САТИРА САҢЛАҒЫНА ҚҰРМЕТ
Қазақ сатирасы саңлақтарының бірі, Мәскеу және Ташкентте өткен жас сатириктер байқауының және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бұқаралық ақпарат саласындағы ҚР Президентінің екі мәрте және Парасат орденінің иегері Көпен Әмірбектің туғанына 75 жыл толуына орай, шырайлы Шымкентте қатарынан екі күн мерекелік іс-шара өтті. Алдымен, Шымкент қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «ШЫМКЕНТ-ДУМАН» республикалық әзіл-сықақ фестивалі шымылдырығын түрді.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген «сен тұр, мен атайын» сықақшылар өнерлерін ортаға салды. Фестивальдың бірінші бөлімінде қатысушылар еркін тақырыптағы монологтер мен интермедия орындаса, екіншісінде Көпен Әмірбектің шығармаларынан қойылымдар көрсетіп, монологтер орындады. Бұл фестиваль күлкі мен әзілді ұштастырып, сатираны жаңа белеске көтерді. Иә, әзіл-қалжың – қоғамның айнасы әрі қоғамдағы өзекті мәселелерді шындықпен суарып жұртшылыққа жеткізеді, биліктің құлағына іледі. Әр әзілдің астарында халықтың мұңы да, жыры да, тіпті қуанышы мен жұбанышы да бар. Халықтың санасына ой салып, өткір тілмен елді күлдіре отырып, ойландыратын да осы сатира жанры. Сатира жанрының соқасын сүйреген Көпен Әмірбек те барлық шығармаларында қоғамның қоқыстары мен қоламтасын ақтарып, әділет пен шындықтың салтанат құруына атсалысып кетті. Фестивальда оның ізін жалғастырушылардың көп екені сүйсінтті.
Әзіл-сықақ байқауына республикамызға танымал сатириктер қазылық етті. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар, громаталар мен Алғысхаттар табысталды. Шымкент қаласының әкімі қазылар алқасының төрағасы мен мүшелерін қабылдап, сый-сияпат көрсетті.
Келесі күні фестиваль «Қызғалдақ сарайындағы» гала-концертке ұласты. Фестиваль қонақтары осындай іс-шаралар жыл сайын өтіп тұрса деген ойларын жеткізді. Иә, жақсы бастама баянды болғай!