Дон Кихоттан «жынды» Әбенге дейін
20.01.2026
226
1

Әлі есімде, шамамен орта ғасырға тие­сілі деген бір картинаның репродукциясы қабырғаға қайталанып салынған екен. Алдында орындық тұр. Сол орындыққа отырып, басыңды шалқайтып фотоға түскенде, картинаның бір бөлшегіне айналып, фотосуретті естелікке сақтап алуға болады. Қаптаған кезекте балаларын ертіп алған ата-аналар мәз-мейрам күйде фотоға түсіп әлек. Орындықта отырған адамның басын пышақ тәрізді құралмен шұқылап тұрған фондағы кейіпкердің бірі дәрігер болса керек, оның жанында қара жамылған монах, ал басында кітабы бар әйелдің діни қызметкердің киімін киіп тұрғаны анық. Төрт кейіпкерді бейнелеген ортағасырлық антураж. Көңіл көтеріп, қыдырып қайтамыз деген «Иллюзион» атты көшпенді мұражайдың дәл осы инсталляциясы алдындағы ағыл-тегіл адамдардың әрекетіне көз алмай ұзақ қарадым. Біраз бақылаған соң, әрі қарай басқасына алданып кете бардым. Бірақ сол сәттің жадымда қалғаны сонша, көп жыл өтсе де көз алдыма орала беретінін байқап жүрдім. Ол кезде картинаның атауын да, авторын да танып-білмеген шығармын. Бір күні кітап дүкеніне кіріп, кездейсоқ қолыма түскен үлкен энциклопедияны парақтағанымда, дәл сол картина көзіме оттай басылды. Тіпті сонда да санамның түбінен шыққан ой жаңғырығына аса мән бермедім. Картина авторы – Иероним Босх. Туындының атауы – «Ақымақтық тасын алып тастау отасы».
1989 жылы жас режиссер, әжептәуір танымал авторлардың бірі – Терри Гиллиам өзінің шығармашылық арман жолын Мигель де Сервантестің «Дон Кихотын» экрандаудан бастайды. 2018 жылы көрерменмен қауышқан бұл фильм Копполаның апокалипсисі сияқты тар жол, тайғақ кешуден өткен жобалардың бірі еді. Орта ғасырдан қопарып, бұқаралық киноға бірден бас қойды деп айыпқа
бұйы­р­маңыз. Түсірілімі 29 жылға созылған бұл фильм ортамыздан қарт Сервантестің феноменін жақсы көрсете алатын болу керек. Сондықтан алғашқы ой-толғауымызды ХVII ғасырда Сервантестің постмодернизмге негіз қалағаны жайлы немесе Асан Қайғы мен Дон Кихоттың ортақ мұңы төңірегінде бастамақпыз.
1547 жылы дүниеге келген ең танымал жазушылардың бірі, әлемдік классиканың үздігі саналатын «Айлакер идальго ламанчалық Дон Кихот» романының авторы Мигель де Сервантестің өмірінің өзі романға бергісіз шытырман сюжет дерсің. Жазушының шыққан тегі тақырға отырған ақсүйектер тұқымынан болатын («Идальго» ортағасырлық Испанияда текті отбасыдан шыққан мағынасында). Жиырма үш жасында өз еркімен әскерге, нақтырақ айтқанда, теңіз жаяу әскер қатарына аттанады. Бір жылдан кейін Киелі лига әскерінің құрамында Осман империясына қарсы шайқасқа бет алады. Сол жорықта аты аңызға айналған Лепанто (қала атауы) шайқасында батылдығымен көзге түседі. Алайда дәл осы шайқаста үш бірдей жарақат алып, сол қолы қозғалмай қалғандықтан, әскери мансабын аяқтауға мәжбүр болады. Сервантестанушылардың зерттеулеріне сүйенсек, мүгедек халінде тек ұсақ-түйек тіршілік деңгейінде қалып бара жатқанын сезген болашақ жазушы шамамен 28 жасында Испанияға қайтуға бекінеді. Жоғарыда атап өткен Лепанто шайқасының батыры ретінде оған патшалық тарапынан арнайы қолдау-хат беріледі. Бұл елге оралған солдатты жұмыспен қамтамасыз ету үшін жазылған қарапайым қағаз еді. Ол мінген жолаушылар кемесі жағаға жақындап қалғанда қарақшыларға тап болып, ағасы Родригомен бірге тұтқынға түседі. Дәл осы тұста Сервантес «өмірінің сюжеті» өз шиеленісіне жақындайды. Алжирге жеткізілген тұтқындар ішінде жаралы солдаттың қалтасындағы патшаның мөрі басылған хатқа османдықтардың көзі бірден түссе керек. Құнды олжаға кенелетінін аңдаған қарақшылар оларды бірден бөліп әкетіп, ақсүйек тұқымынан жасақталған тұтқындардың арасына апарып қамайды. Сөз басында оның текті болса да, кедей отбасыдан шыққанын айтып өткен едік, яғни төлем жасап шығарып алатын ешқандай жанашыр туысқаны жоқ-тын. Осылайша, патшаның қолынан арнайы хат алғанымен, Сервантес тағдыр тәлкегіне түсіп, Алжирдің тар қапасында азапқа толы бес жылын өткізеді. Бұл қасіретті кезеңнің ізі кейін «Дон Кихот» романында кәрі тұтқынның жүрек тебірентер әңгімесі арқылы қайта жанданады. Жалпы, «Дон Кихотта» автор өзінің басынан кешкен жайттарды жиі қолданатынын еске сала кеткеніміз жөн.
Сөйтіп, Сервантесті тұтқыннан босату мақсатында байғұс шешесінің бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Өз күнін әрең көріп келген отбасы жан-жақтан қарызданып, соғыс ардагері деген құр атақтан басқа ештеңесі жоқ ағайынды тұтқыннан әрең босатып алады. Зерттеушілердің көбі бес жыл тұтқында болған жазушының ақыры аман-есен шыққаны туралы түрлі пікір білдірген екен. Мәселен, Сервантеске арналған ЖЗЛ сериясының авторы Андрей Красноглазыйдың жазбасында оған Алжир маңындағы резервацияларда өмір сүрген иезуиттер қолдау көрсеткен деген деректер кездеседі. Бір қызығы, егер бұл дерек рас болса, атқа қонбай, тек есекке мінетін сол иезуиттер бейнесі Санчо Пансаның көркемдік архитектоникасына нәзік аллюзия болып шығар еді. Дегенмен бұл – сервантестанудағы сан алуан интерпретациялардың бір ғана шеті. Ал америкалық зерттеушілердің пайымдауынша, сол кезеңде Алжирде билік құрған Хасан-паша Сервантестің адамдық болмысына тәнті болып, ерекше ықыласпен құрмет көрсеткен. Алайда тұтқыннан оралған Сервантестің жолы оңай болмады. Қарызға батқан отбасымен бірге талай қиындықты бастан өткеріп, соғыс ардагері атағына қарамастан, қарыздың кесірінен үш рет қайта түрмеге түседі. Сол үшінші тұтқында, 58 жасында, қарт Сервантес темір тордың ар жағында «Дон Кихотты» жаза бастаған екен.
Мағжанның поэмасындағы «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген жол еріксіз еске түседі осындайда. Баһадүр Баянның тағдыр жолы да ауыр еді… Сервантес өмірін романға теңеуіміздің себебі де осында. Талай мәрте өлімнің алдында тұрған қаламгердің ең үлкен жарығы – «Дон Кихот» романы шығар деп ойласаңыз да болады. Бірақ маңызды түйін мынада: аталмыш шығарманың көркемдік шешімдерінің тамыры – қоғам мен адамзат тарихына айтылған сатиралық сын астарынан бастау алады. Ол астарда Сервантес өмірінің шынайы ізі жатыр, яғни Дон Кихоттан бұрын Сервантестің өзі де сол жоқ іздеушілердің бірі еді. Уақыт жылжыған сайын адами қадір-қасиеті көмескіленген, бақытсыз рыцарьдың нағыз бейнесі, ең алдымен, оның өз болмысынан табылатын…
Жазушының өмірбаянына біраз тоқталдық, ал романның сюжетін қайталап тізіп жатудың қажеті жоқ деп білеміз. Себебі бұл шығарманы оқымаған адамның өзі ең аз дегенде, мазмұнын жақсы біледі. Әлқисса, ортағасырлық рыцарьлік романдарды том-томдап оқыған Алонсо Кехана атты бір идальго өзін сол кітаптардағы жиһангерге теңеп, «жорыққа» шығатыны есіңізде болар. Осы тұста тағы бір лирикалық шегініс жасасақ… Аталмыш кейіпкер есінен адасқан адам образы ретінде Мишель Фуконың «Классикалық дәуірдегі естен адасу» атты 1961 жылы жазылған еңбегінде бірнеше рет тілге тиек етіліп, еске алынады. Жалпы, жаһан әдебиетінде ақылынан адасқан кейіпкерлер қатарын тізе берсек, ұзаққа баратынымыз анық. Гамлет шындықтың бетін ашу үшін ессіз адамның кейпіне енеді; князь Мышкиннің таза көңілі қоғамға кереғар келген диагноз деп бағаланады; Леар (Лир) патша саяси интригалар дауылынан дәрменсіздікке ұшырайды; жалғыздықтың уынан қасірет шеккен Офелияның өлімі; әділдікті аңсаған Раскольниковтің ішқұсалығы; тар бөлмеде тағдырымен айқасқан Грегор Замза; рельстерге телміріп тұрған Анна Каренина… Бұл есімізде қалған ең танымал кейіпкерлер шығар. Әсілінде жоқ іздеген әр кейіпкердің арпалысы оларды ғасырлар бойы қалыптасқан таптаурындар тұзағы жасырынған жүйенің сыртына жалғыздығымен қоса лақтырып жіберетіні бар. Қарапайым ауыл тіршілігінде «Неге біз осы…» (О.Бөкей) деп өз кезегімен жылжып жатқан күндердің соңын тартып қалуға ұмтылған Таған да сол саптағы жиһангер емес пе? Ой тізбегімізді дәйектемек үшін әдебиеттанудағы пікірлерге де бір жүгінсек, ғалым Михаил Бахтин «Творчество Франсуа Рабле и народная культура средневековья и Ренессанса» атты еңбегінде көркем шығармадағы ақылдан адасу формасын кейіп­кердің үстем идеологияға қарсы шығу тәсілі ретінде сипаттайды. Соның ішінде, мәселен, Дон Кихот карнавалды кейіпкер ретінде күлкілі көрінетін ақиқатты екіжүзді қоғам қалпына қарсы қойылатынын атап өтеді, яғни ақылынан адасқан кейіпкер – құлдырау емес, қайта жаңару, қоғамдық сананы сілкіндіру символы. Сондай-ақ жоғарыда атап өткен Мишель Фуконың зерттеуінде ақыл дертіне ұшырағандар тобы психикалық сипаттан бұрын, тарихи қалыптасқан категория нәтижесі ретінде пайда болғаны туралы айтылады. Фуко замандастарымен бірге өз идеясына ерген плеяданы қалыптастырды. Сол авторлар легі күні бүгінге дейін антипсихиатрия бағытын дамытып, медицина мектебі ұстанатын классикалық психиатрияның әдіснамасына батыл сын айтып келеді. Оның зерттеуіне сүйенсек, «ақымақтарды» аластау процесі Классицизм дәуірінен бастау алады. Дәл осы тұста әңгіменің ең басына оралып, Иероним Босхтың картинасын еске алу қажет. Ақылсыздық дертіне қалыптасқан оптиканы ұғыну үшін әңгімемізді Еуропаның орта ғасыр тақырыбындағы картиналарымен сабақтастыруға болады. Солардың ішінде, «Ақымақтар кемесі» деп аталатын ортақ сюжет төңірегінде жасалған туындыларды еске алыңыз (арасында дәл осы тақырыпта жазылған Босхтың да әсерлі бір еңбегі бар). Тағы бір мысал. Көбіміз жақсы білетін Мәскеу­дегі Қызыл алаңның төрінде орналасқан тарихи ғимарат – Покровский шіркеуі. Оны жұрт көбіне «Собор Василия Блаженного» деп атайды. Орыс тіліндегі «Блаженный» және «Юродивый» сөздері қазақшаға салғанда дәруіш не әулие саналған адамды білдіреді. Василий Блаженный – 1588 жылы әулиелер қатарына қосылған мәскеулік сәуегей, киелі жан. Тарихи деректерге қарағанда, сол дәуірде «блаженный» атанған жандардың бейнесі мен мінез-құлқы бүгінгі клиникалық психиатрия оқулықтарындағы кейбір диагноздардың сипаттамасына тым ұқсас келеді. «Идиот» романында Достоевский князь Мышкинді сипаттағанда дәл сондай «блаженный» немесе «юродивый» эпитеттерін қолданады. Мұндай кейіпкерлер аңқау, тіпті ақымақ болып көрінгенімен, қоғамға зиянсыз саналып, ортада жылы қабылданады. Сондықтан дәл осы архетип әлем әдебиетінде түрліше интерпретацияға ие бола алатын бірегей көркемдік тәсіл ретінде кеңінен қолданылады. Хас шебердің қаламында бұл идея ерекше қуатпен дамиды. Мәселен, аса танымал «Жүз жылдық жалғыздық» романында отбасы ақсақалы Хосе Аркадио Буэндия әуелде санасы сергек көрінгенімен, ғылым мен алхимияға бойлаған сайын шынайы өмірмен байланысын жоғалтып, ақыры тек латынша сөйлей бастайды. Маконданың негізін қалаушы, ауылдың ақсақалы әрі сыйлы адамы бола тұра, балалары оны ақылынан адасты деп ағашқа таңып тастайды. Қалған өмірін сол байлаулы күйде өткізуге мәжбүр болады. Осы тұста тағы бір параллель ретінде Біржан салдың аса трагедиялық сипаттағы «Теміртас» атты әдебиетіміздегі үздік үлгідегі өлеңдердің бірін еске түсірсек:
«…Денеме кендір арқан жаман батты,
Қайдасың, Асыл, Ақық, қолымды шеш.
Теміртас, Асыл, Ақық – балдан тәтті,
Қинауға салады екен адамзатты.
Үкідей желпіндірген қарақтарым,
Шешсеңші, білегіме арқан батты…»
Халықтың көзайымы, еркін ойлы һәм ерекше ықылас иесі Біржан салды «жын иектеген» деп байлап тастау, әрине, билік біткенге ыңғайлы еді сол заманда. Өлең жолдарында Теміртас, Асыл, Ақық деген ақын балаларының есімі аталған. Хосе Аркадио Буэндидің көркем образына шынайылық беретін өмір мысалдарының бірі осы Біржан тағдырының трагедиясы емес пе? Таласбек Әсемқұлов сценарийін жазған 2009 жылғы «Біржан сал» атты көркем фильмде бейнеленетін ел өкініші осы ойымызға дәл иллюстрация болар еді. Біржанның үлкен мектебінен шыққан өнерпаздардың бірі – Ақан сері туралы ел аузында көптеген аңыз сақталған. Солардың ішінде, оның перінің қызына үйленгені жөніндегі әңгімелердің сарқыншағы бүгінге дейін жеткен. Сәкен Жүнісов «Ақан сері» романында осы аңызды тұспалдап, кейбір эпизодтарда кейіпкердің түс пен шындық араласқан күйге түсуінде, поэтикалық болмысын ашуда қолданатыны бар. Айтпақ ойымыз, қазақтың сал-серілер дәстүріндегі тұлғаларды осындай тылсым оқиғалармен араластырып насихаттау ойлы оқырман көкірегінде біршама сауал туындататын сияқты. Сал-сері дәстүрі – қазақ тарихында еркін адамның символына айналған рухани құбылыс. Оның кейбір көркемдік бейнелері ортағасырлық жиһангер (рыцарь) кейіпкеріне жақын келуін мойындамау мүмкін емес. Қазақ әдебиетіндегі сал-серілер мұрасы ғылым назарынан шет қалып жатқан жоқ. Дегенмен бұл тақырыпты зерттеудің мүмкіндіктері әлі де шексіз ғаламдай көрінеді осындайда. Батыс әдебиетіндегі жиһангерлер мәдениетінің өнер (әдебиет, кинематограф, театр, музыка) немесе креативті индустрия әлеміндегі транс­формациялық формаларын көріп жүрген соң, шығармашыл замандастарымыздан, ақын-жазушы, әдебиеттанушылардан сондай ізденіс күтетін де шығармыз.
Фуконың концепциясымен ғана шектеліп қалмауымыз – заңды құбылыс. Антипсихиат­риялық теорияға көз салсақ та, белгілі бір дәрежеде оның жақтаушысы бола алмайтынымыз анық. Әңгіменің бір ұшы бәрібір З.Фройдтың еңбектеріне тиетіні белгілі. Ол ақылдан адасуды адам санасындағы репрессияланған қалаулардың репрезентацияға ұмтылысы ретінде түсіндіреді, бұл – қазіргі медициналық анықтамаға едәуір жақын көзқарас. Сөйте тұра өз зерттеуінде мысал ретінде Раскольниковтың кейіпкеріне де тоқталады. Алайда әдебиеттануда Фройдтың психоанализіне толық жүгіну арқылы көркем сөздің бағасын тым түсіріп алу қаупі бар екенін айтып өткіміз келеді. Психоанализ бен әдебиет белгілі бір сюжеттерді жан-жақты зерделеуде кейде сәтті тоғысып жатса да, мәтіннің әлеуетін ашуда сан алуан құралдардың бірі ғана екенін ұмытпағанымыз абзал.
Әңгіме желісін Дон Кихоттың образынан алыстатпауға тырысайық. Себебі ғасырлар керуенін көктей өтіп, оның дәйім жанымызда жүргенін сезіну біз үшін маңызды болса керек. Ақыл концепциясына күдікпен қарағаннан гөрі, ақылды болуға ұмтылысымыз үдей түскен заманда әдебиеттен мүлде алыстап бара жатқандай күй кешетініміз рас емес пе? «Ақылды өлең», «ақылды бала», «ақылды мемлекет», «жасанды ақыл» осы тіркестерден тітіркенесіз бе? Осы орайда Альбер Камюдің «Бөгде» романындағы басты кейіп­кер Мерсоның образына үңілсек болады. Жүрегіне түскен қоғам дертінің кесірінен анасын жоқтай алмаған Мерсоның тағдыры әркімді де ойландырары хақ… «Бірақ қоғам кеселі адамның жан дүниесінің дерті емес», – дейді Камю. «Қоғам бөгдесі – адамзат бөгдесі емес», – дейді Камю. Автор сюжет пен композиция арқылы анасының өліміне немқұрайлық танытқан Мерсоны айыптау процесі қоғамдағы қалыпты әрекеттерге қарап қана бағаланғанын сынға алады. Қалыптан тыс шындық мүмкін емес пе еді? Осы тұста бірден есімізге қазақ прозасының классигі Төлен Әбдік оралатыны анық. «Парасат майданы» мен «Оң қол» шығармаларын байланыстыратын психиатриялық тақырып бізді тағы да Фуконың зерттеуіне алып келеді. «Парасат майданы» повесі бас кейіпкердің емханада белгісіз біреудің хаты жайлы баяндауынан басталады. Тұлғаның екіге бөлініп, өз-өзімен пікірталасқа түскенін суреттейтін мәтін ішіндегі эпистолярлық жанрға контекссіз баға берсек, екі түрлі адамның саналы диалогы көзге түседі. Бұл – тек жеке пікірге сүйенген тұжырым емес, жалпы композицияның құрылымдық ерекшелігіне негізделген байлам екеніне назар аударған жөн. Егер қарапайым оқырманның қолына Төлен Әбдіктің осы повесіндегі негізгі оқиға емес, тек хаттардың мәтіні ғана тисе, автор үні бәсеңдеп, ал оқырман түсінігінің ықпалы күшейе түсері сөзсіз. Әдебиеттанудағы рецептивті эстетиканың, яғни қабылдау процесінің табиғи заңдылығы осы. Автордың кейіпкерлермен бірге оқырманды да емхананың қабырғасына қамап, кереғар ойлардың ішінде тастайтыны – катарсисті талап ететін төлтумалық көркем әдіс. «Оң қол» әңгімесіндегі науқас кейіпкер Алмаға дәрігер жігіттің сезім білдіруі – қоғам үшін дерт деп танылған ақиқатқа қарсы шығу болып саналады. Бұл әрекет Алманың образын психиатриялық сипаттан алыстататын сияқты. 2024 жылы Қалибек Қуанышбаев театрында осы екі шығарманы бір арнаға қосқан спектакльдің тұсауы кесілген еді. Күн санап күрделене түскен заманда бұл шығармалардың төрге шығып, сахнадан сөйлеуін әбден орынды деп білеміз. Танымал режиссер Гүлсина Мерғалинаның шығармашылық көзқарасы пьесаға Рене Магриттің «Ғашықтары» мен жүзі жасырылған басқа да кейіпкерлерін, сондай-ақ Марк Шагалдың қиялға толы серуендерін енгізді. Аталмыш спектакль қазақ театрының тарихында ерекше орын алады деп ойлаймын. Алға тартқан тақырыбымыздың да өзектілігін осы спектакль барынша ашатын сияқты. Камюдің «Бөгдесін» немесе Шекспирдің «Гамлетін» «Парасат майданы» контексінде тағы бір саралап көріңізші. Ақиқат кейде жақындағандай болып, алыстай беретінін тағы бір еске салатын әлем сияқты… «Сұм өмір абақты ғой саналыға», – дейді Мағжан ақын. Фуконың сынына сай, жүйенің аяусыз ақаулары осындай шығармалар арқылы әшкерелене түседі. Ал Қаллеки «Парасат майданымен» тоқтамаған. Алыстан келген Дон Кихот Астананың төрінде тұрақтағалы да біраз уақыт болған екен…
2022 жылы жас әрі танымал режиссер Әлібек Өмірбекұлы Қаллеки сахнасында Дон Кихотты қазақша һәм өзгеше сөйлетті. Бұл қойылым еліміздегі Қаңтар оқиғасынан кейінгі бір рефлексия ретінде де, тарихтағы отарлаудың шаңы басқан халыққа арналған көңіл айту ритуалы ретінде де көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Ең бастысы, әйгілі Дон Кихот мырза жаңа тынысқа зәру театр өнерпаздарына да, айналасынан күмәндана бастаған жас көрермендерге де дөп келді.
Сананың өзгеше түрленуі, өмірді өзгеше көру сынды мотивтің тағы бір көрінісі Роза Мұқанованың «Ләйләнің зары», кейін мэтр Сатыбалды Нарымбетов экранизациялаған шығармада да орын алады. Бұл жерде, әрине, қоғам формациясынан ақылдың нормадан ажырауы негізінде генетикалық өзгерістер арқылы бас кейіпкердің образын, шығарманың тақырыбын ашу көзделеді. Ләйләнің мәңгілік бала бейнесі, санасының шындық нұсқаған қалыптарға бағынбауы – полигон зардабынан туа біткен дерт еді. Дегелеңнің магиялық болмысының түбінде тарихи трагедияның болуы бұл сюжеттің шығармашылық күшін, сана мен қоғам таласын ашуға орасан мүмкіндік береді. Әдебиеттанушы Ю.Лотман былай дейді: «Детское сознание в литературе часто оказывается особым «экранирующим
фильтром», через который автор показывает искажённую, но в то же время обнажённую истину о мире взрослых». Ләйләнің бала бейнесімен қоса, оның туа біткен ерекшелігі Р.Мұқанованың хикаятында да, С.Нарымбетовтің фильмінде де жалаң айна әдісі арқылы, қоғам нормасына жат оптика – сәби көңілі арқылы тарихи оқиға мен замана проблемасын көрсете алады. Осы тақырыптың жалғасы ретінде ақын Қойлыбай Асановтың «Ар мен алтын» поэма-парадоксының «Жарыместер әлемі» атты IV бөлімінің басында келтірілген жыр үзіндісіне тоқталсақ: «Майқұдықта ақыл-есі кемтар балалар үйі бар. Бірде сол үйдегі тәрбиеленуші кемтар қыз: «Егер маған Достоевскийдің кітабын әкеп берсеңіз, мен анамның алтын сырғасын беремін», – дейді. Мұны естіген тәрбиешілердің бірі: «Ей, бейшара-ай, осыларға кітаптың қажеті қанша екен» десе, енді бірі: «Жынды адам не демейді» деп күліпті». Өлеңнің алдында жазылған осы бір кішігірім сюжет, автордың айтуынша, өмірден алынған. Ал содан кейінгі өлең жолдарынан үзінді келтірсек, өз пайымыңызды қажетті нүктеге дейін жеткізе аласыз деп ойлаймыз:
…Қорған үйде, екінші әлемі –
Жарыместер әлемі!
Өз түйсігі,
Көзқарасы да олардың «әдемі».
Сау әлемде сыйласу да
Сауда болған заманда,
Ал бұлардың ақ ниетті түзу екен сәлемі…

Күздің күрең
Күндеріндей гүл өңі,
Жанарлары мұңға толып үнемі,
Сау адаммен сөйлескенде,
О, Тоба,
Жарыместер езу тартып күледі…

Cәби ниет бұзылмаған қалпында,
Бұл әлемнің ақиқат бар салтында.
Ер Төстіктің ертегісін қалап алған деседі,
Бір мұңлық қыз қолындағы алтынға.

«Ақыл-ойға, – дейді ғалам, –
Шамаң келсе ерік бер»,
Осы сөздің астарына
Ақиқатты теліп көр.
Бар жаһанның ақылдысы жинал-дағы,
Келіп көр –
Бағдат, Кабул, Грозный көшесінде өліктер…
Ақын поэма-парадокстағы осы бір бөлімінде бинарлық позиция ретінде «ақылдылар әлемі» мен «жарыместер әлемінің» арасындағы қарама-қайшылық арқылы қоғамда «ақылды» саналған әрекеттерге жаңаша көзқараспен қарау ұсынылған. Льюис Кэрролдың атақты кейіпкері Алиса ғажайыптар әлеміне тап болғанда Чешир мысығының логикалық сауалдарына күрделі формада жауап беретіні сияқты, орта есептегі қазіргі адам баласының көп шындық алдында таптаурындарға лайық жауапты бірден қалыптастыра қоятыны сияқты, біздің санамыз логикалық әлемнің сипатын автоматты түрде құрастыратын дәрежеге жеткендей. Әйтпесе, жоғарыда келтірілген өлеңдегі қарама-қайшылықта сау адам мен жарым есті баланың диалогы ақ пен қараны ажыратуды күрделендіреді емес пе, яғни көркем әдебиетте, оның ішінде классикалық туындыларда кеңінен қолданылатын бұл образ бізге барынша «ақыл» мен «ақылдан адасу» концепцияларының тұрақсыз жауаптарға апаратынын еске салады. Арамызда алға қоятын «ақылды», «логикаға сай» әрекеттер мен тұжырымдар, әсілінде, біздің шынайы табиғатымыз арқылы ой сүзгісінен өткен дүниелер ме, әлде төбемізден төнген жүйенің дайын жауаптары ма? Демек, бұған дейін әңгімеміздің өрбуіне арқау болып отырған шығармалардың элементтерін талдау бізді келесі сауалға жетелей алады: ақылынан адасқан адам, әлде қоғамдық нормаға сай адам қайсысы ақиқатқа жақын келеді? Бұл сұрақ антипсихиатриялық теориядан бөлек, Мишель Фуко ұсынған тезистегі қоғамдағы қайшылықтарға қарсы кей процестерді жүйеден тыс жерге – Достоевскийдің геттоларына, Төлен Әбдіктің емханаларына қамап тастау кімге ыңғайлы? Дон Кихот немесе Василий Блаженный сияқты образдарды зиянсыз көріп, оған күле қарап, жаратылыстың қателігі немесе тағы бір ғажабы деп қабылдауда «нормадан тыс» деген лақапты іле салатынымызда бір ой жатқан жоқ па?
Өзімізше пайымдауға тырысқан тағы бір қазақ кейіпкерін еске салып отыр. Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығында елең ете қалған образдардың бірі «жынды» Әбен туралы академик Серік Қирабаев былай жазады: «Сәкен Сейфуллинмен аталас, бір ауылда өскен, оның қасында көп жүрген, сайқымазағы, қалжыңқой серігі болған Әбен Айтыман түскеннен кейін «құтты болсын» айта келіп, бір ай жатты. Соның аузынан алғаш рет Сәкен жайында әңгімелер естідім. Аузына берік Әбен оңаша қалғанда, үй ішінде жас кезін, Сәкенмен бірге жүрген күндерін, күлкілі оқиғаларды есіне түсіреді. Сәкеннің дүрілдеп тұрған кезінде Алматыға да барыпты. Кейін Сәкен ұсталғанда, онымен байланысы бар деп Әбенді де тұтқындапты. Ауылдың сауатсыз шалы, сайқымазақ, қулығынан басқа қолынан келері жоқ, саясаттан хабарсыз адамның жаулығын дәлелдей алмай, бірер жылдан кейін босатып жіберіпті. Сонда қайтып келген Әбен: «Менің қадірімнің кетіп жүргені осы кез ғой. Әйтпесе, мен дәретке отырғанда екі жағымда екі милиция күзетіп тұрушы еді», – депті. Осы сөзді өз аузынан естідім. Кейін Сәкен шығармаларын оқыған кезде Сәкеннің «Сол жылдарда», «Қызыл сұңқарлар» сияқт­ы шығармаларында байдың жалшы жігіті, қуақы Әбеннің күлкілі оқиғаларын жазғанын көрдім. «Сол жылдарда» романында Әбен орындайтын «Қараторғай» әнінің нұсқасы жайында жазыпты. Халық жиналып Әбеннің әңгімелерін тыңдайды, күледі, мәз-мейрам болады. Сөзді сыпайы, өзі күлмей, ел күлетіндей тауып айтады. Юморы да, кекесіні де бай адам еді. Қақырынып, жөткірініп отырып, қақырығын есікке қарай атып жібергенде, ол өзіне ұнамаған біреудің бетіне сарт ете түсетін. Қақырығының өткірлігіне, өзінің мергендігіне таңғаласың». (Серік Қирабаев. «Туған жер. Сәкен және «Жынды Әбен» мақаласынан/ Ана тілі газеті 2019 жыл). Алмағайып замана перзенті жынды Әбенді Сәкеннің ауылы әлі де әңгіме қылып айтатыны бар. Жынды қылған заман ғой, әйтпесе сау адам еді дейтіндер де бар екен. Әңгімеміз көркем шығарма айналасында өрбігеннен кейін осы образдың ашылуын ақын Ғалым Жайлыбайдын «Жынды Әбен» атты өлеңіне кезек берсек: «Ел арасында сайқымазақтығымен «Жынды Әбен» атанып кеткен Әбекең Жаңаарқа ауданында туып-өскен. Кезінде ол Сәкен Сейфуллинмен үзеңгі жолдас болған азамат еді. Ол жөнінде Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» біршама айтылған да болатын…»:
Толқынның басылған жоқ сұмдық әні,
Ол күннің ашылған жоқ шындығы әлі.
Жамиғат аңыз еткен Жаңаарқада,
«Жынды Әбен»…
Жындыңыз не, сұңғыланы…

…Басынан кешті солай қай күні азап,
Сормаңдай сорға батып қайқы қазақ.
Заман дертті болғанда, адам дертті,
Кеттің бе тірлік кешіп сайқымазақ?

Ақтықты айтуға аз боп дәлелі тым,
«Жындылық» – жаутаң кездің әлегі-тін.
Жылап тұрып сақылдап күліп сонда
Алғансың талайлардың зәре-құтын.

Жеп солай өзіңді-өзің бітіргенсің,
Мені, мейлі, біреулер күпір көрсін.
Тоңмойын да тоқпейіл топастардың
Бетіне былш еткізіп түкіргенсің.

Мазаққа тірлігіңде көмілдің көп,
Көңіліңді көрсоқыр өмір жүндеп.
Сәкен жайлы естелік сұрағанға
Бажырая қарадың: «Оның кім?» деп.

…Қайғыңды қуанышты жыр деп өрдік,
Сан жылдар жалғандыққа жүлде бердік.
Кешір, көке, төсіне туған жердің
Шыңғырған шындығыңды бірге көмдік.
Ғалым Жайлыбай ел ауызынан естіген, Сәкен Сейфуллиннің өмірбаянынан түйген осы «жынды» Әбен образы арқылы замана қайшылығын, оның ішінде «жындылық» синдромын қатігез саясатқа қарсы дәрменсіздік қаруы ретінде сипаттайды. Шынымен, жынды Әбен нағыз қазақтың Дон Кихотындай көрінеді. «Саналы» сапты түзеген әскер алдында сандалған қанша қазақ ақыл-есінен айырылды?! Ал ақиқаттың түбі қай жақта қалғанын бүгінде жақсы сезіп отырғандаймыз…
Қазіргі прозаның алдыңғы шебінде тұрған жазушы Ғалымбек Елубайдың қысқа әңгімелерінде де сана мен «жындылықтың» арасындағы үзілейін деп тұрған жіңішке жіптің қылындай қымбат толғамдар бар. Есімізге бірден түскен «Оқу соққаның махаббаты» деген қысқа ғана әңгімеде Ізқұтты деген «оқу соққан» жігіт туралы жазылады: «Бізде ақыл-есі кем, ел кезіп кеткендерді көтеріліп ауырған дейді. Ал Ізқұтты секілді ішінара адамдарды одан бөліп «оқу соққан» атайтын». Бірінші жақтан баяндалатын әңгіменің басында Ізқұттымен танысқан күні оның аузынан шыққан: «Кафка деген есалаңды оқыма» деген қысқа байламы сюжеттің негізгі тақырыбын ашып тұрғандай. Дон Кихот сынды бөлмесін кітаптан қалап, талай шығарманы тауысқан Ізқұтты бір күні ғашық болады һәм ешкімнің айтқанына көнбестен, бірден үйленемін деп шу шығарады екен… Алайда шынайы өмір шарттары оны өз сабасына түсіргендей болады. Дегенмен махаббаттан (кітаптан оқып білген Ұлы махабаттан) көңілі қалған Ізқұтты өзі айтқан Кафканың кейіпкері ұқсап бөлмесінен шықпаған күйі белгісіздік әлеміне жұтылады. Бұдан кейін ол туралы ешкім де іздеп-сұрамаған.
Желмаяға мінген Асан Қайғының Жер­ұйық іздеуі немесе Дон Кихоттың қиялындағы Дульсинеяға ғашықтығы – саналының әрқайсына тән ізденістердің метафорасы емес пе? Сол ізденістің ізінде біз де келеміз. Біріміз – қиял арбасына мінген жолаушы, біріміз – парасат майданының сарбазы, біріміз – жүрек пен ақылдың шекарасында өз орнын таппай жүрген дәруіштейміз. Дон Кихоттан «жынды» Әбенге дейінгі сюжеттер сіздің де қиялыңыздағы шектеулерді ерітіп, «ақиқат» деп таныған дүниенің жаңа қырын ашуға әлі талай мүмкіндік тудырады деген үмітпен ойымызды түйіндедік.

Ақерке АСАН,
әдебиеттанушы,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.01.2026 | 15:33

Асан қайғы бабамызды Дон ки көтке теңегенің дұрыс болмады, қарындас.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір