БАҚЫТ ҚҰШҚАН ҒАЛЫМ ЕДІ
Ағайым Ахметбек Жаппасұлы Кіршібай аққұбаша өңді, тарамыс денелі, тапалдар қатарынан еді. Жылы жымиыспен ғана жүздесетін, артына қайқайта қайырған шашынан морт сынар қарағайдай қайсарлық аңғарылатын. Аласа бойлылығына қарамастан қимылы ширақ, жүрісі жылдам болатын. Өмірінің соңына дейін қосқабат көзәйнекпен кітапқа шұқшиып, қағаз бен қаламды жанына серік етуін қоя алмай-ақ кетті.
Халқымыздың аса көрнекті әдебиет танушылары, сыншы, зерттеуші, ғалым, академиктер Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, профессорлар Зұфар Сейітжанұлы, Зейнелғаби Бисенғалиев, Қансейіт Әбдезұлы, тағы басқалар Ахметбек Кіршібайдың ұлттық әдебиетті зерттеу ғылымына сіңірген еңбектерін жоғары бағалады. Зейнолла Қабдолов танысқан алғашқы жылы-ақ: «Ахметбек-ау, жазған еңбектерің өз бойыңнан да биік қой», – деген еді. Келесі сырласуында қасында отырған Тұрсынбек ағаны меңзей көрсетіп: «Аха, сіз мына Тұрсынбек екеуміз тындырғаннан он есе мол, бір өзіңіз бір ғылыми зерттеу институтының тындыратын жұмысын атқарып тастапсыз. Төте жазумен (араб қарпімен) жарияланған еңбектеріңізді Ұлттық ғылым академиясы арқылы осындағы алфавитқа түсіретін боламыз», – деп арқасынан қағып еді. Ал, Серік Қирабаев ағамыздың: «Біз сізді сыртыңыздан ғана білуші едік. Іштей үңіле келе телегей теңіз ғылыми зерттеулер жасап тастағаныңызға көз жеткіздік. Енді осының бәрін отандық ғылымды молықтырудың игілігіне пайдаланатын боламыз», – дегені бар.
Қазіргі әдебиет сыны саласында ой-пікір қорыту, саралап зерттеу талаптарында өзгелерден озық көзқарас қалыптастырып жүрген ғалым Қансейіт Әбдезұлы Ахметбек Кіршібай мен аса зерделі зерттеуші жас ғалым Гүлжан Ахметбектің Алматыдағы «Тоғанай – Т» баспасынан 2022 жылы жарық көрген «ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қытайдағы қазақ әдебиеті» сыни зерттеулер жинағын Қазақстан Жазушылар одағының «Жыл қорытындысы» жиынында еліміздегі әдеби саралауларға тыңнан қосылған еңбек екенін қадап айтты.
Ағайымыздың кешегі өткен соны-соқпақтарына көз салар болсақ, осынау шет ел, жат халық ортасында жүрсе де туған жұрты – қазақтың тілі, ділі, болашағы үшін қабырғасы қайыса алаңдағанына көз жеткіземіз. Өзі оқып, білім алған оқу ордасында ұстаздық қызмет атқара жүріп, сондағы филология факультеті жанынан қазақ филологиясы бөлімін ашуға бел шеше кіріседі. Ұйқысыз, күлкісіз күндер кешіріп, ана тіліндегі оқулықтарды түзеуіне тура келеді. Оқытушы кадрлар жинауды да өз міндетіне алады. «Шешінген судан тайынбас», қазақ бөлімін төрт аяғынан тұрғызады. Бірақ ертеңінде зейнетін көрем деп жүріп, бейнет үстіне «ұлтшыл» деген атақ «арқалап» алады. Билік басындағылар Қытайдың ішкі саясатына қарсы әрекет жасап, «үй ішінен үй тіккен» Ахметбек Кіршібай бастаған «бүлікшілердің» арттарына шала байлап, ұжымдарымен жер аударады. Солардың ішінде азапты да тозақты күндерді өз басынан кешіре, қоса көтерісе жүрген қазақтың қайсар жүректі, талантты ақын қызы Шәмшиябану Хамзақызы: «…Жігіт шал боп оралды, Қыз кемпір боп…» – деп шамырқана толғаған екен.
Кезіндегі мемлекет басшыларының қылыш жүзді саясатымен салтанат құрған «Мәдениет төңкерісінің» де күні батады. Жылы жымиысты саясат күлімдеген болады. Осы тұста қазақ ұлттық кадрларының да қолынан кісен, аяғынан тұсау шешіле бастайды. Енді бұларға мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарына мемлекеттік тапсырыспен кезең-кезеңге бөліп оқулықтар, әдістемелік құралдар түзу міндеттері жүктеледі. Әдебиеттік оқулықтар, әдебиет теориясы, әдеби сын-зерттеуінің негіздерін жазу, әрине, Ахметбек Кіршібайдың үлесіне тиеді.
«Саралай білсең, салмақ көп» демекші, жоғары биліктегілердің «буынсыз жерге пышақ ұратыны» да кездеспей қоймайды. А.Жаппасұлына жақын уақытта ұйғыр ағайындардың тілі мен әдебиетінен оқулық жазу мемлекеттік тапсырысы беріледі. Алты ай бойы арнайы мектептен үйрену тағылымынан өткен ғалым бұл жүктемені де тыңғылықты орындап, тұрғылас зерделеушілерден озық ойлылығын танытады. Енді оқушылар мен шәкірттеріне ұйғыр тілінде дәріс беру құрметіне ие болады.
Қытай еліндегі қазақ әдебиетінің тарихын сонау Ғұн заманынан бастап дәріптеп, көз майын тауысып жүрген А.Кіршібайға енді қытай тілін тереңдете игеруге нұсқау беріледі. Сегіз ай кешкі оқу, оқыту, үйрету орталығының қатаң «тәжірибесінен» өткен ғалым сол тұста Қытай еліндегі күллі зерделеушілердің назарын аударған қытай әдебиетінің классигі Ли Щуннің бүкіл шығармашылығын уақыт ағымына сай көзқараспен бағалай саралап, баспасөз беттерінде бірнеше дүркін материалдар жариялайды. Студенттер алдында лекциялар оқи жүріп, ғылыми конференцияларда баяндамалар жасайды. Ли Щунтанушылар Ахметбекті алдыға шығарады. Қытайлардың да ғалымға бойұсынбасқа шаралары қалмайды.
Тіл ұстартушы, әдебиеттанушы, қытайдағы қазақ әдебиеті сынын жетілдіруші, зерттеуші ғылымның ханзу еліндегі қазақтар арасынан тұңғыш профессор атағын маңдай терімен иеленгені рас еді. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап», – деп хакім Абай атамыз айтқандайын, тартқан бейнетінің зейнетін көргенін мақтан тұтатын.
– Қиналған кездеріңізде қырық шоқпыт жаныңызға жамау жамағандар болды ма? – деп жаттандылау сұрақ қоятын едім.
– Ол жақтағы арқасүйерім де, ақылшым да, қолдаушым да Құдай қосқан жан жарым, математик ғалым, доцент Күлбаран Сәрсебай болды. Қыздарым Раушан мен қазіргі Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия университетінің қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі, доцент Гүлжан қос қолтығымнан демеушілерім, ұлым Ершат пен келінім Айгүл тірек-діңгектерім, Гүлназым тілектесім еді. Отбасыңның беріктігі – алынбас қамалың ғой, – дейтін көзіне жас ала.
Алматыға көшіп келген соң Көші-қон департаменті кешіктіріп болса да төрт бөлмелі үй берді. Шығармашылығына жол ашты.
– Мен – бақыт құшқан жандардың бірімін. Туған халқымның топырағын басып жүрмін. Бала-шаға, туған-туысқандарымның жанында Құдайдың бұйыртқан жасын жасадым. Жаратқан Иеміз бар жақсылығын қазақ халқына берсе екен, – деп марқұм адал жүрегімен ақтарылатын.
«Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы» деген, ағамыз Жер бесігінде тербелуде.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ