Құрметті қаламгерлер!
Абай облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан «Абай жолы» кітапханасы жобасының редакциялық алқасы төмендегіні хабарлайды.
Сіздерді Қазақстанның тарихи-мәдени, әдеби дамуына ықпал еткен Семей өңірінен шыққан қаламгерлердің көркем-шығармашылық мұрасын жарыққа шығару, өңір авторларының туындыларын саралап, сұрыптап оқырмандарға ұсыну, жастар шығармашылығын қолдау мақсатында ұйымдастырылған жобаға қатысуға шақырамыз.
Жобаға қойылатын талаптар:
– өңірден шыққан қаламгерлердің көркемдік (проза, поэзия, драма, балалар әдебиеті), ғылыми-танымдық озық туындылары;
– өңірдің тарихы, өнері, ежелгі заман ескерткіштері жайлы еңбектер;
– өңірдің жер-су аттарына, флорасы мен фаунасына байланысты еңбектер;
– туризмді дамытуға байланысты ұлылар (Абай, Шәкәрім, Мұхтар) жүрген жолдар бойынша шығармалар;
– архив деректерімен ғылыми негізделген еңбектер.
Жобаның басым бағыты көркем әдебиетке негізделген. Шығармалар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.
Ұсынылатын шығармалардың көлемі 21–25 баспа табақ, Times New Roman, 14 шрифтімен, арақашықтығы 1,5 см. болуы шарт.
Өтініштер 2025 жылдың 15 ақпанына дейін қабылданады. 15 ақпанда редколлегия алқасы мен жұмыс тобы қаламгерлердің ұсынған шығармаларын іріктейді.
1 мамырға дейін авторлар мен әр шығармаға жауапты тұлғалардан баспаға дайындаған шығармалардың терімі жиналады. Қаламгерлерден және жауапты тұлғалардан шығармаларға түсініктердің жазылуы қатаң талап етіледі. Түсініктері жазылмаған шығармалар қабылданбайды. Мәтін дайындалып болған соң баспаға ұсынар алдында бөгде пікірші пікір жазады.
Жарық көрген басылымдармен Абай облысына қарасты кітапханалардың қоры толықтырылады. Жылдың соңында жарық көрген кітаптардың тұсаукесері Семей қаласында өткізіледі.