Абай тойына қаламгерлер құттықтауы
01.08.2025
118
0

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰСТАЗЫ

        Абай – қазақ халқының ұстазы. Өйткені ол өзінің замандастарына қарағанда көп нәрсені түсініп, алдағыны болжай білді. Абай дүниеге өз көзімен қарап, көргені мен сезгенін жалтақтамай айтқан. Ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың қара сөздеріндегі ой-тұжырымдары баршамызға қашан да рухани азық бола алады. Алайда біз оның айт­қандарын әлі де толық орындамай келеміз. Бүгінде біз оның «басқа халықтармен дос болып, оларды құрметтесең, сіздің халқыңызға құрмет көрсетіледі» деген ойын жүзеге асырдық. Дегенмен, Абайдың егіншілікпен айналысу туралы өсиетіне құлақ аспадық, көшпенділік дәстүрден бас тартпадық. Соның салдарынан 30-жылдары қазақ халқының 2/3 бөлігі немесе 3/4 бөлігінен айырылды. Егер олар ХХ ғасырдың басынан бастап егіншілікпен айналысса, өлімнен құтылар еді. Қаншама ұлы адамдар кетті. Олардың қатарында болашақ ғалымдар, ұлы суретшілер бар болатын. Олар ұстазы Абайға бағынбады. Болашақ ұрпақ осындай қателіктерге бой алдырмау үшін біз бүгін Абайға қайта қайырылып отырмыз.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері,
мемлекет және қоғам қайраткері

Түркі дүниесінің ортақ қуанышы

    Құрметті бауырлар!
    Ұлы ақын, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы – бүкіл түркі дүниесінің ортақ қуанышы әрі мәдени-рухани маңызы зор тарихи белес.
    Абай – қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани кеңістігінде өзіндік орны бар тұлға. Оның шығармаларынан терең парасат, адамгершілік пен даналық аңғарылады. Ол – өз заманының озық ойлы перзенті ғана емес, келешек ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани шамшырақ.
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ретінде біз Абай мұрасын түркі халықтарының ортақ игілігі ретінде жоғары бағалап, оның 180 жылдығына арналған түрлі мәдени, ғылыми іс-шаралар ұйымдастырып отырмыз. Бұл – ұлы ойшылға деген құрметіміз бен тағзымымыздың көрінісі.
    Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ұлағатты сөзі біз үшін әрдайым темірқазық болып қала бермек. Бұл қағида – түркі елдері арасындағы бірлік пен достықты нығайтудың рухани негізі.
     Ұлы ғұлама Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, оның мол мұрасы жас ұрпаққа өнеге мен тәрбие көзі бола беретініне сенім білдіремін.

Сұлтан Раев,
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының
Бас хатшысы

Өшпейтін сөз, өлмес өсиет қалдырған

      Осы күнгі ұрпақ Абайды мақтайды, оның өлеңдерінен, қара сөздерінен мысал, үзінді келтіреді. Бір қарағанға, Абайды білетін, сыйлайтын адам болып көрінеді. Бірақ Абайды олай алыстан сыйламау керек. Шын мәнінде Абаймен өмір сүру керек, айтқанын жүзеге асыру керек. Міне, нақ осы тұрғыдан алғанда, Абай бізге бүгін де қол жетпейтін алыс. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп бодандықтағы халқының жағдайына күйзеліп, болашағына алаңдаған, өркениетті ел болып, өсіп-өркендеу үшін ғылым, білім, өнер үйренуді, етектен тартар мінез-құлықтан арылуды үндеген Абай өсиеті бізге бағдаршам болу керек.
Абай қазақпен бірге өмір сүрді, жақсысына сүйініп, жаманына күйінді. Сол күйініші сын болып, жанға батыра айтты. Бұл – халқын жақсы көруден, жанашырлықтан туған еді. Бір-екі мысал келтірейін. «Таласып босқа, жау болып досқа, Қор болып, құрып барасың» дейді ақын. Дұшпаны мен досының кім екенін ажырата алмаған еліне осылай айта келіп, «өкінер уақытың болды ғой» деп қорытады. Сұмдық айтылған, бар мен жоқтың арасында тұрсың, осылай жалғастыра берсең құрисың деген, бүгін де мәнін жоғалтпаған сөз. Бірақ оның мән-маңызын түсініп, тереңіне бойлай қойған жоқпыз. Сөйтіп отырып, Абайды айтқан боламыз, білімді, мықты болып көрінеміз.
      Тағы былай дейді: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Қолымды мезгілінен кеш сермедім, Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім». Тәуелсіздігіміз жарияланғалы беріде қаншама қазақ мектебі ашылды. Иә, мақтанамыз, дегенмен сол мектептердегі білім, тәрбие жағдайы қалай? Он бір жыл оқып, мектеп бітірген түлектер қазақ тілінде емін-еркін ойын жеткізуді айтпағанда, өз өмірбаянын айтып бере алмайды. Сонда бұл қандай білім, қандай мектеп, осыны ойлаған кім бар? Абай жасымда ескермей, қолымды кеш сермедім деп өкініп, бізге ескертіп отыр емес пе. Ал біз ұл-қыздарымыздың қазақ тілінде терең білім алғанына емес, ағылшынша, орысша, қытайша білгеніне мақтанамыз. Бұл Абайды сүю ме, оның өсиетіне адалдық осы ма?..
«Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес жаман іс, білсеңіз» дейді тағы Абай. Бұдан 180 жыл бұрын айтылғанымен, осынау бес жаманнан әлі арыла алмай келеміз. Абайды айтамыз, оқып-білген боламыз, мақтанамыз, ал шындығына келгенде ақын даналығына бойламақ түгілі, мінез-құлқымыздағы жамандықтарды жөндеуге мойынсұнбадық. Ақынның өзі айтпақшы, құр мақтаннан не пайда. Сөзде бар, ділімізде жоқ.
     Халқының өркениетті болашағы үшін өшпейтін сөз, өлмес өсиет қалдырған Абайды өмірге араластыруымыз керек, Абаймен өмір сүруіміз керек. Сонда ұлт сақталады, ұлт сақталған жерде Абай да бар, ертеңіміз де бар.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ,
жазушы,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Сарқылмас қазынамыз

     Ғасырлар бойы саналы ұрпақ­пен сырласа беретін сарқылмас қазынамыз – Абай!
      Ақынның 180 жылдық тойы әр қазақтың жүрегінде бір мақтаныш сезімді оятарға керек. Өйткені ұлттың жанашыры болған ойшыл, болашағына бағыт сілтеген – шамшырақ ақын.
     Абайдың туған күнін атап өт­кен сайын оның өсиетін оқи­тын­­дар санын өсіру жолын ойластыру қажет.
     Абай әр үйдің төрінен орын алса, әр жүректің сырласына ай­нал­­са ғана ұлт санасының өсуіне ық­пал ете алады. Ұлы даланың иесі болатын жас ұрпақ, жаңа оқырман Абайды оқу басты міндетім деп білетіндей саналы, сауатты болғай! Той құтты болсын! Ұлы ойшыл Абай мұрасы өзде­ріңе аманат, елін ойлаған азамат­тар мен жас оқырман қауым!

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Бейбақыт ғұмыр кешкен кемеңгер

        Бүгін бозала таңнан тұрып қоңыр дәптерімізді парақтап отырсақ, алдымыздан Абайдың мына бір оймақтай ойы шыға келгені:
«Алла тағала өлшеусіз, адам ақылы өлшеулі. Өлшеулі бірлән өлшеусізді білуге болмайды» деген.
      «Астапыралла!» деп ақыл жетпес аласапыран ғалами ақиқат­ты мынандай оймақтай ойға сыйғызып жіберген деп хакім рухына таңғалып тағзым етіп отыр едік. Телефон сыңғыр етті. «ҚӘ»-нен Еркін екен. «Абай атамыздың тойы­на ой қосыңызшы!» – деп тұр. Еркінге атаның өзі де өлмес сөзімен таңмен таласа аян бергенін айта алмай қалдық. Шынға бақсақ, алыптың көз алдымызға таңмен таласа тартқан әлгі бір оймақтай ойының өзі үлкен бір монография тақырыбы еді. «Өлшеусіз Алла тағала» мен «Өлшеулі адам» жайлы тереңдігі теңіздей түпсіз толғау тақырыбы еді. 180 жылдығы тойлана бастаған Абай, міне, осындай толағай. Бақытсыз халқын көріп, бейбақыт ғұмыр кешкен кемеңгер. Көз жасы құрғамаған қазағын көріп, ақылдың азабын көрген кемеңгер. Бізге бұл алыптың әр сөзіне тәу ету парыз. 

Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның халық жазушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір