ҚАЗІРГІ ӘДЕБИЕТТІҢ ЖАҢА ҚАҺАРМАНДАРЫ
10.01.2026
119
1

Қазіргі қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің бірі – Момбек Әбдәкімұлы шығармаларына ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі алуан түрлі оқиғалар арқау болған. Ол – ХХ ғасыр басындағы зұлматтар, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қаһармандары, кеңес өкіметінің орнауы, басмашылармен, жөйіттермен күрес, 1931–1933 жылдардағы ашаршылық, Қараман, Сүлеймен қарақшылар өмір сүрген дәуірдегі өлке тарихы туралы шығармалар жазып, қазақ әдебиетінде Оңтүстік өлкесінің көркем шежіресін жасап жүрген жазушы.

 «Зобалаң» романына 1931–1933 жылдардағы ашаршылықтың басталуы мен оның зардаптары, ҚазАКСР-ы және ӨзбекКСР-ының халкомкеңестері мен орталық атқару комитеттерінің шешімімен салынған Шымкент – Ташкент төте теміржол құрылысы туралы мәліметтер нақты деректер негізінде көркем суреттелген. Жазушы деректілік сипаты басым романда архив деректері мен ашаршылықты көзімен көрмен көнекөз қариялардың естеліктері негізінде зобалаң жылдарға жан бітірген.
«Қараман қарақшы», «Сүлеймен қарақшы» хикаяларында ел ішінде «Қарақшы» атанып, аттары аңызға айналған Қараман мен Сүлейменнің ерлігі жан-жақты суреттелген. Жазушы бала күнінен құлағына таныс кейіпкерлер туралы ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді жинай жүріп, көз көргендердің әңгімелерін тыңдай жүріп бүкіл өмірін қазаққа арнаған батырлардың көркем бейнесін жасаған. Олардың өмір сүрген кезеңдері де ел басына күн туған ХХ ғасырдың бірінші жартысына тура келді. Патшаның қара жұмысқа қазақтан жігіт алуы, Қазан төңкерісі, кеңес өкіметінің орнауы, байлар мен ауқаттылардың дүние-мүлкін тәркілеу, колхозға ұжымдасу, 1920 –1921, 1931–1933 жылдардағы ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс – елді тұралатқан қасіретті жылдар еді. Жаужүрек батырлар ат үстінде жүріп қанішерлер мен баскесерлерді, байларды тура жолға салу үшін тонап, қолға түскен дүние-мүлікті кедей-кепшікке таратып беріп, халықтың сүйікті қаһарманына айналды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Өзбекстанның астанасы Ташкенттегі адам жегіш жөйіттермен, Тәжікстан тауларындағы басмашылармен алысқан кейіпкерлер өмірі ертегілер мен эпостардағы батырлар өмірін есімізге салады. Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын батырлардың бұл өмірде болғанын Сүлеймен мен Қараманның жорықтарынан көруге болады. Он бес жасынан бастап тас төсеніп, мұз жастанған Қараман, Сүлеймен батырлардың Қазақстанмен бірге Орта Азия халықтарының сүйікті қаһарманына айналуы хикаяларда нанымды бейнеленген. Екеуі де жеке көзқарасы кеңес өкіметіне жақпағандықтан, қазақ пен өзбек елінде жүріп, бірнеше рет тар қапасқа отырып шығады. Алайда бір дәуір мен бір өңірде өмір сүрген қазақ батырларының Тәшкенде тізе қосып, жауларымен бірлесе алысқаны – өмірден алынған, ел аузында атадан балаға аңыз болып жеткен шындық. Аңыздың артында өмір шындығы жататыны тәрізді, екі батырға қатысты аңызға бергісіз әңгімелердің де өмірден алынғаны күмән туғызбайды.
«Сүлеймен қарақшы» – Төле бидің алтыншы ұрпағы Сүлеймен туралы детективті хикаят. Детективті дейтініміз шытырман оқиға толы шығармада қылмыстан аяқ алып жүру оңай емес. Олар мемлекеттік дәрежеге көтерілген сыбайлас-жемқорлықтың түп тамырына балта шабу үшін бүкіл өмірлерін арнады. Қашан да әділдік үшін ат үстінен түспей, атыс-шабыспен өткен батырлардың өмірі бір қарағанда Мысырда жүріп ұры-қарысы, алаяқтары жоқ бейбіт мемлекет орнатам деп шарқ ұрған Сұлтан Бейбарыс бабамыздың өмірін көз алдымызға елестетеді.
Негізгі оқиға Сүлейменнің ата-бабаларын таныстырудан басталады. Батырлар тәрізді Сүлейменнің де өмірге келуі тосын құбылыстарға толы. Анасының аюдың жүрегіне жерік болғанының өзінен болашақта аю тәрізді бір алыптың дүниеге келетінін байқауға болады. Оны жазушы екі кейіпкердің диалогіне сыйғызған. «Мұны естіген Мәмен дереу Қырыққызға жол тартып, сол жерде аңшылар жалдап, бір еркек аюды аттырып алады да, жүрегін ауылына алып келеді. Қаны тамған келтектей жүректі көргенде Жұмакүл ай-шайға қарамай, апыл-ғұпыл шайнамай жұта салады. Содан бір күн өтпей-ақ жанын қинаған жерік сап басылыпты». Жерік асын жемесе басыла қоймайтын жеріктікті бесінші аюдың жүрегі ғана басқанының өзі ерекше құбылыс еді.
Сегіз айдан кейін туылған ұлға Сүлеймен деп ат қойылды, бірақ ол тоғыз жасында әкесі Мәменнен, он бір жасында анасы Жұмакүлден айы­рылып, тұлдыр жетім болып өсті. «Тірегім – Төле, түбім – Қожамжар, aтaм – Дауылбай бай болса да, әкем Мәменнен мұралыққа бір тышқақ лақ та қалмағанына ренжимін кейде» дейтін Сүлеймен ешкімге алақан жаймай, өз күнін өзі көріп ержетеді.
Сүлеймен он алты жасында нағашысы Көбектің айтуымен асау құнанды құрықсыз-ақ жерге жығып салғанымен таныла бастаса, он жетіге келгенде қарақшы атанған нағашысы мен Әріпбай, Тастан, Әмір, Кендір тәрізді жаужүрек барымташылардың қатарына қосылады. Алғашқы сапарда барымтаның не екенін білмейтін, ұзақ сапарға шығып көрмеген балаң жігіт оқырманның көз алдында жауырыны күжірейіп тұлғаланып өсе береді.
Досалы бидің тапсырмасымен Досыбай, Қосыбай бектің ауылындағы сыбайластары Елсапа арқылы жылқының жайын білген қарақшыларға жылқышыларды байлап тастап, бір үйірді алдыға салып айдап кету қиынға түскен жоқ. Бес-алты кісі атымен сыйып кететін ебелектен там жасау, ағысы қатты Шыршық өзенінен атпен өту тәрізді барымташылардың ісі олардың батырлығы мен шалт қимылдарын, өз істерінің кәнігі шеберлері екенін толықтыра түседі. «Әр ұрының сезгіш ит сияқты бөлекше бір сезімі болады. Бірақ оны басқаларға айтпайды» деген Көбектің Әулиетасты қалай табуды айт­пауынан, Елсапаның арқыраған тажал судың ортасындағы өткелдің құпиясын ашпауынан ұрылардың өз заңы барын байқауға болады.
Екінші көзге түсетін жайт – батырдың өзіне лайық ат таңдауы. Шыршықтан жылқы айдап келе жатқанда жолда туған биенің құлынын сойдырмай, қоржынға салып алып келгені, төрт жылдан соң оның өзіне лайық қарагер ат болуынан батырлар тәрізді өзіне ат таңдауы көрінеді. «Ат жақсысы иесінің иісінен жаңылмайды» дегендей, Қазығұртта қасқырлар қамағанда оған көмектескен қарагер ат Сүлеймен басмашылардың зынданынан қашып шыққанда артынан іздеп келген болатын. Қарагерінің арқасында қасқыр мен Зүндін жөйтке жем болмай, басмашылардың оғынан аман қалуы, батырдың жанына серік атының бейнесін дараландыра түскен.
Шығарманың этнографиялық бояуын тойдағы Шақпақ, Жуантөбе, Батырөлген жырасынан айналып өтетін аламан бәйге, отыз-қырық атты шабандоз бірден лап қоятын көкпар, түйе балуандардың күресі суреттелген эпизодтар қанықтыра түскен. Ордабек болыс  қосқан сегіз құнанның ешқайсысы бәйгеге іліне алмауы оның намысын қайраса, Сүлейменнің түйе балуан атануы атын асқақтатты. Ордабектің атбегісі баптаған ақжал ат аламан бәйгеден екінші болып келіп, бес жылқы, елу сомды қанжығасына байлады. Осы сәтті жазушы былай суреттейді: «Бір күннен кейін күрес пен көкпардан ешкімге дес бермеген жігіттеріне разы болып, көңілі масаттанған Ордабек байбатша Билікөл жерімен қош айтысып, би-болыстарын, шабандоз-атбегілерін, атқосшы-қызметшілерін, жалпы, өзімен бірге тойға келген үш жүздей қалың нөкерін ертіп, елге, Қазығұртқа қарай бет түзеді». Ордабектің осы жүрісінен оның сән-салтанатын ғана емес, мамыражай замандағы қазақ даласының келбетін көреміз. Араға көп жыл салмай осы көрініс оқырманның көз алдына адам танымастай өзгереді.
Түйе балуандардың күресіне Верный ұлығы алып келген екі орысқа екі қазақ қарсы шықты, соның бірі Сүлеймен болатын. Бірінші қазақ алғашқы күресте жеңілген соң, Сүлейменді Төле би бабасының аруағы қолдап, өзіне ғана көрінетін елес-адамның ақылымен тізеден шалып, дию орысты бірінші белдесуде жер қаптырды. Он жеті жасар Сүлейменге жиырма бестегі Некалайды алу оңай соқпады. Бір тойда үлкен қаладан келген екі орысты жеңген Сүлейменге бүкіл Жетісу, Сырдария облысының ең мықты түйе балуаны деген атақ оңайлықпен келген жоқ.
Келесі көңіл аударарлық мәселе – қазақтың игі-жақсылары халқын жаттан да, жаудан да аман алып қалғаны, бай-болыстары ауыл аймағын асырағаны. Оны Досалы бидің ашаршылық кезінде қамбада астығы, қорада малы таусылғанша ел-жұртын асырағаны растайды. Бұл жұтта бидің мініс аттарынан басқа төрт түлігі түгел ашыққан жұртқа таратылса, оның ішінде Сүлейменнің «түйе балуан» бәйгесінде алған үш жылқы мен үш танадан көбейген біраз малы қоса кетті. Осындай сәтте Досалы Көбек бастаған барымташыларын қырғыз елінен мал айдап келуге жұмсайды. Осы сапарда Көбектің мертігіп өмірден озуы, бар сүйенішінен айырылған Сүлейменге оңай болған жоқ.
Сеніміне кірген Сүлейменге қыз айт­тырып жүрген Досбол би өмірден өткен соң, Ордабек болыстың Арғынның алтай тармағына жататын Мөңке деген кісінің Балдықыз атты қызын Сүлейменге әйелдікке алып беруі, бай-болыстар туралы қалыптасқан біржақты көзқарасты жоққа шығарады.
Кеңес өкіметі орнаған соң, Ордабектің Оралға жер аударылуы, онымен қоймай, мілиса нәшәндігі болып жүрген баласы Ноғайдың қудалануы, Қазығұрт, Бадам болыстықтарын билеген Сүгірәлі, Жүндібай, Құрбанәлі болыстар мен Естемес, Баймұса, Тоқбай билердің ел билеуден шеттетілуі, кеңес өкіметінің адамы Құлтанды көкпарша сүйреген, байлардың қолшоқпары болған Сүлейменнің он жылға сотталуы, жаңа өкіметтің ел басқару жүйесіне алып келген озбырлығы еді.
Көркем шығармада қолданылатын көркемдік әдіс-тәсілдің бірі – түс. Жазушы түсті болашақты болжау ретінде алған. Әулиетас үңгіріндегі түсінде «Балам, тиіспе оларға! Олардың күні сенен кем емес» деген апасының, ақбоз атқа мінген қара киімді, қара сақалды шалдың «Әй, балам, жарадың! Болашақта үлкен балуан болады екенсің. Бірақ ылғи мал қуып, болмаса қанға араласып жүресің-ау деймін» дегені және «Отырған өзің, ал анау майдан ортасында жүрген сенің өмірің» деп Тәшкен түрмесінде көрген түсінде айтқан сөздерінен оның болашағын болжауға болады. Үнемі өзі қан майданның ішінде атойлап жүретін түсті он реттен аса көруі қаһарман өмірінен хабар береді.
Әр тараудағы оқиға араға бірнеше жыл салып өрбиді. Көбек өлгеннен бері «Қаратау мен Қазығұрт, Шу мен Сыр арасындағы сайын дала төсіндегі жұртты сансыратып жіберген алапат жұт – жылан мен жылқы қатар келген «жылантақырдың» өткеніне үшінші жыл. Бұл 1921 жыл еді». 
«Қырғыздардан айдап келген баяғы елу жеті жылқының ішінен Досалы ту семіз он бес бие мен үш айғырды бөлек алып қалып, қалғандарын ашыққан жұртқа таратып берген». Сүлейменнің бұл кез­дегі жұмысы – он бес биеден тараған қырық шақты тай-құнанды күзету.
Бұл кезде Ордабектің Ноғайы Тәшкендегі оқуын бітіріп келіп, Шымқаладағы жаңа өкіметтің жұмысына тұрған. Ноғайдың шақыруымен келе жатып тағы бір тосын оқиғаға тап болады. Түлкібас пен Бадамның жақсы жерлерін кірмелердің иемденіп, шошқа бағуы – сол тұстағы қазақ даласын жайлаған қасірет еді.
Кейіпкер бейнесін толықтыруда монолог үлкен қызмет атқарады. Сүлейменнің жапан далада жалғыз қалған шағындағы мына монологін оқиық: «Ит, кәпір-ай, жанындағы арсалаңдаған ит секілді мас жігіттерінің сөзін сөйлеп, өзіме тиіспегенде, ажал таппас еді-ау. Өзінен болды. Нeсі бар, жынымды қоздырып. Титтей де обал жоқ өліміне. Бұдан былай қалғандары қазақтарға тиіспей жүретін болады. Соның кесірінен Ордабекке бара алмай, екі өлі қасқырдың жанында жатысым мынау айдалада». 
Жапан далада қасқырлар қамағанда «Қорықпа, балам, бұлар аңның бөрісі болса, сен адамның арыстанысың. Біреуін жарақаттасаң болды, қалғандары тым-тырақай қашады», – деп құлақ түбінен сыбырлаған қап-қара сақалды кісі жылыстап кете барды. Қара сақалды осы кісі баяғыда күресте тізеден шал деп ақыл беріп бір көмектессе, бүгін қасқырлардан қорықпа деп қасында тұрды. Осы тұста автор Төле бабаны желеп-жебеп жүретін ақбоз атты, қара сақалды аруақ-кісі туралы аңызды пайдаланады. Төле өлген соң, одан тараған ұрпақтарын айналшықтап жүретін кісі-аруақ енді Сүлейменнің жебеушісіне айналған.
Көркем шығармадағы әдіс-тәсілдің бірі – негізгі оқиғаны толықтыру мақсатында ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді тиімді пайдалану. Биеге шаппаған соң, көзін байлап қойып өз анасына салғанын білген Ақжалдың құз басындағы жартастан өзін тастауына қатысты аңыз жылқының тектілігі үшін алынғанмен, Парманқұл мен Сүлейменді текті қазақтардың бірі екенін көрсету мақсатында пайдаланылған.
Тәшкенде адам жейтін жөйіттермен күресуі, Қоқанда екі жыл жүргенде Исламқұл мен Шалпар адамдарының қастандық жасауы, Сүлейменнің олардан кек алуы, Қоқанды қарақшылар мен баскесерлерден тазалауы, өзіне қастандық жасағандардан кек алуы, тәшкендік Бекаба жұмсаған Құрақты тұтқындауы, Тұрдақтың қол-аяғын сындырып, тілін тілгілеп жазалауы, өзін түрмеге жапқан Құлтанды неше жылдан кейін іздеп келуі, Итжеккенде қара Иванды өлтіріп түрме бастығының көмегімен Тәшкенге келіп, бандылардың шаһары Тәшкендегі Алай базарында Бекабаның алты жендетін жайратып салуы, Қоқанда Сүлейменді өлтірмей келгені үшін Құрақты Бекабаның мүгедек етуі, Сүлейменнің Құрақты іздеп келуі, Бекабаның жөйіттерімен алысуы тәрізді Сүлейменнің басынан өткен шытырман оқиғалар оқырманын баурап отырады.
1932 жылы мешінде отыз төрт жасына дейін Итжеккенге айдалған Сүлейменнің кейінгі өмірі бір мың тоғыз жүз қырқыншы жылдардың басына дейін күллі Өзбекстанды дірілдеткен жө­йіттермен алысумен өтті. Тәшкендегі қазақтардан бас көтерер Парманқұл мен Қараманды қарақшы деп соттатып, Қараман Барсакелмеске жер аударылған. Алай базарында төбелесті деп ұсталған Сүлейменді Мамажан шығарып алып, оны Қараман, Парманқұл, Пархадпен таныстырады. Бұл кезде Сүлейменді қазақтар, Қараманды Тәшкен жұрты «қарақшы» атап кеткен болатын. Сүлеймен, Пархад, Парманқұлдар алты ай бойы Тәшкенге жан сауғалап жеткен аш қазақтарды тойындырумен болды.
Бұл уақытта қазақ даласын ашаршылық жайлап, шамасы келгендер көрші елдерге тентіреп, ел асып кеткен еді. Колхоз бастығы Тәңкі мен бұрынғы ауылнай Сабаш – сол тұстағы белсенділердің, аштан бұратылып жатқан кемпір мен шал, аштыққа ұшыраған жандардың жиынтық бейнесі ретінде суреттелген.
Ашыққан қазақтарды тойындырамын деп жүргенде қапияда қолға түсіп, Итжеккенге айдалған Сүлейменнің жиырма күннен астам жол жүріп, екі паханды жолда мүгедек етіп, барған соң қара Иванды екі жендетімен жер жастандыруынан оның бойындағы адам баласына дес бермейтін алапат күшті байқауға болады. Сібір түрмелерінде бірнеше жылдан бері пахан болып отырған Иванның басын қазанның астындағы шоққа үйітіп, өзін ыстық сорпаға тұншықтырып өлтіруі – денесіне қатты соққы тисе, көзіне түк көрінбей кететін Сүлейменнің өздігінен ешкімге тиіспейтін, тиіскенді аямайтындығының көрінісі.
Батырлардың қарсыластарының осал болмайтыны тәрізді, Сүлейменнің ұстасқандарының алапат күш иесі болғанын қара Иванның сенімді жендеті, өзбекстандық Ахмад, жөйіт Бекабаның болмыс-бітімінен көруге болады.
Алай базарында Бекабаның адамдарын сабағаны үшін Сүлеймен мен Парманқұл түрмеге тоғытылып, Сүлеймен он жылдан аса түрмені билеген таулық Ахмадпен кездеседі. Түрмеде ешқандай заңның жоғын Ахмадтың Низамның басын кесіп алып келуінен, түн ішінде баракқа келіп төбелес шығаруынан көруге болады. Бұл жерден екі батырды үлкен қызметтегі қазақ азаматы Мамажанның құтқарып алуы арқылы олардың үшеуі де қазақ үшін жанын беруге даяр азаматтар екені көрсетілген. Екінші рет қолға түскенде жаңадан милиция бастығы болған Мамажанның олардың астына ат беріп Тәшкеннен жырақ Қоқанға қарай қашырып жіберуі – бауырларына жасаған жанашырлығы мен қамқорлығы еді.
Қоқанға жеткен соң Сүлеймен қашқарлық Жақар мен Жардақты бір-біріне өлтіртіп, Ділда мен баласының кегін алады, сөйтіп, 1937 жылдың қараша айында Шыршыққа келіп там алған. Жардақтан алған алтынды Пұсырманқұл, Парманқұл үшеуі бөліп алған. Ендігі оның бір арманы – Бекабаны, әйелі мен баласын өлтірген адамды табу.
«Батырдың аңғал болатыны» тәрізді өзі екі сөйлемейтін Сүлеймен үнемі өзін алдаған жылпостар мен алаяқтардың сөзіне еріп тұтқынға түсіп жүреді. Соның бірі – Алай базарындағы Қосылдың сөзіне сеніп, Бекабаның үңгіріне өз аяғымен келуі. Үнемі қиналғанда ақылын айтатын елес-адам оған Бек­абаның үңгіріне кіргенде «Сескенуші болма. Шалт қимылдамасаң, ажал табасың» деп кеңес береді. Адам баласына көрінбейтін Бекаба Сүлейменді үңгіріне алдап алдыртады. Ел аузында аты аңызға айналған адам жегіш жөйтті жазушы Сүлейменнің көзімен былай суреттейді: «Құдай-ау, мынау жатқан адам ба, әлде құбыжық па? Қазандай бас, кішігірім диірмен тасындай былшиған бет, бордақы өгіздің тұрпатындай дене, талға салатын белдемше ағаштай жуан аяқтар… Жүн басқан жуан қолдары ұзын екен. Тізелеріне жетіп жатыр. Салбыраған қарыны көрпеше үстіне жайылып кетіпті. Сол салбыраған қарнының астында ұзын қылыш жатыр. Оның түрін көзімен бір шалған Сүлеймен бұрындары Бекабаның тұрпатын сипаттап айтқан жөйіттердің сөздерінің рас екеніне шындап көзі жетті…»
Оқиға өткен Бадам өзені, Біркөлік жазығы, Қырыққыз, Шыршық өзені, Өгем, Кетік, Сыр, Шаян, Құркелес, Шыршық, Құрама, Қазығұрт, Алатау таулары, Қаржан асуы, Ақтас, Құмдытас құздары, Аюқұлаған құзы, Теректі шатқалы, Қотырбұлақ, Жылақ Ата, Мыңжылқы, Әулиетас үңгірі, Аққорған, Сайрамсу, Түлкібас, Кемербастау тәрізді жер-су атаулары сол өңірдің тарихынан хабар береді. Жекелеген эпизодтардың үлкен міндет атқаратынын «Әлiксәндіріпка» деген жердің атауынан көруге болады. Қоқандықтардан кейін қазақты билеген орыстардың жазықсыз адамды атып салған мергендігі үшін жерді соның атымен атауынан олардың жаңа өкіметті қазақтың даласын қанға бөктіріп орнатқаны байқалады.
Оның қазақ аштықтан қырылатын жылдары ұрылардың Өзбекстаннан, Қырғызстаннан айдап келген жылқыларын ауыл-ауылға таратқаны да, колхоздың малын елге бөліп бергені де өмірден алынған шындық. Ленгірдің мал базары мен Алай базарындағы бассыздықтарды жолға салып, Қарағандыдан келген Сүлейменді мүгедек еткені, Қырғызстандағы Сүлейменді жайратуы, Қажымұқанмен белдесуі, өзі ұсталып кеткенде әйелін бір бұзаулы сиырға сатқан молданы шайханада бауыздауы және басқа шытырман оқиғалар өмірден алынғанымен құнды. Алпыс тоғыз жасында жүрек талмасынан кеткен Сүлейменнің он алты жасынан кейінгі өмірінің бәрі далада ат үстінде өтеді.
Қорыта айтқанда, жазушы өмірде болған, көзі тірісінде аты аңызға айналған қазақ батырларының көркем бейнесін ұлттық әдебиетке алып келді. Солардың бірі де бірегейі – Төле би бабамыздың тікелей ұрпағы Сүлеймен. Жазушы «алып анадан туатынын» анасының аюдың жүрегіне жерік болуымен суреттеген. Сүлейменнің дүние есігін ашқаннан, өмірден өткен соңғы сәтіне дейінгі кезеңіне қарап отырып, қазақ үшін аттан түспеген батырдың ел ішіндегі «қарақшы» деген атын халық сүйінгендіктен қосақтағанын түсінеміз. «Бөрі азығы жолда» деп дүние жинамаған батырдың ішер тамағы мен киер киімі халықтың есебінде болды. Ол қолына түскенін кедей-кепшікке үлестіріп, ашаршылықтан бір қазақты да өлтірмей аман алып қалуға бар күшін жұмсады. Кедей-кепшікті қанаған басмашы, жөйіттермен соғысқан батырдың төңірегінде өзі секілді жаудан қайтпайтын Пархад, Парманқұл, Тағай тәрізді ержүрек батыр достары болды. Негізгі оқиға бас кейіпкердің төңірегінде жүріп жататындықтан, оның бар өмірі шытырман оқиғалар мен қылмыстарға толы. Әр қылмысты ашуда ол әрі тексеруші, әрі із кесушінің қызметін атқара жүріп, ақ патша мен кеңес өкіметі жеңе алмаған адам жейтін жөйіт Бекабаның ордасын талқандады.
Жазушының жетістігі – кейіпкер сөзі, диалог, монолог, түс, жекелеген эпизодтар мен көркемдік детальдарды тиімді пайдалануы. Психологизмді шебер игерген жазушы Сүлейменнің бойындағы түрлі күйініш, сүйініш сезімдерін суреттей отырып, оның ет пен сүйектен жаралған екі аяқты пенде екенін шынайы бейнелейді. Осылайша, ұлт әдебиеті қазақ тарихынан үлкен орын алатын ұлт қаһармандарымен толықты. Шығарманың негізгі жетістігі де осында.

Гүлжаһан ОРДА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының
бас ғылыми қызметкері, Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет
және көркем публицистика бөлімінің меңгерушісі,
филология ғылымдарының докторы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 12.01.2026 | 01:41

роман уақиғалары баяндалуы тілі советстан заманына сай емес, қазақбайский бөспе әуенмен кеткен. ескі газеттердің (1930 ж) жазылу тілдерін үйрену керек, гүлжаһан қарындас

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір