Көркем әдебиеттің құдіреті
30.10.2023
817
0

Қазіргі кез­де «Әдебиет – тәрбие құралы емес» деген пікір көп айтылып жүр. Десек те, көркем шығарманы оқып отырып, бағыт-бағдарын айқындайтын­дардың, өмірге, адамдарға, айналаға деген оң көзқара­сын қалыптастырып, дұрыс ойлауды, жүйелі саралауды үйренетіндердің санында есеп жоқ. Кітаптың басты қасиеті де – осында. «Талғам-таразы айдарында публицист-жазушы Шархан Қазығұл өзі оқыған кітаптардың әсеріне бойлап, кешегі, бүгінгі авторлардың жазу стилі жайлы ой қорытады.

«Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері кітап туралы сауалнамаға жауап беруін өтінген кез­де ең алдымен осы сұрақ ойыма сап ете қалды: «Көркем әдебиет­тің құдіреті неде?». Өйткені мұның төңірегінде ойланбау мүмкін емес. Өз басым өмірдің өн бойында оқыған кітаптарымды уақыт өте келе ұмыта бастаймын. Сюжетін де. Кейіпкерлерін де. Оларды өмірбақи есте ұстап жүрудің де қажеті шамалы. Дәл осы жерде әлгі сұрақтың жауабын тапқандай боласың. Белгілі бір шығарманы оқып шыққаннан кейін ойға шомыла алдың ба? Аталмыш туынды сені ойлауға үйрете алды ма? Ой қорыта алдың ба? Мәселе сонда!
Студент кезімде Джон Апдайк­тың «Мальчик из Мичигана» деген туындысын оқығаным бар. Есімде қалғаны, сол шығарма мені ойлануға үйрет­ті. Осы туындыны жуырда интернет­тен іздеп, таба алмадым. Есесіне о бастан имперсо­нальдық идеяны қабылдаған Джон Апдайктың «Кролик, беги» романын тауып алдым. Өзімнің сүйікті жазушыларымның бірі Джером Сэлинджермен қатар аталатын Джон Апдайкпен жақынырақ танысқанды құп көрдім. Оның үстіне, Апдайктың өзі байланысы жоқ сюжет­терді қиыннан қиыстыруды Сэлинджердің әңгімелерінен үйренгенін мойындағанын білемін. Осы жағы да Апдайктың романын оқуға сеп болды.
Романды оқып отырып таңғалдым. Құдайым-ау, мен жарық дүниеге шыр етіп, келіп жатқанда Апдайк менің өмірімді жазып тастаған ба?! Сол кез­де-ақ! Маңдайыма жазылған тағдырды тап басып жазған Апдайкты оқып отырып өз-өзімнен шошыдым. Ақиқат қанша жерден ащы болса да айтылуы керек екенін осы романды оқып отырып түсінесің. Өміріңнің бастауында өзіңнің түзу жолға түсе алмағаныңа өкінесің. Өмірдің ең алғашқы мәні жар таңдау­дан басталатынын білесің. Болашақ тағдырыңның тоқсан пайызы осы таңдауда жатқанын бажайлап үлгересің. Енді сенің кім болғың келетіні тіпті де маңызды болмай қалады. Кім болғаның, жүріп өткен жолыңның өзі бетіңмен жер басуға мәжбүрлейді. Айтары жоқ, Апдайк осылайша жан дүниемнің астан-кестеңін шығарды.
Әйеліңнен қашып кетерсің, өзіңнен қашып кете алмайсың. Сен өз тағдырыңды өзің жасайсың. Әуелден бұрыс жолды таңдасаңыз, сізге екінші мүмкіндік берілмеуі де кәдік. Апдайк сені осылай қорқытады. Шындыққа тіке қарауға үйретеді. Табандылыққа шақырады. Өмірде жолың болмауы мүмкін. Омақаса құлауың мүмкін. Бірақ қайта тұрып, кеудеңді көтере білсең, өміріңді таза парақтан қайта бастауға батылың жетіп, қатарға қайта қосыла білсең, онда сен тақтайдай тегіс жолмен келе жатқандардың өзінен де мықты екеніңді дәлелдейсің. Апдайк осыған үндейді. Осы тұрғыдан алғанда ол Конфуцийге құлақ қойған сияқты: «Ешқашан құламаған адам – ұлы емес, құлағаннан кейін қайта тұра білген адам – ұлы».
Апдайк аурасы Жан Поль Сартрдың «Тошнота» романының атмосферасымен үндес. Джон Апдайктың ең басты жазушылық сиқырлығы сол, ой батпағынан шығудың жолын өзі көрсетіп бермейді, соны іздеуге сені де еріксіз ертіп алады. Жоғарыда айт­қанымдай, көркем әдебиет­тің құдіреті шынында да сені ойлай білуге үйретуде жатқанын Джон Апдайк аталмыш романымен тағы бір рет дәлелдеп берді.    
Шынында да, өмірдің мәнін іздеуден шаршамаса да оның болмайтынын мойын­даған һәм сонысына басқаларды сендіре алған жазушының осы туындысын жақында бір деммен оқып шықтым. Романның бас кейіпкері – жиырма алты жасар Гарри Энгстром. Романның атауындағы «Кролик» – оның жас кезінде қойылған лақап аты. Жалпы, Апдайк «Кролик» туралы төрт романнан тұратын тетралогия жазған. Құдай қаласа, алдағы уақыт­та қалған романдарды да оқуға ниет оянды.
Тағы бір әңгіменің ұшы шығып тұр. Қазақтың тарихын аса жақсы білмейтініме өкінемін. Қайдан білесің?! Ағылшынның шежіресін оқысаң – соқырға таяқ ұстатқандай. Генрихтің қай соғыста қандай қылыш алып жүгіргеніне дейін хат­тап қойған. Біздікілердікінің туған жылы бар да, өлген жылы жоқ. Немесе керісінше. Салған жерден салың суға кетіп қалады.
Бірақ біздің тарихымыздың ғажаптығына ешқашан шек келтірген емеспін. Абылайдай ержүрек хан кімде болған? Басқа ел патшаларының жаумен «офлайн» соғысқаны сирек. Жәңгір хандай білімдар хан қай елде бар? Басқа елдердің патшалары оның қолына су құюға жарай қоюы екіталай. Ал көбі біле бермейтін Арынғазы ханның бойынан Абылай ханның көзсіз батырлығы да, Жәңгір ханның терең сауат­тылығы да табылған. Орыс империясы Арынғазыдан өлердей қорыққан. Сондықтан да Калугаға жер аудартып, жандарына байлап ұстаған. Айта берсе, тарихтың түбіне кім жеткен?!
Бұл әңгімені неге айтып отырмын? Соңғы кез­дері оқыған кітабымның бірі – Ержан Исақұлов пен Зәріпбай
Оразбайдың «Шыңғыз хан» (авторлар «з» әрпі арқылы жазған – Ш.Қ.) деген кітабы. Әрине, аталмыш туынды Рашид ад-Дин Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарих» («Тарихтар жинағы») кітабының деректеріне сүйеніп отырып жазылған. Көп жайт­тарға қанықтым. Тарихымызға жаңаша көзқараспен қарауға итермелейтін бұл туындыда көптеген бұлтартпас деректер бар. Кітапта берілген карталарға көз жүгірту арқылы да біраз жайт­тарға қанық боласыз. Қазіргі кез­дегі осы мәселе бойынша дискуссияға араласу ойымда жоқ, сол үшін бұл кітаптағы деректердің кейбіріне күмәнмен қарағанымды да жасыра алмаймын.
Алайда түркі болсын, протоқазақтар болсын, тарихымыз қат­ты бұрмаланғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Осы тұрғыдан алғанда жоғарыдағы кітаптың маңызы айрықша дер едім. Біздің жылнамамызға жазылмас жара салғандардың қатарында
«В.В.Бартольдқа адам жетпейді», – деп отыратын тарихшы Илья Березинді алдымен айтар едік. Өйткені 1858 жылы Рашид ад-Дин Хамаданидың кітабының әр жерінен үзінді аударған ол – патшалық Ресейдің кезінде жұмыс істеген адам. Қазақтың, түріктің тарихын бұрмалауға үлкен жұмыс істегендердің тізімі мұнымен де бітпейді. Тарихты бұрмалаудың екінші тынысы Кеңестік кезеңде ашылды. 1946 жылы ВКП (б) Орталық Комитетінің арнайы қаулысымен түркілердің, Алтын Орданың тарихын, сондай-ақ Шыңғыс ханды зерт­теуге тыйым салынғанын жақсы білеміз.
Шыңғыс хан қай жерде туып-өсті? Оның ата жұрты қай жерде? Қай жерде жерленді? Қай тілде сөйледі? Оның бәрі он бес атасына дейін Рашид ад-Дин Хамаданидың «Жамиғ ат-тауарих» («Тарихтар жинағы») кітабында жазылып қойғанын қос автордың кітабынан оқып білдім. Шыңғыс ханның төртінші ұлы Төленнің немересі – Хасан Иран патшасы болып тұрған кезінде қол астындағы уәзірі Рашид ад-Динге «Алтын дәптерді» жаздырған екен.
Өзім өмір бойы публицистикамен айналысқаннан кейін осы бағыт­тағы әдебиет­терді де жібермеуге тырысамын. Енді сол жаққа қарай ойыссақ дұрыс болар. Бүгінгі күні халықаралық бестселлер қатарында тұрған «Побег из лагеря смерти» деген деректі кітапты оқығаныма өкіндім. Өте ауыр кітап. Мұның қасында фашизмнің 14 белгісін анықтап берген Умберто Эконың «Вечный фашизм» мен Габриэль Гарсиа Маркестің «СССР: 22 400 000 км² без единой рекламы кока-колы!» эсселері ойнамай қалады.
Солтүстік Корея мемлекетінің адам төзгісіз саяси концлагерінде дүниеге келіп, ер жеткен шағында әупірімдеп қашып шыққан жалғыз тұтқын Шин Ин Гынның айтуы бойынша, америкалық репортер Блейн Харден жазған бұл кітапты тітіркенбей оқу мүмкін емес. Жантөзгісіз жағдайдағы осы түрмелерде мыңдаған адамның жазықсыз жапа шеккендері өз алдына, олар адамдық қасиет­терден жұрдай бола бастаған. Биологиялық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да.
Спойлер сапырып отырғым келмейді. Бірақ кейіпкерлердің тіршілігінен жаның түршігеді. Бұл кітапты оқуға кеңес бермес едім. Дей тұрғанмен, бір жағынан осы туындыны басқалардың да оқығанын қалаймын. Себебі ХХІ ғасырдағы сұмдық зұлмат­ты көп адамның білгені дұрыс деп ойлаймын.
Жас жазушылардың ішінде жіті бақылап жүретін бір қаламгерім бар. Өткен ғасырда әдебиетке трактормен бұзып-жарып кірдім дейтін Оралханша айтсақ, қазіргі заманғы сөз өнеріне Сүлікқараға мініп келген Есболат Айдабосынның «Соңғы намаз» («Қазақ әдебиеті», №5, 05.10.02.) деген әңгімесі ерекше әсер ет­ті. Соңғы кез­де тұшынып оқыған әңгімем осы болды. 2-3 ай өтсе де әңгіменің әсерінен әлі арыла қойған жоқпын.
Бұрындары Қажығали Мұханбетқалиұлы мен Рахымжан Отарбаевтың әңгімелерінен осындай ләззат алатын едім. Жалпы, Есболат уақытпен бірге өсіп барады. Соған қуанамын. «Тибет аруынан» кейін жазылған осы шағын шығармасының өзі алты атанға жүк болады. Әңгіменің структурасы да ғажап. Қазіргі қазақ қоғамындағы ащы шындықты көркем шындыққа айналдыра білген классикалық әңгіме деп батыл айтар едім. Мұхтар Әуезовтің сонау «Қорғансыздың күнінен» басталған сыни реализм­нің заңды жалғасын осы Есболат­тың жаңа шығармасынан байқадым.
Ақыры, жастар туралы сөз қозғап қалдым, айта кетейін, Ықылас Ожайдың жазғандары да тәнті етеді. Білімді жігіт. Философиялық ой қорыта біледі. Аталы сөз айта алатын қабілет-қарымы бар. Алдында келе жатқан ағаларын қамшылап отыратын қасиетке ие болғалы қашан?! Оның соңғы бір-екі айда сайт­тарға шыққан телегей толғау­ларын үлкен тебіреніспен оқып шықтым. Әрине, оның субъективтік пікірі жөнінде дейміз бе, әлде, өзіндік ұстанымы жөнінде дейміз бе, келіспейтін тұстарым жоқ емес. Алайда оның өзі Ықыластың интеллектуалдығына ешқандай көлеңке түсіре алмасы хақ.
Қазіргі таңдағы қазақтың екі мықты пассеисті Светқали Нұржан мен Берік Жүсіповтің жазғандарын да жіберіп алмауға тырысамын. Екеуінің тосын ойлары мен тың деректері, сөз саптауы мен қазақтың көне сөздерін тірілтіп отыратыны қат­ты қуантады. Ешқандай кітап оқымасам да екеуінің фейсбуктегі парақшаларын үнемі ақтарып отыру әдетіме айналды. Сонымен бірге осы әлеумет­тік желідегі мемлекетшіл тұлғалар Дархан Мыңбай мен
Бауыржан Омардың басқалардан бөлек стилі мен жазу шеберлігі алабөтен ұнайды.
Козьма Прутков айтпақшы, құшағың жетпейтінді құшақтай алмайсың! Біздің қазіргі ақпарат­тар ағыны ие бермей тұрған дүлей заманда бәрін оқып жүрмек түгілі, қадағалап отыру мүмкін емес. Бір ғана нәрсе – көңілге медеу. Ол – әркімнің өз талғамын қалыптастыра білуі. Ал талғамы орныққан оқырман өзіне қажет­ті азықты оңай тауып алады.

 

 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір