Жас қаламгерлер дән риза
Алматыда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиында Мемлекет басшысының атынан ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жас ақын-жазушыларға пәтер кілттерін табыстады.
Кәсіби мерекемен құттықтаған Аида Балаева Мемлекет басшысының атынан мәдениет және өнер саласының өкілдеріне берілген наградалар олардың қажырлы еңбегіне, кәсіби адалдығына және ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесіне көрсетілген жоғары құрмет екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының қолдауы тек марапатпен ғана шектелмейді. Сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде тұрғын үй мәселесін шешу бағытында да нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Президент атынан Астана қаласында мәдениет және өнер қызметкерлеріне пәтер сертификаттары табысталды. Биыл бұл игі бастама жалғасып, Алматы қаласында да сала өкілдеріне пәтер кілті табысталмақ. Мұндай қолдау – шығармашылық адамдарының еңбегін нақты іспен бағалаудың айқын көрінісі. Сіздерге табысталғалы отырған жаңа пәтерлер – ел игілігі жолындағы адал қызметтеріңізге көрсетілген құрмет пен ризашылықтың белгісі. Бұл шаңырақтар сіздерге құт-береке, шығармашылық шабыт, отбасыларыңызға шаттық әкелсін! Осы орайда Мемлекет басшысына барлық мәдениет және өнер қызметкерлерінің атынан салаға тұрақты көңіл бөліп, шығармашылық қауымға жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін шынайы алғыс білдіремін», – деді Аида Балаева.
Пәтер алған жас қаламгерлер қатарында ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының аппарат жетекшісі Еділбек Дүйсен, ақын, «Қалам медиа» жобасының редакторы Бекзат Смадияр, жазушы, «Білім қазына» қоғамдық қорының тілшісі Нұрбек Нұржанұлы, ақын Асылан Қуанышұлы бар.
Тұрғын үйге қол жеткізген жас қаламгерлерді Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов құттықтап, мемлекет басшысының әдебиет пен мәдениетке, жастарға жасап отырған қолдауына алғыс білдірді:
«Бүгінгі қуанышты сәт – тек бірнеше жас ақын-жазушының ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің ортақ қуанышы. Қаламды серік етіп, сөздің киесін жүрекпен сезініп жүрген жастарымыздың Мемлекет басшысының қолдауымен баспаналы болуы – әдебиетке, руханиятқа, шығармашылық иелеріне көрсетілген үлкен құрметтің айқын белгісі. Қазақта «Өнерлі өрге жүзер» деген аталы сөз бар. Әдебиет жолы – даңғыл емес, тағдырлы жол. Ол табандылықты, адалдықты, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сол жолда маңдай терін төгіп, ұлттық сөз өнеріне қызмет етіп жүрген жас буынның еңбегінің бағалануы – баршамыз үшін мерейлі жаңалық. Пәтерге қол жеткізіп жатқан талантты жастарды шын жүректен құттықтаймын. Жаңа шаңырақтарыңыз құтты болсын! Бұл үйлер тек баспана емес, жаңа шығармалар дүниеге келетін, жаңа ойлар мен асқақ армандар қанат қағатын рухани ордаға айналсын. Осы орайда әдебиет пен мәдениетке, шығармашылық жастарға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына, Қазақстан Жазушылар одағының ұсыныстарын ылғи да қолдап келе жатқан ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға ризашылығымызды білдіреміз. Қаламгерге қамқорлық – ұлт руханиятына жасалған қамқорлық. Қазақстан Жазушылар одағының барша мүшелерінің атынан Сізге, Қасым-Жомарт Кемелұлы, соңғы кезде мәдениет саласына жасап жатқан айтулы реформаларыңыз үшін, әсіресе күні кеше «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» аса маңызды құжатқа қол қойғаныңыз үшін көп рақмет айтамын!» – деді Мереке Әбдешұлы.
БЕКЗАТ СМАДИЯР – ақын, режиссер. 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мырзашөл өңірінде дүниеге келген. 2010–2014 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінде оқыған. Сонымен қатар Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында кино режиссер мамандығы бойынша білім алған. 2014 жылы «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінде «Казконтент» АҚ «Әдебиет порталы» интернет-жобасының Әмірхан Балқыбек атындағы арнайы сыйлығын иеленген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.Республикалық «Ақ желкен» журналында жауапты хатшы болып қызмет атқарды. Қазір «QALAM» жобасының қазақ бөлімінің Digital-редакторы.
ЕДІЛБЕК ДҮЙСЕН – ақын, аудармашы. 1998 жылы Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Таушық ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Филология және әлем тілдері факультетінде білім алған. «Жұмбақ сәуле» (2012 жыл), «Қалалық құстар» (2021 жыл), «Алматы аспаны» (2025 жыл) кітаптарының авторы. Қазақстан Жазушылар одағының және ҚР Журналистер одағының мүшесі. Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың Поэзия номинациясы бойынша иегері. Өлеңдері орыс, неміс, ағылшын тілдеріне аударылған. Қазір
Қазақстан Жазушылар одағының аппарат жетекшісі.
НҰРБЕК НҰРЖАНҰЛЫ – балалар жазушысы. 1995 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақермен ауылында өмірге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген. Түркиядағы Ардахан университетінің магистранты. «Мұң Ай» атты жыр жинақтың, «Тәнсіз гүлдер», «Бесінші қабаттағы үй» проза кітаптарының авторы. NYFA (Нью-Йорк Фильм Академиясы) «Медиа журналистика» мамандығы бойынша тағылымдамадан өткен. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
АСЫЛАН ҚУАНЫШҰЛЫ – ақын. 1999 жылы Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген.
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі. «Күнбатысқа қарай 2128 шақырым», «Кішкентай» кітаптарының авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазір «Steppe and World Publishing» баспа үйінің редакторы.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі