КҮРЕСКЕР АҚЫН ОРЫС ПАТШАСЫНА ДА КЕҢЕС ӨКІМЕТІНЕ ДЕ ЖАҚПАҒАН
02.09.2025
154
0

Мағжан ақынның алғашқы өлеңдерінен құрастырылған жинағы 1912 жылы «Шолпан» деген атпен, көлемі 50 бет болып жарық көрді. Татарстан мемлекет­тік архивінің 420-қорында Қазанда қазақ тілінде басылып шыққан кітаптар жөніндегі цензура құжат­тары жеке сақталған. Олардың ішінде маңызды-ау деп жинаған кейбір деректер мынадай: Ғалиолла Ғалымжановтың «Есіл жұртым» (1912), Арыстан Берікқалиұлының «Ағын» (1912), Ғ.Жәнібековтің «Балалар бәдуамы» (1912), Мұхаммет-Сәлім Кәшімовтің «Насихат қазақия» (1908), Абдулла Мұштақтың (Ғұмар Қарашұлының лақап аты. – З.Т.) «Қарлығаш», Ишанғалиұлы Бисен Албаншырақтың «Әдебиет өрнегі» (1910), Бекмұхамед Хұсаиновтың «Құтыбхана чурнағы» (Кітапхана бұрышы) (1910), Әділкәрім Мәзитовтің «Қазақ шәкірт­теріне ғадия» (1910) деген Қазандағы «Ағайынды Каримовтар» баспаханасынан шыққан кітаптары, Қорабай Жапановтың «Қарлығаш» (1913) өлеңдер жинағы, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп шығармаларының мазмұны жөніндегі цензура қағаздары жатыр.


Қазан университетінің профессоры, тегі хакас Николай Катанов бастаған цензорлар тобы қазақ тілінде шыққан әрбір кітапты тексеріп, өкімет билігіне, орыс мемлекетінің отаршылдық саясатына қарсы-ау деген пікірлер іздеген. Әрине, іздеген соң тапқан. Кесек-кесек үзінділер алып, олардың астарындағы ойларды ашып, тіпті асқындырып дейікші, орысшаға аударған. Осылайша, өздері тапқан «қылмысты» деректерді Петрборға, Ішкі істер министрлігіне тікелей жолдап отырған. Дәлірек айтсақ, нағыз саяси тыңшылық. Ішкі істер министрлігінің баспасөз басқармасы сол аудармаларды Қазандағы жандарм орындарына жіберіп, тиісті кітаптарды таратпау және авторларын қуғындау туралы нұсқау беретін.
Ал енді Мағжанның «Шолпанына» байланысты не тапты екен? Алдын ала айтып қояйын, цензор, шығыстанушы, профессор Н.Катанов – қазақшаға жүйрік, сөз қадірін білетін, астарлы ойларды да аңғарымпаз маман. Ақындықтан да құралақан емес. Күдікті-ау деген жолдар мен шумақтарды ұғынықты етіп, жолма-жол орысшаға аударып бере алған. Жақша ішіне кейбір сөздердің астарлы мағынасын да ашып көрсеткен. Мысалы: Мағжанның 1912 жинағындағы «Жатыр…» деген өлеңнен:
Кең жері күннен-күнге құрып жатыр,
Сұр жылан қанын-сөлін сорып жатыр… – деген екі жол орысшаға былай аударылған:
Широкая земля (казака)
что ни день, гибнет
А черная змея
всю кровь его (казака) сосет.
Немесе
Кешегі шешек жарған қазақ гүлі
Сарғайып, бір су тимей солып жатыр.
Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр.
Күн сайын артқа қарай кетіп жатыр .
Орысшасы:
Вчера был цветок – казак во цвете,
А теперь он без воды пожелтел.
Так, маленький казак погибает:
Все время назад, назад шагает,
Не чувствуя, что он так умирает.
«Сорлы қазақ» деп аталатын екінші өлеңнен үкімет саясатына қарсы үгіт салқыны бар-ау деп цензордың үзіп алған шумақтары:
Сорлы қазақ жаны алқымға тығылып,
Қара күн кеп, тіккен туы жығылып.
Алға баспай, барлық ісі кері кетіп,
Нәр тата алмай, күшсіз, әлсіз бүгіліп.

Оқу-білім жақындатпай, жолатпай,
Қырын қарап, қазақ ісін ұнатпай.
Пыр-пыр ұйықтап,
сорлы қазақ тек жатыр,
Қанды көзбен екі көзін шылатпай…

Қозғал, қазақ, білім іздер кез келді!…
Қылыш алып, «надандық»
саған кез келді…
Байғұс қазақ бас көтеріп тұрар ма?
Көңілі түсіп, білімге мойын бұрар ма?
Күні туып, оңынан – Күн,
солдан – Ай,
Оқуменен жайнатып дүкен құрар ма?
Осы шумақтар да орысшаға жолма-жол аударылып тіркеліпті (орысшасы қазіргі қазаққа тансық емес қой, келтірмей-ақ қояйық. – З.Т.). Ал осынау өлең жолдарында азуын айға білеген Ресей империясына қауіп төндірер қандай қатер бар? Ақынның бар жазығы – туған елінің жаңа экономикалық, қоғамдық қатынастарға бейімделуін тілегені, оқу-білімге үндегені. Бірақ «тырнақ астынан кір» іздегендер, өлең жолдарынан қайдағы бір қаскөйлік ниет таныған. «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» дегенге сайып, аузын аштырмасқа бет алған.
Жер кет­ті, жаның кет­ті, қам жемедің,
Құл болдың қара табан енді малсыз…
Қарағым, арыстаным, қайрат­ты ерім,
Тұрдың ба қару қылмай,
құр амалсыз? –
деп шырқыраған жас ақынның жан дауысы қалың қазақты оятып, тарихтан өзіне лайық орын іздеуге бастағандық еді. Мұны тыңшылар, обалы қанша, жақсы байқаған. Ақынның саяси көзқарасы теріс деген тұжырымға келген. Оның құдірет­ті жырларынан сескенген.
Міржақыптың «Оян, қазағын!» бесігінде тұншықтырмақ болып, сан түрлі қиянат жолын іздеген отаршыл билік мына өлеңдері үшін Дулатовтың шәкірті Мағжанды да нысанаға алған. «Шолпанның» таралуына тыйым салынып, автордың соңына жансыз әкімшілік бақылау қойылған.
Сәбит Мұқанов: «…Мағжанның ақындығын қозғауға екінші себеп – Міржақып болуы керек» дегенді не пиғылмен айтса да, негізсіз емес және осы пікірдің дәлелі ретінде Мағжан Міржақып ағасының түрмеге қамалуына, түрмеден босанып шығуына байланысты бірнеше өлеңдер жазды. Әлихан Бөкейхан бастаған Алашшыл зиялы қауымның азат­тық күресіне саналы түрде қосылып, Алашорда үкіметінің шаңырағын көтерісіп, уығын қадасты. Ке­йін Кеңес дәуірінде де «Оян қазақтың» авторына жағылған күйе, оның шәкіртіне де кінә болып тағылған. Міне, Мағжанның күрескер ретінде танылуы осыдан басталды. Ол 1917 жылғы ақпанда орыс самодержавиесі құлап, орнына жаңа үкімет келуін қолдады, қазаққа жақсылық келетініне сенді. Алайда мемлекет билігін заңсыз басып алған большевиктердің де орыс емес халықтарға жайлы бола қоймайтынын, қайран ақын, түсінген жоқ еді.
1919 жылы Казревком құрылып, 1920 жылғы 20 тамызда автономия дәрежесі беріліп, қазақтың ұлт­тық мемлекетінің нышаны байқалғанына Мағжандар қат­ты қуанды. Омбыдағы Сибревком жанындағы мұсылман секциясынан қазақ тобын бөліп алып, өз алдына қазақша «Кедей сөзі» деген атпен газет шығара бастады. Жаңа тұрпат­ты қазақ баспасөзін қалыптастыруға кірісті. 1921 жылғы 12 қаңтарда газет бетінде «Автономия кімдікі?» деген ашық сұрақты бас тақырыпқа шығарып, мақала жазды. Жаңа заманның заңды сұрағына мынадай айқын жауап береді: «Айлы, күнді, қанды от­ты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар; басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. …Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі…» «Аязды күні айналған, Бұлт­ты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған, Ер қазақтың автономиясы бұл!»
Қазақстанның Автономиялық Республика болып, Ресейдегі басқа да ұлт­тармен теңелгенін қолдаған Мағжанның сол кез­дегі қалам тербеуі, елім деп соққан пәк жүректің дүрсіліндей адал, әр сөзі кіршіксіз таза еді. Қазақ автономиясы құрылып, Ақмола губерниясының орталығы болған Қызылжарға Омбыдан ат­танар алдында, «Бостандық туы» газетінде (12 сәуір, 1922) Мағжан қазақ оқығандарына хат жариялады. Онда «Жас қазақ республикасының барлық шаруа­шылығын қолына алып… елге қамқор оқығандар билік төріне шығуы керек… Көксегені – бақ, күйт­тегені – дәреже, сән-салтанат, мақтану, өзінің өзгеден үстем екендігін көрсететін» оқығандар емес. «Оқыған адамдарда ең бірінші қасиет­ті сипат сол – оларда дүниеге қараған белгілі көзқарас болады, нық бекіген мақсаты болады, айнымайтын бір идея меншіктейді» деген күрескер, қайраткер ақын сол кезеңнің қазақ үшін ақиқат шындығын боямасыз көрсетіп, түсіндірді. «Қазақ төңкерісті өзі жасаған жоқ. Төңкеріске де­йін де, төңкерістен ке­йінгі үш жылда да теңдікке қолы жетпеген… Отаршылдықтың жарасы әлі жазылмаған» жағдай еді. Мұндай жағдайда «Қазан төңкерісінің нәтижелерін қазақтың мойнына қамытша кигізе салуға болмайды» деп дұрыс тұжырым жасады.
Қош… Орыс патшасы тағынан құлады, аумалы-төкпелі замандар өт­ті. Кеңес өкіметі орнады, большевиктер билік басына келді. Бұрынғы ескі тәртіптің бәрі теріске шығарылып, жаңа заман келген. Сөйтсек… әлі келген жоқ екен. Отаршылдар қашан да кекшіл болады. Аталарының кегін ке­йінгі ұрпақтары алады. Оны көп жыл архив ақтарғанда талай көріп, көзіміз жеткен. Сонау Екатеринаның империялық заманында басталған тыңшылық, қудалау, жазықсыз жазалау тәртібі сол күйінде, кеңес заманында одан әрі жалғасқанын көрдік. Патша жандармериясының құпия қағаздарын коммунист-чекистер түгел басып қалды да, социалистік қоғам жағдайында өз қажетіне пайдаланды. Бұрын бақылауда болғандарға кеңес заманында да күзет қойылды. «Не шықса – солардан шығады» деген белгілі пиғыл…
1921 жылы мамыр айында Мағжан Жұмабайұлы жаңа құрылған Ақмола губерниясының басшысы Әбдірахман Әйтиевтің шақыруымен Қызылжарға «Бостандық туының» редакциясын ала келіп, газет шығарды. Аштан қырылып жатқан жерлестеріне көмектесті. Сол күндердегі жағдайды танып-білу үшін баспасөз дерегіне жүгінейік. Петропавл қаласында орыс тілінде шығып тұрған, губерниялық «Мир труда» газетінің бетінде 1922 жылдың 11 маусымында Мағжан «Сарыарқадағы аштық» деген тақырыппен көлемді мақала бастырды. Автор қазақ даласын жайлаған аштық туралы және қазақтың табиғи бітім-болмысы төзімді екенін, аштан қырылып жатса да тұяқ серіппейтін момындығын айт­ты. «Қазіргі қазақ даласы Екатерина заманындағы Сарыарқа емес, сүрленген жылқы еті тау болып үйіліп, сары қымыз дария болып ағып жатқан жоқ… Сарыарқаның күйзелген күйін көрейік, күңіренген үнін тыңдайық…» деп келеді де Мағжан орыс тілді оқырманға, билік басындағы лауазым иелеріне өз халқының қайғылы жағдайын түсіндіріп береді.
«Аштық қабырғаға батқанда адамның есі кетеді, шырқырап жан даусы шығады, осындай кез­де басқалар Сарыарқа ұлының ыңырсып қана жан тәсілім бергенін байқамайды. Мәдениет­ті қала адамы айқай-шу көтеруге бейім, ол өзінің осы шуымен Сарыарқаның әлсіз ғана ыңқылын басып кетеді, естіртпейді. Міне, қазақ даласындағы аштық сұмдығын орыс жұртшылығы білмеуі сондықтан. Әйтеуір, қандай себеп болса да нақты жағдай осындай, басқаша емес. Аштықтың ауыртпалығынан қазақ ауылы құрып барады, ал қазақ халқы адамдық бейнесінен ада болуда».
Атап айту керек, Мағжан мұны өзінің Қызылжарда жазған соңғы мақаласы болатынын білген жоқ еді. Ертеңінде жанына Қызылжар мешітінің мұхтасибі Бегишевті алып, Көкшетау уезіне мал жинауға ат­танып кет­ті. Аш-арықтарға көмектесіп, іссапарда жүргенде, төбесінен жай түскендей суық хабар алды. Осы «Мир труда» газетінің 1922 жылғы 8 тамыздағы санында губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сабыр Шәріповтің «Қазақ болыстарындағы кеңестер сайлауы» (К выборам Советов в киргизских волостях) деген мақаласы басылды. Кеңестер құрамына лайықты адамдар сайлау қажет деген сияқты көрінгенімен, негізгі мазмұны – «жергілікті билік орындарына бұрынғы алашордашылар сайланып кетпесін!» деген байбалам еді. Атап айтқанда, газет­тің кімдерді меңзеп, автордың кімдерге нұсқап отырғаны ертеңінде, 9 тамыздағы газет­те жарияланған «Алашордашыларға Кеңес ұйымдарында орын жоқ!» деген екінші мақаладан көрінді.
Шәріповтің мақаласын сөзбе-сөз қазақшалағанда былай: «Қазақ интеллигенциясының көсемдері, буржуйлар мен кулактардың ұлдары, жалдаптары Жұмабаев, Тілеулин, Мұқышев, Сейітовтер, Итбаев, Тұрлыбаев, Жанайдаров, Нұралин кезінде Бөкейхановтың, Байтұрсынов пен Дулатовтың батасын алып, соңынан еріп, Колчак тұсында жауапты қызмет­тер атқарды. Кеңес өкіметі бұл интеллигент­тердің біреуін де жазалаған жоқ, оларға жауапты қызмет­тер берді. Бірақ олар жұмысқа бөгет жасап келеді. Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізеді. Олар Петропавлда бірнеше боль­шевикті атып өлтірді. …алдағы кеңестер сайлауында бұрынғы алашордашыларға, әсіресе олардың көсемдеріне бірде-бір дауыс берілмесін!»
Осындай жаладан ке­йін, Мағжан бассауғалап, Қызылжардан, Қазақстаннан кетіп, Ташкентке табан тіреуге мәжбүр болды. Ақынға мұнда да тыныштық болмады. Түркістан республикалық Ғылым қоғамының құрамында істеп жүрген Мұхтар Әуезов екеуі автономиялы республикаға берілген екі жолдаманы алып, Ленинградқа оқуға кетпек болады. Білімдері жетпегендіктен емес, аумалы-төкпелі заманның толқыны басылғанша, бой тасалай тұру мақсатында дегеніміз дұрыс. Бірақ Ленинградқа М.Әуезовке ғана жол түсіп, Мағжан Мәскеуге баратын болып шешіледі.
Ташкент­тен кетер алдында Мағжан өзінің өлеңдер жинағын асығыс дайындап үлгіреді. Жинаққа ақынның 156 өлеңі енгізілген. 1923 жылы Ташкент­те басылып шыққан осы жинаққа Сұлтанбек Қожановтың жазған алғы сөзінен: «Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері қазақ әдебиетінде үлкен орын алған деп отырмыз. Мағжан өлеңдерімен оқушылар бұрыннан таныс. Әдебиет жаңа айқындалып, әдебиет тілі енді жасалып келе жатқан жұрт­та Мағжандай ақындардың қызметі зор екені анық. Осы күнге де­йін Түркістанда «қойшылар тілі» саналып келген, ресми қағаздар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі іске аспауы былай тұрсын, өнерге асатын, бай, көркем, жатық, таза, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады. Сондықтан біз, Мағжан өлеңдерінің саяси мәнісінен гөрі, әдеби мәнісін көбірек көздеуді [міндет] тұт­тық. Сол жақтарын ескеріп, Мағжан өлеңдерінің ішінде кез келетін Марксизм дүниетануына ұйқаспайтын жерлерін оқушылар көре салып, үрікпей, көркемдік жағына, сыршылдық жағына, сурет­теу жағына көбірек көз салуы керек. Тарихын, мәнісін жете түсінуі керек.
Бұл кітапқа Мағжан Жұмабайұлының баспасөз майданына шыққаннан бергі жазған өлеңдерінің көбісі кірді. Басу жағынан түзей алмай отырған кемшілігіміз – қай өлеңнің қай жылы һәм қай шарт­тарда жазылғанын көрсете алмауымыз. Сөйтсе де Мағжан өлеңдері әдебиет тарихындағы соңғы 10-15 жылғы ағымдарды тексеруге де жақсы құрал бола алады деп ойлаймыз.
Бұл кітап қазағына арнап «Абайдан» ке­йінгі екінші басылып отырған әдебиет кітабымыз, осы – «М.Жұмабайұлының өлеңдері». Мағжан өлеңдерінің тіл жағынан, әдебиет жағынан пайдасы көп болады деп сенеміз».
Мағжанның Ташкент­те басылған өлеңдер жинағы туралы Солтүстік Қазақ­стан облыстық архивінде мынадай құжат сақталған. Орыс тіліндегі түпнұсқасын қазақшалағанда: «Өте-мөте құпия. Ақмола губерниялық Литосына (кеңестік баспасөз цензурасының бүркеме атауы. – З.Т.). «…Мағжан Жұмабаевтың қазақ тіліндегі өлеңдер жинағы. Түркістан мемлекет­тік баспасы 1923 жыл». Осы кітапты айналымнан алып, арнайы нұсқау берілгенше сақтап қойыңыздар…»
Міне, «Аллаға ауыз жол емес!» деп Абай айтпақшы, Мағжанның өмірбаяны, шығармашылық жолы туралы «олай да былай» деп айта салуға болмайды. Тереңірек, кеңірек қарау керек. «Өле-өлгенінше Мағжан поэзияның зеңгір көкпен, тәңір Пайғамбармен, мәңгілікпен тілдескен заңғар шыңындай болып, таза ақындықты сақтады. Бір тақырыптың, бір кезеңнің, бір халықтың, тіпті бір таптың жыршысы болып кетпей, уақыт­тар желі құлата алмайтын алтын діңгек, әлемдік, планетарлық әуез-сарындармен тамырлас өлмес туындылар берген, ұлт­тық ақын, ғажайып суреткер болып қала берді», – деген еді академик Рымғали Нұрғали.
Мағжанның бағы ма, соры ма, әрбір өлеңі оқырман назарынан тыс қалмағаны байқалады. Оқырман дегенде мен оның өлеңдерінен сән іздеген, ән іздеген, рухани нәр алған, осындай отандасы бар екеніне қуанған ақ жүрек адал оқырманды да; ақынның табиғи дарынын көре алмаған, күншілді, әр өлеңнің астарынан қылмыс іздеген тыңшы, тіміскіні де айтып тұрмын.
Мағжантанудың ұзақ көшінің басында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан тұрғанын айту парыз. Ол «жер бетінде қазақ деген халық барын, бұл халықтың тәуелсіз болып, өз тағдырына өзі иелік жасауға құқы бар» екенін көрсете келіп, соның дәлелі ретінде Абай, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып сияқты ұлы тұлғалардың қатарында Мағжанды да атайды. Оның:
Таң, күн деген жер жаны,
Бұл екеуісіз жоқ сәні.
Оқу-білім ер жаны,
Жараспас ерге құр жаны…
деген сөздерін келтіріп, «Осындай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған бес миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады» деп тебіренеді. Бұл сөздерді Әлекең 1913 жылы жазған.
Мағжанның шығармашылық өмірбаяны­ның да толық, шын ғылыми тұрғыда жасалатын күні де алыс емес шығар. Мысалы, сонда қазір «Мен жастарға сенемін!» деген тақырыппен көпке тараған өсиет-өлеңінің осы Қызылжарда шыққан, Алашшыл жастар баспасөзінің тұңғышы «Жас азамат» газетінің 3-санында 1918 жылғы 12 тамызда басылғанын да айтамыз. «Мағжан қазақ жастары ой-санасының әміршісі» деген сөздерді Смағұл Сәдуақасов осы өлеңге байланысты айтқан. Сібір аймағында Кеңес өкіметі құлаған 1918 жылғы оншақты ай ішінде Ақмола облыстық земствосы арқылы қазақ ауылдарында қазақ мектептерін ашу, қазақ мұғалімдерін даярлау жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, еңбектенген Мағжан туралы да көпке мәлім емес.
Өзінің өмірі мен шығармашылығы туралы зерт­теушілерге тапсырып кеткен аманатын орындау үстінде, «жаман-жақсы» деп «екі жар қылып санасақ» та, оның соңындағы үзілмеген қуғынды, өмірін қиған өлім жазасына негіз болған қандай да бір қылмысын таба қою қиын.
«Жау» деген – жаудың жаласы,
Әділ болсаң, өмірімді
Ақтарып әділ қарашы.
Отыз жыл өмір бойында,
Жазғанымды жайып сап,
Екі жар ғып санашы (1927 жылы жазылған. – З.Т.).
Ол ұлтшыл еді. Мағжан да, Алаштың басқа көсемдері де өздерінің ұлтшыл екенін жасырған жоқ. Тіпті Ахмет Байтұрсыновтың айтуынша: «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық-зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілдету, ауруын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес». Бірақ ұлтшылдық – қылмыс емес.
Мағжантанудың шешілмеген мәселелері әлі де көп. Уақыт өтеді, ұрпақ алмасады. Ал біздің арымыз таза болу үшін, көзіміз тіріде жастарға ақиқатын айтатын кез келді деп есептеймін. «Жұмабаев Мағжан шығармалары: Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер». Мағжан есімі туған халқына толық қайтарылған шақта, 1989 жылы жарық көрген, біршама толық жинақ, осы сүйінші кітап төңірегінде қазақ зиялылары арасында қалыптасқан кейбір ұшқары пікірлер туралы айтарымыз да бар.
Тәуелсіздік заманында, рухани тіріліп, ортамызға қайта оралған Мағжанның осы жинағына жазылған алғы сөздің мазмұны да жас ұрпақты мейлінше адастырып, онсыз да қорлық көріп, жадымыздан өше бастаған ұлы қайраткер азамат­тың бейнесін көлеңкелеп, тіпті тұмандатып жібергенін көре тұра айтпасақ, аруақ алдында біз жазықтымыз. Әлбет­те, бұл «Алғы сөз» мағжантанудағы ақырғы сөз емес. Бірақ халыққа тарап кеткен кітаптағы теріс қағидаларды көрсету парыз. Әйтпесе жастар осы мақаладағы сыпат­тамаларға қарай Мағжанның шын бейнесін басқаша түсінеді, басқаларға да солай түсіндіреді.
Біріншіден, Мағжанның мағжандығын «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй» деген ынтық сезімдермен бағалау да – шындықтан мүлде алыс. «Сүйдім, күйдім…» деп әндеткен ақындарда сан жоқ. Махаббат тақырыбын Мағжаннан да артық жырлаған ақындар болуы мүмкін. Демек, «Бұл жаңалық поэзиямыздың оқырман достарын бұрынғыдан әлдеқайда қанат­тандырады» деу, жеткіліксіз. Мағжанның жаңалығы бұл емес. Оның шығармаларының сара тақырыбы – қазақ ұлтының мүддесі, жырлағаны – қазақ мұңы. Ол бұл тақырыпты жырлап қана қойған жоқ, бүкіл дарыны мен өнерін салып, сол тәуелсіздік үшін күресті. Міне, осыны айту керек.
Бұдан әрі: «Мағжанның ұлт­тық санасы сол халықтың (қазақ халқының. – З.Т.) Россиядағы қазан революциясы толқынымен ояна бастаған кезінде туып, қалыптаса бастады» деген көпірме сөздер түбірімен қате. Мағжанның санасы, саяси көзқарасы Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың ұлтшылдық күресінің әсерімен Қазан революциясынан көп бұрын қалыптасты.
Алғы сөз осындай болса, соңғы сөз ретінде берілген Мағжанның қысқаша өмірбаяны да сол баяғы ескі көзқарас, таптық ұстаным тұрғысында жазылған және соны дерек ретінде қабылдау өкінішті-ақ.
Бәзбіреулердің «1920 жылы жазған «Жан сөзі» Мағжан әкесінен қарғыс алған соң, қаражат бермей қойған соң туған» дегені де білместік. Бұл – ақынның өз тағдырына, өзінің алау жүрегіне деген нала сезімі. Өлеңді оқыған адам бұл жолдардың Мағжанның әкесі Бекмұхамедке ешқандай қатысы жоқ екенін көреді. Жиырма жеті жастағы атағы жер жарған ақын, жоғары білімді азамат әкесінен қаражат сұрап қайғыра ма?
«Мұғалімдер семинариясын алтын медальмен бітірді» деп ойдан шығармаса да, Мағжанның беделі биік. Ондай медаль болмаған. Осындай ойдан шығарылған қисынсыз сөздер ақын атына ұпай қоспайды.
«Өмірбаянды» жазушылар «Алашорда» ат­ты партия құрылып» деп, «Алаш» партиясының, тәуелсіз «Алашорда» үкіметінің тарихи орнын көргісі келмейді. «Алашорда» – біздің ардағымыз. Мағжандар – біздің рухани көсеміміз. Бүгінгі Тәуелсіздік – сол Мағжандар қолымен құрған Алашорда идеясының жемісі.
Мағжан бір кез­де «Бостандық туы» газетіне редактор болған дейтіндерді де түсіну қиын. Рас, бұл газет­ті, тіпті оның алғашқы нұсқасы «Кедей сөзін» де Мағжан өз қолымен құрды. Қазақ халқын бай-кедей деп тапқа бөле-жармау керегін насихат­тап, көптеген мақалалар жазды. Ал ол заманда коммунистік партия газетінің редакторы коммунист болуы керегін бесіктегі бала да біледі. Рас, түрмеде отырғанда «редактор болдым» деп Мағжанның өзінің жазғаны бар. Бірақ ол «бір шарапаты тиер ме екен?» деген тұрғыда, тергеушілерді сендіру мақсатында шарасыздықтан жазылған. Архивте мұндай дерек жоқ. Редактор болмаса да, Мағжан деген атының өзі қазақ халқына жетіп жатыр ғой.
1922 жылы Мағжанның Ташкентке келуі де трагедия. Бас сауғалап, жанынан қорқып, пана іздеп, қашып барды. Алаш қайраткерлерінің арасына барды. «Ташкент­тегі кезі – ақын ретіндегі ең өнімді жылдар» деген Ш.Елеукеновтің «1922–23 жылдар Мағжан үшін Пүшкиннің Болдино күзіндей болды» деуі мүлде ұшқары айтылған. Қуғын көріп, қан жұтып, қайғырып жүрген Мағжан тағдырын түсінбегендік. Ол шабыты шалқып, көңілі көтеріліп, қалам тербеген жоқ. Асықты. Берерін беріп кетуге ұмтылды. Аз күн еркіндіктің мезгілі ұзақ емесін білді.
Міне, жинаққа қосылған «Өмірбаяндағы» сол қателіктер күні бүгінге де­йін түзетілген жоқ, кезекті автор қайталап келеді. Бақылаусыз, жүгенсіз кеткен интернет те сондай.
Мағжантанудың басында Әлихан Бөкейханов, жуан ортасында Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов, Қошмұхаммет Кемеңгеров, Нәзір Төреқұлов, Ғаббас Тоқжанов, әрине, Сәбит Мұқанов тұр. Осы тізімнің өзінен-ақ, яғни аталған адамдардың қазақ тарихынан, қазақ әдебиетінен, ұлт­тық ақыл-ойдың тарихынан алатын орнына қарап-ақ Мағжанның бейнесіне, ақындығына деген ықыластың және қарсылықтың қаншалықты күшті болғанын шамалауға болады.
«Қылмысы болмағандықтан» мемлекет­тің заңымен ақталғаннан ке­йін де Мағжан Жұмабай қазақ ортасына оралған жоқ, аруақтың ғазиз атын атау – қылмыс саналды, шығармалары қайта басылған жоқ. 1988 жылдың аяғына де­йін… Өкінішті-ақ! Мағжан есімін замандастарының, ұрпақтарының жадынан мәңгіге өшіреміз деушілердің арпалысы жетесіз болды, бес жылдан ке­йін қазақтың адал ұлы Мағжан Жұмабайдың өзі болмаса да, рухы, атағы, сөзі қазағына қайта оралды. Оның елім, жерім деп еңіреген арманы құлағымызда.
Иә, Құдайдың алдында да, адамның алдында да, бір мысқал қылмысы жоқ, «Жалғыз-ақ сырын төккен қаламына» Мағжан ақынның ұлы сүргін, үлкен қуғынға ұласқан, қайғылы өмірі осылай басталған… Жалғыз Мағжан емес, халқына шын жаны ашығандардың көбінің басына үйірілген қара бұлт…
Міне, қазақтың қазіргі жастарына айтарым, Мағжан аталарыңның атын ауызға алғанда, оның «Мен жастарға сенемін!» деп басталатын өсиет өлеңінің әр жолын естеріңе алыңдар. Жоғарыдағы ренішті қазіргі жас ұрпаққа құлаққағыс етіп айтып отырмын. Енді мұндай заңсыздық, саяси қуғын-сүргін болмасын, қазақтың жоғын бірге жоқтаңдар, жұмсақ орындық, жайлы орын, майлы тамаққа сатылмаңдар дегім келеді. Надандықтың көрінер ­
жері – сатқындық.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік
Қазақстан университетінің профессоры,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан ЖМ Ұлт­тық ғылым академиясының академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір