Сөз іздеуші ғалым
04.08.2023
232
0

Ертеректе «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінен (03.05.2013 ж.) филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Байынқол Қалиұлының «Сөз іздеп жүрмін» деген мақаласын оқыған едім. Сол мақаланың мәні мен маңызын мен енді ғана түсінгендеймін.

Жуырда ғалымның екі томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» деп аталатын, көп жылдан бері жазып жүрген еңбегінің 2-томы жарық көрді. Осы екі томда 2011 жылы шыққан 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» жоқ 20 980 сөз бен 4840 тұрақты тіркес – барлығы 25 820 тілдік бірлік қамтылыпты.
Қазақ тілінің сөздік қорында қанша тілдік бірлік бар деп ойлайсыз? Бұл сұраққа жауапты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бастырған, ең соңғы шыққан және «ең толық сөздік» деп айтылып жүрген 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінен» іздедік. Онда «15 томдықта 92 300 сөз, 57 856 сөз тіркесі – барлығы 150 156 лексикалық бірлік қамтылды», – деп жазылыпты (15 том, 819 бет). Осы санға Б.Қалиұлы тапқан 25 820 тілдік бірлікті қоссақ, қазақ тілінің сөздік қорында 175 976 тілдік бірлік бар болып шығады. Яғни Б.Қалиұлының бір өзі ғана тіліміздің жүз елу мыңдай сөз байлығының үстіне тағы жиырма алты мыңдай тілдік бірлік қосты деген сөз. Бұл, әрине, аз олжа емес.
Байынқол Қалиұлы бұл игілікті іске сонау 1986 жылдан бастап кіріскен екен. Ол кезде ғалым ҚазССР Ғылым Академиясы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп жүріп, сол кезеңде жасалған 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» түзушілердің бірі және сол томдардың жауапты редакторы болды. Барлық томдар жасалып бітіп, бастырылып шыққаннан кейін біраз сөздердің сөздіктен қалып қойғандығын ғалым сезеді де, әлгі жоқ сөздерді іздеуге кірісіп кетеді.
Көп ұзамай Б.Қалиұлының өзі ғылыми мекемеден басқа жұмысқа ауысып кетуіне байланысты әлгі іс аяқталмай қалады. Алайда зерт­теуші сөз іздеуін тоқтатпайды. Арада біраз жыл өткенде Тіл білімі институтының қызметкерлері 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» жасап, бастырып шығарады. Бұл кезде Б.Қалиұлының Университеттегі жұмысы жеңілдеп, бос уақыты көбейеді. Сол уақытын пайдаланып, ғалым әуелгі ісін ары қарай жалғастырады. Міне, содан бері 35 жыл өтіпті. Мына екі томдық сөздік – сол 35 жылғы еңбектің жемісі.
Ғалымның айтуынша, мұндай жұмыстың ең қиын жері – 15 томдықта жоқ сөздерді іздеп табу екен. Бұл жөнінде автордың өзі жинақтың «Алғы сөзінде» былай деп жазыпты: «Шындыққа жүгінсек, 15 томдықта жоқ сөздер мен тұрақты тіркестерді іздеп табу – егіні орылып, жиналып алынған егістіктің орнынан масақ терумен бірдей болды. Масақтың қалай терілетіндігін масақ терген адамдар ғана жақсы біледі. Сабаны мен топырағы араласып кеткен аңыздың ана жерінен бір бүтін масақ, мына жерінен бір жарты масақ тапсаң, соған әкең базардан келгендей қуанасың. Онда да егер саған дейін тағы біреу масақтап әкетпесе»… (1-том, 4-бет).
Сөздігінің 1-томын жазуға керекті материал жинау үшін Б.Қалиұлы қазақ жазушыларының 917 кітабын оқиды. Солардың ішінен 15 томдықтан қалып қойған сөздер мен тұрақты тіркестерді жазып алады. Ал 2-томды жазу барысында тағы 643 жинақты оқып шығып, олардан 15 томдықта жоқ тілдік бірліктерді көшіріп алады. Осы кітаптарды жалпылама айтсақ, Б.Қалиұлы көз майын тауысып, 1000-1500-дей кітап оқыған екен. Мұндай іске шыдамдының шыдамдысы ғана төзетіні көпшілікке белгілі болар.
Өстіп керекті материалдарды жинап алғаннан кейін ғалым олардың түсіндірме сөздігін жазуға кіріседі. Әр сөзді, әр тұрақты тіркесті сөздікке жеке-жеке алып, оларға анықтама береді, жазушылардың шығармаларынан алынған мысалдарын келтіреді. Мысалдарды жай ғана келтіре салмайды, оларды қай автордан, оның қай кітабынан және қай бетінен алғандығына дейін дәл көрсетіп отырады.
Нәтижесінде 2014 жылы автордың «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (15 томдыққа қосымша) деген сөздігінің 1-томы жарық көрді. Оның көлемі – 59,1 баспа табақ. Онда 15 томдықта жоқ, оған енбей қалған 10 690 атау сөз бен 2 645 тұрақты тіркес – барлығы 13 335 тілдік бірлік қамтылған.
Б.Қалиев сөздігінің 2-томы баспадан 2023 жылы шықты. Бұл – автордың 2014 жылы шыққан сөздігінің заңды жалғасы болатын. Мұның көлемі – 40,3 баспа табақ. Онда жаңасы бар, ескісі бар – 597 автордың 643 кітабынан және 20 шақты газет-журналдан алынған, 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» жоқ 10 290 сөз, 2 195 тұрақты тіркес – барлығы 12 485 тілдік бірлік қамтылды.
Ғалымның екі томдық бұл сөздігі – қазақ тіліне байланысты жазылған түсіндірме сөздіктердің алғашқысы да, соңғысы да емес. Қазақ тілінің сөз байлығын түгендеу мақсатында қазақ сөздерін сонау Қазақ ССР Ғылым Академиясы құрылған 1946 жылдан бастап, күні кешеге дейін жиналып келген картотекалық қорға сүйеніп жасалған «Қазақ тілінің екі томдық түсіндірме сөздігі» (1959-61), 1966-86 жылдары жазылған 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», 2000-2011 жылдары жазылған 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» деген сөздіктер жасалып, басылып шыққан. 2005 жылы «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» басылды. Онда 22 000 диалект сөз қамтылған. Бұлардан өзге академик І.Кеңесбаевтың 1977 жылы шыққан «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» тағы бар. Мұнда он мыңнан аса фразео­логиялық тұрақты тіркестер алынған.
Осынша сөздіктердің жасалып, басылғандығына қарамастан қазақ тілінің сөздік қоры әлі де түгенделмегендігіне ғалымның жаны шыдамаған болу керек, ол ешкімнен көмек сұрамай-ақ, ешкімнен қаржы талап етпей-ақ, өз еркімен, 35 жыл уақытын құрбан етіп, 15 томдыққа енбей қалған сөздер мен тұрақты тіркестерді жинап-теріп, екі том етіп шығарыпты. Мұны – кез келген ғалымның ерік-жігері жете бермейтін ерлік, батырлық демесек те, тілге деген жанашырлық, жанкештілік деп бағалауымызға әбден болады.
Автордың өз ойын білу үшін алдымен оның өзіне сөз берелік.
Ол: «Осымен қазақ тілінің сөз байлығы түгел жиналып бітті деуге бола ма?» – деп, өзіне-өзі сұрақ қойып алып, оған былай деп жауап береді: «Бір жағынан «жиналып бітті» деуге болады. Өйткені қазақ тілінің сөз байлығын түгендеу мақсатында қазақ тілінің сонау 1959 жылдан бастап, үлкені бар, кішісі бар 10-нан астам түсіндірме сөздіктер жасалды. Солардың бәрі қазақ тілінің сөз байлығын мүмкіндігінше түгел қамтуға тырысты.
Екінші жағынан, қазақ тілінің сөздік қоры түгел жиналып бітті деуге әлі де ертерек. Себебі біз іздеп тапқан сөздердің көпшілігі тілімізде сирек қолданылады және олардың біразын сөздікшілеріміз әлі де толыққанды сөз ретінде тереңдеп тани алмай келеді. Ол сөздердің сөздіктерден ылғи қалып қойып жүргендіктері де сондықтан.
Сөздікшілердің жалқаулықтарынан, құнтсыздықтарынан немесе оларды сөз ретінде тани алмағандықтарынан сөздіктерден қалып қойған ондай сөздерді іздеп тауып, оларды сөздік қорға қосып жүрген адам, мақтанып айтайын, қазірше тек бір мен ғана. Бір адамның аты – бір адам («Жаяудың шаңы шықпас»). Көп болып іздесек, ондай сөздердің әлі де талайы табылатындығы сөзсіз», – деп, өз ойын аяқтайды (2-томның «Алғы сөзі». 17-бет).
Авторға айтар жалғыз ғана тілегіміз бар. Еңбегіңіз жансын, ғалым аға! Денсаулығыңыз мықты болып, халық үшін, ана тіліміз – қазақ тілі үшін осылай өнімді еңбек ете беруіңізге тілектеспін!

Баян АҚҚОЖИНА,
филология ғылымының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір