Халық жүрегіндегі қаламгерлер
Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» атты әдеби көрме ашылды.
Бұл көрме қазақтың көрнекті ақын-жазушылары С.Сейфуллин мен І.Жансүгіровтің туғанына 130 жыл толуына және жазушы Ә.Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Көрмеде әдебиеттің түрлі жанрына қалам тартқан жазушылардың жеке заттары, өмірі мен шығармашылығына қатысты бірегей жеке мұрағат материалдары, фото-құжаттары, хаттары, еңбектері қойылған.
Көрменің салтанатты ашылуында белгілі қаламгерлер мен өзге де қонақтар өз естеліктерімен бөлісті.
– Ұлт әдебиетінің көрнекті өкілдерінің қаламынан туған шығармаларды қалың оқырман әрқашан іздеп жүріп оқиды. Ал бүгінгі ашылған көрме жазушылардың өмірінен, шығармашылығынан сыр шертеді. Көрмеге келген жастардың назарына ұсынылған қаламгердің тұтынған заттары, ақтаңдақ тарихқа қатысты құнды деректер рухани азық болары сөзсіз, – дейді өз сөзінде Орталық музей директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртон.