«ҚАЛАМГЕРЛЕР ШАҢЫРАҒЫ – ӘДЕБИЕТ ОРДАСЫ!»
04.05.2024
758
0

Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Қазақ әдебиеті» газетінің шыққанына 90 жыл толуына орай Наурызбай ауданы Отбасылық оқу кітапханасында «Қаламгерлер шаңырағы – әдебиет ордасы!» атты әдеби кеш өтті.

Қаламгерлердің қатысуымен өткен рухани кешті Наурызбай ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фариза Ыдырысқызы ашып берді. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім редакторы Қуат Қайранбай ғасырға жуық тарихы бар баба басылымның тарихын баяндай отырып: «Қазақ әдебиеті газетінің» шежіресінде шығармашылықтың шыңына шыққан тау тұлғалардың ізі бар. Бұл – талай қаламгердің ұстаханасына айналған басылым. Тұңғыш редакторы – Ғабит Мүсірепов. Әдебиет әлеміндегі үш бәйтерек – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер де тап осы газеттің ақылдастар алқасында болды. Сол 1934 жылдан бері газет елмен бірге жасап келеді. «Қазақ әдебиетінің» қазіргі бас редакторы – Дәурен Қуат…» – дей келе тарихымыз бен мәдениетімізге, әдебиетімізге ерекше еңбек сіңірген біртуар тұлғаларымызға тоқталып өтті.


Ақын, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан: «Қазақстан Жазушылар одағы – ел әдебиеті мен мәдениетінде, сондай-ақ оның тарихында ерекше орын алатын киелі орда. Бүгінде осы – 1000-нан астам қаламгердің басын біріктірген беделді ұйымға қаламгер Мереке Құлкенов төрағалық етуде.
Қазақстан Жазушылар одағы 1934 жылы құрылып, алғашқы басқарма төрағасы болып Ілияс Жансүгіров сайланды. Ғасырға жуық кезеңде одақты – Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Әбділдә Тәжібаев, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев сынды қазақтың алып та кемеңгер тұлғалары һәм басқа да белгілі ақын-жазушылар басқарды. Олар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, халқымыздың жоғын түгендеу жолында талай қиын-қыстау кезеңді басынан өткерді», – деп зиялылардың ізі қалған одақтың парақтарына үңілді.
Сондай-ақ ақын, журналист, Республикалық «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің аrt-редактор Марат Сәбдікен, журналист Айнаш Әлдибек тақырып аясында өз ойларымен бөлісіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді де тілге тиек етті. Ұйымның жеткен жетістігі мен атқарылған ауқымды жұмыстары да айтылды.
Нұрлан Сәметұлы атындағы орта мектептің оқушылары домбырада күмбірлетіп күй орындап, қаламгерлердің шығармаларынан үзінділер оқыды.
Кеш соңында кітапхана меңгерушісі келген қонақтарға, өнер көрсеткен жастарға өз алғысын білдіріп, Алматы кітапханаларының директоры Мейрам Еркенұлының Алғыс хатын табыстады.

Ләззат ИСАБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір