ЖАҒДАЙЫҢ ҚАЛАЙ, ЖАС ҒАЛЫМ?
29.07.2024
96
0

Бағзыдан бері қазақ ұғымында «ғылым, ғалым» атауы өте жоғары құрметпен аталады. Бұл ұлттың өнер мен білімге, таным мен тағылымға құштарлығының белгісі болса керек. Ел аузында ертеден айтылып келе жатқан даналық сөздер, мақал-мәтелдер – соның айғағы. Мысалы, «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген бірауыз сөзде ғылым иесінің мәртебесі нақтыланып тұр.

Өркениет көшіне ілескен әлем елдерінің тіршілік тынысына көз жіберсек, мұқым дүниенің ғылымға негізделіп дамып отырғанын байқайсыз. Білім, өнер, өндіріс… бәрі, бәрі ғылымға арқа сүйейді екен. Бұл қағида біздің елге де тән және бұл дамудың негізгі өзегі болуы керек. Біраз уақыт бұрын Ғылым академиясының мерейтойлық жиынына қатысқан Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Адамзат жетістіктің бәріне білімнің арқасында жеткен. Қарапайым заттардан бастап, күрделі ой-тұжырымдарға дейін, барлығы да – ғылымның жемісі. Шын мәнінде, ілім-білім арқылы бүкіл жаратылысты терең танып білеміз. Таным көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге шығамыз. Ғылымның ең басты миссиясы – осы», – деген болатын. Осы жиында Қазақстанның дамуындағы ғылым мен технологияның алатын орыны айшықталып, еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру туралы нақты міндеттер айқындалған еді.
Қазақ ғылымының келешегі де, көкжиегі де жас ғалымдармен кемелденіп, кеңейетіні сөзсіз. Дәл осы бағытта жас ғалымдарды қолдауға мемлекет те оң қабақ танытып отыр. Сондай қолдау­дың бірі – «Жас ғалым» жобасы. Атап айтқанда, 2024-2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыру жолға қойылды. Ғылым және жоғары білім министрлігі қол алған жобада конкурстық құжаттамаға сәйкес ғылымды дамытудың бірнеше басым бағыттары айқындалған. Оның ішінде экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану; энергия, озық материалдар және көлік саласы, озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар бағыты, елдің зияткерлік әлеуетін көтеру, өмір және денсаулық туралы ғылыми жұмыстар және агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту бағытындағы жұмыстарға қолдау жасалады.
Жалпы, жас ғалымдарға жасалатын қолдау мұнымен шектелмейді.
– Біз ғалымдарға жағдай жасау керек деп жиі айтамыз. Бұл – құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс жасалып жатыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді. Былтыр 284 жас ғалым жеңілдікпен баспана алды. Биыл менің тапсырмаммен оларға тағы 200 пәтер берілетін болды. Осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады, – деген болатын жас ғалымдармен кездесуінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айтпақшы, 2024-2025 жылдары жас ғалымдарға арналған зерттеу гранттарына 18 млрд теңге қарастырылған екен. Ал былтыр жалпы ғылымды дамытуға бөлінген қаржы көлемі ұлғайып, 643 млрд теңгеге жеткен. Бұл қаржы биылдан бастап тағы 15 пайызға ұлғаймақ, яғни, алдағы үш жылда еліміздің ғылымын қолдауға бөлінетін қаржының үлесі 715 млрд теңгеге дейін жетеді деген сенім бар.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір