ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ЖҮЗ ТОМДЫҒЫНАН ҚАЗ-ҮЙРЕК, ҚОЙ-ЕШКІ САБАҚТАРЫНА ДЕЙІН
Қазақстан Жазушылар одағы руханиятымыздың өткен-кеткеніне шолу жасап, жыл сайын дәстүрлі түрде осы – Әдеби жыл қорытындысы кеңесін өткізеді. Жиын сайын шеттегі қазақ диаспорасының да әдеби-мәдени ахуалына үңіліп, барын түгендейді. Биылғы сол міндет маған жүктелген екен, аз-кем шолу жасап көрдік.
Отанымыз – Қазақстаннан кейін әдеби-мәдени өмірінен ауыз толтырып айтарлықтай рухани өнімі бар, қазақтар біршама жиі қоныстанған Қытайдағы – Іле, Алтай, Тарбағатай өңірі болатын. Бұл аймақтар кешегі Алаш зиялылары атқа қонған алмағайып заманда да аса маңызды тарихи қоныс ретінде қаралды. Сонау 1918 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы Алашорда делегациясын Шәуешек қаласына бастап барып, «Біртұтас Алаш идеясы» сол кезде-ақ күн тәртібіне енген болатын. Үш аймаққа ағартушы-ұстаз болып барып, ашылған мектептерде қызмет еткен зиялылар қаншама. Большевиктердің қанды шеңгелі бүрген тұста Алтай асып барған Зият Шәкәрімұлының ол жақтағы руханияттың дамып, өркендеуіне қосқан үлесін біз әлі зерттеп, зерделеген жоқпыз. Ахмет Байтұрсынұлының әйгілі «Қазақтың бас ақыны» мақаласы жарияланғаннан кейін көп өтпей, Сарсүмбе қаласындағы (қытайдағы қазіргі Алтай қаласы) ең үлкен көшенің (1934 жылы) Абай атымен аталғанын біреу білсе, біреу біле бермес.
Сол үлкен рухани сілкініс, кешегі Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы секілді тұлғалар қалыптастырған мектеп Қытайдағы қазақ әдебиетінің керегесін кеңге жайғызған болатын. Әдебиетке құбылыс болып келген жазушы Қажығұмар Шабдан, ақын Омарғазы Айтанұлы секілді қаламгерлер, әне, сондай топырақта тамыр жайған. Өкінішке қарай, қазір ол жақтағы рухани-өмір, бейнелеп айтсақ, жансақтау бөлімінде жатыр десек те болады. Кезінде шет ел әдебиеті жауһарларын ізін суытпай жариялайтын, ол жақтағы оқырманның эстетикалық талғамының түрленуіне үлкен түрткі болған «Көкжиек» журналы, танымдық бағыттағы дүниелерімен құнды «Оқырман өресі» журналы, әдеби журнал – «Шұғыла», тағы да басқа қазақ тіліндегі газет-журналдар қазір түгел жабылды. Идеологиялық бағыттағы бірлі-жарым басылым ғана қалған сыңайлы. «Шолу жасаймыз, 2022 жылы ол жақта қандай әдеби кітаптар шықты?» деп алыс-жуыққа сүрен салғанда дерегін білгеніміз –айналдырған бес кітап. Олар: Дәлелбек Қинаятұлының ауыз әдебиетіне қатысты зерттеу еңбегі – «Таным және талғам» кітабы; Нұрболат Әбдіқадырдың «Жүректегі құстарым» өлеңдер жинағы; Тоқтаубай Мәкебайұлының «Қызыл маржан» өлеңдер жинағы; Бақытбек Иманғалиұлының «Омарғазы әлемі» атты зерттеу еңбегі; Мұхтар Әбілқақұлының «Әдебиет теориясы» кітабы. Біздің білгеніміз – осы. Өткен жылдың еншісіндегі, бізге хабары жетпеген басқа да әдеби дүниелер болса, ол жақтағы авторлардан ғафу өтінеміз. Ал орталықтың үлкен тізімі бойынша шыққан жаңа кітаптар қатарында әдеби кітаптар мүлде жоқ. Ол тізімде: «Жаңа дәуірдегі Шыңжаң келбеті», «Жастарды шабыттандырудың желілес қолданбасы», «Сиыр-қой жем-шөбін басқару технологиясы», «Үй құстарын бағу және басқару технологиясы», т.б секілді қой-ешкі, қаз-үйрек, тауық бағудың мың-сан амал-айласын үйрететін көптеген кітаптар бар.
Ал Өзбекстандағы қазақ диаспорасының рухани өмірінде кісі қуантарлықтай жаңалық мол көрінеді. Өзбекстан 100 томдық «Turkiy adabiyot durdonalari» («Түркі әдебиеті жауһарлары») деген Түркі әлемінің әдеби антологиясы өзбек тілінде баспадан шығарды. Жақында Өзбекстан Жазушылар одағы кітапханасында көп томдықтың таныстырылымы болған. Ол шараға Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет бастаған делегация барып қатысқанынан хабардарсыздар. 100 томның 10 томы қазіргі қазақ әдебиетіне арналған. Бұл шығармаларды жинап беруге Қазақстан Жазушылар одағы үлкен көмегін тигізді. Оның ішінде 80-81-ші екі томы поэзия мен проза антологиясы. «Өзгені тану үшін алдымен өзіңді таны» деген қағидатты ескерсек, қазақ әдебиетіне арналған 10 томның ол жақтағы қандастарға берері ұшан-теңіз екені даусыз. Бұдан бөлек, ол жақта ақын, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Мекембай Омаровтың «Ташкент қазақтарының рулары және мәдени өмірі» кітабы, әдебиеттанушы, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Қалдыбек Сейдановтың «Әуезов және Орта Азия әдебиеті» монографиясы, журналист, аудармашы Ақан Ташметовтың «Көкжиектер» атты мақалалар мен публицистикалық очерктер жинағы, ақын Қошқарбай Байжігітовтің «Оңаша қалған сәттерде» өлеңдер жинағы, «Сырым» повесі, ақын, аудармашы Рабия Өсерованың «Ақ көңілдің кеңдігі» өлеңдер мен аудармалар жинағы, «Қиялымның қызыл гүлі» өлеңдер мен аудармалар жинағы, Заманауи қазақ ақындары (жауапты редакторы: ақын Фахриддин Хайит) жинағы, «Юз шеър» (заманауи қазақ ақындары шығармашылығы) өлеңдер жинағы (өзбек тілінде) жарық көрген. Өзбекстандағы қандастарымыздың әдебиетінде атап өтер негізгі дүниелер – осы.
Қандастарымыз шоғырлы қоныстанған Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы жағдай да онша мәз емес. Ол жаққа хабарласып, мән-жайды ұғысқанымызда Тілек атты қаламгер бауырымыз: «Біздің аймақта баспа жоқ. Ақын-жазушылар кітабын шығарғысы келсе, Ұланбатырға шабады. Оның өзі ары кетсе екі-үш жүз тиражбен ғана жарық көреді», – деп аздаған шығармаларды атады. Олар: ақын Тойлыбай Құрмандоллаұлының екі томдық жыр жинағы, Байыт Қабанұлының моңғолдың таңдаулы жүзге жуық ақынын аударып, қазақ-моңғол тілінде шығарған «Моңғол өлең» кітабы, Жанат Боқашұлының «Рахман нұр» жыр жинағы, Қабдыраш Жекейұлының «Жыр арнаймын еліме» жыр жинағы жарық көрген. Ол жақта маусым сайын жарық көретін «Шұғыла» әдеби журналы – жасы бар, жасамысы бар қаламгер қауымның шығармаларын баяғысынша оқырманға ұсынып келеді.
«Қазағы көп» деген өңірлердегі әдебиеттің жағдайы – осы. Он үй отау қонған өзге мемлекеттегі ахуал айдан анық. Қиыр қонып, шет жайлаған бауырластың кітабы қолда жоқ. Парақтай алмаған соң ішкерлей талдауға мүмкіндік болмады.
Ырысбек ДӘБЕЙ