СЕН КЕТКЕЛІ БІЗДІҢ ҚАЛА – БЕЗБҮЙРЕК…
21.03.2024
407
1

Мөлдір АЙТБАЙ

Армандама

«Сағындым», – деп,
мұңайып хат жазыпсың,
Бар қатеңді мойындап ақталыпсың.
Ұмытушы ең мейрамда гүл беруді,
Алтын жүзік, жүз раушан, тәт­ті алыпсың.

Мен басқаның көңіліне көшіп алдым…
Сонша сыйды, қалқам-ау, несіне алдың?
Бұрынғыдай болмайды енді ештеңе,
Торығанмен сағат­тап есік алдын.

Мен сөзімде тұра алдым саған берген.
Кетіп едім: «Сенсіз бақ табам», – деумен.
Жер бетінде соңғы еркек емессің ғой,
Соғыс жақтан қан кешіп аман келген!

Суретімді ұнатып күліп тұрған,
Қайғы барын өзіңсің ұмыт­тырған.
Мен қазір де дәл солай бақыт­тымын,
Қоштасарда көзімді жұмып тұрғам.

Алдыңдағы арымды ақ қып өтем,
Ұстамаған өзіңсің бақты бекем.
Не деп жауап жазайын енді саған:
– Халің қалай?
Бармағың тәт­ті ме екен?!

Саған де­йін…

Саған де­йін болмағандай шын ғашық,
Сенен ке­йін көрмегендей сырласып,
Жалғыз адам кет­ті екен деп жыраққа
Кеткен несі жыр қашып?!

Саған де­йін күтпегендей көктемді,
Саған де­йін аспағандай өткелді,
Неге мендік кеңістігі қиялдың
Ақтөбемен шектелді?!

Саған де­йін ішпегендей дәмді асты,
Саған де­йін таппағандай жолдасты,
Неге саған тіреліп тұр дүнием,
Сүйгенімдей соңғы және алғашқы?!

Саған де­йін жанбағандай алауым,
Саған де­йін болмағандай қалауым,
Неге бәрі – бөтен және бейтаныс
Мынау ыстық қаланың?!

Саған де­йін сезбегендей сағыныш,
Саған де­йін келмегендей бақ-ырыс,
Сен кеткелі біздің қала – безбүйрек,
Жер сілкініс, жарылыс?!

Саған де­йін не істегенмін, не қылғам?
Сенен ке­йін табар ма екен өмір мән?
Әлем қайта қызыл-жасыл түске енсін,
Табылшы тез жанымнан!

Ақын

Ешкім сеніп міндет пен жүк артпайтын,
Мінез-құлқын еш пенде ұнатпайтын –
«Ақын» деген қауым бар, бәрі ғашық…
Жар етуге ешбірі құмартпайтын!

Жат оларға жүректен бұра таңдау.
Жоқ оларда жатсыну, ұната алмау!
Ақындардың еркегі – «сырақорлар»,
Ақындардың әйелі – «күнәһарлар»!

Ақын деген кім өзі, осы, айтыңдар?!
Көлге қарап көңілі босайтындар!
Қолы жетіп көрмеген махаббатқа
Дәті жетіп, ескерткіш қашайтындар!

Ақын деген – уақыт­тан озатындар,
Күз, көктемде арқасы қозатындар.
Миы жетіп көрмеген ғылымдарға
Тілі жетіп түсінік жазатындар!

Ақындар – сөзбен сарай салатындар.
Дәруін сұлулардан табатындар!
Сомы жетіп көрмеген сұм жалғанды
Сүйгеніне сый ете салатындар!

Ақын деген тылсымы мол ғалам бар!
Бақыт­ты емес, қаламын таңдағандар…
Жасы жетіп көрмеген ғасырларға
Даты жетіп өлеңін жолдағандар!

Ақындар – өз-өзімен алысқандар!
Төзімін сезім үшін тауысқандар.
Ақылды де­йін десем – біртүрлілеу…
Ақымақ де­йін десем – данышпандар!

Ақындар – дәуірлерден өте алғандар.
Жаңбырдың тамшысынан от алғандар.
Ең ұлы өкінішін өмірдегі
Ең ұлы поэзия ете алғандар!

Ақынның ғұмырында аз көктемдер.
Көңіліне өкпе мен наз бөккендер.
Құдайға өлеңімен құлшылық қып
Параққа қаламымен сәжде еткендер!

Жырынан жүрек біткен елжіреген
Ақынның туы биік желбіреген!
Ажалдың әлі келмес дүниенің
Авторы – Ақын
Аты – Мөлдір өлең!

Қиял

Аспанның күркірін түсінгім келеді.
Жай отын жадыма түсіргім келеді.
Ақ бұлт­ты жел айдап бара жатқанда,
Көз жасын үстіне ұшырғым келеді.

Аптапты жақыннан сезінгім келеді.
Шуаққа мас болып көз ілгім келеді.
Жұлдыздың біреуі жерге құласа,
Қағып ап аспанға тез ілгім келеді.

Ағаштың тамырын еріткім келеді.
Адамның қабірін кеңіткім келеді.
Жалғанның жан даусын
жым қылып бір сәт…
Теңіздің шуына еліткім келеді.

Құстардың әуенін аударғым келеді.
Аққуға мәңгілік жар болғым келеді.
Қарғаның жылдарын жымқырып кетіп,
Тағдырдың жолына таңғалғым келеді.

Қиялдың шегімен табысқым келеді,
Уақыт­тың легімен жарысқым келеді.
Қайғының парағын тауысқым келеді,
Бақыт­тың бетімен қауышқым келеді!

Самалдың сыбырын тыңдағым келеді,
Дауылдың ашуын ұрлағым келеді.
Құйынның ішінде айналып біраз
Адам екендігімді бұлдағым келеді.

Нөсердің астында шөлдегім келеді.
Жаңбырдың жарасын емдегім келеді.
Себелеп болған соң кемпірқосаққа
Өмірді бөлеп ап тербегім келеді.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.04.2024 | 08:49

әдемі екен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір