БІЗДІҢ МҰХАҢ
Толқын туралы
«Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» деп еді Мағжан. Осы сұңғыла сөздің аса бай палитрасы заманалар өткен соң осылай сыр ашып, ден қойғызады деп ойлаппыз ба?! Әдеби-мәдени кеңістікте кеңінен талқыға түсіп, дүмпу туғызып жатқан Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» кітабының «Ғұлама» атты беташар мақаласындағы толқын туралы өзгеше ой бітімі менің бойыма соншалықты серпіліс сазын құйып, басқа рухани өріске салып жіберді. Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакторы, академик, кезінде Димекеңнің өзіне: «Энциклопедия – құрмет тақтасы емес» дейтін Манаш Қозыбаев мақаланың бір тұсында былай дейді.
«Ғабаңмен алғаш 1969 жылы «Алматы» шипажайында таныстым.Енді ғана докторлық диссертациямды қорғаған кезім. Ғабаң құттықтап, қайырлы болсын айтты. Кейін жиі араласып тұрдық. Бір күні кешкілік Ғабаң үйге телефон шалып: «Манашжан, сен энциклопедияны басқарып отырсың ғой, маған мұхиттардағы, теңіздердегі толқынның жайы, оның пайда болуы, түрлері, әсер ету күші жайлы ғылыми еңбектер керек болып тұрғаны», – дегені. Ертесінде белгілі географ-маман Жолдасбек Адаевқа Ғабаңның өтінішін жеткізіп, екеулеп толқын туралы бір құшақ кітап жинап, Ғабаңа апардық. Өзі шешіле қоймаған соң біз неге екенін сұрамастан кетіп қалдық. Ертесінде Ғабаң тағы телефон шалып, үйіне шақырды. Түні бойы оқып шыққан болуы керек, көзі қызарыңқырап тұр екен.
– Манашжан, ағамызға не болған деп таңданып отырған боларсың. «Жат қолынданы» аяқтаған кезде мынадай бір қызық ой келді. Қоғам атаулыда болатын қозғалыс теңіз бетіндегі толқын сияқты екен. Абайдың «Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер» деуінде керемет философиялық мағына бар. Мына сен әкелген кітаптарды қарап, осыған тағы көз жеткізіп, қайран қалып отырмын. Қазақ қоғамының кейінгі бір ғасырдағы тарихын алып қарашы. Шоқан, Ыбырай, Абай – бір толқын, Ахмет, Міржақып, Мағжан – екінші толқын, «алыптар тобы» деп жүрген мына біздерің – үшінші толқын, осылай кете барады. Осыларға қозғау салған – отаршылдық қыспағы. Үлкен мұхиттарда да солай көрінеді. Дауыл толқын тудырады, ал толқын теңізді шайқайды. Қызық емес пе? Осы туралы философиялық негізде бірдеңе жазсам ба деймін, – деп Ғабаң өзінің даналығын тағы бір танытып өтті. Шындығында толқынды талай көріп жүрсек те оған мұндай мағына сыйғызу ойға келмеген екен. Ғабаң соны философ көзімен көре білді, бірақ ойындағысын жүзеге асыруға уақыты жетпеді», – деп аяқтаған еді Мәкең Ғабаңмен арада болған осы бір қызық оқиға туралы.
Ғабаңның осы бір таңсық тақырыптағы толғамын оқыған болсақ, бізге көп мәселенің жай-жапсары түсінікті болып қалар ма еді. Олай болмаған соң, біздегі бір ынтызар көңіл, білмекке құмарлық күшейе түсті. Егер классик бұл тосын тақырыпты жазып үлгерген болса, кісі бойындағы физикалық мүмкіндіктерді емес, тұмса табиғаттың бойындағы дүлей күшті адамның теңізден де терең жан дүниесімен астастырып ғажап ашып берген болар ма еді. Қай кезде де бір кесек туындыға кірісер алдында Дәулеткерейдің С.Рахманинов симфония деп бағалаған «Жігерін» ұзақ тыңдайтын ғазиз қаламгердің өзі де толқын туралы бір сөз симфониясын жазарына шүбә болмас еді, әрине.
Ойды ілгерілете түсу үшін септігі тиер ме екен деп айтайын. Ұлы Ғабеңнің көңіл сарайында әдебиеттегі дауыл шайқаған толқынның кейіпкер сомдауда символдық, образға оранған сәтін де бейнелеу бір сәтке жаңғырған болар-ау. Қадыр ақын соны сезіп қойғандай, Х.Ерғалиевтің «Құрманғазысын» Айвазовскийдің (Айвазян) «Тоғызыншы валына» теңегені Әбділда ақынның ашуына тигені де бар.
Ғабаңның «дауыл толқын тудырады, ал толқын теңізді шайқайды» деген бейнелі ойына иек артсақ, маринистер ұғымында теңіздің тілі делінетін толқынды әр кезең, уақыттың өзі тудырып, жарияға шығарып отыратыны және ақиқат. Сол секілді бүгінде сол толқыннан туған толқын, жетпістің ауылына ат басын бұрғандардың да толысқан кезеңі екенін еске түсіреді Ғабаңның ғақлиясы. Бұл енді әрісін айтпағанда кешегі кер заман кезеңдерден ақыл-айласын асырып, арыстандай арпалысқан «алыптар тобының» емес, тәңірінің өзі тарту еткен «мүмкіндіктер кезеңі» тудырған, қалыптастырған Тәуелсіздік толқындары. Бұл буынның да азды-көпті жетістігін, ерекшелігін екшеп, талдап, таразылауға да қоғамда өз қажеттілігі барын және жасыра алмайсың. Араларында әрі кетсе екі-үш жас айырмашылық бар буынның ел назарында жүрген саусақпен санарлық бірнеше бірегей өкілінің бағасын біліп, қадіріне жетудің бір жөні де, жолы да осы ғой деймін. Бұған ешкім де «тәйт» дей қоймас.
Сол «тәуелсіздік теңізінде» шайқалған тегеурінді толқынның бір ірі өкілі, жасынан жақсылардың жанында жүріп, ұлыларды ұлықтауды, Алашты ардақтау процесін ерте бастап кеткен ардақты азамат – Мұхтар Құл-Мұхаммед.

АҒАЛАР АКАДЕМИЯСЫ
Тәңірдің берген талант тәлейі, тектен берілген бекзат болмыс, ата-бабадан қалған даналық дәрісі, әке мектебі өз алдына, қай кезде де «алдыңғы толқын ағаларсыз» сөз бастамайды біздің Мұхаң. Оған меніңше, бас кітабы болып саналатын «Менің ағаларым» айқын айғақ.
Кей сұхбаттарда, жазбаларымда жиі қолданатын «университеттен кейінгі университет» деген бір сөзім бар. Біздің буынның басым бөлігінің оқыған жері ҚазМУ, оның ішінде тек қана қайраткерлер шығатын журналистика факультеті. Оның қабырғасында өткен көркем де кемел күндер, қайта тумас тәлімгерлердің дәрісі жөніндегі әңгіме бөлек. Кітаптағы Зейнолла Қабдолов туралы ән сөзіндей оқылатын «Шебер» эссесінде Мұхтар университеттің мазмұны мен мағынасы, оның дәлізі мен қабырғасына дейін сөйлетеді. Ал енді университеттен кейінгі университеттің орны тіптен басқа. Оқу орнында жақсы оқу, тәртіпті болу тәрізді мызғымас қағидаларды ұстансаңыз, бейресми ағалар университеті – өмірдің өзі. Жазу-сызудың кіл жүйріктері. Өмірі тұнған тартыс, тағылым, тәжірибе, абыз-аңыз. Кішілік пен кісілік, даналық пен даралық, мейірім мен ілтипат, ұят-аят, ар-ұждан, дегдарлық пен тектілік, үлкен мәдениет. Мұхтар осы ағалар акдемиясын да үздік бітірді. Мынаған қараңызшы, жетпісінші жылдары қазақтың ғылымы, өнері саласындағы үш құбылыс ұлт рухын дүр сілкіндірді. Ол – «Қыз Жібек» көркем фильмі, «Дос-Мұқасан» (орыс әндерін айтудан саналы түрде бас тартқан) вокальді-аспапты ансамблі және Қазақ Совет Энциклопедиясы. Мұхтар университетті бітіре сала Ұлттық Ғылым академиясының бір құрылымы болып саналатын ғылыми-зерттеу институты мәртебесі қоса берілген сол Қазақ Совет Энциклопедиясына қызметке тұрды. «Адам мен адамды теңестіретін білім» деп М.Әуезов айтқандай, бұл мекеменің өзгеден өзгешелігі де білім мен білім теңесетін жер. Білім демекші, аяулы ұстазым Ақаң – Ақселеу Сейдімбек есіме түсіп отыр. Мектептегі ұстазым, Ақаңның курстасы, ғажап эрудит Пернебай Дүйсенбиннің бірде Ақаңның студент кезінде, одан бертінде де жазуға аса ден қоймай, тек қана ілім-білім жиғанын, тіпті Гумилевтің өзімен кездесуге әлденеше рет талпыныс жасағанын, Әлкей Марғұлан сынды сұңғылалармен емін-еркін сөйлесе беретіндей жағдайда болғанын жиі әңгімелеуші еді. Газет жұмысында өмірі науқандық мақала жазбаған адам. Студент кезінде Мұхтардың бойынан да осы қасиеттерді көп байқаушы едім. Қайсыбір жылы, жаңылмасам, 1979 жылы болар деймін, немістер автономия сұрап, бүлік жасап жатқаны есімде. Қостанайға кетіп барамын. Целиноградта бір күн тұрып қалдық. Қостанайдың «Коммунизм таңы» атты облыстық газетіне үш жігіт (М.Құл-Мұхаммед, Қ.Олжай және мен) өндірістік тәжірибеден өтуге келдік. Үшеумізді бірден штатқа алды. Ашқұрсақ студентпіз. Бұрқыратып жазамыз. Жалақыға, қаламақыға жарыдық та қалдық. Мұхтар да жазады. Бірақ таңдап, талғап жазады. «Мен өзі алда жазатын дүниелерімнің бас-аяғын түгел көргеннен кейін жазамын» деген бертінде айтқан сөзіне деген ұстанымынан сол кезде-ақ хабардар болғанбыз. Ақаң тәрізді науқандық тақырыптарға жолай бермейтін. Тек тапсырма ретінде орындап, сипай қамшылайтын. Осы қасиетін өзгеден бұрын байқаған газеттің бөлім меңгерушісі, сондай бір сұңғақ, сымбатты кісі Сәлім Меңдібаев: «Мынау бір алысқа баратын бала ғой», – дегені де есіме түсіп отыр. Сәлім көкем сәуегей екен, Мұхтардың өндірдей кезінде энциклопедиядан басталған жолы көп ұзамай Алаш жолына ұласты.
«МЕНІҢ АҒАЛАРЫМ» ҚАНДАЙ КІТАП?
Бұдан бұрын алғашқы сүйінші сөзімде айтқандай, мынау оқырманның өзі жазушыға айналған заманда жақсы бір кітап оқудың өзі зор олжа. Жақсы кітаппен де өмір сүруге болады. Қалтай аға «жақсы кітап оқысам, надандығымның бір бетін ашамын» деуші еді. Бірін-бірі толықтырып отырмаса, тұлға тұлға болар ма?! Асқар Сүлейменовтің: «Жақсы кітап – ұяттың антологиясы» дегені де бар. Осыдан соң «Менің ағаларым» да ағалардың ақыл-ой антологиясы демеске әддің бар ма!?
«Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды». «Аға тұрып, іні сөйлегеннен без» деп жатады. Демек, ағаның орны қашан да бөлек болған. Халқымыздың үлкен бағасының бірі де бірегейі – аға атану. Бұл – кез келген ресми атақтан жоғары, халықтың сүйіспеншілігімен сәулеленген ардақты атақ, таудай титул. Бұл өзі бұған дейін де, Абайға аға деп еркелеп, аға деп жүгінген заманнан бергі тақырып. Қ.Жұмалиевтің «Жайсаң жандарын», Ә.Тәжібаевтың «Есімдегілерін», Қ.Жандарбековтің «Көргендерім мен көңілдегілерін», С.Шаймерденовтің Мемлекеттік сыйлық алған «Ағалардың алақанын», О.Бөкеевтің «Ағасын» т.т оқып өстік. «Менің ағаларым» – заманында кең көсілуге мүмкіндігі шектеулі болған сол туындылардың жаңғырған, жаңартылған, кемелденген нәзира нұсқасы. «Менің ағаларым» – тұнып тұрған тағылым, таным, тартымдылық, дегдарлық, тұтас бір кезеңдердің картинасын кестелеген панорамалық алып полотно. Парасат полотносы. Бұл – ағаларды ғана емес, Алашты аялау, ардақтау. «Менің ағаларым» сериясымен жазылған алғашқы «Академик Қозыбаев», кейіннен «Ғұлама» деп толықтырылған эссесінде автор: «Кейін жақын араласа келе байқадым, оның өмірінің дені аңыз-әңгімелердегі дегдар жандардың тағдырына ұқсас екен» дейді. Расында мұндағы кейіпкерлердің қай-қайсысының өміріне ден қойсаңыз да осы ойдан бір елі ажырамайсыз.
Аңыздан шығып, аңызға кіріп бара жатқандай. Біз жылдар бойы тұлғасыз тарихты, бесжылдықтар тарихын оқып келдік. Бұл кітап тарихты тұлға арқылы тәпсірлеу. Елтану, қазақтанудың үздік үлгісі. Тағы бір артықшылығы – бұл жазбаның қай-қайсысы да уақыт ағымына қарай қайта қарауды қажетсінбейді. Әрбір дерек-дәйегі – қаққан шегедей, сол деректі ұстап тұрған сөздері – атқан жебедей. Кітаптың тұсаукесері кезінде автордың өзі атап көрсеткендей, сол күйінде жарық көріп отыр. Кітап болып жарық көргенге дейін түрлі басылымдарда жарияланған эсселерді студенттерге дәріс оқу барысында да пайдаланып жүрдік. Шіркін, режиссері табылса, осынау тұлғаның қай-қайсысы да ғажап сериалға кейіпкер болуға сұранып тұр ғой. Сценарист іздеп те жүрмейсіз.
Мұхаң «Шеберде» «Сонымен «Менің Әуезовім» қандай кітап?» деген сауал тастайды да, кітаптың жанрын жіліктеп, жаңғақша шағады. Ал «Менің ағаларым» қандай кітап? Мұнда да жанрдың бағы жанған. «Менің Әуезовімдегі» тәрізді мұнда да жанрлар мидай араласып кеткен. Жанр демекші, біз осы эссені қалай түсінеміз? Мұхаң жол-жөнекей оның да аражігін ашып кетеді. Эссе – ерке, еркін, жасампаз жанр. Жақсы эссе кісіні жақсы ән тыңдағандай тыңайтады. Әрісін айтпағанда, Андре Моруа заманынан қырық қатпарлы бұл жанр тәуелсіздіктен бермен қарай біздің топыраққа толық сіңісті болды десек, аса жаңылыса қоймаспыз. Осы тұрғыдан тәпсірлегенде, онда поэзия, прозаның, пәлсапаның да тілі қатар өріліп, симбиоздық сипатта көрініс беріп жатады. Бұл жағдайды «Шебер» атты эссесінде Моруаның: «Этот жанр гибрид… его характерная черта – интеллектуальная игра ума» деген тұжырымын «Менің Әуезовім» роман-эссесіне Қабдоловтың эпиграф етіп алғанын ұтқыр пайдаланған Мұхаң әр жазбасында жанрдың сан қырлы ерекшелігін іргелі ізденістер арқылы ғажап ашады. Айналып келгенде эссеңіздің есін шығарып жібереді. «Менің ағаларымның» рухи, эстетикалық қуатын арттыратын фактор – сөздің сазы, дауысы (М.Байғұтовтың «Дауыстың түсі» деген әңгімесін еске түсіріңіз). Лиризмі лүпілдеп, жібек желдей желпиді. «Мен тірі сөз жазамын ғой» деуші еді Дүкенбай Досжан. Тура солай. Сөздің өзін сөзбен суреттеу, сөздің сырын, сипатын ашуы сұрапыл. Кейіпкеріміздің бойындағы алуан қасиетті бағамдаған сайын, оның суреткерлік қырына да тәнті боласыз. Егер тілші-ғалымдар «Менің ағаларымның» тіліне талдау жасайтын болса, мол қазынаға да кезігеріне сөз жоқ. Ұшан-теңіз энциклопедиялық білім-білік, академиялық арна, пайым-парасат не істетпейді? Жылқы жайлы жазса жалын тарап отырып, тазы туралы толғаса тазалық пен тектен тамыр тартып, ал енді ағаларға келгенде ағыл-тегіл төгілетін, жалпы қай тақырыпқа түрен салса да шашасына шаң жұқтырмайтын сұлу сөздің сүлейі, ордалы ойдың оғланы. Кітап – тұтас бір дәуірдің демі. Ақиқат айтылған жерде өзіңді адам сезінесің. «Менің ағаларым» – ақиқат алаңы. Жазуында жасырып қалу, асырып айту атымен болмайтын, фальш дегенмен жаны қас біздің Мұхаңа қай кезде де бағдар жасауға, жүгінуге болады. Кейінгі 20 жыл мұғдарында әдеби-ғылыми айналымға ендірдім деп жүрген «Тұлғатану» атты жобамның аясында студенттерге дәріс оқу барысында осы ағалар ілімі туралы айтуға да көп құмбыл болып жүрмін. Егер менің қолымда болса, «Менің ағаларымды» жоғары оқу орындарының бағдарламасына қосымша оқулық ретінде енгізер едім.
«Зиялылар біріксе, қоғам зайырлана түседі» дейді абыз Әбіш. Демек, қоғамды біріктіретін, тобырлық, рулық санадан аластатып, ұлттық санаға көтеретін осындай кітаптар. Ел мойындаған тұлғалар.

АТА ЖОЛЫМЕН «АТАМҰРАҒА»
«Болар бала бесігінде бұлқынады, тұлпар болар құлын желіде жұлқынады» деген ата сөзі бар. Осы сөздің сыры да тарихтың тағы бір тереңіне тартады.
«Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Қашан да рушылдығы емес, рухшылдығы, ағашылдығы емес, алашшылдығы айқын Абрарұлы да есте жоқ ескі заманнан есіп сөйлеп, отбасы тарихын отан тарихымен тамырластықта таратады. Өз тегін, ел тарихын, түп-тұқиянын терең білген адамның толыққанды адам яғни тұлға ретінде қалыптасуы қалыпты жүреді. Бұл тарих – отаншылдық, мемлекетшілдік түсініктің тұнық тұмасы. Осы түсінік ел ағалары туралы толғанысында да басым сипат береді. Мәселен, Шота Уәлиханов туралы «Ханзада» атты эссесінде әріге бармай Шыңғыс төреден бері тартқанда мені екі кейіпкер алабөтен қызықтырды. Оның бірі – Шоқанның өзі қолымен жетелеп жүріп жетілдірген зағип, мылқау інісі Мақы. «Қазақ» газеті (16.06.1916) ол қайтқанда «Бұл кісінің өнер-білімі мылқау адам түгіл, тілі бар адамда жоқ еді…» деп қазанама берді. Расында сан қырлы, тағдырлы адам. Дені сау болғанда не істер еді деп ойлайсың. Ендігі кейіпкер – Шоқанның тағы бір інісі Қозыке (Сақыпкерей). Әнші, композитор. «Абай жолында» айтылатын әйгілі «Топайкөктің» авторы. Бұл әнді атақты «әнді ерттеп, күй мінген» Жарылғапберді Қозыкенің өзінен үйреніп айтқан екен. Мұхаңның кәсіби тарихшы ретіндегі ғылымға адалдығы өз алдына, ол қандай кейіпкерін зерттесе де оның ата-баба шежіресінен осындай таңғажайып тағдырлар тауып отырады және сол тағдырды зерттейді. Бұл кейде тарихты хронологиялық тәсілмен айтып шығатын айтарман мен жазармандардың қаперінде жүретін де жай.
Мұхтардың ағалар академиясына дейінгі өткен даярлық, яғни далалық даналық курсына бойлағанда тұла бойың шымырлап отырады, бір кәусарға кезіккендей күй кешесің. Бұл курстың тәлімгері – дала профессоры Абрар Әкетайұлы, тыңдаушы, бала шәкірт – Мұхтар. Шерлі, шешен шежіре, даналық дариясы. Сол дарияның жағасында өскен бала көз алдыңда отырады. Ол үшін «Асылзада» эссе-хамсасындағы (мен жанрын осылай атадым) тарихты көктей шолып та көп жайға қанығасыз.
Тегінде бар тегін болсын ба, Құлмұханбет бабасының айналасының өзі кіл жақсы мен жайсаң, қаймақтар мен қаспақтар, аты аңызға айналған адамдар. Соның бірі өзінен 20 жастай кіші аталас інісі Жүсіпбек Шайхысламұлын көкірегі ояу қазақтың бәрі білсе керек. Құлмұханбет Алтай, Тарбағатай қазақтарының арасында абыз деңгейіне көтерілген, бір өзі бір қазына, ағартушы болған адам. Оның кеңесімен Жүсіпбек шығыс шайырларының дәстүріне сай дастандар жазып, оны сол кездегі руханияттың ірі орталықтары Уфа, Ташкент, Қазанда басып шығарады. Ол ол ма, «Қыз Жібек», «Алпамыс батыр», «Айман-Шолпан», «Кенесары-Наурызбай» т.б. жырларды ел аузынан жазып алып, бастырады. Ал енді осы санаттағы тағы бір бірегей «аққуға аспандағы әнін қосқан» атақты Әсет Найманбайұлы. Сондай-ақ «Тауарих хамсаның» авторы Құрбанғали Халидимен еркін араласып, кеңес құрған. Осының бәрін көкірегіне түйіп өскен Әкетай атасы мен асылзада әкесі Абрармен жалғасқан ілім-білім, ата жолы бүгінгі ұрпағының бойына ыстық қандай құйылып, жылы ағыстар алып келді.
«Кейде даладан іздеген даналық өз үйіңнің төрінде отырады» деген ұлы
Әуезовтің сөзі ендігі ойымыздың тынысын ашып бермек. Көңіл күйдің алуан сәтіне қарай кеудесі толған қазына, бір басына бірнеше өнер қонған Абрар ақсақалдың «Абай домбырасын» қолға алып ұзақ шертетіні бар екен. Күй тілінде көсем қағыс, түре тартыс, шешен шертістер деген болады. Ежелгі қисса, дастандар, ескінің әңгімесімен жалғасатын ұлы сарындар (күйде жанр болмайды, сарындар, ақжелеңдер, қосбасарлар, көкейкестілер, гөй- гөйлер болады) кісінің ойлау масштабын жан-жақты дамытуға келгенде таптырмайтын тәсіл. Мұхтардың жазуында кей тұста сөз бен саз үйлесіп, домбыраның шешен пернесіндей жолдардың кездесіп жатуы да бұдан кейін құпия болмай қалады. Сонсоң архаизмнің ауылына кетіп қалған ата сөздер де мол ұшырасып отырады. Бұл да болса кеудесі көне сөздік қарияның дала дәптерінен алынғаны анық. Бұдан соң ақсақалдың «Менің ағаларымдағы» тау тұлғалармен тең тұрып сөйлесіп, пікірлес, сырлас болуының сырын ашуға көп сөз жұмсаудың да қажеті бола қоймас. Ендігі жерде «бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деп жазған Рақымғалидың сөзіне тік тұрып қол соғу ғана қалды. Қысқасы, Мұхтар мырза университетке бастауыш сыныпта «Абай жолының» төрт кітабын, Мақаншының кітапханасын тауысып, даярлық-даналық курсын да өте жақсы бағамен бітіріп келді. Бұдан соңғы өмірдің бір сәті жадымызда былай жаңғырады.
«Өмірімде айрықша із қалдырған Қазақ энциклопедиясындағы берекелі жылдарды артқа тастап, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бар ғұмырын қалам мен кітапқа арнаған әз бабалардың ата кәсібін жалғастырып, кітап басумен айналысатын кәсіпкерлікке бет бұрдым», – дейді Мұхтар Абрарұлы «Асылзада» эссесінде.
Бұл – 1992 жыл. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағы. Жұрт күнкөрісті ғана ойлап, жабайы саудаға кіріскенде, ол тәуекелге барып, баяғы бабалар салған өркениет жолына түсті. «Атамұра» корпорациясын ашты. Онымен қоса көп ұзамай «Атамұра» – «Столичное обозрение» басылымы да жарық көрді. Ол тұста қазіргі қаптаған басылымдар жоқ. Әуелде таңсық көрінген аталмыш ақпарат құралдарының жұмысы бізді де қызықтырып, алдымыздан бір жаңа рухани кеңістік қақпасы ашылғандай болды. Осы күнгі Қайнар Олжай, сенатор, Ұлттық Құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай бар, оның жұмысына бір ынтызарлықпен қатысқанымыз есімде. «Атамұра» әп дегеннен қайраңдап қалған ұлт руханиятының тамырына қан құя бастады. Сол заман көзімен қарағанда, құдды бір руханият деген алып кемеге жүк артып қара жерді қарс айырып келе жатқандай еді. Шынында да белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, тағы басқалар үшін «Атамұра» үміт отын жағып, рухани шырақшыға айнала бастады. Соның ішінде өзінің төл саласы баспасөзге де бет бұрып, сол кездегі Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Камал Смайыловпен кеңесіп, корпорация Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков атындағы сыйлықтарды белгілеп, жыл сайын еліміздің таңдаулы журналистеріне беріп отыруды дәстүрге айналдырды. Соның бірі, Ә.Ермеков атындағы сыйлық мына пақырыңызға бұйырған еді.
Заманында Құлмұханбет бабасының ортаншы ұлы Сейдахметтің даңқын асырған кәсіпкерлікті Мұхаң осылайша сәтті жалғастырды. Қазіргі күнге дейін 1,5 миллионнан астам кітап басып шығарған «Атамұра» – сан-салалы іргелі кәсіпорын. Қысқасы, «Атамұра» ата баспаға, ұлт руханиятының тайқазанына айналды, бүгінгі тілмен айтқанда, заманауи үлгідегі баспалардың бренді. Оның бір дәлелі былтыр да жылдың үздік баспасы атанды. Талантты танып, терең туындыларды таңдап, талғап басатын баспа – қазақ қаламгерлерінің қамқоры. Бұл баспадан кітап шығару – үлкен мәртебе.
МИНИСТРДІҢ ТАПСЫРМАСЫ
Билікті бір құзар шың дейтін болсақ, оған әркім әрқалай жолмен барады. Бұл сол биікке төте емес, қия жолмен жетті. Мұндай жолдың ғұмыры қашан да ұзақ. Алайда сол жолға түскен адамның өзін жоғалтып алуы да аса қиын емес. Қызмет пен мансаптың буына мастанып, бойында барынан айырылып қалғандарды да білеміз. Бірақ біздің Мұхаң өзін жоғалтпады, бұл жықпылдан да абыроймен шықты. Солай, өзі айтқандай, үкімет тарап, министрлер отставкаға кетіп, ендігі жағдайын ойлап сарыуайымға салынып жатқанда сол баяғы бұлақ бастауы, жаз жайлауы, қыс қыстауы кітапханалардағы сирек кітаптар мен қолжазбалар бөліміне тартатын бұл әу бастағы басты ұстанымы – қызметті елге қызмет етуге пайдаланудан айнымады. Қызметтің уақытша екенін терең түйсінген ол сол кешегі бабалар салған сара соқпақ пен ағалар аманатына адал болуды бір сәтке естен шығармай сол жолда жанкешті жұмыс жасады. Жарайды, ойымызды дәлелмен дәргейлеп отырайық.
Студент кезден қалған дағды. Қай тұста танымал тұлға дәріс оқиды ия кездесу өткізеді десе, сабақты тастай қашатынбыз. Әлгіндегі өзін жоғалту деген желеу сөз және есте, бір күні ЖенПИ-де министр Мұхтар Құл-Мұхаммед лекция оқитын болды. Шоң шенеуніктің өзі жүргізетін жиналысқа қатыспай, Мұхтар достың дәрісіне тарттым. Дәрістің тақырыбы – Жолдау. Мұхаң Жолдаудың жеті емес, жетпіс жеті атасы туралы толғады.Сәлден соң Жолдау жайына қалып, студенттердің сауалына келгенде ағыл-тегіл ақтарылды. Тура бір Сүгір мен Жантөренің «Шалқымасындай» шалқыды. Айтпағым не?
Бізге қазіргі жасанды интеллектіге иек артқан тұста осындай жасампаз интеллект – министрлер көбірек керек. Олай бола бермеген соң, өткен тұлғаларға деген сағыныш арта береді. Ал солардың көзіндей, өзіндей қазіргі тұлғалар туралы айтуға онсыз да сараңбыз? Бар ғой ұлт жұмысына жегілген жігіттер. Жоғары оқу орындарында неге осындай дәрістер оқылмайды? Сонда жұрт өзін басқарып отырғандардың деңгейін де біліп отырар еді. Әр қиырды бір шолып, дүние данышпандарының пайымын бір түгендеп, одан өзіміздің тұлғаларға бір соғып, қаптаған дерек пен дәйектерді бір басына сыйдырып, құнарлы, қатпарлы осындай дәрістер оқылып жатса, қамкөңіл елдің аумалы-төкпелі көзқарасы да сабасына түспес пе еді?! Сол жолғы ЖенПИ-дегі дәріске көпшіліктің «жолдау туралы ғой, қызықты не айта қояр дейсің?» деген оймен келгені рас. Жоқ олай емес. Естен кетпес рухани сілкініс болды. Ал бүгінгі аудитория сондай әлеуеті аса жоғары интеллектуалдарды неге тыңдамайды? Жоқ бізге жансыз жасанды интеллект керек? Әлі күнге дейін ұмытылмайтын сол дәріс осындай ойға ден қойғызады.
Мына бір дерек еске түседі. Атақты поляк Затаевичтің қазақтың бес жүз ән-күйін жинағанын білесіз. Сол үшін оған «Қазақ ССР-нің халық артисі» атағы берілді. Совнарком Сейфуллин бұл кісіге үкіметтің қаулысын шығарып, арнайы қаржы бөлдірген. Бір Сәтбаевтың өзі 25 ән берген. Қысқасы бұл жұмысқа қазақ зиялыларының бәрі жұмылған. Осы үрдіс Мұхтардың тұсында қайта жаңғырып, ел өмірінде рухани құбылыс болды. «Қазақтың 1000 күйі», «Қазақтың 1000 әні» жарыққа шықты. Әні мен күйі түгел халық – ер-тұрманы түгенделген, рухы биік халық. Осынша күй, осынша ән тарихы терең халықта ғана болады.
Әлі есте. Ұлтымыздың рухани көшінің кемел, бекзат болмысын бедерлеуде бір емес, бірнеше кісідей өлшеусіз еңбек сіңірген ұстазымыз Ақселеу Сейдімбектің алты томдығының іле-шала жарық көруі осы бір рухани сабақтастықтың айтулы жалғасындай жаңалық еді. Алты томдықтың әрқайсысындағы бір энциклопедияның жүгін көтерген еңбектер Ақаңның өз қолымен түзіліп, жүйеленіп, түзетулер енгізіліп дайындалған екен. Тұсаукесердегі министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мына сөзі көп ойдың жосығын (ой жосығы – Ақаңның жиі қолданатын сөз тіркесі) аңғартып кетті.
Алты том дайын болған соң Ақаң маған: «Ал, Мұхтар, мына алты том дайын болды. Мен енді ғылымға бұдан кейін үлкен үлес қоса алам ба, жоқ па, белгісіз. Денсаулығым да сыр беріп жүр. Осы алты томды «Фолиант» баспасынан шығарсам деп едім. Соған қол ұшын берсең», – деген еді. Сонда мен: «Аға, алда мерейтойыңыз келе жатыр. Соның қарсаңында келесі жылы өзіңіз қалаған баспаңыздан шығарып береміз», – деп уәде еткен едім. Сол аманатты орындадым. Қыздың жиған жүгіндей әдемі безендірілуімен Ақаңның өз қолымен жіктеп, жүйелегені бойынша оқырманға жол тартқанына өзім қуаныштымын»
Аманатқа қиянат жүрмейді әрине. Алайда аманатты орындау қолыңда қанша билік болса да оңайға түспейді, кейбіреулердің өне бойы ойында жүріп, уақыты да жетпей қалуы мүмкін. Одан соңғысы бос әңгіме. Бұл – намыстың, кәтепті қара нардың ісі. Бұл жолда санасаң саусағың жетпейтін елі үшін барын берген ерлердің еңсесін тіктеп, талай марқасқалардың маңдайынан сипаған министр Мұхтардың орны бөлек.
Министр дегеннен шығады. Негізгі стихиям өнер мен мәдениет болған соңғы жерде осы саланың көрнекті өкілдерімен көп біліс, пікірлес те болдық. Атап айтқанда, Е.Жексембеков, Ә.Сығай, Ғ.Бибатырова, Д.Қасейінов… Соның бірі де бірегейі өнердің өз адамы Өзағаң – Өзбекәлі Жәнібеков. Бұл кісі мерзімді басылымдарды астын сызып оқитын және оны өзінің ең басты көмекші құралы, кеңесшісі санайтын. Бір мақала шыға қалса, бастықтарда шаруасы жоқ, автордың өзіне «бұл Жәнібеков қой» деп телефон шалатын. Маған оның дауысындағы сол бір таныс қырылды есту бақыты сан мәрте бұйырған болар. Өмірінің соңғы күндерінде төсек тартып жатса да қазақты түгендеп кетті. Сондай бір күні таңалакеуімнен телефондап: «Айналайын, мен министр болдым деймін, ал, өмірі азаппен өткен мына пақырды қалай білмегенмін, понимаешь», – деп қолыма тұңғыш кәсіби скрипкашымыздың бірі, өмірі тұтқында өткен Әйткеш Толғанбаев туралы еврейлер жазған кітапты ұстатты. «Тірі болса, осыны тауып жаз», – деді. Таптым. «Егеменге» «Қазақтың Паганині» деген эссе жаздым. Бұдан бұрынырақта Дәркембай Шоқпаров туралы «Торсық технологиясы» және жазылды. Бір күні қазақтың арқасында аты шыққан орыстілді бір бишінің қазақта би болмаған деп, онымен қоймай қазақтың атына айтқан ауыр сөздері «Времяда» жарияланды. Өзағаң тағы да телефондап: «Осы сендер ай қарап жүресіңдер ме?» – деп жер-жебірімізге жетті. Сөйтіп, оның да үнін өшірдік. Айта берсе ұзап кетеміз. Одан соңғы жүргізілген бірнеше сұхбаттар бір кітапқа жүк боп қалар-ау.
Шығармашылық адамын рухани туыстық табыстырады. Мұхтармен жылдар бойғы достық көңілдің көкжиегін кеңейтіп келе жатқан фактордың бірі – көркемдік кеңістігінде тоғысатын кеңесулер, пікірлесулер, ой-толғаныстар, тосын көзқарастар, таңсық тақырыптар. Сондай бір сәттер министр кезінде де кездесіп отырды. Әрине онымен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Білмейтіні, танымайтыны жоқ. Жатқан бір байтақ. Өзін де, өзгені де өсіреді, өрісін кеңейтеді. Кең көсіледі, терең толғайды. Өмірдің бар өткелінен өткен. Жаздың ортасы ғой деймін. Бірде тереңдеп кеткен әңгіменің бір тұсында артында жоқтаушысы жоқ, ұмыт қалып бара жатқан таңғажайып тағдыр иелері туралы айта қалдық. Ол теңдессіз тенор Аманкелді Сембинді қазіргілер біле бермейтінін, менің арагідік жазғанымды айтып, «Сен былай істе, «Егеменге» үлкен танымдық мақала жаз, үлкен сөз айт», – деді. Тапсырма орындалды. «Егеменде» «Сембин» (31.05.2005) атты көлемді эссем жарқ ете қалды. Оны іле-шала бірнеше республикалық, облыстық, қалалық басылымдар көшіріп басты. Тіпті оны оқыған Шерағаң «Нағыз Төлеген осы еді» деген ғажап пікір жазды («Бір кем дүние», 28-30 б.б).
Қисыны келіп тұрғанда айтайын. Баспасөздегі аға буын, орта буын, өз қатарластарының қаламгерлік қарымын, шығармашылық портретін жеріне жеткізіп жазуда әзірге Бауыржан Омарұлының алдына түскен ешкім жоқ. Бұл дағды бізді де маңайлап жүреді. Бір кітапқа пара-пар әріптестер туралы толғаныстар дайын тұр. Абзалы, өзгеден үйрене жүріп, өзің де үйренетін қасиетті ұстану. «Ақылы асып тұрғанды аға десең де жарасады» деп жатады. Қай кезде де қатарластарымның тапқырлығына, ұтқыр ұсынысына, озық ойына, жүйрік жазбаларына қуана отырып, өзгеге үлгі етіп те жүремін. Тіпті олардың кейде сәті түспей, иі қанбай жүрген тақырыптың жазылуына да әсер-ықпалы болады.
Бірде Салық Зимановтың Мұхтар бастаған шәкірттері, сенаторлар Үкімет басшысының атына депутаттық
сауал жолдады. Үкіметтің мерейтойлар тізімінде 100-ге келетін абыз-аңыздың аты жоқ. Мұхаң депутаттық сауалында осы мәселеге назар аударып, Қабдоловша айтқанда, «ұлттық признаниеге қарсылықты» дер кезінде жолға қойды. Атақты «Ақсарағаттың» авторы адами құндылықтың аса биік көрсеткіші Зимановты, ұстазы, Қаныш Сәтбаевтың шәкіртін осылай қорғады. Осы жағдай түрткі болып, көптен бері көңілімді күпті етіп жүретін тақырыпқа соқа салып, ғұлама туралы «Дария» деген эссе жаздым. Ол «Егеменде» жарияланды. Сөнген жұлдыздың жарығы миллион жылдарға жетеді. Жақсының жарығы деген осы. Бір нәрсе анық: мынау жақсылардың жағасынан алып тұратын заманда сол жақсылар туралы жазып қана жаның тазарып отырады. Бірақ олар, кез келген оқуы асқан еврейіңмен, басқаңмен білім теңестіретін Мұхтардай тұлғалар аз.
Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен шет мемлекеттердің архивіндегі қазақ тарихына қатысты деректерді зерттеу жұмыстарына түбегейлі бетбұрыс бастаған жаңа жоба қолға алынды. Шындығында бұл тақырыпқа сонау әлі тоталитаризмнің тоңы жібімей тұрған 90-жылдарда түрен салған тарихшының бірі де бірегейі М.Құл-Мұхаммед еді. Оның айқын айғағы – «Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежіресі» («Атамұра», 1994). «Тарихта орыстың қазақтан қорықпаған, қаймықпаған кезі жоқ» деп Ресейдің 8 жыл Мәдениет министрі болған, бүгінде Путиннің кеңесшісі, мәдениет тарихының ірі маманы Мединский айтқандай, Мұхаңның бұл еңбегіндегі тосын, тың деректер де көп жайға қанықтырып, ғылым үшін зор олжа болды. Байқаған боларсыз, біз оның өзімізге таныс та бейтаныс шығармашылығын көктей шолып өттік. Ал енді ғылымдағы жолын жарқыратып жазу үшін алдағы уақытта бір зерделі де зейінді зерттеушілердің білек сыбана кірісетініне де сенім мол. Мен үшін Қозыбаев пен Зимановтай ғұламалардың талғамынан шығып, оның сүйікті шәкірті болу дегеннің не екенінің сырын ашып жазу әлдеқайда қызықты.
***
«Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпы ұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді», – дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан туатын тобықтай тұжырым: танымал адамдардың бәріне тұлға деп қарауға болмайды. Әркім әрқалай жолмен танылады. Көшеде айқайлап жүргеннің бәрі қайраткер, тұлға емес. Өкінішке қарай, біздің өспей қалған сана, деңгей бұл ұғымға осылай да қарайды. Ал тұлғаның жөні бөлек. Бір сөздіктерде «Тұлға бағыт беруші, халықпен бірге жасайтын адам» делінеді. Демек, тұлға – алдымен елге қызмет етуші, аузы дуалы, сөзі уәлі адам, терең білім, биік парасат, үлкен мәдениеттің иесі. Гәп жүйеде емес, иеде. Елдің иесі де солар болуға керек.
Тұлға – қоғамның рухи термометрі. Ел жүрегінің лүпілі. Тұлға қандай болса, сенің қалыптасуың, мемлекеттің дамуы да сондай болады. Әу бастан мақтан мадаққа қарсы иммунитеті жойқын Мұхаңа қолпаштың түкке де керегі жоқ. Алайда халықтың ұлы, өнер-ғылымның құлы Құл-Мұхаммед сол құрметке әлдеқашан жеткен, ғылыми-әдеби жұртшылықтың сүйіспеншілігіне де қатар бөленіп келе жатқан, ашылмаған арал екенін де айту ләзім. Біз бүгін соған бір қадам жасадық. Ағаларымыз «Менің інілерім» деген кітап жазғанша, бұл толқын туралы тақырып жалғаса береді.
Қали СӘРСЕНБАЙ