ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
02.04.2026
67
0

Бүгін Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы келіп, қаламгер қауым­мен және Одақ құрылтайшылығымен жарық көретін басылымдардың ұжымымен жүздесті.

Кездесу барысында әдебиет пен руханият саласының өзекті мәселелері қозғалып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас қаламгерлерді қолдау, қазіргі әдеби үдерістің бағыт-бағдары төңірегінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Президент кеңесшісі Мемлекет басшысының шығармашылық зиялы қауымға деген айрықша ықыласын жеткізіп, ел руханиятын дамыту жолындағы еңбектің маңызын атап өтті.
– Қазақстан Жазушылар одағы – ұлт руханиятының қара шаңырағы. Бұл ұйым ел әдебиетінің дамуына, ұлттық сөз өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Одақ тек шығармашылық орталық қана емес, ұлттың рухани тұтастығын сақтайтын, зиялы қауымның басын біріктіретін маңызды институт. Кейінгі жылдардағы Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен жүзеге асып жатқан жобалар мен басылымдардың мазмұндық сапасы туралы айтпай кетуге болмайды. Расында да, сіздердің еңбектеріңіз – қоғамның рухани иммунитетін қалыптастыратын құндылық. Мемлекет әрдайым қаламгерлердің жанашыры болады, – деді Мәлік Нұржанұлы.
Жиында әдебиет саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, ұлттық мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосқан үш қаламгер – жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мағира Қожахметова, қазақ әдебие­ті мен журналистикасында өзіндік үні, айқын қолтаңбасы бар ақын, журналист Батық Мәжитұлы және аудармашы, сыншы, белгілі жазушы Серік Нұғыман Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жиынның тізігінін ұстаған Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов қаламгерлердің шығармашылық табыстары мен ел руханиятына сіңірген еңбектеріне жоғары баға берді. Өз кезегінде қаламгерлер көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, әдебиет пен қоғам арасындағы байланысты нығайту жолында аянбай еңбек ете беретіндерін айтты.
Кездесу еркін форматта жалғасып, қатысушылар ой-пікірлерін ортаға салып, алдағы жоспарлар мен бастамаларды талқылады. Мұндай жүздесулер билік пен шығармашылық қауым арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық әдебиет­тің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір