол мұра қалдырып кет­ті. Ел, шетелдер таныған талант­ты, ірі ғалымның, көрнекті қайраткердің, тау тұлғаның үлкен жүректі асыл азамат­тың есімін елі қашан да ардақ тұтады. Ол өз халқымен мәңгі жасайды.

Раушанбек ӘБСАТ­ТАРОВ,
ҚР ҰҒА академигі,
философия ғылымдарының
докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір