Бақтар гүлдеді біздің қырдағы…
19.03.2025
108
1

Тұманбай Молдағалиев

Наурыз келді Күлеке, байқадың ба?

Наурыз келді, Күлеке, байқадың ба?
Қатығыңды түндегі шайқадың ба?
Құлшынасың толқындар алып қашып,
Құлаш ұрған баладай қайта ағынға.

Наурыз келді, нар келді жүгін алып,
Келген көктем көңілін ұғыналық.
Қосылады Алатау гүлдеріне
Атамқұлдың қып-қызыл гүлі барып.

Арнасында бұлақтар буырқанып,
Көрген емес ешқашан тыным тауып.
Жер несібе сұрайды көк аспаннан
Кеудесіне көктемнің гүлін тағып.

Барлық айдан, байқашы, осы ай басқа,
Көңіл шіркін көнбейді масаймасқа.
Наурыз келді, нан пісір қызыл отқа,
Наурыз көже қамын да жасай баста.

Әнім сен едің

Құрбым, жан құрбым, бала кезімнен,
Бақыт көріп ем қара көзіңнен.
Кет­тің ұмытып, мәңгі ұмыт­тың,
Жібін үздің ғой нәзік үміт­тің.

Әнім сен едің кеште салатын,
Содан жас жаным ләззат алатын.
Шамын басқа үйдің жақтың аяулым,
Сендей бақыт­ты қайдан табармын.

Бақтар гүлдеді біздің қырдағы,
Жаңбыр жауды да, көктем жырлады.
Өткен күндерден бүгін жоқ белгі,
Тұрып қасыңда көрдім көктемді.

Тағы келді ғой, құстар ән салып,
Тұрмын оларды жалғыз қарсы алып.
Сенсіз ат­ты таң, сенсіз бат­ты күн,
Мәңгі ұмыт­тың мені шат­тығым.

Борыш

Лыпылдап түскеніммен жылдам көзге,
Мен жолдас таба алмадым жырдан өзге.
Қайғыны шабу керек қылышпенен,
Ай-күнің сені аялап тұрған кез­де.

Арала дүниені ден сауыңда,
Бергені саған Құдай берсе ауылға.
Дайында қызыңа да жасауды ерте,
Тайын да көрсетіп қой асау ұлға.

Ұйқыдан жүр өзіңді кіл оятып,
Ойлану, ояу жүру – о да бақыт.
Әкелік борыш деген борышыңды,
Ұмытып кетіп жүрме Құдай атып.

Жансың ба жаурағанға от беретін,
Жомарт бол аздың өзін көп көретін.
Ағалық борыш та бар атқаратын,
Бір өзің іні алдында өткеретін.

Қайғыны, бірге көрдік қуанышты,
Көгіне кеудемізден қыран ұшты.
Борыш бар азамат­тық ел алдында,
Қалайда өтеу керек сол борышты.

Таң ат­ты, біраздан соң күн шығады

Таң ат­ты, біраздан соң күн шығады,
Жаяды бар әлемге нұр шұғаны.
Тағы ерте оянып ап ой қуалап,
Көңілім бір жақтарға құлшынады.

Көңілім дәметеді алыстардан,
Үнсіз кеп жүрегіммен табысты арман.
Нұр жиям көкірегіме тағы, тағы
Жылжыған алға қарай ағыстардан.

Қақпасын жүрегімнің нұрға аштырып,
Әр таңнан дәметемін бір жақсылық.
Әр әнді кеудемдегі оятсын да,
Жіберсін жолаушыға жолдас қылып.

Күнді бер жүрегіме, жарық күнді,

Бақытқа баяғыдай қарық қылғын.
Анау бір шал-шауқанның арасынан,
Қартайған мен өзімді танып тұрмын.

Кәрілік көздерімді бақырайтып,
Арманның келді үйіме аты қайтып.
Аяймын өзімді-өзім оңашада,
Қоямын өзіме-өзім ақыл айтып.

Таң атса, күн батады көп өтпей-ақ,
Тыншығам көңілімдегі бөбекті аяп.
Жүретін қыздар қоршап қызық дәурен,
Кетеді, келеді де маған таяп.

Азайып бара жатыр біздің бұлақ

Азайып бара жатыр біздің бұлақ,
Көзіне қарағышпыз қыздың бірақ.
Көктем келсе, жолында жазға соқпай,
Өтіп бара жатады күз зымырап.

Күз кетеді, соңынан қыс келеді,
Қабақ шытып ызалы тістенеді.
Сыбағасы бардай-ақ өзі жейтін,
Кірген үйдің бәріне түстенеді.

Өрден сайға өрекпіп желмен ұштың,
Саған аяп қол ұшын бермеді ешкім.
Үстіңе тон, аяққа етік киіп,
Қызметінде жүресің сен де қыстың.

Ешкім көмек бермейді құр жатқанға,
Ат болдырып, қалады бір жақта арба.
Денең сергіп, қарайсың көңілің өсіп,
Дүниені көктем кеп нұр жапқанда.
Қартайған соң көп күнің жеке өтеді,
Қиялға да берілме өте тегі.
Сол көктемге, бауырым, аман жетсең,
Ар жағын жаз жетелеп әкетеді…

Бір баяулап келемін,
бір қарқындап

Бір баяулап келемін, бір қарқындап,
Қолым жетер жерлерде тұрды
алтын бақ.
Асулардан екпіндеп асты арманым,
Менің жігіт күнім боп бір жарқылдап.
Қайда барсам, қуанам, алдым жарық,
Арайланам ақ жүзім бал-бұл жанып.
Келген таңмен өмірім араласып,
Құшағына кіреді күннің барып.

Өткен күндерге
хат жаздым

Өткен күндерге хат жаздым,
Өшіп қалмасын оты деп.
Іздейді, мүмкін, хат жазды,
Арманға толы көкірек.

Тағдырым, мені жүдетпе,
Биіктеп ұшсын нар құсым.
Қартайған қайсар жүректе,
Жігіт­тің оты, бармысың.

Бітпеген әні, әуені,
Жігіт едім ғой мен күшті.
Бес жапырағым бар еді,
Бір жапырағым желге ұшты.

Құлатып алдым ай, күнді,
Жылады жаным еңіреп.
Көтерісті ауыр қайғымды,
Сүйеді елім мені кеп.

Найзағай соққан қарағай,
Орманда осы аз ба, әт­тең.
Жаңа аяқтанған баладай,
Жүремін құлай жаздап мен.

Ғашық жүрек

Алқынғандай, талпынғандай боласың,
Шарқ ұрғандай бүкіл қазақ даласын.
Көкірегіме менің сыймай барасың,
Ғашық жүрек, қайда апарып соғасың!

Дегбіріңді тауысқандай боласың,
Жазың күзге ауысқандай боласың.
Күз жапырақтай қалтырайсың, тоңасың,
Ғашық жүрек, қайда апарып соғасың?

Көрген жандай арманыңның моласын,
Күрсінесің, ауыр ойға шомасың.
Жабырқайсың, жауың таптап кеткендей,
Ғашық жүрек қайда апарып соғасың?

Назырқанып тірлігіңнің бағасын,
Келер күннен бір сүйеніш табасың.
Бейтаныс бір терезені қағасың,
Ғашық жүрек қайда апарып соғасың?

Күздің желі жапырағыңды тонасын,
Сонда да сен бақытыңды табасың.
Жете алмайтын арманыңа жет дейсің,
Ғашық жүрек, қайда апарып соғасың?

Бақыт­ты бол, қазағым

Бақыт­ты бол, қазағым, қайда жүрме,
Бара алмадық көбінде тойға бірге.
Үлестіріп әркімге беретіндей,
Біздің туған өлкеміз бай ма гүлге?!

Біз бітпейміз, жат бізге ондай ұғым,
Табыстадық тарихқа тандай ұлын.
Келін түскен кең үйге кең жүрекпен
Жарасады жасасақ қандай ырым.

Мен елімнің ұнатам ер мінезін,
Көпке қызмет жасаймын жалғыз өзім.
Келін түскен үйлерден әсем үйді
Көрген емес туғалы менің көзім.

Әсем әндер жаңбыр боп төгіледі,
Бақыты көп не деген өмір еді.
Қыз ұзатып жатқан үй қызығымның
Басы болып әрқашан көрінеді.

Оянасың, ойшылым, күнмен бірге,
Көбелек боп ұшасың гүлден гүлге.
Қуанышың көп болын сенің, қазақ,
Аз көрмедің қайғыны бұл өмірде.

Туған жерді көреміз жанымыздай.
Ән – бір арман, айтамыз оны бұзбай.
Әрқашанда бақыт­ты болғын, қазақ,
Жиырмадағы жігіт­тей, ару қыздай.

Ай қарады
көгілдір көл бетіне

Ай қарады көгілдір көл бетіне,
Қыз қарады көлдегі келбетіне.
Қосылды да, қос сәуле құшақтасты,
Мөлдір толқын төсінде тербетіле.

Шоршып жүрген ақ шабақ тұнықтағы,
Қыздың көркін көрді әлде,
тынып қалды.
Бала толқын, ай нұры, ерке балық,
Бірақ ару аңсарын түк ұқпады.

Қыз қозғалмай қадалып тұра берді,
Жылы сезім кеудеде туа берді.
Күт­ті ме екем, кім білсін, күтпеді ме,
Жеке қайық мүйістен шыға келді.

Өлең жазбасам

Өлең жазбасам, бірдеңем жоғалғандай,
Мазам кетіп жүремін оңала алмай.
Әлсіздік пен мәнсіздік, мазасыздық,
Соңымнан бір ереді олар қалмай.

Өзімді-өзім ұнатпай, құнсызданам,
Көз алдыма келеді күнсіз далам.
Қуат таппай ұшуға, қонуға да,
Мұңаямын, өзімше құр сызданам.

Бақытпен де кезінде бастас едік,
Бара жатам біртүрлі босқа семіп.
Өзімді-өзім алдаймын, өтірігіме,
Өзім сенбей, қалардай басқа сеніп.

Мейіріменен көңілін жібіт­ті де,
Аяқ басты шалдыққа жігіт, міне,
Не тапсам да, барлығын жырдан таптым,
Күдікті де, күлкіні, үміт­ті де.

Өмірімнің өзені жай ақпастан,
Күнде таңда ұйқымнан оят­ты аспан.
Жырдың өзі бітпейтін денсаулығым,
Ерке күнім ертеңге аяқ басқан.

Жарқылдаймын, кәрілік, сені ұмытып,
Жігіт­тіктің кеудеме желі бітіп.
Өмір сүрсем дейтұғын үміт-кеме,
Жағалауда тұрады мені күтіп.

Жүрек сыры

Қара көзің, қара шашың төгілген,
Қара көзің не жылаған, не күлген.
Толғап өт­ті менің тұла бойымды,
Бала кез­ден саған ғашық едім мен.

Толғап өт­ті менің тұла бойымды,
Бала кез­ден саған ғашық едім мен.
Ұғу қиын кісі жанын білем мен,
Қабағымнан не оқисың түнерген.

Білгің келсе қара менің көзіме,
Мен жайында сұрамашы біреуден.
Білгің келсе қара менің көзіме,
Мен жайында сұрамашы біреуден.

Жүрегімде жоқ алдамшы бөтен ой,
Алдай алсаң, сен-ақ алдап кете ғой.
Тағдыры адам мойындаған секілді,
Махаббат­ты мойындайды екен ғой.

Тағдыры адам мойындаған секілді,
Махаббат­ты мойындайды екен ғой.

Біздің ту

Айнымайды аспаннан,
Біздің тудың бояуы.
Оны халық қашанда,
Биікке іліп қояды.

Көк аспанда қызыл күн,
Көк аспанда жас қыран.
Естілгендей біздің үн,
Сол ғарыштың астынан.

Жанатындай өзі отша,
Жалын шарпып бетіңді.
Туымыз да қазақша,
Сөйлеп тұрған секілді.

Туымызға жас тұнған,
Бір қарамай өтпейміз.
Сол көк тудың астында,
Көгереміз, көктейміз!

Асыл ұстазға

(Мұқан Иманжановқа ескерткіш)

Оркестр! Тарт қаралы күйіңді,
Күңірен!
Қоштасты асыл жан
Көктемнің гүлімен, күнімен.
Көктеген алма ағаш
Айрылды бүрінен.
Оркестр! Күңірен!
Аға, Асыл аға,
Жылап өлең жазуды
Білмеуші ем.
Жырлап ем гүлді әсем,
Оқушы ең оны күнде сен.
Қаныммен жазылды бұл өлең
Көз жасым қағазға төгілді.
Оркестр! Күңірен! Күңірен!

Бүгін жырлаймын өлімді.
Ұстазым, өзіңе сиындым,
Алдыңа апарып балапан жырымды.
Бүгін мұңды жыр
Қағазға құйылды,
Жүрегім кеудемді жиі ұрды.

Көз жасы! Төгілер мөлдіреп…
Шіркін-ай, тірілер болсаң сен.
Қуанар жүз жүрек, мың жүрек,
Ұяңа қайтадан қонсаң сен.

Өзіңді өшпейтін от деп ем,
Солмайтын гүл деп далада.
Бір дыбыс келеді
Өмірде сені жоқ деген.

Алдайды ол, сенбеймін, жан аға!
Мінеки, үстелің отырған,
Мінеки, қаламың қашанғы.
Сен жоқсың, бірақ та,
Шәкіртің көзіне жас алды.

Тәйірі, сөз бе екен көз жасы,
Сүймеуші ең жылауды, сықтауды.
Аяныш асыл жан қазасы,
Өлім көтермейді құптауды,

Сен жоқта жазылды бұл өлең,
Бірақ та өзіңе арналды.
Оқысаң, мазақтап күлер ең,
Сүймеуші ең жылауды, сарнауды.

Алдымда тұр, міне, өр тұлғаң,
Күлімдеп қарайсың сен маған.
Өмір тұр алдымда құлпырған,
Оркестр! Өшір үніңді сарнаған.

Сүюші ең көгілдір көгіңді,
Сүюші ең бұлағын даланың.
Сүюші ең елжіреп еліңді,
Сүюші ең көктемнің самалын.

Дариға, сол күндер өтті ғой,
Барады тал бойым қалтырап.
Мезгілсіз үзілді,
Үзілді көкпеңбек жапырақ.

Күн келіп тұр, әне, аспанда,
Келеді жас көктем гүл алып.
Отырғам жоқ, бірақ қуанып,
Қайғының ізі бар жас жанда.

Жүруші ең арманды арқалап,
Жарқылдап ортада жүруші ең.
Қайда сол жалынды махаббат,
Қайдасың, қайдасың бүгін сен?!

Іздедім, өлеңмен тербедім,
Денеңді қияды жерге кім.
Аяулы ұстазым, өзіңді
Кеудемде жерледім.

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 20.03.2025 | 11:28

Керемет шынайы өлеңдер!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір