«Үлгілі баладан» «Ұқыпты балаға» дейін…
15.05.2024
108
0

Бәрімізге белгілі «Үлгілі бала» – 1912 жылы қазанда басылып шыққан, Спандияр Көбеевтің мектептегі қазақ оқушыларына арналған хрестоматиясы. С.Көбеев ұстазы Ыбырай Алтынсарин үлгісін пайдалана отырып, бұл кітапқа өзі аударған Крылов мысалдарын, орыс классиктерінің балаларға арналған шығармаларын, қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін, табиғат­тың түрлі құбылыстарымен таныстыратын, өсімдік, жануарлар әлемі туралы білім беретін әр алуан қызықты да қысқа әңгімелер кіргізді. «Үлгілі бала» хрестоматиясы қазақ тілінде жаңаша жасалған оқу кітаптарының бірі ретінде өз уақытында үлкен жаңалық болған.

 Араға үш бірлік жыл салып, яғни 111 жылдан кейін 2023 жылы Алматыдағы «Атамұра» баспасынан «Ұқыпты бала» деген атпен ақын Серік Қалиевтің жыр жинағы шықты. Бұл жинаққа ақынның тәлім-тәрбие мен тағылымға толы балаларға арналған өлеңдері топтастырылған. Спандияр Көбеев «Орындалған арман» мемуарлық шығармасында: «Үлгілі бала» хрестоматиясына Крыловтың өзім аударған мысалдарын кіргіздім, орыс классиктерінің балаларға арнап жазған қысқа әңгімелерін өзімшілеп қазақ тұрмысына лайықтап жаздым, сол сияқты қазақтың бай ауыз әдебиетін сұрыптап пайдаландым», – деп жазады. Сол айтқандай, Серік Қалиев: «Балалар өлеңін жазуыма мектеп жасындағы балама үлкендерге арналған өлеңді жеңіл жат­талатын етіп, бала тіліне икемдеп, «жонып» беруім себеп болды», – дейді. Жинаққа жалпы саны 83 өлең мен 1 поэма енген. Ғылыми-теориялық тұрғыдан жинақтың тақырыптық ерекшеліктеріне тоқталсақ, өлеңдерді 10 тақырыпқа бөліп қарауымызға болады. Олардың ішінде ең бірінші, жыл мезгілдеріне арналған өлеңдері көзге түседі. Жыл мезгілдерін, маусым ауысуын, табиғат құбылыстарын жырлаған туындыларға «Жазғы демалыс», «Жаз», «Күз», «Күз 2», «Жаңа жыл» сынды өлеңдерді жатқызуымызға болады. Қазақ балалар әдебиетін алғаш ғылыми тұрғыда зерт­теген қазақ ғалымдарымыздың бірі – Шеген Ахметов балаларға арналған шығармалардың алты түрін атап көрсетеді. Солардың бірі – «Балалар поэзиясында лиризмнің, көркем пейзаждың болуы шарт», – дейді. Мысалы, «Күз» өлеңінде:
Аптап күн басылды,
Сарғайды атырап.
Шашу боп шашылды,
Күзде бар жапырақ, – деп жазады Серік ақын. Күзгі пейзаж бала көз алдына күзгі сурет­ті еркін елестете алатындай көркем сурет­телген.
Екінші, тақырыптық топтағы өлеңдеріне «Даламның әуендері», «Даламның үнін, анамның тілін ұқтырған», «Байтақ далам», «Су», «Табиғат» секілді табиғат лирикасын жатқызуымызға болады. Лирикалық шығарма – адамның түрлі құбылыстан алған әсерін бейнелеп жеткізу шеберлігі екенін ескерсек, ақынның «Даламның әуендері» өлеңінен оның әдемі үлгісін көреміз:
Сыңғырлап бұлағы,
Сыбдырлап құрағы,
Гүрілдеп өзені,
Ән шырқап тұрады.
Ең ғажап туынды –
Даламның жыр-әні.
Лирикада тілсіз түйсіктерге жол беріледі, адамның тар кеудесінен көркемдік өмірдің кең самалына алып шығады да, ерекше сезімге бастайды. Ақынның табиғат лирикасының эстетикалық қасиеті де, тәрбиелік күші де айрықша үлкен. Себебі бұл арада өлеңді жазған адам оқыған адамға айналып, ақын мен кішкентай оқырмандардың көңіл-күйлері бір-біріне ұштасып, бірігіп, бітеқайнасып кеткендей көрінеді. Оны «Байтақ далам» ат­ты өлеңіндегі мына жолдар арқылы сезінуге болады:
Әлдиінен қанат қаққан анамның
Әуелесін сазды үні бабамның.
Күйі тербеп, әні көкте шалқысын,
Қасиетке тұнған байтақ даламның. 
Үшінші, топқа салт-дәстүр тақырыбында жазылған өлеңдерді жатқызуымызға болады. Бұл тақырыпта ақынның «Наурыз», «Домбыра», «Қамшы», «Тұсаукесер», «Күй», «Оймақ», «Ұршық», «Сандық», «Айтыс», «Айтыс І», «Айтыс ІІ», «Айтыс ІІІ», «Айтыстың алтын діңгегі» сынды өлеңдері бар. Кеңес дәуірі заманында салт-дәстүр мен ұлт­тық құндылықтар жайында еркін көсіліп жаза алмаған шығармалардың орнын толтырды ма дерсіз. Ақынның халқының салты мен дәстүрін, рәсімі мен тұрмыс-тіршілігін қамтитын этнографиялық сипат­тағы өлеңдерінде ел тарихына үңілу, солардан сыр тарту, көне дәуір тынысы мен тұлғасын бүгінгі кезең биігіне шығарып қойып сөйлету ішкі-сыртқы гормониялық үйлесімділік пен тіл бітіре, тірілте сөйлеу басым түскенін көре аламыз. «Тұсаукесер» өлеңінде:
…Ала жібін ешкімнің,
Ат­тама деп кесіпті.
***
…Тоқ ішекпен кесіпті,
Тоқшылыққа кенел деп.
***
…Көк шөппенен кесіпті,
Көктеп өсіп, көгер деп, – деп жалғасатын жыр жолдарында қазақтың тұсаукесер салтын ғана емес, ондағы орындалатын ғұрыптың түсіндірмесін де бере жырлаған. Дәстүр, әдет, салт, үрдіс, тіпті ғұрып та адам мінезі мен тіршілігіне тікелей байланысты. Демек, ұлт­тық дәстүр тез өзгеріп немесе жоғалып кететін құбылыс емес. С.Қалиевтің осы тақырыпта кеңінен жырлағанынан адам баласының бойында ұлт­тық мінездің қалыптасуына ұлт­тық әдет-ғұрып, тұрмыс-салт­тың маңызды орны бар екенін көруімізге болады, яғни халықтың ұстанған салт-дәстүрі, айналысқан кәсібі бала бойына өзіндік ұлт­тық ерекшелігін дарытып қана қоймай, өлең жолдары арқылы тілдік қорын молайта түсетініне сенімдіміз.
Төртінші тақырыпқа тоқталсақ, жыр жинағынан ерекше орын алған төрт түлік туралы өлеңдер дер едік. Әдебиет­танушы Нұрбол Құдайбергеннің талдауы бойынша: «Жапондар үшін күріш шаруашылығы қандай маңызды болса, қазақ халқы үшін мал шаруашылығы да сондай маңызды. Төрт түлік мал атау­лары тілдік тұрғыдан жай ғана номинативті қызмет атқармайды, сонымен бірге олардың символдық, концептік және экпрессивтік мәні де бар. Мал шаруашылығының негізін білмей қазақ мәдениетін толық тану мүмкін емес». Осы тұрғыдан келгенде жыр жинағына енген «Тай», «Жүйріктер», «Серке» сынды өлеңдері арқылы автор төрт түлік туралы толғай отырып ұлт­тық құндылықтарымызды, қазақтың өзіне ғана тән бірегейлігін, осы тақырыпқа сай сөздік қорын көрсете алған.
Бөліп қарастыруға тұратын бесінші тақырып, отбасы құндылықтарына арналған «Ардақтаймын жан анамды», «Менің әжем», «Туысқандық атаулар», «Менің отбасым», «Құдайы қонақ» өлеңдері. Аталмыш өлеңдерде қазақтың ұлт­тық құндылықтарын, отбасылық салт-жоралғылары мен өмірдің заңдылықтарын ұштастырып беруі өте ұтымды шыққан. Мәселен, «Туысқандық атаулар» деген өлеңінде қазақтың туыстық байланыстарын мысалға келтіре отырып сурет­тейді:
Жиенім деп күлімдер,
Нағашыма барамын.
Нағашы ол біліңдер –
Туысы асыл анамның.
Кейінгі жастар, әсіресе қала балалары көп біле бермейтін құда, жиен, жезде, абысын сынды туыстық атауларды да жыр жолдарына қоса білген.
Татулыққа теліді,
Жақын тартып алысын.
Бір үйдің қос келіні –
Бір-біріне абысын.
Қандай әдемі, ойнақы ұйқас. Жоғарыда атап кеткен Шеген Ахметовтің балаларға арналған шығармаларды жіктеудегі алтыншы талабы – Шығарма тілінің ойнақы, қысқа, түсінікті, айқын және әсерлі болуы. Бұл талапты орыс зерт­теушісі К.И.Чуковский де «Екіден беске дейін» деп аталатын еңбегінде: «Балалар поэзиясында ұйқастар ұтымды және жылдам ауысып тұруы қажет», – деп түсіндіреді. Осы жағынан келгенде де С.Қалиевтің өлеңдері балалар шығармаларының талаптарына сай жазылған.
Алтыншы тақырыпты ұлт­тық ойын­дар деп бөлуімізге болады. Себебі жинақтан «Бәйге», «Көкпар» сияқты қазақтың ұлт­тық ойынынан бөлек, бүкіл әлемнің ойыны болып кеткен «Футбол» туралы да жырды оқи аласыз. Бұдан ақынның шығармашылық әлеуетін ғана емес, ұлт­тық болмыс-бітімімізді де тануымызға болады. Фольклортанушы-ғалым К.Ісләмжанұлының зерт­теуінде: «Адамзат­ты балаларсыз елестету қаншалықты мүмкін болмаса, балаларды ойынсыз елестету де соншалықты мүмкін емес. Ойын балалар үшін өмірдің өзімен тең. Сондықтан да ойынның тәрбиелік қуатымен теңесер күш жоқ», – дейді. Осы тараптан қарағанда ақынның ойын тақырыбындағы өлеңдері де өз орнын тапқан деп есептейміз.
Жетінші, күрделі де үлкен тақырыпты қамтыған тәлім-тәрбие, оқу-білім топтамасындағы «Мектебім», «Мен ұқыпты баламын», «Кітап», «Мықты азамат атанам», «Мамандық», «Сағат», «Әдептілік үлгісі», «Болмасаң да ұқсап бақ», «Қадірлейік, балалар!», «Қандай бала?», «Бағдаршам», «Өткені тағылым», «Менің тілім», «Цирк», «Антоним», «Синоним», «Үш тал», «Достық деген білсеңіз» өлеңдері де – балаларға үлкен азық. Ақыл-ой тәрбиесі – тәрбие жүйесінің маңызды бір құрамдас бөлігі. Себебі жеке тұлғаның қалыптасып дамуы оның білім алу және оқу әрекет­терімен тығыз байланыста жүзеге асырылады, яғни баланың рухани дамуының негізі ақыл-ой тәрбиесінің негізінде екенін ақын жақсы аңғарған. Осы жинақтың атауы ретінде берілген «Мен ұқыпты баламын» өлеңіндегі:
Кітап, дәптер, қаламым,
Күнде қолға аламын.
Бәрін күтіп ұстаймын,
Мен – ұқыпты баламын, – деп келетін жолдар да тәрбиесіз берілетін білімнің зая кететінін аңғартса керек.
Балалар қаламгерлерінің қай-қайсысында болмасын кездесетін тақырып – әрине Отан туралы жырлар. Серік Қалиев қаламынынан туған «Қорғаның болар ұлыңмын», «Шаңырақ», «Тәуел­сіздік», «Көк байрақ», «Астана», «Еркін елдің ұрпағымыз», «Ел бірлігі», «Тәуелсіз елім», «Кетпесін бақ, құт Алаштан», «Өлкем менің», «Түркістан», «Ата Заң», «Ұлы дала тамыры» (поэма) өлеңдері жыр жинағынан кездестірген сегізінші тақырыпты толықтырады. Қаламгердің «Отан» тақырыбының өзге әдебиет өкілдеріндегі «Отан» тақырыбынан ерекшелеп тұрған – егемен елдің жырлануы, тәуелсіздіктің түрленуі, көк байрағымыздың желбіреуі, Ата заңымызбен мақтануы. Бұл тақырыпта, балалар поэзиясында қалыс қалып келе жатқан поэма жанрында жазылған «Ұлы дала тамыры» шығармасының берілу формасы айрықша. Аталған туындыны ХХ ғасырдың басында пайда болған балалар поэмасы жанрының жіктелуі бойынша поэма-диалогқа жатқызуымызға болады.
Тоғызыншы тақырыпқа біз ақынның мысал өлеңдерін топтастырдық. Негізі, жинақта автор «Күшік» ат­ты бір ғана шығармасын мысал өлең деп көрсетеді. Дегенмен мысал жанрының мазмұны мен түріне қойылатын талаптарды ескере отырып, «Жеміс-жидектердің айтысы», «Шекербек», «Ақылды робот», «Қарындаш пен өшіргіш», «Мақтаншақ доп», «Мысық», «Көрші үйдің тауығы», «Кішкентай пойыз» туындыларын да мысал өлеңдер қатарына жатқыздық. Академик З.Қабдолов: «Мысал – эпостық шығармалардың ішіндегі ең қысқа түрі. Әрқашан сатиралық сипат­ты, көбіне аң, хайуанат, кейде зат түрлері жазылады да сол арқылы адам бойындағы мін, әлеумет­тік ортадағы кемшілік, күлкіге, келекеге, мазаққа айналдырып, сықақпен сыналады. Мазмұны бүкпелі болғанымен, идея­сыз, астарсыз, ашық, тура, тілі мірдің оғындай өткір, шымшыма, шымыр келеді», – дейді. Десе – дегендей ақынның «Мақтаншақ доп» шығармасында:
Секең-секең, секеңдеп,
Маған кім бар жетер деп.
Мақтанды доп асыққа,
Бәріңдікі бекер деп.
– Халің қалай, асығым,
Өлшей алмас қашығын.
Таныдың ба доп деген,
Футболшының «асылын»?! – деп басталатын жолдардың өзінен-ақ, көне заманнан баланы ой мен ептілікке, мергендік пен төзімділікке тәрбиелейтін асық ойынын өзінше «менсінбей, кекетіп» тұрған ала допты көреміз. Жоғарыда мысал жанрына жататын шығармалар деп берген әр мысал бір нәрсе бере алады, бірдеңе үйрете алады, онда белгілі бір шындық, белгілі бір сабақ, біз өмір сүріп жатқан әлемнің кіші немесе үлкен заңдылықтары бар.
«Ұқыпты бала» жинағындағы ең ерекше, оныншы тақырып – тұлғатану. Бұл топтамаға, атауынан-ақ белгілі болып тұрған «Тұлғатану», «Тоқтар атам – ғарышкер», «Мұхамеджан Тынышбаев», «Әлкей Марғұлан», «Жұмабек Тәшенов», «Әнуарбек Байжанбаев», «Нұрғиса Тілендиев», «Жақсылық Үшкемпіров», «Қайрат Рысқұлбеков», «Жұмекен Нәжімеденов» өлеңдерін жатқыздық. Бұл тақырыпта жазылған өлеңдерде әрбір тұлғаның өзіндік ерекшеліктерін көркем сурет­тей білген, өскелең ұрпақтың үлгі алуына тұрарлық тұлғалық қасиет­терін сипат­тап берген. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер – Тоқтарды, алғашқы қазақ инженері – Мұхамеджанды, Қазақ­стан археология мектебінің негізін салушы – Әлкейді, көп ескеріле бермейтін дикторлық мамандықтың тарихында ізі қалған – Әнуарбекті, қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы – Жақсылықты, т.б. қазақ қайраткерлерін көркем поэзия тіліне қосып танытқан шеберлігін ерекше атап өткен жөн.
Қорыта келгенде, Серік Қалиевтің «Ұқыпты бала» жыр жинағындағы шығармалардың мазмұны мен идеялары бала дүниетанымына сай, шумақтар ұзын емес және жолдардағы сөз санының, буын санының қысқа, ұғынықты келуі, көркем-эстетикаға құрылуы, тілдік-бейнелік тәсілдердің шебер қолданылуы, өлеңдерінің тәрбиелік сипатының басым болуы, көркем пейзаж бен лиризмнің көрінісі және, ең маңыздысы, тілдің синтаксистік құрылымының дұрыс қолданылу талаптарының сақталғаны кітаптың нағыз балалар поэзиясына арналған еңбек екенін дәлелдей түседі.

 

Жаңагүл
САМЕТОВА,
әдебиет­танушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір