Саз өнерінің саңлағына тағзым Кеңес Дүйсекеев – 80 жыл
13.02.2026
190
0

13 ақпан күні сағат 11:00-де И.А. Крылов атындағы Қалалық балалар кітапханасы төрінде қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған тағылымды музыкалық кеш өтті.

Кешке Алматы қаласы, Бостандық ауданының «Жарық» волонтерлік ұйымы белсенді қатысып, жастардың мәдени бастамаларына қолдау көрсетті. Ұйымды бастап келген — Аманжол Рабатов, Қонаев университеті Омбудсмені және Ректордың жастар ісі жөніндегі кеңесшісі. А.Рабатов өз сөзінде жастарға ұлттық музыка мен композитор шығармашылығының маңызын жеткізіп, бұл кештің тәрбиелік мәнін ерекше атап өтті. Бұл — жоғары оқу орындары мен қоғамдық ұйымдардың мәдени ынтымақтастығын нығайтып, жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға қосылған маңызды қадам болды.

Кеш қонақтары — П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі студенттері:

 Толғанай Нығмет — “BALA STARS” байқауының I орын иегері;

 Хабибулла Қыдырәлиев — “Бозторғай” халықаралық конкурсының Гран-при иегері.

Кеш шымылдығы ананың мейірімі мен ақ сүтін арқау еткен «Асыл ана» әнімен ашылды. Бұл туындыны П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі студенті Толғанай Нығмет орындап, залға ерекше жылылық сыйлады. Ән әуені ананың шексіз махаббатын, мейірімін, бала өміріндегі орны мен қасиетті бейнесін жүректерге жеткізді. Көрермен қауым толқып, әрбір жан ана алдындағы перзенттік парызды терең сезінгендей күй кешті. Толғанай әнді өзінің анасына деген құрметі мен сүйіспеншілігін білдіру үшін айтқанын жеткізді: «Мен бұл әнді әрдайым анамның құрметіне айтып жүремін», — деді ол.

Ал «Жан әкем» әнін Хабибулла Қыдырәлиев орындады. Әке — отбасының тірегі, бағыт-бағдар берер шамшырағы. Ән арқылы әкенің асқар таудай айбыны, үнсіз қамқорлығы, өмір жолындағы өнегесі әсерлі жеткізілді. Орындау барысында залда ерекше тебіреніс орнап, әр тыңдарман өз әкесінің бейнесін жүрегінен өткізгендей әсер алды.

Бұл екі шығарма кештің мазмұндық өзегіне айналып, ата-ананың адам өміріндегі ең қастерлі тұлға екенін айшықтай түсті. Әуен мен сөздің үйлесімі көрерменнің жан дүниесіне жол тауып, рухани тереңдік сыйлады.

Кеш барысында сазгердің өмір жолы мен шығармашылық жетістіктері кеңінен таныстырылып, қазақ эстрадасы мен кәсіби музыка өнеріндегі орны туралы мазмұнды әңгіме өрбіді. Ұлттық әуен мен заманауи бағытты сабақтастыра білген композитор шығармашылығы жас ұрпаққа тағылым ретінде ұсынылды.

Студенттер арасында еркін пікір алмасу ұйымдастырылып, ұлттық музыка мен қазіргі заман өнерінің үндестігі талқыланды. Бұл жастардың эстетикалық талғамын арттырып, өнерге деген құрметін нығайта түсті.

Кеш соңында қатысушылар бірігіп композитор әнін орындап, рухани бірлік пен өнерге деген тағзымның көркем көрінісін көрсетті.

Осындай мазмұнды шаралар арқылы Кеңес Дүйсекеевтің сазды мұрасы жас буын жүрегінде жаңғырып, мәңгілік әуенге айналады.

«Өнер – елге қызметтің көркем жолы.»

Кештің ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі директоры Б. Хасанғалив пен Алматы қаласы, Бостандық ауданы әкімшілігіне де ерекше алғыс айтамыз. Олардың қолдауы ұлттық музыка мен өнерді насихаттауға қосқан зор үлес болды.

А.ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

қаламгер, кітапханашы

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір