ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚАУЫМЫ МАРАПАТ­ТАЛДЫ
01.04.2024
78
0

Қазақстан Жазушылар одағы қасиет­ті Рамазан айында «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдық мерейтойы мен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай қаламгерлерге ауызашар беріп, әдебиетіміздің дамуына үлес қосып жүрген ақын-жазушыларды марапат­тады. Кештің демеушісі – «З.Сәнік атындағы мәдениет қоры».
Жиын тізгінін қолға алған Қазақ­стан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ғасырға жуық тарихы бар «Қазақ әдебиеті» басылымының мерейтойы елімізде кеңінен аталып өтіп жатқанына тоқталды.
«Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Қазақ әдебиеті» газеті – қаламгерлерді ұйыстырып, олардың шығармаларын тұрақты жариялап отырған іргелі, тарихы терең басылым. Әдеби апталық талай қилы кезеңдерді өткерді. Он бес жылға жуық уақытқа жабылып та қалды. Тиражы жүз мыңдап өсіп шарықтаған дәуренді шақтары да болды. Қазір ғаламтор кеңістігі күшейіп, жылдам ақпарат тарататын сайт­тар, әлеумет­тік желілер пайда болғанымен, бәрібір оқырман үшін «Қазақ әдебиетінің» орны бөлек, мән-мазмұны ерекше. Сондықтан да қазақ руханиятының атасы саналатын газетіміз халықпен бірге жасай береді деп сенеміз», – деді Мереке Әбдешұлы.
Жиын барысында Халықаралық қазақ ПЕН клубының директоры Бигелді Ғабдуллин «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, белгілі жазушы Дәурен Қуатқа клуб атынан Мағжан Жұмабаев атындағы алтын медаль табыстады. Сондай-ақ Зейнеп Ахметова, Ғұсман Жандыбаев, Толымбек Әлімбек, Байбота Қошым-Ноғай, Нұртас Исабаев, Жұмат Тілепов, Доқтырхан Тұрлыбек, Марат Тоқашбаев, Асылан Жақсылықов, Талғат Айтбай сынды қазақтың көрнекті ақын-жазушылары мен аудармашылар «Қазақстанның Құрмет­ті жазушысы» атанса, Болат Жетекбай, Нұртан Төлепбергенұлы, Дәулет Сейсенұлы, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Абзал Бөкенов, Үміт Тәжікен, Бекжан Әшірбаев, Бақытжан Алдиярұлы, Мұратхан Шоқан, Әлібек Шегебай сынды қаламгерлер рухания­тымыз бен мәдениетіміздің дамуына, ұлт­тық әдебиетіміздің насихат­талуына сүбелі үлес қосып келе жатқаны үшін Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының Алғысхатымен марапат­талды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір