Бейнелеу өнерінің бәйтерегі
22.01.2024
1596
0

Қазақ бейнелеу өнерінің тұңғышы, қырық жасында Қазақ­станның Халық суретшісі атанып, Суретшілер одағы басқармасының Төрағасы болған Әбілхан Қастеевтің туғанына биыл 120 жыл толады.
Осы туа біт­ті талант туралы сөз қозғағанда, оның ежелгі қазақ өмірінің тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен сусындаған ұлт­тық бояуға қанық сурет­тері бірінен кейін бірі көз алдыңызға келе береді.     
Әлі есімде, оның «Талас алқабы» (1970) деген суретін көріп, ойыма балалық шағым оралған. Жаз шыға Таластың төменгі сағасына жақындау қоныстанған біздің ауылдың үлкені бар, кішісі бар атпен, мәшине, мотоциклдердің түр-түрімен келіп, өзен суына әй бір армансыз шомылатын әдеті бар-тұғын. Ол біз үшін бейнебір мереке сынды болатын.
Әбекең суретіндегі ең әсерлі сәт – суға шомылған адамдардың шат-шадыман көңіл күйін дөп басқан. Олардың қызығына орта жастағы шопанның жар басынан қызықтап қарап отыруы да қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заманның маңызы мен мәнін аша түскен. Шопанның ойлы жүзі, басындағы әбден киіс көрген көнетоз шіләпісі, қолындағы баяу түтіндеген шылымы, тіпті қасындағы құйрығын бұлғаңдатып жатқан жұртқа зияны жоқ итіне дейін өзен жағасындағы жаймашуақ жаз қуанышын жырлап тұрғандай. Осы үлкен полотноны көрген сайын бір қырымен отырған қойшының жүзі де, Талас өзенінің ирелеңдей ағатын осы бір тұсы да маған таныс сияқты көрінеді де тұрады. Бірақ Әбілхандай суретші біздің ауыл жаққа қайдан келсін деп ойлаймын ғой ол кез­де. Сөйтсем, оным бекер болған екен. Әбекең 1970 жылдардың басында Талас ауданына келіп, жайлаудағы малшылардың қарапайым өмірін де, портрет­тік кескін-келбет­терін де қыл қаламының нысанасына алыпты. Мына шедеврі де сол кез­де дүниеге келген, сірә. Ал сурет­тегі әлгі мен шырамытатын, шырамытып қана қоймай, аталас ағайынымыз Әміре атамның Ленин орденді баласы Бағышбек көкем сияқты көрінген бейне, тіпті басқа біреу болса да өкінбеймін. Өйткені әрбір пенде ойынан шыққан шығармадағы оқиғадан, мейлі ол әңгіме, мейлі сурет болсын, өзіне таныс та бейтаныс адамды көріп, соның образынан рухани шөлін басады емес пе?!
Кең панорамалы, бірнеше эпизодтардан тұратын бұл сурет күллі қазақ­стандықтар мен таластықтарды ғана емес, тіпті Қазақ еліне шығармашылық сапармен келген Италияның атақты суретшісі Ренато Гут­тузоны да таңғалдырыпты. Ол Әбекеңнің осы полотносына көз алмай қарап тұрып: «Біздің суретшілер алыс қашықтықты бейнелегенде екі шақырымдай жерді ғана көрсете алса, ал мұнда ұшы-қиыры жоқ жүздеген шақырымдар қамтылыпты ғой» деп қайран қалған екен. Шынында, қараған жанның көзі талатын көкжиекке дейінгі кеңістіктегі көріністердің күллісі Қастеев қыл қаламына іліккен осы панорамадағы бояулар мен бейнелерге тұщынып, қайта-қайта қарай бергің келеді.
Қастеевтің қыл қаламынан туған кесек дүниелер, әрине мұнымен шектелмейді. Әбекеңнің «Кенесары Қасымұлы» , «Шоқан Уәлиханов» , «Жас Абай», «Амангелді Иманов» , «Амангелді сарбаздары» , «Түрксіб» , «Қарындастың портреті» , «Автопортрет» , «Мектепте» , «Колхоздағы сүт фермасы» , «Мақта жинау» , «Колхоздың тойы» , «Бие сауу» , «Қызды еріксіз әкету» , «Сатып алынған қалыңдық» , «Алтын астық» , «Ақсай карьері» , «Медеу мұз айдыны» , «Қапшағай даласы» ат­ты туындылары – қазақ бейнелеу өнерінің сыры да, сыны да кетпеген асыл мұралары, сурет деген сұлу өнердің сыр мен жырға толы сарқылмас көзі.
Әбекеңнің «Жас Абай» (1945) келбетін кесіндеу шеберлігі өз алдына бір келелі тақырып болса, осы еңбегін бітірген кез­де жырау ақын Жамбыл Жапаұлына көрсеткені де бір хикая. Сол кез­де тоқсан тоғыз жастағы қарт ақын соғыста қыршынынан қиылған Алғадайын ойлап, қан жұтып, қайғыға батып отыр екен.
– Абайдың суретін салып алып келдім, көресіз бе? – деген Әбілханның даусын естіп, басын көтеріп, бояулы бейнеге барлай қарап отырыпты да:
Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең – сөздің ұқсаған
құдыретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең
ұстаған,
Қарсы келер Абайдың кім
бетіне!, –
деп күбірлеп, ұлы замандасы туралы белгілі өлеңін шығарыпты.
Шынында «Жас Абай» портретіндегі кітап ұстап тұрған бозбала ақынның ерекше көзқарасынан оның көп оқыған ақылды, парасат­ты жан екені бірден байқалады. Сонымен бірге қазақ халқының болашақ ұлы ақынын, ойшылын, ғалымын, ағартушысын танисың. 1945 жылы Абай суретіне арналған республикалық байқау өтіп, оған барлық суретшілер Абайдың елге танымал болған егделеу жастағы бейнесімен қатысыпты. Сонда Әбекең ғана Мұхтар Әуезов романының алғашқы тарауындағы білімдар, сезімтал, жүрегі нәзік бала бейнесін қыл қаламының құдыретімен халқына ұсыныпты.
Әбекеңнің «Аманкелді
Иманов» (1950) ат­ты портретіне қарап отырып, оның келбетінен, көркінен, от­ты жанарынан күллі қазақ халқының бейнесін көргендей боласың.
Қастеевтің «Шоқан
Уәлихановы» (1951) – қазақтың ұлы перзенті, демократы, ағартушысы, шығыстанушысы, этнограф-ғалымы образының өлмес жәдігеріне айналды. Қастеев жас ғалымның әскери училищеден атамекеніне оралған кез­дегі бейнесін шынайы бейнелеген. Оның көкорай далада жағын таяна ойланып отырған келбеті көрген адамның есінен ешқашан ұмытылмайды. Көркем романдар мен фильмдердегі Шоқанның көркем бейнесі осы портретке негізделген десек, ол Әбекеңді асыра дәріптегендік емес. Үстіндегі әскери киімі, қолына ұстаған кітабы, елінің болашағын ойлаған тұңғиық жанары, бәрі-бәрі Шоқан бейнесін толықтырып тұр.
Ал енді оның қазақ халқының жыраулық өнері мен жаңа заманғы поэзиясын қазақтың қолынан шыққан ою-өрнегіндей қиюластыра жырлаған Жамбыл тақырыбына арналған сурет­тері қаншама!? Олар: «Халық ақыны Жамбылдың портреті» (1937), «Жамбыл достарының ортасында» (1971), «Салт ат­ты Жамбыл» (1972) және «Жамбыл» (1973) ат­ты еңбектері ықыласпен үңіліп, ерінбей зерт­теуді талап ететін туындылар. Өйткені Әбекең
Жамбыл бейнесімен бірге сол ұлы абыз туып-өскен таңғажайып тау мен даланың, бау-бақшалы ауылдың көркін де көңіл көзінен, көкіректі кернеген сезімінен, ой мен қырға шауып, аласұрған ой мен сана түйсігінен көшіріп әкеліп кенеп бетіне мөлдіретіп тұрып түсіре салған. Әсіресе «Салт ат­ты
Жамбыл» картинасындағы табиғат суреті ең самарқау деген адамды да селт еткізері сөзсіз. Ал әрбір сөз бен әрбір сызбадан ой түйіп, әріден ойлайтындар сурет­тегі анау алыстан мұнартқан Алатау шыңдары мен оның етегіндегі таумен тайталасқан асқақ төбелерді, оған біткен қарсы бұтақты қарағайларды көріп, осы тұтас дүниені Жамбылдай абыз ақынның адамдық биіктігіне, ғасыр көрген көненің алыбы екендігіне балары сөзсіз.
Әбекеңнің «Жамбыл атындағы колхоздың жалпы көрінісі» (1957), «Жамбыл музейі» (1957) ат­ты сурет­теріне де тамсанып қарайсың. Жалпы, Жамбыл
Жапаұлы ақын боп аспаннан түсе салған жоқ. Әкесінің «Екейдегі елу бақсы мен сексен ақын аз болды ма саған? Солардың қарасын көбейткенше, барымталап болса да мал тап» деген талабына көнбей, бала кезінен домбыраны серік қып, қызыл тілден төгілген жырды көңіліне көрік қып жүріп, осы өнер жолында өзі сыйынатын пірін де тапты. Ол тәлім беретін, талғам ұштайтын Сүйінбайдай ұстазы еді. Бұл жайлы Жамбыл жәкеміздің өзі: «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай» деп өр мінезімен өршелене жырлап кеткен. Міне, сол Жамбылдың пірі – Сүйінбайдың енді қайталанбас, қайталанса да Әбең қолтаңбасындай бола алмас портреті де осы атақты суретші Әбілхан Қастеев қаламынан туған. «Жамбылдың ұстазы Сүйінбай Аронұлының портреті» (1972).
Картиналары Лувр, Эрмитаж, Третьяков галереяларында қо­йылған (Кеңес өкіметі кезіндегі көптеген республикалардағы көрмелерді айтпағанда) Әбекең өнер шыңына оңай жеткен жоқ. Оның бала кезіндегі көрген тұрмыс тау­қыметін бүгінгі ұрпақтың басына бермей-ақ қойсын. Жастайынан әкесінен айырылып, жетімдік қамытын мойнына ілді. Жалғызбасты ана, бұғанасы бекімеген бала. Қалай күн көрмек керек? Сегіз жасар Әбең анасы мен үйел­мелі-сүйелмелі екі бауырына сүйеу болу үшін Шалғынбай деген байға жалданып, бақуат­ты әулет­тің қойын бақты. Тұрмысы түзу ауылдастарының балалары медресе барып, хат танып, әліпбиді ежіктей бастаған кез­де, оның мектебі де, академиясы да өзі туып-өскен Шежін ауылының тауы мен тасы, өзені мен көлі болды. Әнді – бозторғайдың шырылынан, сурет­ті – дала табиғатының сұлулығынан үйренді. Не көрсе де көңіл дәптеріне түсіріп, сана сауытына құйып ала берді. Сурет сабағы – жерге сызып, тасқа қашап салған саналуан бейнелері болды. Саз балшықтан мүсін де жасады. Ауылындағы молданың бейнесін мүсіндеймін деп басы дауға да қалды. Бұл оның шығармашылық жолындағы алғаш рет тап болған «тас қамалы» еді. «Сенің істеп жүргенің шариғатқа қарсы тірлік, мұныңды қоймасаң, анаңды мешітке кіргізбеймін, сендер күнәһарсыңдар» деген молданың сөзі, біле білгенге, сұсты «цензордың» сөзіндей еді. Бірақ ол оған қыңбады. Ал кеңес өкіметі мен оның қызыл идеологтары «суретіңе коммунистік партияның жасампаз өмірін сал» деп талап қойды. Бірақ ол соған қарамастан, молданың айт­қанына көніп, айдауына жүрмегені сияқты, кеңес өкіметінің идеологиясы күйіп тұрған кездің өзінде «Кенесары портреті» (1935) деген шығармасын дүниеге әкелді. Тәуелсіз ел болғаннан кейін Ә. Қастеевтің осы еңбегі пошта маркасының бетіне көшіріліп басылды. Бұдан басқа «Амангелді Иманов» , «Түрксіб» , «Автопортрет» ат­ты еңбектері де ҚР пошта маркасы ретінде де танымал бола түсті.
Әбекеңнің «Кенесары портретіне» қарап отырып, таудың баурайын, ханның ақбоз үйін көреміз. Туырлығы түрулі тұр. Түрілген тұстан ою салып тоқылған ши көзге шалынады. Ақбоз үйдің аржағында сап түзеген ат­тылы сарбаздар. Ханның арқа тұсында алқақотан жайғасқан ақсақалдар шоғыры байқалады. Көгал үстіне төселген ою-өрнекті алашада Кенесары хан малдас құрып отыр. Үстіне жағасын, өңірін және етегін алтын түстес сары матамен көмкерген қызылқоңыр шапан киген. Басында шошақ сары хан бөркі. Оның қайырмасы жасылмен әдіптеліп, оған ақ түсті ою салынған. Ханның шоқша сақалы, мұрты, қасы, бәрі қап-қара. Өңі ақ сары. Өзі алысқа ойлана қарап, алдына алған қылышын қынабының сыртынан қос қолдап ұстап алған. Осының бәрінен Әбекеңнің өз өмірін туған жері мен елінің бостандығы мен салт-дәстүрінсіз көзге елестете алмайтынын түсінесіз.
Естеріңзде болса, бұл портрет дүниеге келген жыл ұлт азат­тығын аңсаған қазақ перзент­терін «халық жауы» деп қуғындайтын аласапыранның алдындағы өл­ара тұс болатын. Қазақ сөз өнері сүлейлерінің бірі – Мұхтар Әуезов 1920 жылдардың аяғында «Хан Кене» ат­ты пьеса жазып, онысы көптеген қарсылықтарға қарамастан 1934 жылы сахнаға қойылған. Бірақ тұсауы кесілмей жатып, кеңестік империяның отаршыл цензурасы тиым салынды. Себебін түсіндіріп жату артық. Содан бір жылдан кейін үлде мен бүлдеге оранған хан тұқымын жау санайтын солақай саясат пен оның жандайшаптарының сатқындығынан қорықпастан «Кенесары портреті» деп ат қойып сурет салу – Әбекең сияқты азамат­тың ғана қолынан ғана келді.
Оны бейнелеу өнерінің дүниежүзілік биігіне бойына бала кез­ден дарыған тума талантымен бірге оқу, іздену және тынымсыз еңбек алып шықты. Ол 1926 жылы Шежін ауылынан Жаркент қаласына келіп, одан Айнабұлақтағы Түрксібтің теміржол құрылысында қара жұмысшы болып істеді. Әбекең осы теміржол құрылысында еңбек ете жүріп, өзінің жаны қалаған сурет салу өнерін де тастамады. Жұртқа демалыс берілген кез­де ол жартасқа барып оның жалпақ та теп-тегіс бет­теріне қасындағы сыралғы достарының бейнесін «шимайлайтын» . Бірде, тіпті Лениннің де суретін айнытпай сап қойды. Тастағы Ленинді бастықтардың бірі көріп қалып, Әбілханды Алматыға оқуға жіберді. Ол осылайша 25 жасында мектеп партасына алғаш рет отырды. Бірақ оның оқуға деген ынтасы өзінен жасы кіші майда балалармен бірге білім алуға намыстандырмады. Қайта ол сол тұстағы араб әрпіндегі төте жазуды да, латын әліпбиін де өз бетімен үйреніп, мектептегі оқушылардан оқ бойы озып кет­ті.
Әбекеңнің сурет салуға бейімі мен құмарлығын байқаған мектеп басшысы оны сол тұста Мәскеуден Алматыға келіп оқытушылықпен, сурет салумен айналысып жүрген кәсіби маман Николай Хлудовқа ертіп апарды. Сөйтіп, Әбекең ең алғаш рет кәсіби суретшінің шеберханасына шәкірт боп қабылданып, ой-өрісі кеңейіп, өнерге деген көзқарасы өзгеріп, кәсіби шеберлігі шыңдала түсті. Н.Хлудов Әбекеңнің сурет­терін көріп, «бұл өнерді қалай, қайдан үйреніп жүрсің?» деп сұрағанда, оның: «Таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, әжемнің киізінен, ешкінің мүйізінен» деген жауабы да бүгінгі ұрпағына аңыз боп жетіп отыр.
Әбекең сөйтіп, 1929-1931 жылдары Алматы қаласындағы Н. Хлудовтың студиясында, ал 1934-1936 жылдары Мәскеудегі
Н.Крупская атындағы көркемөнер студиясының кешкі оқуында білімі мен шеберлігін ұштайды. Әрі сол кез­ден бастап мемлекет пен республика көлемінде өтіп тұратын көркемсурет көрмелеріне қатыса бастайды. Сол көрмелердің біріне примитивті бағыт­та дүниеге келген «Кенесары портреті» қойылды. Бірақ бұл бағыт кеш оқып, кәсіби суретшіліктің қыры мен сырын енді ғана меңгере бастаған Әбекең үшін кемшілік емес, қайта таудай табыс, құлашты кеңге созған зор құлшыныс еді. Оның үстіне бұл жұмыс оның кенеп пен майлы бояуды қолдана отырып орындаған алғашқы еңбегі болды. Жиырма бес жасында хат танып, кәсіби ұстаздың шеберханасын көрген Әбекең үшін бұл үлкен жетістік еді. Ал қылышынан қаны тамған большевиктерді емес, қазақ елінің азат­тығын аңсап, Ресей патшасының отаршыл саясатына қарсы соғыс ашқан Кенесары хан тақырыбына баруы ерлік болатын.
Хас талант Ә.Қастеевтің әлі жарияланбаған сурет­тері де баршылық. Соның бірі – жыр алыбы Жамбыл бабамызға қатысты тағы бір еңбегі. Ол
«Жамбылдың дүниеден өтер сәті» деп аталады. Мен оны Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы өнер музейіне іс-сапармен барып, оның Жамбыл тақырыбындағы еңбектерін іздестірген кез­де білдім. Музей қызметкері маған ешқашан жарияланбаған, көрмеге де қойылмаған, бірақ компьютерлік архивтерінде сақтаулы тұрған бір сурет­ті көрсет­ті. Онда Жамбыл бабамыз бейнебір ұйықтап кеткендей жүзі нұрланып, қимылсыз жатыр екен. «Мұны неге көрмеге қоймадыңыздар?» деп сұрасам: «Қою­ға болмайды деп отыр» деп жауап берді. «Неге?» , «Кімдер?» деген сауалдарыма тұщымды жауап ала алмай, өкініштен ішім удай ашыды. Неге? Себебі суретші Б.И.Урманченің «Жамбылмен қоштасу» (1945), С. И. Калмыковтың «Табыт­та жатқан Жамбыл» (1945) деген сурет­тері сонау 1989 жылы «Жамбыл – бейнелеу өнерінде» деген атпен «Өнер» баспасынан 15 мың данамен тараған кітапта жарияланған болатын. Ал төл перзентіміз, бейнелеу өнеріндегі дарабоз талантымыз Әбілхан Қастеевтің осы тақырыптағы еңбегін «өйтуге болмайды» деген қазақы тартыншақтықпен әлі күнге дейін (еліміз тәуелсіздігін жариялап, «цензура» деген сұмның көзі жойылса да!) халқынан жасырын ұстап келеміз. Талант­ты өнер иесі мен оның жан тебіренісі, жүрек толқынысынан туған шынайы өнеріне бұдан өткен қиянат болмас.
Қырғыз халқының біртуар перзенті, суретшісі әрі атақты актері Сүйменқұл Чокморов Бішкектегі суретшілер даярлайтын оқуға түсіп, ауылына келген кез­де: «Әке, суретшінің оқуына түстім» депті қуанып. Сөйтсе тау мен дала академиясын оқымай-ақ тауысқан көзі ашық, көкірегі ояу Чокмор ұста: «Адам болмай тұрып, суретші болу қиын» деген екен. Сол сияқты қазақтың Қастееві – суретші болмай тұрып, ең алдымен адамдық қасиет­ті ардақтаудың академиясын бітірген қыл қалам шебері.

Көсемәлі
СӘТ­ТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір