Ақтөбеліктер Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованы еске алды
21.01.2025
314
0

14 қаңтарда Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың қаза тапқанына – 81 жыл. Мерген қыз Ұлы Отан соғысы жылдарында 2-Балтық майданының 22-армиясының 54- жеке атқыштар бригадасында қызмет ет­ті. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының Новосокольники қаласының маңында көз жұмды. Сол жылы оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Ақтөбе қаласында Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқан күнінде еске алу шарасы өтіп, оның мемориалдық кешеніне гүл шоқтары қойылды. Салтанат­ты шарада облыс әкімі Асхат Шахаров сөз сөйледі.
Іс-шараға Әлияның інісі Сапар Молдағұлов және басқа да туыстары, облыстық және қалалық мәслихат­тың төрағалары, «AMANAT» партиясы мен облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері, Жазушылар Одағы Ақтөбе облыстық филиалының мүшелері, облыстық қорғаныс департаменті, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Ж.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының, әскери бөлімдер және жергілікті жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Мемориалдық кешенге жиналғандардың алдында сөз сөйлеген өңір басшысы батырдың ерлігі халық жадында мәңгі қалатынын алға тарт­ты.
«Бүгін – ерлігімен елдің рухын асқақтатқан қазақтың даңқты қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқан күні. Биыл батыр апамыздың туғанына 100 жыл толады. Осыған орай, өңірде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында биылғы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге ерекше назар аударылатынын, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанованың өшпес ерліктерін жадымызда жаңғыртатынымызды және жауынгерлеріміздің есімдерін халық жадында сақтауға қатысты зерт­теу жұмыстары жалғасатынын атап өт­ті.
Отан үшін от кешкен жерлесіміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Әлия Молдағұлованың есімі ғасырлар бойы даңққа бөленеді, ал оның батылдығы мен Отанға деген адалдығы туралы естеліктер – болашақ ұрпаққа тәлім, нағыз құнды қазына», – деп атап өт­ті облыс әкімі.
Өңір басшысы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын мерекелеу аясында облыста қандай іс-шаралар өтетінін де айт­ты. Аты аңызға айналған Батыр қыздың мерейтойы республикалық салтанат­ты шаралар тізіміне енгізілген. Облыстық деңгейде мерейтойға арналған 100-ден астам іс-шараны қамтитын жоспар бекітілді. Оған бұқаралық, мәдени ойын­-сауық, патриот­тық, әскери-спорт­тық және халықаралық шаралар енді. Батырды еске алуға арналған байқаулар, гала-концерт­тер, спектакльдер, танымдық кештер және өзге де ұлықтау шаралары жоспарланған.
Олардың ішінде: «Ғасырларға жалғасқан ерлік» халықаралық форумы, «Әлия гүлінің достары» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының X Халықаралық фестивалі, «Ұмытылмас бейне» республикалық суретшілер мен мүсіншілер байқауының көрмесі, қыздар арасында пневматикалық қарудан ату бойынша «Мерген ару – 2025» республикалық байқауы, «Әлия – ән. Әлия – жыр. Әлия – дастан» республикалық ақындар айтысы, сондай-ақ «Әлия» мюзиклінің премьерасы, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония шығармашылық ұжымдарының «Әлия» музыкалық-драмалық перфомансы өтеді.
100 жылдыққа дайындық аясында Батырдың туған жері Қобда ауданы Әлия ауылдық клубында, «Әлия» патриот­тық орталығында және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық мұражайында жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақыт­та Ақтөбе қаласында «Әлия» заманауи мәдени-патриот­тық орталығын салу, сондай-ақ мемориалдық мұражай ашу жұмыстары басталды.
Салтанат­ты шара барысында Әлия Молдағұлованың туыстары да сөз сөйледі.
Осыдан ке­йін Қазақ­стан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының мүшелері облыс орталығындағы Шернияз көшесінде орналасқан Батырдың бюстіне гүл шоқтарын қойды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір