БІЗДІҢ МӘКЕҢ

Қазақ университетінде оқып жүрген кезіміз. Жазғы каникул кездерінде Торғай облысының Жаңадала ауданындағы «Нахимов» кеңшарына ауылшаруашылық жұмыстарына барамыз. ҚазМУ-де сабақтан тыс уақыттарда комбайн жүргізуші мамандығын қоса оқып, куәлік алғанбыз. Енді кеңшар комбайнерлерінің көмекшісіміз. Комбайн жүргізуді әжептәуір меңгеріп, Қазақстан астығын жинауға өз үлесімізді қосып жүрміз. Осылайша, жыл сайын тың өлкесінің дәмі тартып, сол «Нахимов» кеңшарына үш-төрт рет бардық.
Алғашқы жылы бізді Торғайға бастап барған журналистика факультетінің доценті Марат Кәрібайұлы Барманқұлов еді. Жақсы кісі еді ғой, жарықтық. Көп оқыған, көп білетін, алды кең адам болатын.
Курстас досым Тілеуқабыл (Мыңжасаров) екеуміз таңсәріден тұрып, Есіл өзеніне дейін жүгіреміз. Сол жерде салқын сумен жуынып, бір рақаттанып қаламыз. Бір күні бізге Марат ағамыз да қосылды. Содан кете-кеткенше бізден қалмай, бірге жүгіретін болды. Өзімен бірге шағындау киноаппаратын ала келген екен. Ол кезде, әрине, қазіргідей бейнекамералар жоқ. Мәкең сол аппаратымен ара-тұра өзен бойын, астық алқаптарын бейнесуретке түсіріп алатын.
Бір күні таңертең асханаға барсақ, алдымызға келген тамақты татып алу мүмкін емес. Бұзылып кеткен еттен жасалған ба, әйтеуір, ешкім аузына да салмады. Асханада шу шықты. Аспаздар да берісер емес. Әне-міне дегенше кеңшардың директоры да келе қалғаны. Бірақ ол әділдікті жақтаудың орнына аспаздардың сөзін сөйлеп, тіпті бізге дөңайбат көрсете бастады. Анадай жерде Марат Барманқұлов тұр еді. Ол кісі ештеңе демеді. Біз улап-шулап, тамақтың бір түйірін аузымызға алмастан, орнымыздан тұрып кеттік. Сөйтсек, біз шығып кеткен бойда аппаратын алып келген Мәкең асхана үстеліндегі ешкім мұртын бұзбаған тағам салынған табақтарды киноаппаратына оңды-солды түсіреді ғой келіп. Кеңшар директоры мен қасындағылар істің насырға шабатынын байқап, дереу басқа ет алғызады да, қайта тамақ істетеді. Аспаздарға ұрсып, сөгеді. Әлден уақытта жатақхана бөлмелерінде жатқан бізді тамақ ішуге шақыртыпты. Сөйтіп, Мәкеңнің тапқырлығының арқасында кеңшар директорын осылай жеңіп едік.
* * *
Университет бітірушілер дипломдарын қорғап жатыр. Төрде комиссия. Басшысы сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сапар Байжанов. Қасында журналистика факультетінің бір топ оқытушылары. Үстел үстіне графин-графин қымыз қойылған. Сәл кешігіп келген П. деген оқытушымыз отыра бере екі-үш тостаған қымызды бірінен соң бірін сыңғытты. Соны байқап қалған декан Темірбек Қожекеев:
– Әй, П. қымызды текке сіміре бермей, мына диплом қорғаушыға сұрақ қойсаңшы, – деп бір іліп кетті.
Қолындағы жартылай ішілген тостағанын қоя салған П. ағамыз студентке жалма-жан аузына түскен бір сұрағын қойып жатыр…
* * *
Ортамызда жасы үлкендеу Н. деген курстасымыз болды. Диплом қорғау кезінде комиссия мүшелері сұрақтан сұрақ қойып, өзін қара терге түсірді. Әбден қинап, әлден уақытта зорға отырғызған.
Бір топ бітірушілер дипломдарын қорғап болған мезетте комиссия төрағасы:
– Қандай тілек, қандай сұрақтарың бар? – деп бізге қараған.
– Менің айтарым бар, – деп орнынан тұрды әлгі Н.
– Иә, айт, – деген комиссия мүшелері жапатармағай көздерін соған қадады.
– Мен… – аузы сөйлеуге зорға икемге келген Н. – мына жиналғандарға… комиссия атынан алғыс білдіргім келеді, – дегені.
Отырғандар аңтарылып Н-ға қарады.
– Комиссия атынан ешкімге алғыс айтуға қақыңыз жоқ, – деп іле-шала іліп әкетті Қожекеев.
Н-нің бастапқы сасқаны жайына қалған. Енді маңдайынан тері бұршақтап, өңі мүлде қарауытып кетіпті.
– Жо-оқ… мен комиссияға алғыс айтайын дегем…
– Ә, бәсе, сөйтіп жөніңе көш! – деп Темкең рақаттана кеңкілдеп бір күліп алды.
* * *
Ана бір жылдары қазақтың марқасқа әншілерінің бірі Жүсіпбек Елебеков дүние салғанда, топырақ салуға Кеңсайдағы зиратқа барғанымыз есімде. Марқұмның мәйітін қабірге түсірер алдында қаралы жиын өтті. Алғашқы сөз қазақ әдебиеті мен өнерінің ақсақалы Сапарғали Бегалинге берілді. Сапекең Жүсекеңнің отбасына, басқа да жақын-жуықтарына, өнердегі қатар жүрген достары мен ізін басқан шәкірттеріне көңіл айтып, ақсақалдық сөзін тамамдады. Содан соң сөз кезегі қазақтың тағы бір айтулы әншісі Ғарифолла Құрманғалиевке тиген. Ғарекең өнер майданында қасында қатар жүрген серігі Жүсекеңе деген қимас көңілі мен ыстық ықыласын білдіріп, қоштасар сөзін ақырында:
– Сау бол, Жүсеке, сау бол! – деп аяқтағаны.
Кім білсін, қапелімде «бақұл бол, қош бол» деген сөз аузына түспей қалды ма екен. Сол «сау бол» деген сөзден соң Жүсекеңнің артында қалған жесірі, келін-қыздары шулап жылап қоя берісті. Ол замандарда мәйітті жерлеген кезде зират басына әйелдер де бара беретін еді ғой.
Ыдырыс ағамен кездесу
Студенттік жылдар. ҚазМУ-дің оқу залдарында айтулы ақын-жазушылар, атақты әртістер, тағы басқа да өнер адамдарымен дидарласу кештері жиі өтіп тұратын. Бір күні М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрының майталмандары ерлі-зайыпты Ыдырыс Ноғайбаев және Фарида Шариповамен сондай қызықты кездесу болды.
Университеттің Масанчи көшесіндегі ғимаратының үлкен залында ине шаншар жер жоқ. Алматының түрлі жоғары оқу орындарының студенттері толып отыр. Сахна төріндегі үстелде Ыдырыс аға мен Фарида апамыз. Содан шарамыз басталып, алдымен сөз алған Ыдырыс Ноғайбаев шығармашылық жұмыстары жайында, әріптес достары туралы қызғылықты әңгімелер айтып тұрған. Содан соң сөз театрда ойнаған және ойнап жүрген рөлдері хақындағы әңгімеге
ойысты. «Еңлік-Кебек» спектакліндегі Есен рөлін сомдағанын айта келіп, сосын, былай дейтінім бар деп зор дауысымен:
«Еңлікжан, иесіз тауда неғып жүрсің?!.» – деп созып әкетті.
Зал сілтідей тынған, қаншама жүздеген көздер атақты әртістің аузына бағытталған.
«Еңлікжан, иесіз тауда неғып жүрсің?!.» – деп тағы қайталады.
Іле-шала «Еңлікжан, иесіз тауда неғып жүрсің?!.» – деді Ыдырыс аға. Зал аң-таң.
Ыдекең «Еңлікжан, иесіз тауда неғып жүрсің?!.» деп тағы бір қайталағанда залдың әр жерінен күлкі естіліп қалған. «Еңлікжан, иесіз тауда неғып жүрсің?!. Ар жағын айтып жібермеймісің, Фаридажан!» – деді содан соң. Зал ду күлді. Ыдырыс аға өзі де бір күліп алып, ұмытып қалған мәтінін Фарида апай есіне түсіріп жіберген бойда сөзін әрі қарай жалғап әкетті.
* * *
Кезінде он бес жылға жуық «Жазушы» баспасында редакторлық қызмет атқардым. Мен осы жұмысқа орналасқан кезімде баспаның директоры жан дүниесі барынша таза, аса сыпайы да, биязы азамат, тамаша аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев, ал бас редакторымыз бұрынғы майдангер, кейіннен шекарашы қызметін атқарған офицер ақын Есет Әукебаев ағамыз еді.
Ол уақытта «Жазушы» баспасы Қазақстан Жазушылар одағының бірінші қабатында орналасқан, екі қанатты тегіс алып жатқан үлкен мекеме болатын. Арада бір жыл өткен соң, барлық баспа атаулы Алматыдағы Гагарин мен Абай даңғылының қиылысына салынған алты қабатты ғимаратқа көшті. «Жазушының» үлесіне сол үйдің бесінші қабаты тиіпті. Сөйтіп, жапатармағай жаңа мекенге көшіп жатырмыз. Баспадағы бірнеше жас жігітке директордың кабинетіндегі заттарын шығарып, машинаға тиеу жұмысы тапсырылған. Ішінде мен де бармын. Поэзия редакциясында редакторлық қызмет атқаратын Бақыткерей Ысқақов та осында. Өзі денелі, қазандай басына қалың шашы бек жарасқан Бәкең жүрген жерде әзіл-күлкі қоса жүретін. Оған көбіне түрткі болатын Бақыткерейдің қызықты қылықтары еді. Сол уақыттарда біздің баспада қызмет істегендер оның анекдотқа бергісіз қызықтарын жыр қылып айтады. Жалпы, ақкөңіл, жан баласына зияны жоқ жақсы жігіт еді жарықтық.
Сөйтіп, директордың кабинетінде оны-мұнымен айналысып, күйбеңдеп жүрміз. Әбілмәжін ағамыздың өзі абажадай үстелін ақтарыстырып, ішіндегі қағаздарын реттеп отырған. Негізінен, бөлме ішінен алынатын заттар тегіс тысқа шығарылып болған кез еді. Кенет Бақыткерей кіре беріс есіктің қасында тұрған киім шкафын шалқасынан ашып тастап:
– Ой, мен жаңа бөрік тауып алдым, бөрік тауып алдым! – деп айқай салғаны.
Бәріміз де елең етіппіз. Үстелінің қасында қаннен қаперсіз қағаздарын жинастырып отырған Әбекең орнынан атып тұрып:
– Қане, қане? – деп есікке қарай ентелеп келе жатыр.
Бәкең жалт бұрылып, терезе жаққа тайып тұрды. Шкафқа жетіп барған директор сөреде тұрған өз бөркін көріп, қатты ыңғайсызданғаннан қып-қызыл болып кетіпті. Ішімізден күлкі қысып бара жатқанмен, біз де сыр бермеуге тырысып бақтық. Әне, біздің Бақыткерей сондай жігіт еді…
* * *
«Жазушы» баспасының көркем аударма редакциясындамын. Бастығымыз ақын Жапар Өмірбеков. Редакторлар – Сәкен Иманасов, Ақұштап Бақтыгереева, мен, Ермұрат Жармұхамбетов және аға редактор болып Нәбиден Әбутәлиев істеді. Нәкең – Атыраудың Махамбет ауданының тумасы. Арықша, ұзын бойлы, бұйраланып тұратын қара қоңыр шашын бұрқыратып артына тарап қояды. Өзі сөзшең, іс-қылықтары қызық кісі еді. Осы баспада жүріп батыр Махамбет жырау туралы «Қайран Нарын», «Өттің дүние» атты кітаптар жазып, бастырды. Әлгі шығармаларының негізінде жазған пьесасы М. Әуезов театрында қойылды. Режиссері – Әзірбайжан Мәмбетов. Аударма редакциясында жұмыс істей жүріп, Эрнест Хэмингуэйдің «Снега Килиманжаро» атты хикаяттар жинағын аударып шығарды. Қазақша атауын «Килиманжаро қары» деп алған екен, бірақ редакциялық кеңеске жиналған ақсақал тәржімандар «қар» деген сөздің екінші жаман мағынасы бар, сондықтан «Килиманжаро қарлы тау» деп атау керек деген пікірге ойысып, кітап солай аталып кетті. Әйткенмен әуе айналып жерге түсетін Африка құрылығында тіпті де қарлы тау болмайды ғой. Тек ұшар басында қар жататыны рас шығар. Оны ескерген ешкім жоқ. Жарайды, әңгіме онда емес.
Әлгі Нәбиден ағамыз – баспаның кәсіподақ комитетінің мүшесі. Содан кейде біреулерге тізесін батырып, қараптан-қарап өзіне жау тауып алатын кісі еді. Қысқасы, тұзы жеңілдеу, өзі алаңғасарлау адам болатын.
Бір күні Жазушылар одағының «Қаламгер» дәмханасында түстік ішіп отырдық. Дастарқан басында редакция қызметкерлері және бас редактордың орынбасары ақын Қайрат Жұмағалиев бар. Содан Нәкең бір әңгімесін бастасын.
– Осында, баспада істей жүріп көпке дейін Жазушылар одағының мүшелігіне өте алмадым, – деп бастады хикаясын, – әйтеуір, маған дегенде бәрі қырын келіп тұрады. Мүшелікке өтуге ұсынған құжаттарым қабылдау комиссиясынан кері қайтып оралады ылғи да. Содан үйдегі жеңгелеріңмен ақылдасып, кепілдеме алу үшін тура Бауыржан Момышұлының өзіне баруға ұйғардық. Күлекең (әйелін айтып отыр) ру жағынан Бәукеңе қарындас болып келеді. Содан беттің арын белбеуге түйіп, Бауыржан батырдың есігінің қоңырауын бастық. Пәтерге кірдік. Төргі бөлмеде қабағы сәл салыңқы батыр отыр екен. Келген шаруамды өзім айтуға батпай әрі алдын ала келісім бойынша Күлекең сөз бастады. Батырға менің Жазушылар одағына мүшелікке өте алмай жүргендіктен амалсыз келгенімізді, өзінің ру жағынан Бәукеңе қарындасы болып келетінін, бізге қол ұшын беріп, көмектесуін сұрайтынымызды, қысқасы, барлығын жырдай қылып айтып берді. Өзім аузыма су ұрттап алғандай ләм-мим деп тіл қатқан жоқпын.
– Ә, қарындасым екенсің ғой, – деді Бәукең ақырында, – бірақ мына ақымақты қайдан тауып жүрсің?
Күлекең:
– Осылай да осылай, тағдыр қосып, бірге тұрып жатырмыз, осынша балаларымыз бар, – деп тағы бастырмалатты.
Бәукең әрі қарай қазбалаған жоқ. Тек дайындап әкелген қағаздарымды сұрады. Алдын ала жазып, қырнап-жөндеп даярлап келген кепілдемені қолына ұстата қойдым. Батыр үстелге еңкейіп отырып, қолына қаламын алып, ойдақ-сойдақ ірі әріптермен бірдеңені жаза бастады.
– Мә, мынаны Әлімжановқа апарып бер! – деді.
Иіліп-бүгіліп, алғысымызды айтып, үйден шығып, былайырақ барған соң, оқысам, былай деп жазыпты:
«Товарищу А. Алимжанову. Если ты примешь его в Союз Писателей, одним дураков станет больше в СП. Бауыржан Момышұлы».
Дастарқан басында отырғандар еріксіз ду күлдік. Нәкең өзі де мәз-мейрам.
– Сонымен ақыры не болды? – деп сұрады біреу.
– Не болсын, кепілдемені Әлімжановқа апардым. Бәукеңнің бұрыштамасын оқыған ол да жатып кеп күлді. Әйткенмен келесі комиссия отырысында Одақ мүшелегіне өтіп кеттім.
– Ақыры қайырымен болған екен. Әйткенмен Нәке, сіз нағыз жестокий реалиссіз ғой, – дейді ақын Қайрат Жұмағалиев сылқ-сылқ күліп.
Заманбек Әбдешев