…БІЗДІҢ ҚОЛДАН КЕЛМЕДІ
28.10.2025
111
0

«Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары болып жүрген кезім. «Жұлдыз» журналында Таласбек ағам қызметте. Таласбек Әсемқұлов. Тәкең маған күнде келеді.

Келеді де кіндігін менің жұмыс үстелімінің үстіне төсеп қойып әңгіме айтады. Сөзінің көбі «айдаймын». Жасыратыны жоқ, ағамыз бейәдеп сөздерді аңырататын. Неге екені белгісіз, онысы өзіне құп жарасып тұратын. Анекдоттары қандай еді! Берік Жүсіп екеуміз Талас ағамыздың анекдоттарын әлі күнге айтып тауыса алмаймыз. Берік Тәкеңнің әзіл әңгімелерін менен гөрі жақсы біледі. Мен де, әрине, қапталдасып қалмаймын.
Талас ағам өнебойы әзіл қашырта бермейді, өзі айтпақшы, вагондап оқыған кітаптарының кейбір бетін ақтарып, парақтап тастайды. Білімі шексіз. Ең қиын күрделі мәселенің өзін күліп отырып түйінін оп-оңай тарқата салатынына әлі күнге қайранмын. Білмейтіні жоқ еді ғой…
Сол Талас ағам мен Тұрсынжан Шапай ағаның жолы кейінгі жылдары бір түйіспей-ақ қойды. Екеуі студент кез­дерінде, одан бері де жақсы дос болыпты. Кейін кетіскен, кетіскенде де ұзағынан кетіскен. Мен екеуін де жақсы көремін. Тіпті екеуін жарастырғым келіп әрекет етпек те болдым, бірақ екі заңғардың басын қосу біздің қолдан келмеді. Сол кезде бір жазушы-сыншы болды. Ол да менің бөлмеме жиі бас сұғатын. Өзі Таласбекті ықтап жүруші еді. Сол неменің Таласбектей таусоғардың тасасында тұрып алып, Тұрсынжан ағаға өз-өзінен кіжініп, жұдырық түйетін жыны бар-ды. «Мен Тұрсынжанды өйтемін де бүйтемін» деп. Бір күні әлгі сыншым Тұрсынжан Шапайды шауып алатын қаһарлы сөздерін айтып болып шығып бара жатқан, Талас ағам оның сөзіне қатты ашуланып, біраз сөйледі. Сосын:
– Тұрсынжанмен ойның келмесін, – деді, – Тұрсынжан сені бір-ақ тарпиды.
«Оп-по! – дедім мен сонда ішімнен. – Сырттай білдірмегенімен, Тәкең Түкеңді қатты бағалайды екен-ау, ә?»
Қазір әлгі ақын-жазушы-сыншы досымыз Таласбектің есімін атап та қоймайды. Неге өйтеді? Білмедім… 

Дәурен ҚУАТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір