КЕЗ КЕЛГЕН СОҢ КЕР ЗАМАН БІЗДІҢ БАҚҚА…

Міржақып ДУЛАТҰЛЫ
Оян, қазақ!
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кeттi, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты.
Жастарға
Найзаменен түртсе де,
Жатырмын, қазақ, оянбай.
Мұнша қалың ұйқыны
Бердің бізге, ой, Алла-ай!
Бар ма екен біздей ғафыл жұрт,
Атырафқа көз салсақ.
Көзі іскенше ұйқыға,
Келе жатқан тоя алмай?
Етемін үміт жастардан,
Жаңа гүл шашқан бақшадай.
Мұрадын оңай кім табар,
Жар салып жұртқа қақсамай?
Халыққа, жастар, басшы бол!
Қараңғыда жетектеп.
Терең судан өтер ме,
Мың қойды серке бастамай?
Алашқа
Көк майса бетегелі жерің қайда?
Күмістей толқындаған көлің қайда?
Ың-жың боп жер қайысқан
төрт түлікпен,
Жөңкіліп, көшіп қонған елің қайда?
Көтерген ақ киізге ханың қайда?
Қиғаш қас, бидай өңді ханым қайда?
Түнерген сыртқа айбынды іргең бүтін,
Бір кезде басқа қонған бағың қайда?
Қақ жарған қара қылды биің қайда?
Ақ орда би түсетін үйің қайда?
Салтанат Сарыарқада құрған қазақ,
Толықсып жүрген кеше күнің қайда?
Шаң жұтқан текежәуміт атың қайда?
Қалдырмас жауға тастап жақын қайда?
Ұшқыр ат, түзу мылтық, болат найза,
Киінген көк дулыға батыр қайда?
Қамығып қанға толған жүрек қайда?
Бұрқ еткен бір ауыздан тілек қайда?
Жаяуға ат, жалаңашқа киім болып,
Қарасқан нашарыңа көмек қайда?
Бермейтін ел намысын ерің қайда?
Сүйенер қысылғанда белің қайда?
Өйткені айтқаны екі болмайтұғын,
Асыл зат артық туған бегің қайда?
Шалдырмас топтан тура шешен қайда?
Ұлықпен ел бастаған көсем қайда?
Қазағым, қазақшылық қалпың менен,
Даңғыл жол сайрап жатқан көшең қайда?
Кемеңгер дұғалы ауыз кәрі қайда?
Дертіңе шипа болар дәрі қайда?
Масайрап кімге сеніп қарысасың,
Жауап бер, осылардың бәрі қайда?
Жауап сол: өткен дәурен қайта келмес,
Қаншама өксігенмен тағдыр көнбес.
Бұл күнгі қарашыл қарт, парашыл би,
Өткендер келгенмен де орын бермес.
Сөйткенмен, қазақ көшін оңға бастап,
Жүруді өздігінен тағы білмес.
Мейлің көн, мейлің, жыла соңғыларға,
Қайтсын-ай, қамықты-ау деп,
көзіне ілмес.
«Ішкен мас, жеген тоқтың» заманы бұл:
Ашыққан, ащынғаның түкке жүрмес.
«Мал құмар, малдың қолы» деген ақын,
Кім қақса «жемтігінен» соған күндес.
Алашым, айтқанды алсаң, без бұлардан:
Еш нәрсе тәуіп бермес, білгенге ермес.
Қой бағып қасқыр қашан опа қылған,
Көре бер өз бетіңмен күніңді өлмес.
Қайраған қолдан келмес іске әуре боп,
Қорлыққа, тілімді алсаң, болма кездес!
Зар заман
Кез болған соң кер заман біздің баққа,
Жау жарағын асырып, міндік атқа.
Ел бастайтын ерлерге бұл – бір зор сын,
Жаңа талап, жас ұлан, қарап жатпа.
Заман-ай?
Қайырмасы:
Азаматы алаштың
Аттанатын күн туды.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Баптанатын күн туды.
Ел бастайтын қайдасың, көсемдерім?
Сөз бастайтын қайдасың, шешендерім?
Тәуекелге бел байлап, бастап топты
Тигізбесін жұртқа жау көселдерін.
Заман-ай!
Қайырмасы:
Бай, қайдасың, ортаға малыңды сал,
Азды-көпті аямай барыңды сал.
Жаны тәтті жақсылар, қайдасыңдар?
Мұсылманның жолына жаныңды сал.
Заман-ай!
Қайырмасы:
Ел қорғайтын қайдасың, батырларым?
Өлең, күйдің шебері ақындарым?
Азаматтың міндеті – елді қорғау,
Төнгелі тұр басына күшті толғау.
Заман-ай!
Қазақ жерлері
Мың жеті жүз отыз бір сәнасында*,
Біз кірдік Руссияның фанасына.
Үнерсіз бостығымыз көрінген соң,
Қызықбас кім қазақтың баласына?
Жылында мың сегіз жүз алпыс сегіз
Қазналық деді, жердің һәммәсін да.
Таралып жылдан жылға жер-суымыз
Мұжықтың кетті бәрі қаласына.
Қадірдан халық билеген ақсақалдар,
Бұл іске фәһім* назар саласың ба?
Темірді қызуында соқпай қалып,
Нәсіліңнің көз жасына қаласың ба?
Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер,
Мұжыққа, хош аман бол, барасың да.
Қасиетті бабамыздың зияраты,
Қалдың ғой көшесінің арасында.
Моншаға зияраттың тасын алып,
Ағашын отқа мұжық жағасың да:
Таба алмай бір барғанда еш белгісін,
Көзден жас көлдей болып ағасың да.
Шалқар көл, аққан бұлақ, жайлы қоныс
Орман-тоғай кетті ғой ағашың да.
Ойласам мұның бәрін хиялы боп,
Хафадан ішім оттай жанасың да.
Әуелде жерімізбен кіріп едік,
Тұрмақта ғаділдіктің саясында.
Айрылсаң қалған жерден осы күнгі
Топыраққа малды қазақ бағасың да.
Адасты ғақылынан қара халық,
Білгіштер өзің хайлә табасың да.
Қазағым, жерің қайда атамекен,
Қазақ – қазақ болғалы мекен еткен.
Қазірде бәріңізді қуып шығып,
Орныңа қала салып хахол жеткен.
Шығарған жер өлшеуге землемерлері,
Тәтті су, тұщы судың бәрі сонда,
Табатын бұған хайлә қайда ерлер?
Зеңгір тау, аққан бұлақ шалқар көлдер,
Кетті ғой бетегелі биік белдер.
Қысқарып жер кеткен соң өрісіміз,
Қалды ғой жатақ болып қайран елдер.
Ащы су бізге қалды шөл далалар
Жақсы жер қалдырмады егін салар.
Қалайша тау мен тасқа баға алады
Қоралы қой, қосты жылқы байларда бар.
Мінікей келді мұжық көшкен бұлттай,
Қазақтың қояр емес жерін құртпай.
Келді де егін салып байып кетті,
Жалқау ма бұлар тәңірі-ай біздің
жұрттай.
Көрдің ғой бұл уақытта тарылғанын,
Алынбас илтифатқа* жалынғаның.
Он бестен кісі басы десятина
Жер берсе сонда қазақ нешік хәлің?
*сәна – жыл
*фәһім – ақыл, сана