«МАҒАН ДЕЙІН…»
11.12.2023
328
0

Көрдік, білдік, түсіндік, көзіміз көп нәрсеге жетті. Алайда бұл тақырыпқа ақи-тақи бетжабар рәсім жасардың алдында ақырғы бір шағын гәп болсын. Сұхбат күрмелер тұсқа келгенде, ырықтан тыс, ішкі дауыстың қосыла кеткені. Өйткені ол «Маған дейін кім, не бітіріп еді, мен, өзім емес пе едім?» деген сыңайдағы, әлгі атын айтуға болмайтын мартуға тән пиғылдағы бірдеңелерді тізбектей бастады.
Бір байқағаным, Бекем сал өзі онша қаламайтын әулиелер тәрізді, болжам жасайтын болыпты. Мұнысы енді, таза божырау секілді болып көрінді. Қазақстан екінші Украинаға айналуы бек мүмкін екен. Сөзім жоқ, білген адам тап осылай демеу керек еді. Бұл жолы ішімді тартып қалдым, шімірікпейтін болып кетіпті. Несін айтасың, сұхбат күрмелгенше пұшайман күйге түстік. «Ер туған жеріне» деуші еді. Жоқ, оның патша көңілі толайым басқа жаққа ауыпты. Амал қанша, пендеңнің қалауы солай болса.
Жалпы, мына жалпақ жұрттың көрмейін десе, көзі бар, естімейтін керең емес. Ашу-шайтанға ақылын алдыртып, қойнын аштыра беру жақсы әдетке жатпайды. Айтпақшы, саған дейін де талай нәрсе болған, бұйырса, бола береді. Тұңғиықтар тасыған, төгілген. Аңғарлы сай-саладан су аққан, қайта тартылған. Ұйытқып құм көшіп, басылған. Тауықсыз да таң атқан. Әрине, өнердегі орның бөлек еді. Қазақ әлі күнге дейін жаман атқа қимай, сағынатыны – сол. Әйтпесе кім болсын, Иса секілді көкке сіңіп, Мағди құсап жерге еніп кетсе де, алтын құрсақтар аман болса, далиған дала таланттан тарықтыра қоймас. Олай болса, тек «Айтшы, маған дейін…» деген сауа­лының соңғы сазына қарай, белгілі жайттардан жеңіл құлаққағыс еттік.
– Маған дейін қылқобызбен жыр айту болды ма? Болған жоқ!
– Болды, Бекем сал. Болғанда қандай? Әнші Бекболат Тілеуханға дейін қылқобызға үнін қосқан, онысы таспаға таңбаланып қалған Қорқыттың сарындарын айтқан бақсы Смайыл Шәменов, халық әндерін салған Жаппас Қаламбаев, Абайдың әндерін қобызға қосылып шырқаған Сматай Үмбетбаевтар болды. Бірақ бұл да жаппай етек алған дәстүр емес, қолдан жасалған, жасанды нәрсе еді ғой.
– Маған дейін үш ішекті домбырамен біреу өлең айтты ма? Айт­қан жоқ!
– Айтты, Бекем сал. Айтқанда қандай? Әнші Бекболат Тілеуханға дейін Шығыс және Орталық Қазақстанда алдымен күллі қазақтың атынан сөйлеген ұлы Абай
Құнанбайұлы осы үш ішекті домбырамен ән, күйлерін сүйемелдеді. Көзіміз көрді, Семей топырағынан Шәкір Әбенов деген даңғыл өтті, Абай мен Шә­кәрімнің әдеби, музыкалық мұ­раларын насихаттаушы. Сол қария үш ішекті домбырамен ән айтып, әулие Абай мен Шәкәрімнің әндерін осы аспаптың қостауымен әуелетті. Жалпы, кезінде осы өңірлерде үш ішекті домбыраны екінің бірі ұстады. Кәсіби сахнаға алып шығып едім десең, ол енді басқа әңгіме.
– Маған дейін, тәуелсіздік жылдарында, кім патриоттық ән шығарды?
– Шығарды, Бекем сал. Шығар­ғанда қандай? Әнші Бекболат
Тілеуханға дейінгі күллі қазақ даласындағы дәстүрлі кәсіби әндердің дені, кеңестік кезеңдегі әндер патриоттық пафоста шықты. Тіпті басқасын былай қойғанда,
Шәмшінің «Менің Қазақстаным» деген әнін кім патриоттық ән емес дей алады?
– Маған дейін қазақтың дәстүрлі өнерін үш ғасырға тереңдеткен адам болды ма?
– Болды, Бекем сал-ау. Болғанда қандай? Небір аузымен құс тістеген, қысқа күн емес, ұзақ апталарды айға ұластырған эпик жыршылар болды. Басқасын тілге тиек етпегеннің өзінде, ала тайлы Аңшыбай батыр бастаған Қырымның қырық батырын айлап айтқанда сарқылмаған, қазақтың дәстүрлі өнерін үш ғасыр түгілі, бес ғасырға тереңдеткен, түбіне қауға бойламайтын шегендей Мұрын жырау ешкімнің тақиясына тарлық етуі тиіс емес.
– Маған дейін Доспамбет, Шалкиіз, Қазтуғанды аузына алған адам болды ма? Болған жоқ!
– Болды, Бекем сал. Болғанда қандай? Анығын біле тұра, көрер көзге қалай ғана дәтің шыдап «болған жоқ» дейсің? Алтын Орда дәуірін зерттеген, мүйізі қарағайдай әдебиетші ғалымдарды қайда жасырамыз? Басқасын айтпағанда, сол өзің айтып отырған жыраулар поэзиясын індете зерттеп, қазақтың кеберсіген таңдайын жібітіп, рухани шөлін басқан көзі тірі ғұлама Мұхтар Мағауин еді ғой. Көкеңді қалай танымай қалғансың?
Міне, солай, жалғыз Бекболат Тілеухан ғана емес, кім болса да, алдымен өзіне дейінгі белгілі бір дәстүрдің жемісі болып есептеледі. Жер астынан жік жарып шығатын ешкім жоқ. Ал жоқтан бар жасау – тек Жаратушы жалғызға ғана тән. Өйткені толайым тақырға дән өспейді ғой. Солай, Бекем сал, қай қиырда жүрсең де, аман жүргейсің! Мұнымды тасадан тас ататын қастың сөзі емес, шыжғырып басатын достың лебізі деп қабылдағайсың.

Берік ЖҮСІПОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір