«ӘЙ, ХАН! МЕН АЙТПАСАМ, БІЛМЕЙСІҢНЕН» ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНЕ ДЕЙІН
03.07.2023
2481
0

Еуропа жұртында баспа станогы XIV ғасырдың соңында пайда болып, алғашқы газет XVI ғасырда жарық көргені айтылады. Әрине, ол дүниелер өркениетті қоғамның нышандары болғанымен, демокра­тияның жаршысы емес еді. Егер сол дәуірде біздің талайымызға да газет шығару бұйырса, ашынғаннан ащы дауысы шыққан жыраулары­мыздың «Әй, Хан! Мен айтпасам білмейсің…» деген жолдары газеттің бас тақырыбы болып тұрар ма еді, кім білсін?..

Әупірімдеп XIX ғасыр соңында «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаяты» газеті тасқа басылыпты, оған да шүкір. Кейін бұл басылымдардың қатарын «Қазақстан», «Қазақ» газеттері, «Айқап» журналы толықтырды. Деректерден 1913 жылдары қазақ баспасөзінің саны 11-ге жеткенін көреміз. Қызыл үкімет орнап, идеологияның көрігі қызған шақтағы қазақ баспасөзінің жайы жалпақ жұртқа мағлұм. 1975 жылдары Қазақстанда республикалық, облыс-аймақ, аудандық газеттер саны 407-ге жеткені айтылады.
Бір ғасырдан астам уақытты қамтитын қазақ баспасөзінде қай басылымның «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болғаны бүгін – Тәуелсіздік алған осынау жылдары айтылып, жазылып та жүр. Соның бірі, бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлының ұйымдастыруымен 1913 жылы жарық көре бастаған «Қазақ» газеті еді. Жыл басталғалы тарихи басылымның 110 жылдық мерейтойы аталып келеді. 
БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында Алматыдағы Достық үйінде «Қазақ Медиа Ассоциациясының» ұйымдастыруымен «Қазақ» газеті және ұлттық баспасөз» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға тарихшы ғалымдар, журналистер қатысты. Дөңгелек үстелді «Қазақ Медиа Ассоциациясы» жетекшісі Өміржан Әбдіхалық жүргізді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткен жиында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Думан Анаш Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтау лебізін жеткізді. Құттықтауда «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген 2 ақпанды «Ұлттық баспасөз күні» деп атау туралы бастама көтерілгені айтылған.

Отандық БАҚ-тың кешесі мен бүгіні, беталысы талқыланған отырыста тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова «Қазақ» газеті жарық көрген тарихи дәуірге тоқталып, басылымның ел өміріндегі маңызын атады. «ХХ ғасырдың басында журналистиканың шоғыры биік басылымы «Қазақ» газетінің маңыздылығы сонда, біріншіден, бейресми, үкіметтің әкімшілдік, әміршілдігінен ада болды. Дегенмен газетті үнемі бақылауда ұстады. Екіншіден, басылым қазақтың зиялы қауымын, бас көтерер азаматтарын біріктіріп, жұмылдыра білді. Үшіншіден, ұлттық мүдде жолында қызмет еткен, халықтың мұң-мұқтажын көтере білді. «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдар аралығында 266 нөмірі жарық көрді. Соңғы нөмірі «Құжаттану және архив ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығынан» табылып, академик М. Қойгелдиев пен шығыстанушы Полтөре Ықтияр толық мәтінін түсіріп, ғылыми айналымға енгізді. Газеттің шығуына бар күшін салған Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың жан жарасына айналған жер, дін, тіл, оқу және ұлт мәселесін көтерді. Ұлт азаматтарын ашық ой-пікірге шақырды. Демек, «Қазақ» газеті ұлттың тәуелсіздігіне жол сілтеуші, бағыт беруші… Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетін бес жыл бойы шығарған Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойына орай жариялаған өмірбаяндық очеркінде басылым жарық көрген жылдары елдегі әлеуметтік, саяси жағдайды сынға алғаны үшін бірнеше рет патша әкімшілігі тарапынан салынған айыппұлдарды төлеуге мәжбүр болғанын жазады. Осыдан кейін «Қазақ» газеті патша әкімшілігінің қатаң бақылауына ілігіп, әрбір жарияланған мақала жіті тексеруден өтті. 1918 жылы ұлтшыл бағытты ұстанған басылым ақыры жабылып тынды», – деді ғалым Светлана Смағұлова.
Белгілі журналист Серік Жанболат ақпараттық соғыс өршіп тұрған кезеңдегі қазақ баспасөзінің жай-күйіне тоқталды. Осындай кезеңде ақпараттық саясатқа көңіл бөліп, отандық БАҚ-тың әлеуетін арттырудың маңызын атады. Қазақ газеттерінің өркендеуіне емес, керісінше, аяғына тұсау болатын, атап айтқанда «Қазпошта» банктермен бәсекеге түсіп, бәсі озып бара жатқан шетелдік ақпараттық акциялардың үлесін кеміту керегін еске салды.
«Dalanews.kz»-тің бас редакторы Думан Бықай әлемге әйгілі басылмдардың әлеуметтік желіде миллиондаған жазылушысы бар екенін, қазақ баспасөзі де сол мүмкіндіктерді қарастыру керегін айтты. Сондай-ақ мерзімді баспасөзді тарату, жеткізудің шет елдегідей озық үлгілерін пайдалану керегін еске салды. Басылымдар мемлекетпен жұмыс істеу, оқырманмен байланыс орнату және нарықтан табыс табу сынды қағидалармен әрекет етуге тиіс екенін алға тартты.
«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп: «Бәрі қаржылық жағдайға байланысты. Газет таралымынан, жарнамадан түсетін ақша өзін ақтаса, сол кезде ғана газет толық тәуелсіз болады. Өкінішке қарай, қазіргі қазақ газеттерінің жағдайы олай емес. Қазіргі газет архив үшін ғана керек секілді болып қалды. Сараптама, зерттеу жүргізумен айналысатын басылым жоқтың қасы. Ең алдымен, таралым, ақша табу мәселесін қарастыру керек», – деп бүгінгі тиражы күнен күнге азайып бара жатқан қазақ басылымдарының жағдайын айтты. «Алатау ақпарат» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы ақпараттық қауіпсіздік, дәстүрді медиа мен жаңа медиалардың маңызына тоқталды. «Ақпараттық кеңістікті қорғауымыз керек. Адамның ақыл-ойын басқару баяғыда басталып кеткен. Бұл өте қауіпті. Дәл қазір заманға сай ақпараттық стратегия қажет. Көптеген басылым сыртын ғана өзгертеді. Мәселе – мазмұнында. Сапалы, өлмейтін, мәнін жоғалтпайтын дүние жариялануы тиіс. Дәстүрлі медиа мен жаңа медианы бір-біріне қарсы қоймай, үйлестіру қажет. Сол кезде біздегі сапалы контентті әлеуметтік желі алып, тарататын болады», – деді ол.
Жиынға қатысқан басқа да журналист, медиа мамандары «Қазақ» газетінен бастап, бүгінгі тәуелсіз елдің ақпарат саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерді атады. Қолтелефоны қолынан түспейтін бүгінгі адамның сұранысына сай сапалы контенттер жасаудың маңызына тоқталды. «Қазақ» газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы «Қазақ» газетінің 1916, 1917, 1918 жылдары кітап болып шықпаған нөмірлерінің алдағы уақытта тұтас жинақ болып шығатыны туралы хабарды жеткізді.

Өз тілшімізден

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір