БАЙҚОҢЫРДАН ДЮНАҒА ДЕЙІН…
23.12.2023
386
0

(Қазіргі қазақ оқырманы және sci-fi) 

Қарғыс атқан Атрейлер тұқымы… Агамемнон өз ажалын әйелі Клитемнестраның қолынан табады. Клитемнестраның өлімі баласы Орест­тің қолын былғайды. Анасын өлтіру арқылы ғана орындалатын тағдыр; Орест­тің тағы – анасының өліміне тең еді.
Жоғарыда еске оралып отырған Орест туралы ежелгі грек аңызы Эсхил, Софокл, Еврипидтің трагедияларына арқау болғанын білеміз. Уақыт өте келе қазіргі әлем әдебиетінің, оның ішінде батыс өнерінің беталысына бастау берген грек трагедияларының ішінде Орест­тің тағдыры ерекше өріле бастағанын жиірек байқайтын болдық. Антикалық дәуір әдебиетінен бастап, Рим ойшылдарының еңбектерінде (Сенека, Вергилий, Цицерон), орта ғасыр мәдениетінде (Данте Алигьери), Ренессанс дәуірінде (Шекспир, Жан Расин, Гёте), ХІХ ғасырда (Александр Дюма), ХХ ғасырда (Р.Штраус, Юджин О’Нил, Жан-Поль Сартр) Орест­тің тағдыры талай ой елегінен өтіп, әр дәуірде өзінше талданып, әр заманның сауалына өзінше жауабын тарқатып келеді. Неміс ойшылы Гегельдің пайымдауынша, «Орестея» – адамзат­тың мәңгілік трагедиясы; адам рухындағы дуалистік (екіұдай) табиғат­тың бейнесі. Жалпы, екіұдайлық болмыстың тереңі түрлі географиядағы аңыз-әпсаналардан бастап, көркем шығармалардың ең үздіктеріне арқау болғаны һәм әлі де өзекті тақырыптардың бірі екені рас. Және осы тақырыптағы салмағы ауыр дүниелердің бірі заманымызға дөп келгені туралы біраз ой тарқатсақ деп едік…

 Орестеяның әлем әдебиетіндегі түрленуінде фабусымен ерекшеленіп, ғылыми фантастика жанрын биік шыңға шығарған Френк Герберт­тің «Dune» эпопеясы 1963-1965 жылдары жарыққа шықты. Араға 60 жыл салып бұл шығарма алғаш рет «Құмбел» атауымен қазақша сөйледі (Қазақша 100 бестселлер сериясы/ «Мазмұндама» баспасы). Қазіргі қазақ әдебиетіндегі маңызды салаларының бірі көркем аударма екенін есепке ала отырып, екінші жағынан бүгінгі жас оқырманның талғам-талабына назар салсақ, бұл оқиғаның әдеби процесс үшін қосқан салмағын сезіне білуіміз шарт. Сонымен, «Құмбел» романының қазақ оқырманына, қазақ әдебиетіне берері не? Бұл шығарманың қазақша сөйлеуі қаншалықты маңызды екенін болжап, біле аламыз ба?
«Құмбел» («Dune») – әлем әдебиетінің классикасы, қазіргі таңға дейін ғылыми фантастика жанрында жазылған ең үздік шығармалардың бірі. Бұл романның өз дәуірінің тамырын дәл басқан тақырыпты ашқанын һәм келешекке бағыт­талған нарратив ретінде «құбылмалы» мәтінге айналып келе жатқанын көңілі ояу оқырман бірден байқаса керек. Яғни «Құмбел» – бүгіннің һәм ертеңнің романы. Ғылыми фантастиканың жұмсартылған фабуласы, яғни жанр канондарынан бұрын әлеумет­тік, мәдени, психо­логиялық және философиялық тақырыптар төңірегінде тереңдікке барған мәтін де – осы. Автордың прозалық кеңістігінде жанрдың көркем әдістерін «калейдоскопқа» салып, антикалық трагедияға сілтейтін аллюзиялардың аққан жұлдыздай жалт беруі мәтіннің қуатын арт­тырып отыр. Жоғарыда атап өткен Орест туралы аңызды да естен шығармаңыз…
Романның сюжетіне қысқаша шолу жасап, тұжырымдамаларымызды дәйектей түскеніміз жөн болар. Шығарманың көркем кеңістігі бізге әлі де ұзақ көрінетін болашақтың қияли бейнесіне негізделіп жаратылған: адамзат – ғарыш империясының құзырында. Табиғаты сарқыла бастаған планеталардың басына отарлаушы отбасылар келіп билік құрады. Басты кейіпкер Пол Атрейдес сондай феодал отбасыларының бірінде жалғыз мұрагер еді. Оқиға Атрейдестердің жаңа планетаға қонып, таққа отыруынан басталады. Алайда роман мазмұнындағы мұндай саяси ауысулар, әрине бас империя үшін ұтымды бір ойынға бағыт­талғаны анық сезіледі. Арракис, екінші атауы – Құмбел – ғаламшардағы ең құмды планета. Оның геосаяси құндылығын арт­тырып тұрған «меланж» – құм арасында жасырынған байлық. Меланж кітапта дәмдеуіштердің бір түрі ретінде сипат­талады, шындығында, оның күші планеталар арасындағы навигацияға қорек бола алатындай бағасыз дүниемен тең. Дәмі даршынға келетін меланжды адам баласы да қорек ете алады екен-міс (оқырман үшін меланж жерасты пайдалы қазбаларына, нақтырақ айт­қанда, мұнайға сілтеме жасайтыны сезілер, мүмкін). Яғни меланж – галактика империясының көздеп отырған басты байлығы. Арракиске жаңа қожайын болып келген Атрейдестерден бұрын жергілікті халықты қанап, планетаны тоздырып, жауыз атанған Харконнендер әулеті биліктен оңайлықпен бас тартпайды. Империяның көздегені де осы еді: екі ықпалды әулет­ті бір-бірімен шағыстырып, планетаға тікелей билік құру. Осы тұста Герцог Лето Атрейдестің жеке дәрігері сатқындық жасап, барон Виктор Харконнер мемлекет­тік төңкерістен кейін билікті қайта басып алады. Әкесі өлтірілген жас мұрагер Пол Атрейдес анасымен бірге қашып құтылады. Ендігі оқиға баланың күш жинап, кек алу үшін қайтып келетіні туралы ұзақ та қызықты баяндаумен жалғасады… Алайда сюжет осындай ғана қарапайымдылықпен шектелсе, тілге тиек етіп отырған шығарманың бағын ашуға аздық етер еді. Бұл оқиға Пол Атрейдестің кек қайтару, әділет­тілікті орнату турасындағы арманымен басталып, отарлаушы бейнесіне дейін өседі. Ф.Герберт басты кейіпкерді сондай шынайы етіп бейнелейді. Оны кез келген адамды баурап алатындай мінезбен көркемдеп, соңында билікке келген Полдың адами болмысы екіге айырылмасқа болмайтынына иландырады. Көркем ойдың философиясы тартымды сюжетімен баурап, соңында адамды дилеммаларға толы ойлармен шынжырлап, екіұдай сауалдар арасында қамап тастайды. Орест­тің тағдыры… Адамның тағдыры…
Құмбел поэтикасының тағы бір тақырыптық жеңісі – экология мәселесі. Жерасты қазбасына талас, су тапшылығы, тоқыраған планеталар, шаршап-шалдыққан халық… Қанша жерден ғылыми фантастика фабуласына оранып, түрленсе де, кітаптағы осындай бейнелер жүрегіміздің түбіндегі бір қорқынышты қозғайтыны бар. Өрт шалған ормандарды уақтылы өшіре алмай, уақытпен бірге тартылып бара жатқан қарт Аралды Арракистің құмбелінен мен де көргендей болдым…
Романның кейіпкерлер жүйесінің түртіп қалса, төгіле түсетін тұстары көп. Мәселен, матриархат кланында тәрбиеленіп өскен Джессика – Пол Атрейдестің анасы болашақ императорды тәрбиелейтінін анық сезеді, біледі. Галактикадағы өзінің миссиясын салқынқандылықпен орындайтын Джессиканың ұлы күші һәм әлсіздігі – махаббат. Жалпы, империяның көлеңкесінде жүріп, билікке зор ықпалын тигізіп отырған матриархалды топ ретінде бейнеленген әйелдердің тастай суықтығы, рационалды болмыстарының бізге үйреншікті мәдениетпен қайшы келуінде де бір тылсым бар. Романдағы мықты тұстардың бірі де осындай әйел образдарымен байланысты екеніне сенімдіміз.
Кітаптағы құмасты құбыжығы Құмбелден асып, осы күнге дейін жазылған фантастикалық шығармалардың талайына арқау болғанын білеміз. Ғасырлар бойы адамзат­тың қорқынышына айналған құбыжықты ауыздықтаған басты кейіпкер Пол Атрейдес алдымен өз оп­понент­терінің мысын қорқынышпен басады. «Түбіне жете алмаған дүниені басқара алмайсың» деген ой да кейіпкерге осы тұста келген еді… Шаи-хулуд – құмды дала құбыжығы, ғылыми фантастика жанрында культке айналған жылан бейнесі арабшадан аударғанда «мәңгі дүние», ал парсы тілінде «мәңгілік қожайыны» деген мағынаға келсе керек. Оны ауыздықтап, еркіне бағындырған басты кейіпкердің ішінде бір үміт­ті өлтіріп, екіншісіне жан берген сәтіндегі мың құбылатын екіұдайлық бейне – мәтіннің тағы бір кілті. Пол Атрейдестің бейнесі Ф.Ницшенің «Заратуштра осылай деді» кітабындағы Асқанадам концепциясына да оммаж келтіретінін содан байқауға болар. Жазушының көркемдік қуаты да осында: шығарманы қайта оқыған сайын бояулары қалыңдай түседі. Орест­тен бастап, Асқанадамға дейін стихиялық түрде дамыған ойлардың жемісінен туындаған «Құмбел» романы тоқсаныншы жылдары көп оқылған екен. Одан кейінгі дүмпу осы күндерге дөп келген тәрізді. Канадалық автор Дени Вильнёвтің экрандамуынан кейін қайта жаңғырған сюжет­тің қазіргі өмірімізді дәл кестелегеніне таңғалатынымыз бар. Уақытпен бірге құбылып, болашақты болжап, кейде оны басып озатын мәтіндердің табиғаты осындай болса керек (калейдоскоп әдісі).
Дюнаның қазақша тәржімасы кешігіп жетсе де бүгінгі уақыт­ты дөп басып үлгергені қуантады, әрине. Жер бетін ғарышпен жалғаған Байқоңырдың баурайында ғұмыр кешіп, Құмбелге қол созбау мүмкін емес-ті. Ғарыш тақырыбы қазақ әдебиетіне жат болмауы керек, қазақ оқырманына да. Протоннан отшашу тамашалайтын халықтың қиялын қиып тастаған тарихқа қарсы тұрамыз десек, әдебиет­тегі жаңа бағыт­тарға барынша қолдау көрсеткеніміз абзал болар… Сарыарқаның жазығы мен аспан арасын қиялмен байлап, Аралдың тұз аралас құмды іздерінен жоқ іздеу – ендігі қаламгерлерге аманат болсын. 

 

 

Ақерке асан,
әдебиет­танушы 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір