«АЛАШ – БІЗДІҢ АТАМЫЗ»
Республикалық «Дәуір» баспасынан белгілі балалар ақыны, Халықаралық «Алаш», республикалық Кемел Тоқаев, Сайын Мұратбеков атындағы Әдеби сыйлықтардың иегері Арасанбай Естеннің осы аттас өлеңдер, жұмбақ-жаңылтпаштар, әпсаналар мен дастандар кітабы жарық көрді.
Мектеп оқушыларына арналған кітап жас ерекшеліктеріне қарай үйлестірілген төрт бөлімнен тұрады. «Балдырғандарға байғазы» атты бірінші бөлімге бастауыш сынып оқушыларына арналған көлемі шағын өлеңдер мен жұмбақ-жаңылтпаштар топтастырылса, «Тұлғалар рухына тағзым» бөліміне жоғары сынып оқушылары үшін ашық сабақ үлгісінде жазылған Алаш арыстарының қилы тағдырлары арқау болған. «Тарланбоздар тарихынан тағылым» атты үшінші бөлім, негізінен, тарихи-тілашар дастандар мен әпсаналардан тұрады. «Мектеп сахнасына» деген айдармен берілген соңғы бөлімді «Тар заман талқысында» қойылымы түйіндейді.
Педагогикалық әдіснама мен бала психологиясын жақсы білетін автор өлеңдерді барынша жатық әрі мазмұнға бай етіп бере білген.Кітаптағы туындылар «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиіп, бала көңіліне қона кетеді.
Автор жас ұрпақтың ынта-ықыласын төл тарихымызға бұрғызып, оларды ата-баба дәстүріне адалдыққа, ұлтын сүюге баулуды мақсат еткен.