АҚЫН АДАМНЫҢ ДАЛА МІНЕЗДІ ЖЫРЛАРЫ
25.12.2024
518
0

Ұлы дала елі – мыңжылдықтар бойы қазақ халқы ұрпақтарының көшпелілік пен отырықшылық мәдениеті дәстүрлерімен қалыптасуын жүзеге асырып келе жатқан ата-бабалар мекендеген кең-байтақ географиялық кеңістік.

Ежелгі дәуірлер мен кейінгі ғасырлар бойы қазіргі біздің заманымызға дейінгі Еуразия кеңістігінде әлем өркениетінің дамуында елеулі ықпалды қызмет атқарған империяларымыздың (Күлтегін, Тоныкөк басқарған түркі қағанаттары, Томирис (Тұмар) басқарған массагеттер, батыр патша Аттила басқарған Ғұн, Мысырдағы мәмлүктер, Алтын Орда, Қазақ хандығы, Моғолстан мемлекеттері) әлем өркениетінің қалыптасуы мен дамуында ықпалды қызмет атқаруымен Ұлы дала елі ұрпақтарының мемлекетшілдік-отаншылдық, азаматтық, қаһармандық-жауынгерлік рух қуатымен қанаттанған дүниетанымын қалыптастырды. Кең-байтақ қазақ даласының барлық өңіріндегі ауылдардың жұпар иісті жусанды, жасыл шалғынды жондары, жазықтары, көк­орай белдері, сыңсыған орман-тоғайлары, асқар шыңды таулары, биік-биік жоталары, асау және сабырлы ағысты өзендері, кең айдынды мөлдір көлдері мен теңіздері, аңдары мен құстары, жәндіктері, төрт түлік – бәрі де Дала өркениетінің ғажа­йып келбетін ғасырдан ғасырға сақтап, жалғастырып келеді. Туған ауылының, атамекенінің, атажұртының ауасымен тыныстап, табиғаты аясындағы жылдың талай мезгіліндегі тіршілік қозғалыстарымен қоян-қолтық ержетіп, есейіп, тіршіліктің тұрмыстық қимыл-әрекеттері аясында жүрген дала перзенттерінің барлығы да фәни мен бақи дүние аралығындағы әрі қысқа, әрі ұзақ өмір бойы сол ата-қоныстарын перзенттік махаббатпен сүйген көңілдерімен шабыттанады, арман сапарымен қанат қағады. Бұл орайда қазақ әдебие­тінің тарихындағы көрнекті ағартушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, көсемсөзші, қайраткер қаламгер Адам Мекебаевтың шығармашылығының да ұлттық және жалпыадамзаттық
гуманизм ұстаныммен жырланған поэзиялық шығармаларын айрықша назарға алып бағалаймыз.
Адам Мекебаев шығармашылы­ғының көркемдік арқауы – мыңжылдықтар бойы ата-бабалардың мекендеген басқыншы-шапқыншы жаулаудан ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, кейінгі ұрпақтың сақтауына аманат еткен ұлы даламыз. Поэзия, прозалық, драмалық, көсемсөздік туындыларының барлығындағы алтын желі, арқауға арналған ақын Адамның азаматтық, отаншылдық рухты өлеңдерінің сарыны оның ғұмырнамалық ұстанымы болды.
Ақынның Ұлы даланың киелі келбетін, қасиетін, оны мәңгілік мекендеп келе жатқан ата-әже мен әже-аналар туралы толғаныстары туған елді – Отанды, атамекенді, атақонысты перзенттік махаббатпен сүйген қандастарымызға ортақ көңіл күй психологиясын айқын танытады. Азаматтық, қайраткерлік рухты осындай өлеңдеріндегі көркем кестелі бейнелі өрнектерден ақынның эстетикалық дүниетаным тереңдіктерін сезінеміз. Мысалы, «Дала, ана және ән туралы өлеңі», «Дала», «Көргенде Сырдың өңірін», «Сыр туралы жыр», «Өлкем», «Мекен», «О, жан далам, менің», «Туған жерде», «Теңіз», «Таң», «Жырау» т.б.
Дала перзенті – лирикалық қаһарман ақын, кейіпкер. Даламыздың барлық өңіріндегі туған жерін, атамекенін перзенттік ықыласпен сүйген ұрпақтардың жүрегіндегі ынтызарлық, сағыныш баураған тебіреністер саздарын аталған өлеңдердің сипатынан танимыз. Оқырман да, лирикалық қаһарман ақын кейіпкер тебіреністерімен ортақтасады. Өлеңдердегі көркем мағыналы бейнеліліктердің эстетикалық, танымдық әсерлігі айрықша ерекшеленеді. Мысалы, «Құлдыраушы ем құлыншақтай кең жазира көкірегіме жел беріп», «Елең етіп құйттай жүрек асау тайдай тулайтын, ал нәзік ән күні бойы кең даланы жырлайын», «Ал мен болсам, әнге қарай темірқанат балапандай талпындым», «Қиял-тұлпар құлағында ойнадым», «Ән қалқыды күн нұрындай», «Осылайша, кеттім ұзап, бақыт қуып дала менен ауылдан. Найзағайдан қамшы өріп, пырақ мініп ауылдан», («Дала, ана және ән туралы өлең»), «Ашық аспан күн көзіндей мөлдіреп, мойыныма оралады жел жібек. Туған жерді Күннің алтын арайы, ғашығындай сүйіп жатыр елжіреп», «Арнасынан ұшқыр ойдың тасыған мен сағыныш толқынына бас ұрам», «Қарт қырандай көлегейлеп маңдайын қуанышты ақ шашты әкем тұр менің» («Туған жерде) т.б.
Адам – жырау тұлғасын поэзиямен де, прозамен де сомдаған ақын әрі жазушы. Қаламгердің «Ең соңғы жыраумен қош­тасқан жыл» атты эссе-повесіндегі, әңгімелеріндегі, повестеріндегі, романдарындағы көркем шындықпен өрілген суреткерлігіне жырау-жыршылар эстетикалық ықпал-негіз болды. Сәбилік, балалық, есейген, егделенген кезеңдеріндегі ақыл-ой жетістіктерінің бәрі де – оның жыраулық өнер иелерін көзімен көріп, құлағымен тыңдап, зердесінде орныққан дүниетанымының жемістері. Ақынның «Жырау» атты баллада сипат­ты жырының құрылысындағы жырау­дың толғауларын қазақ халқының тыңдаушылық ықпал психологиясының бейнелеулері («Көк төсінде лағыл жұлдыз тұр жанып, Киіз үйлер төңкерілген бөріктей». «Ақ отауда жырау отыр күңіреніп, Тыңдаушылар қалған тұяқ серіппей», «Түріліпті киіз үйдің жабығы, Піскен бастың құйқасындай жиырылып. Ал жыраудың өзек өртер зар үні шығып жатыр көзден жас боп үйіріліп», «Ағарып таң атса да жұрт жатпайды, Айыз қанбай, шықпай көңіл құмардан. Бар жанарда от боп жанып көп қайғы, Бар жанарда от боп жанып бір арман») де Ұлы дала елінің негізгі иелері қазақ халқының өнер мен өмірін өрнектеп көркемдік дүниетанымын айғақтайды. Қазақ өлеңінің поэтикалық-эстетикалық сипаты, жыр, әуен-мақам, саз-әуез тұтастығымен төгуші жырау өнерінің психологиялық ықпалы осы өлеңнің көркем мағыналы өрілімдерімен дәлелденген:
...Бабаларды алған қырсық шалғайдан,
Сарқылар ма
Селдеткенмен сөз болып.
Жиналған жұрт көз алдында
қан майдан,
Атқан жебе тағдырына көзделіп.
Көз жасымен қасіретінен өш алып,
Бармақ шайнап отыр халық түнерген.
Жан дүниесін өкініш қан-жоса ғып,
Қайғы ұшып уылжыған өңінен.

Тауыса алмай отыр жырау қиналып,
Туған елдің тартқан мұңын сөзбенен.
Мейлің, күрсін,
Мейлің, сорға күй налып,
Бірақ қайыр күтпе дейді өзгеден!»
(Мекебаев Адам. «Дала мінезі»: Өлеңдер мен поэма.–Алматы: Жалын, 1976.–76 б.; 31-бет.).
«Жаралы жылдар» атты екі бөлімді (Әженің әңгімесі. Ағаның әңгімесі) балладалық сипатты лиро-эпикалық өлеңнің сюжеттік-композициялық құрылымында Екінші дүниежүзілік, Кеңес Одағы үшін Ұлы Отан соғысы болған қасіретті жылдардағы қазақ ауылдарындағы балалардың да, ересектердің де қан майданға аттанған ер-азаматтардың жеңіске жетуіне арналған жанкешті еңбек ерліктері («Кеудеде кек көкіректе нала-мұң, Кеудемізде жанды намыс от болып», «Белді шешіп жатуды үйде білмедік, Жүн иіріп, қолғап, шұлық тоқыдық», «Таң атпай төсектерден жылап тұрып, тарс та тұрс арба айдадық жігіт құсап»), соғыс қасіретінің келбеті реалистікпен жырланған:
Ауылда ала таңнан жан қалмайтын,
Ол кезде оған ешкім таңданбайтын.
Ымыртта оралатын жұмыстардан,
Әл кетіп, өзектері толғанда айқын.

Сондықтан күндіз үйден үн шықпайды,
Ал кешке естілетін сыңсып қайғы.
Сәбидің жан әкесін сағынғаны,
Жас жардың өксігені, тұншыққаны.
Мекебаев Адам. «Дала мінезі» …30-бет).
Ақын тұлғасы – Адам Мекебаев шығармашылығындағы көркем әдеби бейне. Туған топырағындағы киелі ата-баба рухынан нәр алған Адамның шығармаларындағы өз бейнесі – поэзиялық, прозалық, драмалық, көсемсөздік туындыларының да лирикалық-философиялық алтын желісіндегі негізгі түптұлға (прототип). Поэзиясындағы ақын, жазушы тұлғаларының көркем шындық поэтикасымен жинақталған романтикалық-реалистік тұтастықпен сомдалған бейнелері арқылы ұлттық және жалпыадамзаттық адамгершілік-гуманистік көзқарастар айқындалады.
Адам ақынның «Абайдың монологі» атты өлеңіндегі ойшыл хакім монологтері арқылы көркем әдеби бейнесін даралайтын кестелі өрнектерден («Өгей ұлы боп өстім дәуренімнің ескерусіз, елеусіз алалаған»; «Мен ақылды алмастай қайрап өттім, Зерделіні өлеңмен қайран еттім», «Бәзбіреудей желқабыз жел сөз қумай, Келер ұрпақ бақытын арман еттім». «Меңіреу заман, жаны төзбес сұмдығын көрген адам», «Жатса да ағып кеудемнен өрген бұлақ, Ақыл, қайрат алмастай сермелді ұзақ») хакім Абайдың қазақ халқының тағдырына алаңдаумен өткені мен өз кезеңінің, болашағын сараптаған келер ұрпақтан үміт күткен ұстаздық-тәлімгерлік ойларын сезіне түсеміз:

Айла асырып бұл заман күшіңді алған,
Маңдайыңнан тер шығып қысылғаннан.
Қайда барсаң озбырлық, арды қорлап,
Зұлымдықты әлпештер ұшынған заң.

…Жан дүниесін қымтаған қараңғылық,
Кеуде соғар мансапқор,
Надан күліп.
Естілері тістеніп күрсінеді,
Жалт-жұлт етіп меруерттей,
Жанарда үміт.

…Құшағымды өзің деп жайған едім,
Қайда сенің қайратың, қайран елім?
Ұйқыңды аш,
Бас көтер,
Алға қара,
Өз тағдырыңды әр таңғы ойлан енді…

…Келер ұрпақ,
Армысың, болашағым!
Өздеріңмен биікпін, аласамын.
Мен сендердің аузыңда жүрсем ғана,
Маңдайына өмірдің жарасамын.
(Мекебаев Адам. «Дала мінезі» …16–17-бб.).

Ал Адамның «Ақын» атты өлеңінде сөз өнерінің киелі өлең әлеміндей ойшыл, өршіл, күрескер, мұңшыл-сыршыл болмысының («Ақын жан көкірегіне сыр тұндырып, Алады қиял құсын сілкіндіріп». «Толғайды, толғайды-ай кеп өмір жырын, Өзгені ойландырып, күрсіндіріп». «Толғайды көкте күндей күлімдеген», «Сөздердің мәрмәрінен мүсін ойып, Ақылдың алмасымен дірілдеген») әлеуметтік-психологиялық хал-ахуалын суреттейді. Ақын жырлары арқылы халықтың, ұлттың мінез-құлық психологиясын, ғасырлар бойы уақыт пен кеңістіктегі ұрпақтардың азаттық, тәуелсіздік мұраты жолындағы азаматтық келбетін де елестетеміз:
…Қайғырса қас-қабағы тас түйіліп,
Көзінен кетер мөлдір жас құйылып.
Ызаланса дауыл боп соғады-ай кеп,
Екпіні құм суырып,
Тасты үйіріп.

Ол – қыран, қанат қағып шыңды асады,
Ол – ұста, ер семсерін шыңдасады.
Ол – тарих, ғасырларға тіл бітіріп,
Өткенмен,
Келешекпен сырласады.
(Мекебаев Адам. «Дала мінезі» …18-бет).
Ақынның табиғат («Теңіз», «Көктем»), махаббат («Алмас сөздер», «Таптым деп жанды аңсаған»), философиялық («Өмірмен тілдесу», «Үмітін жатқа ұрлатқан», «Сыр», «Ойлар, ойлар») лирика сарынындағы өлеңдері де адамдардың жан ділі әлеміне ортақ өміртанушылық, дүниетанушылық көзқарастардың сан иірімді толғаныстар әлемін оқырман көңілімен тоғыстырады.
Адам Мекебаевтың «Күйік-Асар аңызы» атты драмалық поэмасы – басқыншы-шапқыншы жатжерліктермен шайқас дәуіріндегі халық тағдырына арналған тарихи драматургия аясындағы туынды. Драмалық поэманың тақырыбы – қазақ даласының, ондағы қалаларының басқыншы-шапқыншы жауларымен шайқасқан тарихи оқиғалар, идеясы – туған халқының бостандығы мен Тәуелсіздігі үшін қан майданда шайқасқан халық батырларының, олардың сарбаздарының, асыл жарларының қаһармандық-жауынгерлік, ерлік өнегесін дәріптеу.
Драмалық поэманың композициялық құрылысындағы сюжеттік баяндау жүйесі саралана байқалады: біріншісі – туындының бас кейіпкерлері ақсақалдың және жігіттің ежелгі қала орнындағы Күйік-Асар биігінің жанындағы сұхбат-дидарласуы және осы үйіншік құмтөбе туралы дүниеден өткен қарияның айтқандарын еске ала әңгімелесуі; екіншісі – негізгі сахналық көріністегі жас ақын, батыр Алмас пен батыр Едігенің, дүниеқор, сатқын Шерімбет байдың кездесуі; рухани байлық, ақындық, батырлық және дүние байлығы туралы пікірсайысу­лар; хабаршының басқыншы жау келгенін баяндауы; үшіншісі – түменбасы Шарыш бастаған басқыншы жаудан бетпе-бет жеңілмей Едігенің, Алмастың, хабаршының құтылып кеткені, шаһардағы салтанатты үйінде Едіге батырдың жаумен шайқасқа әзірленуі, жары Гүлбаршынның ерінің қару-жарағын асындырғаны, тоқулы сауытын, шекпенін киіндіргені, адалдықтарын сақтауға серттескені. Едігенің анасымен қоштасқаны, сырттағы жауға аттанғаны; төртіншісі – қала қорғау­шыларының үш ай бойы басқыншылар қоршауына төтеп бергені, қорған сыртына жерасты жолымен шығып, қапылыста қырып салумен жауларды беттетпегені, халықтың азық-түлігінің таусыла бастағаны, Шерімбет байдың дүние-мүлкін ойлап халықты алаңға шығып бағынуға үгіттегені, халықтың Шерімбетті айыптап, оны жазалауды сұрағаны, бірақ Едіге оны дүрелемей, қаланы қорғау соғысына қатысуын ұйғарғаны; бесіншісі – Шерімбеттің сатқындықпен, қалаға кіретін жерасты жолымен Шарыштың түмен әскерін қалаға кіргізгені, Едігенің үйіндегі Гүлбаршынды көрсетіп, оған Шарышқа әйел болуды айтқаны, Шарыштың Гүлбаршынды қорғанға арнайы қаматуы, өзіне әйел етуді ұйғарғаны; алтыншысы – ақын Алмас батырдың сатқын Шерімбетті атып өлтіріп, қашып құтылып Едігеге хабар бергені, Едіге батырдың Гүлбаршынды құтқаруы, қаласымен қош­тасып сарбаздарымен далаға аттанып кетуі;
Драмалық поэманың идеялық-көркемдік шешімі – басқыншылардың шабуылынан қазақ даласындағы халқымыздың қырылып, өркендеп тұрған қалаларымыздың қиратылып, құмды төбелерге айналғанын тарихи шындық аясында дәйектеу.
Қазақ өркениетінің қөпғасырлық тарихында осы Ұлы Дала кеңістігіне талай басқыншылардың (Кир, Дарий бастаған парсылардың, Александр Македонский бастаған гректердің, Қытай боғдыхандары бастаған табғаштардың-ханзулардың, Шыңғыс хан және оның түменбасылары бастаған моңғолдардың, Жоңғар қонтайшылары бастаған қалмақтардың, орыс отаршылдары бастаған Ресей әскерлерінің, Қоқан, Хиуа хандары бастаған сарттардың) жасаған жорықтары – тарихтың ақиқаты. Ғасырлар бойы жан-жақтан шабуылдаған басқыншылардың қаншама рет қырғынынан аман қалған халқымыздың тағдырын ойлаған әрбір жаңа буын ұрпақ өкілдері, әсіресе қазіргі Тәуелсіз Қазақ елінің жас толқыны осылай сақталып, дербестеніп, жеке мемлекет болып көк Туымыздың желбіреп тұрғаны үшін Жаратушы Аллаға сансыз шүкірлік, мінәжат етуіміз керек!
Драмалық поэмадағы туынды кейіп­керлерінің диалогтері, монологтері көркем тілді өрілімдер, өрнектер туындының көркемдік сипатын танытады. Әсіресе басты кейіпкерлер жас батыр-ақын Алмастың монологі арқылы Ұлы дала елі – Қазақ елінің қанқұйлы басқыншы-шапқыншылардың шабуылдарынан, қуғындарынан болған зардаптар («Шаңы шықты жердің де, жүн сабаған тулақтай», «Еркіндікте өскендер қайтарам деп өткенді жолбарыстай мертіккен қан майданда мерт болды. Садақтардың сарнаған адырнасы үзілді, шейіт болды жеткіншек өлеңдердей үзінді. Тасқа тиіп тұлпардың тұяғы да жұқарды. Қылыш қалды майырылып, алмас жүзі жұқарды», «Әділетті аяусыз мазақ етіп қорлаған. Өші бардай өзгеде қайда қаптап барады, зорлықпенен ажалдан қандай ләззат табады? Армандарды дарға асып, өлтіретін айуандар, қылышынан қан тамар өздерінше пайғамбар т.б.) ақын-кейіпкер монологі арқылы
айыпталған.
Драмалық поэманың кейіпкерлері Едігенің, Гүлбаршынның, Алмастың монологтеріндегі көркем мағыналы тіркестер арқылы қазақтың халықтық көркем ойлауына тән эстетикалық таным табиғатын байқаймыз. Мысалы, Едігенің жарына, анасына арналған монологтерінде қаламгер мынадай көркем бейнелеулерді қолданған: «Кір шалмайды ақ алмастай, жарқылдаған арымды», «Арман оты кеудедегі еркіндікке құлшынған», «Қасіреттен қақырайды жон арқам», «Онда сенің ақ жүзіңді жаңбыр болып жуармын, айлы түндер бұталарға көлеңке боп. …Дауыл болып жұлқылармын бұрымыңды қос өрім», «Жұлдыз болып көк төсінен саған қарай ағармын», «Қурай болып ызыңдармын, өзің жайлы қаралы әнге салармын», «Мазар от боп түнде алаулап жанармын»; «Ұлың едім ақ сүтіңді арда емген, сусағанда су орнына бал берген; «Туған ел мен туған жердің кегі үшін жарқылдайын наркескендей сермелген» т.б.
Драмалық поэма кейіпкері батыр-ақын Алмастың Мәңгілік Ел дамуы бағдарымен рухани жаңғырудағы Тәуел­сіз Қазақстанның қазіргі және болашақ ұрпақтарына тән болжамды толғанысының азаматтық-отаншылдық, қаһармандық сарыны оқырман-көрермен көңілін баурайды:
…Күн шықпай ма кешікпей,
Сәресіде Ай батса.
Жас буындар қатаяр,
Ер-тоқым да сайланар.
Қарап тұрып еліне,
Сосын, олар ойланар.
Қылыштар да қайралар,
Тұлпарлар да бапталар.
Кегі үшін елімнің қайта жауға аттанар,
Зұлымдықтың тамыры қыршынынан қиылар.
Қорлау менен зорлау да,
Көз жасы да тиылар.
(Мекебаев Адам. «Дала мінезі» 73–74-бб.).
Қорыта айтқанда, ақын Адам Мекебаевтың Ұлы дала мінезді жырлары қазақ сөз өнері тарихындағы көркем ойлаумен өрнектелген өміршең рухани қазына құрамында болашақ ұрпақтарға да ұлағатын ұғындырады.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ
филология ғылымының
докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір