ПРЕЗИДЕНТ ПЕН ТӨРАҒА ҚАЗІРГІ ӘДЕБИЕТТІҢ ЖАЙ-КҮЙІ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕСТІ
05.06.2023
158
0

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Алматыдағы резиденция­сында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновты қабылдады. Кездесуде ел бірлігін нығайту, қоғамдық құндылықтарды дәріптеу ісінде қаламгер қауымның атқаратын рөлі қарастырылды. Мемлекет басшысы Жазу­шы­лар Одағы ұлттық интеллигенцияның басын қосып отырған қара шаңырақ екенін айта келіп, ақын-жазушылардың халық әдебиетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, қоғамның бірлігін нығайтудағы еңбегі зор екеніне назар аударды. Президенттің пікірінше, бүгінгі уақыт талабы басқа. Оқырманның талғамы, қоғамның құндылығы – барлығы өзгеріп келеді. Сондықтан шығармашылық ортаның жұмысы да бүгінгі заман талабына сай болуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ әдебиетінде қазіргі оқырман талғамына сай, көпшілік іздеп жүріп оқитын қызық туындылар жазылуы керек екеніне айрықша тоқталды. Сонымен қатар жас ақын-жазушылардың шығармашылығына ерекше назар аудару қажет екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан қаламгерлерді қолдау шаралары жалғаса беретінін айтты.


Мереке Құлкенов Президентке Жазушылар одағының жуырда өткен съезінде талқыланған маңызды ұсыныстар мен ұйымның алдағы жоспары жөнінде баяндады.
Екеуара емен-жарқын әңгіме барысында Жазушылар Одағының төрағасы қазіргі қазақ әдебиетінің өрісін кеңейтіп, қауым боп кітап оқитын ортаны қалыптастыруға қатысты Мемлекет басшысына бірнеше ұсыныс айтты. Атап айтар болсақ, «Мәдениет туралы» заңға қазақ жазушыларының шығармаларын басып шығаруға және кеңінен таратуға септігін тигізетін арнаулы нормалар енгізген жөн»,— деді Жазушылар одағының төрағасы. Сонымен қатар Мереке Құлкенов Президенттің жарлығымен «Халық әртісі» атағының қалпына келуі қоғамда жақсы пікір қалыптастырғанын айтып, әртүрлі себептермен алынып тасталған «Халық жазушысы» атағын қайтаруды қалайтын қаламгерлердің көп екенін жеткізді. Адамзатқа ортақ мәселелерді көтерген кесек шығармалардың жазылуына әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктер тудырып, тиісті заңдар мен үкімет қаулылары сәйкес болуы керектігін де атап өтті.
Жазушылар одағының төрағасы қаламгерлер қауымның ел басшысымен жүйелі түрде жүздесуі мемлекеттің рухани салаға деген жанашырлығы мен қамқорлығының жарқын көрінісі болатынын да еске салды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір