ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САХНА ӨНЕРІНІҢ БҮГІНІ
(Театр сыншысы күнделігінен)
Дөңгеленген дүбірлі дүние бір орында тапжылмай тұрмасы анық. Сәт сайын құбылған ақпараттар легі мен тың жаңалықтарды адам санасы толықтай қабылдап, сіңіріп үлгермейтіні белгілі. ХХІ ғасырда кең етек жайған жасанды интеллектің дамуы адамзат өмірінің мәні мен мазмұнын күрделі өзгерістерге түсіріп отыр. Бұл үдерістен көркемөнер де шеттеп қала алмайды. Сондықтан бүгінгі қоғам мәдени трансформациялардан өтіп, өнер тудырушы суреткер өзінің жаңа бейімділігін іздеп отырған тарихи жағдайларға тап келдік.
Қазіргі таңда заманауи өнер жаңа технологиялардың бар мүмкіндігін пайдаланып жүр. Өнердің өзектілігі (ескірмеуі) шығармашылықтың бірінші көрсеткішіне айналып, халықтың рухани-әлеуметтік күрделі мәселелерін көтеруге бағытталған. Өзекті (актуалды) өнердің негізгі мақсаты – эпатаж, яғни, адамның сезімін сілкіндіру, санасына әсер етуді көздеуінен көрінеді. Суреткерлер жеке тәжірибесіне сүйеніп, шығармашылық көркемдіктің жаңа сатысына көтерілуде. Тұтынушы, яғни адамға қажетті дүниенің бәрі сатылуы тиіс. Өнердің қай саласы да тұтынушының сұранысына жауап беруі керек. Бұл –замануи маркетинг, менеджмент талабы. Сондықтан көркемдік құндылықтың орны суретшінің жеке шындығымен, гиперреализммен, өнер тілінің әмбебаптылығымен алмастырылды.
Көркем тәжірибенің көлемді бір саласы театр өнері дәл осы ұстанымдарды негізге алуға мәжбүр. Қазіргі таңда перформанстар санының артуы драма концепциясының айтарлықтай таласқа түсуіне әкелді. Театр үшін жазу өнері, яғни драматургия да ықпалды өзгеріске ұшыраған. Театр бүгінде драмалық мәтінге сүйенбей, нарративтен алшақтап отыр. Сол себепті спектакльді қою барысы, актердің сахнада тіршілік етуі айтарлықтай өзгерген. Басқаша айтсақ, қойылымдағы режиссер идеясының біріншілігі, мәтінге тәуелсіздік, фрагменттілік, мультимедианың үстемдігі т.б. барлығы спектакльді жүзеге асырудың жаңа жолдарын қалыптастырған.
Қазіргі постмодернистік кезеңде сахна өнері де өзгеше пішіндерге, жаңа мазмұнға талпыну үстінде. Бұл өнер парадигмасының өзгергенін білдіреді. Постдрамалық театр драманың құрсауынан босап, режиссерлік өнердің салтанат құруына мол ықпал етіп отыр. Бүгінгі таңда актерлік өнер режиссердің күрделі қойылымдық концепциясының бір элементі болып, музыкалық сүйемелдеу, мультимедиа, сценография, хореография және жарық партитурасы сынды ғана қызмет атқарады. Театр тарихында алғашқыда «драматург театры», кейіннен «актер театры» деп жазылып келсе, ХІХ дәуірдің соңында пайда болып, ХХ ғасырда тұтастай салтанат құрған режиссерлік театр қазіргі кезеңде де үстемдігін әлсіреткен жоқ. Әлемдік театрдағы осы өзгерістер қазақ сахнасына да батыл еніп отыр.
Елімізде авторлық режиссураға құлаш созған режиссерлер қарасы көбейді. Солардың қатарында: Елік Нұрсұлтан, Дина Жұмабай, Фархад Молдағали, Гаухар Адай, Антон Зайцев, Айдын Салбан, Әлібек Өмірбекұлы, Аридаш Оспанбаева, Ұланмырза Қарыпбаев, Мейрам Хабибуллин сынды режиссерлердің есімдерін батыл айта аламыз. Спектакльдің қатпар-қатпар астарын ашып, жаңа заманға, жаңа көрерменге лайықтауда олар алдына жан салмай келеді. Атап айтқанда, Дина Жұмабайдың бірқатар қойылымдары халықаралық деңгейдегі театр фестивальдерінде біріншілікті бермей келе жатуы, еліміздің беделді имиджін қалыптастыруда өнер қайраткерлерінің мол үлесі барын айғақтайтындай.
Режиссерлер өз тұжырымдарын сөзбен емес, семиотикамен, театрлық метафорамен жеткізеді. Әрекетке құрылған спектакльдерде өнер көрсететін актерлердің тіршілік болмысы жаңа қалыптан көрінеді. Режиссерлік концепцияның, театрлық тілдің күрделенуі, әртүрлі технологиялық құралдардың спектакль тініне батыл араласуы, актердің сахнада тіршілік ету сатысы мен сапасын өзгерткен. Көптеген спектакльдерде бас қаһармандар жоқ. Олар режиссер концепциясына сай трансформацияға ұшырап кетеді. Қойылымдарда бір кейіпкерді бірнеше актер бөліп ойнайтын да жағдайлар өте көп кездеседі. Басқаша айтсақ, актерлік өнер күрделі театрлық дискурстың жетекші мүшесі ғана болып қалады. Ол мультимедиамен, музыкамен, сценографиямен жарысқа түскенде еленбей, жұтылып кету қаупі де туып тұр. Спектакльдің барысында толыққанды жасалған актерлік бейнелерді көре алмайсың. Барлық рөлдер фрагментарлық болып көрінеді. Рөлдің диалектикалық дамуы қазіргі сахналық қойылымдарда кездесе бермейтін құбылысқа айналып кетті. Көптеген спектакльдерде актерлердің орнына роботтар, манекендер немесе өнерге қатысы жоқ кездейсоқ адамдар шығады. Бұл – кейінгі жылдары иммерсивтік қойылымдардан жиі байқалып отырған тенденция.
Бүгінгі таңда орындаушылық өнердің негізгі жүгі дене-қимылдарына, физикалық әрекетке телінген. Сахнадан саралы сөз, жүйелі ойды жеткізудің әдіс-тәсілдері көп өзгерген. Сахналық сөзден қарағанда іс-әрекет, қозғалыс мол. Бұрындары сөзбен жеткізілетін сүбелі монолог пен тұщымды диалогтердің орнын хореографиялық би элементтері алмастырған. Сондықтан драмалық тартыстың өзі сөзбен емес, іс-әрекетпен берілуі жиіледі. Ал кейіпкердің драмалық күрделі психологиялық жағдайын пластикалық қимыл-қозғалыспен, яғни бейвербалды әрекетпен көркемдейді. Драматургиялық шығармалардағы құнарлы тілге бай құлаш-құлаш монологтердің көпшілігі қысқартылып, күзеліп, басқа дәурен кешіп жүр. Сахнада сөзден қарағанда әрекет басым. Сөздің ирониялық қасиеті басым. Қазір актерлер микрофонды еркін қолдана алады. Ол да қалыпты жағдайға айналды. Бұлай құбылған театр өнері көрерменнің өз тілінде сөйлесуге бағытталып отырғаны түсінікті. Алайда қазақтың шұрайлы тілінің құты қашып, құндылығы төмендегені жасырын емес. Жас өнерпаздар арасында сингармонизм заңын меңгермей, түсінбей рөл орындайтындардың қатары көбейген. Сахналық паузаларды дұрыс қолдану қазір көзден бұлбұл ұшты. Қазақ тілінің болмысын көрсететін ой иірімдері мен сөз саптау ерекшелігі де жас буын актерлеріміздің назарынан тыс қалып жүр. «Бола ма?» дегенді «болады ма?» деп, қалай жазылса, солай сөйлей беретін өнерпаздарды байқап жүрміз. Орысшасы мен қазақшасы қоса қабаттасқан мәтіндерді көгілдір экраннан, театр сахнасынан жиі еститін болдық. Бұл өзіндік нормаға айналып бара жатқаны алаңдатады. Осындай жағдай кино мен театр өнері арқылы тәрбие алып жүрген өскелең ұрпақтың болашағына да әсерін тигізбей қалмасы анық.
Қазақ сахна өнері, соның ішінде актерліктің дамуына тұсау болып отырған тағы бір өзекті мәселе – сахнагерлеріміздің интеллектуалдық даярлығы. Ұлттық шежіре-тарихты, ұлттық әдебиет жауһарларын білу былай тұрсын, өздері ойнайтын пьесаның толық мәтінін білмейтін аристердің бар екені қынжылтады. Төл әдебиеті мен мәдениетін, тарихы мен философиясын білмейтін актерлерден не күтуге болады. Жас мамандарды отансүйгіштік-суреткерлік, өнегелі-эстетикалық, мәдени-рухани өресін, ғылыми білігін жүйелі түрде көтеріп отыру да маңызды деп білеміз. Актерлік өнер – әлімсақтан тұлғалық өнер. Тұлға қоғамды қалыптастырады. Сондықтан актерлердің өз шығармашылықтарына, кәсіби даярлықтарына жіті көңіл аударса нұр үстіне нұр болар еді. Соңғы жылдары театрларда актерлік фактураға көңіл бөліне бастады. Себебі сахна – сұлулықтың, әсемдіктің ордасы. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды әлі де күшейте түсу қажет. Әсіресе арулар образын сомдайтын жас актрисаларға көңіл бөлген дұрыс. Дәл қазіргі кезеңде театрларда басты кейіпкерлерді сомдайтын актрисалардың қатары әлі де болса кемшін.
Қазіргі таңдағы қазақстандық театрларда сценографтардың тапшылығы байқалып жүр. Әрекет үстіндегі (действующий) сценографияны жасайтындар саусақпен санарлық. Бұл туралы талай-талай айтылып келеді. Алайда режиссер тұжырымын байытып әкететін, медиа-технологияларды мықтап қолданып жүргендердің қатары сирек. Өз кезегінде бұл режиссерлердің қиялдарына қолбайлау болып жүргеніне тоқталғымыз келеді. Сондықтан театрлар соңғы техникалармен жабдықталуы – заман талабы. Театр басшылары осы мәселені жіті қарастыруы қажет.
Тағы бір тоқталатынымыз, облыстық театрларда репертуар құру саясатында әлі де шешілмеген түйіткілді мәселелер жоқ емес. Бұл біріншіден, өңір театрларының репертуарына облыстық әкімдіктің ұсынысымен «арнайы тапсырыспен» жазылған пьесалардың күштеп енгізілуі дер едік. Барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпыз, алайда сапасы сын көтермейтін драманы сахналап, оның жылға толмай репертуардан түсіп жатқанына куә болып келеміз. Сондықтан театрдағы көркемдік кеңестің құзыреттігін, беделін көтеруді ұжымдар қолға алғаны абзал. Сахналауға ұсынылған пьесаларды талдау-талқылау процесі мүмкіндігі келгенше ашық жүргізілуі тиіс. Қазіргі таңда театр үдерісінде пьесалардың «оқылымын» ұйымдастыру үрдісі жедел дамып келеді. Пьесаның көркемдік құндылығын бағалауға мол мүмкіндік беретін бұл үрдіс драматургтің кем-кетігін ашып көрсетуге жақсы тәсіл екенін айта кеткіміз келеді. Театрлар өз репертуарына оқылымнан соң барып, пьесаны қабылдауына болады.
Фестивальдік қозғалыстар елімізде жақсы қарқынмен дамып жатыр. Драма, қуыршақ, көше театрларының, моноспектакльдердің, комедиялық спектакльдердің және жекелеген өнер қайраткерлеріне арналған «Әбіш әлемі», «Рахымжан Отарбаев атындағы», «Ә.Мәмбетов атындағы», «BIKEN», «RAYMBEKFEST», одан басқа «Сын – шын болсын», «Қара шаңырақ» т.б. фестивальдер баршылық. Өнердегі бәсекелестікті арттыратын бұл қозғалыс театрдың дамуына тигізер ықпалы зор. Сондықтан фестивальдер көбейіп кетті демей, оларды одан да мықты деңгейге көтерілуіне жағдай жасау қажет. Мәселен, фестивальдың бағдарламасын іріктеу, таңдау, күшейтіп құру, спектакльдерге қойылатын көркемдік талаптарды мықтау мәселесіне көңіл аудару қажет-ақ. Сонымен қатар фестивальдың атауына, тақырыбына қарап шектеу қою – дұрыс бағыт емес. Мысалы, Ә.Мәмбетов атындағы фестивальге Мәмбетовке қатысы бар ғана спектакльдерді жинақтаған екен. Бұл – қателік. Фестиваль өнер бәсекесі болғандықтан ол жерде бірінші спектакльдің көркемдік деңгейі тұруы тиіс. Біздіңше, әр өңірдің өз фестивалі болса артықтық етпейді. Өз өңірінде жеңімпаз атанғандар Республикалық немесе Халықаралық дәрежедегі фестивальдерге жүйе енгізілсе, бір уақытта бірнешеуін қатар қоймай, реттілікпен өткізу үшін Республикалық фестивальдер картасы жасалса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қорыта айтқанда, мемлекет тарапынан театрларға қолдау жасалып келеді. Жаңа Қазақстанды құруда, ұлттық бірегейлікті, ұлттық кодты қалыптастыруда театр өнері бірегей күш екенін естен шығармағанымыз жөн. Қазақстандық театр өнерінің жетістіктері, спектакльдері еліміздің ұлттық брендіне айналатын кезі жетті деп ойлаймыз.
Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
театртанушы
ПІКІРЛЕР1