Ел мен әдебиеттің болашағы – жастар

Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жас қаламгерлермен арнайы жүздесу өткізді. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында айтылған негізгі басымдықтар, жаңа бағыттар мен стратегиялық міндеттер жан-жақты талқыланды. Кездесуге Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев, сондай-ақ қазақ әдебиетінің жаңа толқыны – жас қаламгерлер қатысты. Жиында елде жүріп жатқан саяси және әлеуметтік реформалар туралы ой-пікірлер, әдебиетті, мәдениетті дамыту туралы көзқарастар мен ұсыныстар айтылды.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы:
– Қадірлі ағайын, құрметті Мәлік Нұржанұлы!
Бүгінгі кездесу – рухани өмірдегі ерекше сәттердің бірі деп ойлаймын. Біз дәл қазір қоғам санасының жаңарып, ұлттық болмыстың тереңнен қайта түлегеніне куә болып отырмыз. Осындай жауапты кезеңде Президент Кеңесшісінің Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратына жастармен жолығуы үшін арнайы келуі – руханият саласына деген мемлекеттік сенімнің, мемлекеттік қамқорлықтың бір белгісі болар.
Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы – тек бір жылғы жоспар емес, ұлттың ертеңін бағдарлайтын платформа, елді алға жетелейтін стратегиялық бағдаршам екені даусыз. Ал жуырда қабылданған «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлық рухани кеңістігімізді жүйелеудің, ұлттық тұтастығымызды жаңа биікке көтерудің маңызды қадамы болды. Бұл – еліміздің ішкі тұрақтылығы мен идеялық бірлігін бекемдейтін құжат.
Кейінгі жылдары әдебиетке деген мемлекеттік көзқарас өзгеріп қана қойған жоқ, жаңа сапалық деңгейге өтті. Әсіресе әдебиетке жасалып жатқан қамқорлық – бұл болашаққа жасалған инвестиция. Мектеп кітапханаларына жаңа басылымдардың түсуі, жас оқырманға лайық сапалы контенттің пайда болуы – ұлттық сананы қалыптастыратын маңызды тетік. Жастарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, «Айбоз» сыйлықтарының жүйелі түрде берілуі де талантты жас қаламгерлердің қанаттануына қуатты серпін беріп отыр.
Қазақстанның халықаралық беделі күн санап артып келеді. Президенттің АҚШ және Еуропа көшбасшыларымен жүргізген келіссөздері еліміздің сыртқы саясаттағы салмағын күшейтіп, мәдени дипломатиямыздың да өрісін кеңейтіп келеді. Бұл – әдебиетіміз бен мәдениетіміздің әлемдік кеңістікке шығуына жол ашатын маңызды алғышарттар. Келесі жылы Алматының «Түркі дүниесі жастарының қаласы» ретінде жариялануы да – өзара шығармашылық алмасу мен мәдени ықпалдастықты тереңдететін үлкен мүмкіндік. Осының бәрі бізден жауапкершілік талап етеді. Қазір жас қаламгерлердің шығармашылық әлеуетін дамытудың жаңа институттық деңгейі қажет сияқты. Сол себепті «Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебін» 1-2 жылдық әдебиет курс ретінде жалғастыру – тек идея емес, қазақ руханиятының болашағын айқындайтын стратегиялық бастама болуы керек деп есептеймін.
Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебі аясында келер жылы дәріс берушілер ретінде Нобель сыйлығының лауреаттарын шақыру жөнінде жоспарымыз бар. Егер мемлекет тарапынан бұл ұсынысымызға қолдау көрсетіліп жатса, бұл қазақ әдебиетінің жаңа өрісін қалыптастыру жолындағы батыл қадамдардың бірі болар еді.
Менің ойымша, бүгінгі жас буын – әдебиетті жаңа биікке көтеретін қуатты күш. Сол күшті ұйымдастырып, бағыттап, жүйелі мектепке айналдыру – біздің міндет әрі біздің борышымыз деп білемін.
Мәлік ОТАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі:
– Біз жаңа дәуірге қадам басып келеміз. Президенттің биылғы Жолдауы – соның анық айғағы. Президент Жолдауы – мемлекеттік маңызы бар құжат. Заманмен санасқан, озық технологияларды пайдалануды мақсат етіп отырған биылғы Жолдау біз үшін аса маңызды, көкейтесті.
Бүгінде еліміздегі түрлі мәселелер жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін қолданып, елімізді одан әрі әлеуметтік-экономикалық, инновациялық дамытудың жаңа бағдары айқындалды. Жаппай цифрландыру арқылы отандық экономиканы әртараптандыру, кешенді түрде жаңғырту көзделген. Алдағы үш жылда Қазақстанды цифрлық елге айналдыру мақсатында нақты стратегиялық межелер белгіленді. Президентіміздің жаңа бастамалары Қазақстанды жаһандық аренада бәсекеге қабілетті ел ретінде танытумен қатар, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруға да зор ықпалын тигізеді.
Жасанды интеллект — уақыт талабы. Бірақ оның техникадан тыс қыры да бар. Бүгінгі әлем ғалымдарын «жасанды интеллектінің этикасы мен моральдық шекарасы қандай болуы керек?» деген сауал толғандырып отыр. Бұл — тек технология емес, жаңа мәдениет. Ал сол мәдениетті дұрыс бағыттайтын — жастар. Президент Жолдауының басым бөлігі де жастарға арналды. Өйткені жасанды интеллект — олардың қолындағы үлкен мүмкіндік алаңы. Осы саланы игергендер әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болады.
Шынтуайтына келгенде, жасанды интеллект пен цифрландыру – бұл тек технология емес, ол мемлекетті басқарудың, экономиканы дамытудың және халық өмірін жақсартудың жаңа мәдениеті. Осы үдеріске әр азаматтың белсенді қатысуы – табыстың басты кепілі.
Бұған қоса, жасанды интеллектінің әдебиетке де тікелей қатысы бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бүгінгі әдебиет дамыған, үлкен алыптар шоғыры негізін қалап, осы деңгейге жеткізген, бүгінгі жастар қауымы – сіздер, оның өрісін кеңейтіп жатқан үлкен әдебиет. Осы тұрғыда Қазақстан Жазушылар одағы жүйелі, өнімді жұмыс істеп жатыр. Бір ғана былтыр және биыл жүзеге асқан жобалар қаламгерлерді, жастарды қолдау бағытында жеміс беріп отыр.
Данияр АЛИЕВ,
Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы:
– Алматы қаласы – әр дәуірде өз мәдени келбетін ақын-жазушылар арқылы танытып келген рухани ортасы мол қала. Қаламгерлердің шығармашылығы – мәдениет пен әдебиеттің негізгі тірегі, олар арқылы қаланың рухани өмірі өркендейді. Сондықтан Алматыны әдебиет пен мәдениеттен бөлек алып қарау мүмкін емес. Қазақстан Жазушылар одағы – қазақтың қара шаңырағы, кешегі алыптарымыз қызмет еткен киелі орын.
Бүгінде Президенттің мәдениет пен руханиятқа деген қамқорлығы, жастарға бағытталған қолдауы осы институттардың дамуына тікелей ықпал етуде. Мәселен, жыл сайын Жазушылар одағымен бірлесіп, мерейтойлар аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Келер жылы да Алматыға қатысты ілкімді шаралар, байқаулар өткізіп, үздік шыққандарды композиторлармен байланыстыра отырып, жаңа әндер туындауы мүмкін. Бұл байқауға жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды, осында отырған жас қаламгерлердің барлығы қатыса алады.
Жазушылар одағы мүшелерінің басым бөлігі Алматыда тұратындықтан, біз Одақпен үнемі тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Осы орайда Мереке Әбдешұлына ерекше алғысымды білдіремін. Біз әрдайым мәдени және шығармашылық жобаларды қолдауға дайынбыз. Айта кетейік, қалада 35 жоғары оқу орны, 85 колледж бар, ал жастардың 80 пайызы осы қаланың білім беру жүйесінде оқиды. Бұл – Алматының мәдени өмірі мен әдеби кеңістігінің қаншалықты маңызды екенін, қаланың рухани дамуының ел болашағы үшін қаншалықты мәнге ие екенін көрсететін нақты көрсеткіш.
Президенттің мәдениет пен білімге деген стратегиялық қамқорлығы осындай мүмкіндіктердің жасалуына жол ашып отыр. Біз, қаланың мәдени қоғамдастығы, осы саясатты өз жұмысымызбен жүзеге асыруға, жас қаламгерлерді қолдауда жүйелі жұмыстар жасай беретін боламыз.
Бейбіт САРЫБАЙ,
жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары:
– Бүгінгі басқосуға қазақтың жас қаламгерлері жиналып отыр. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» дегендей, біздің буын да жастық шақтан алыстады, ал бізден кейін міне, тұтас бір жаңа буын өсіп шықты. Әлібек Асқаровтың: «Толқын келді дейміз, бірақ мына жастарды көргенде, бұл толқын емес, нағыз цунами келген екен деп ойлаймын» деген сөзі бар еді. Сол секілді, біздің соңымыздан да қуатты бір толқын келе жатыр. Сол цунамидің бүгін белді өкілдері осында отыр.
Бұл қыз-жігіттердің әрқайсысы тек өлең, әңгіме жазумен ғана шектелмейді. Олар қоғамда болып жатқан оқиғаларға үн қосып, өз пікірін ашық білдіріп келеді. Әрқайсысы әр салада белсенді, ұлттық мүдде мен руханият мәселелерінде айқын ұстанымы бар. Ерлан Тынымбайұлы, өзіңіз және басқа да зиялы ағаларымыз үнемі келелі жиындарда жүресіздер, онда талай маңызды мәселелер талқыланады. Ол әңгімелердің ешқайсысы аяқсыз қалып жатқан жоқ, уақыты келгенде жемісін беріп келе жатқанына өзіміз куә болып жүрміз.
Жақында ғана Президентіміз ішкі саясатқа қатысты маңызды құжат қабылдады. Біз оны қуана құптадық. Бірақ құптап қана қоймай, ондағы міндеттердің орындалуына әрқайсымыз үлес қосуымыз қажет. Өйткені ол – бір күнде жазылған дүние емес, талай уақыт сүзгіден өтіп, бұрыннан айтылып келе жатқан мәселелердің сараланған жиынтығы. Сондықтан бұл құжатты үлкен жауапкершілікпен қабылдауымыз керек.
Ерлан ЖҮНІС,
ақын, республикалық «Ана тілі» газетінің Бас редакторы:
– Бүгінгі басқосу – елдің саяси бағыты мен рухани дамуындағы өзгерістердің нақты сезілетін тұсында өтіп отырған маңызды жиын. Себебі, Президенттің кейінгі Жолдауы елдің стратегиялық бағдарын айқындап қана қойған жоқ, мәдениет пен руханият саласын мемлекет саясатының негізгі тетігіне айналдырды. Жолдауда көтерілген «Әділетті Қазақстан», «ортақ жауапкершілік», «ұлттық тұтастық» секілді ұстанымдар әдебиет пен өнердің де даму арнасын белгіледі.
Сол саясаттың нақты жүзеге аса бастағанының айқын дәлелі – Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыретінің кеңеюі. Бұл кеше бекітілген ішкі саясат тұжырымдамасының жүзеге асқан алғашқы қадамдарының бірі дер едім. Бұрын бірнеше ведомствоның есігін қағу арқылы шешуге тура келетін мәселелер енді тікелей әрі жедел шешіледі деп ойлаймын. Бұл – әсіресе мәдениет, әдебиет және ақпарат саласын ұзақ жылдар тежеп келген бюрократиялық кедергілердің азаятынын білдіреді.
Әлеуметтік желілерде көтеріліп жүрген Қазпошта, газеттерді тарату мәселелері, республикалық басылымдардың үш-бес мың тиражбен ғана шығып отырғаны – саланың қаншалықты әлсіреп қалғанының белгілері. Президенттің саясаты да осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталып отыр. Сондықтан бүгінгі жаңалық бізді ерекше қуантты, себебі ол әдебиет пен ақпарат кеңістігін қайта жандандыруға мемлекет мүдделі екенін көрсетті.
Мереке Әбдешұлы орынды атап өткендей, қазіргі әдебиетке, оның ішінде жас буынға көрсетіліп жатқан қамқорлық – Жолдаудағы «адам капиталы» саясатының нақты жүзеге асуы деп білемін. Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың берілуі, «Шабыт» фестивалінің жандануы, «Айбоз» сыйлығының жыл сайын дәстүрлі түрде өтуі – жастардың шығармашылығын жүйелі қолдаудың мысалы болып отыр. Осында отырған қаламгерлердің көбі – осы марапаттардың лауреаттары. Мәселен, Мақсат Рамазанұлы мен Бейбіт Сарыбай секілді әріптестеріміздің «Абыл мен Қабыл», «Бекзат» сияқты шығармалары – қоғамдағы жаңғырудың әдебиеттегі жаңғырығы. Бұлар – әдебиеттің бүгінгі тынысын, ертеңге деген сенімін танытатын туындылар.
Дегенмен бір мәселе назардан тыс қалып жүр. Көп гранттар, байқаулар, қолдау тетіктері 35 жасқа дейінгі қаламгерлерге арналған. Ал 35 пен 50 жас аралығы – нағыз кемелдік уақыты, қаламгердің өзін табатын, стилін қалыптастыратын кезең. Бірақ дәл осы кезең көбіне қолдаусыз қалады. Президент Жолдауындағы «еңбекке әділ жағдай жасау», «барлық буынды қамту» қағидаттары әдебиетте де жүзеге асуы тиіс деп ойлаймын.
Егер мемлекеттің рухани саясатының жаңа кезеңінде осы «өліарада қалған» буынды қолдайтын арнайы механизм қарастырылса, әдебиетіміздің орталық өзегі күшейіп, ұлттық рухани кеңістік толық жарасымға келер еді.
Президенттің саясаты – өңірлік дамуды, экономиканы алға тартумен қатар ең әуелі ұлттың рухани қуатын күшейтіп, сөздің салмағын арттырып, қаламгерді қоғамның тірек тұлғаларының бірі ретінде тануға бағытталған. Ал осы саясаттың өміршең болуына өз еңбегімен үлес қосу – шығармашылық қауымның басты міндеті деп ойлаймын.
Мақсат МӘЛІК,
жазушы, «Qalam media» жобасы қазақ редакциясының шеф-редакторы:
— Бүгінгі басқосу берері мол, маңызы зор жиын деп ойлаймын. Айта берсек, мәселе көп-ақ. Бірақ сол мәселелердің бірте-бірте шешіліп келе жатқанына қуанамыз. Жуырда тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді ағамызбен сұхбаттасқан едік. Сол әңгіме кезінде 1960–1980 жылдардағы қазақ руханияты туралы сөз болғанда, қазақ әрқашан қаламгеріне сенгенін, бұл сенімнің тегі Алаш жолынан басталғанын айтты. Бүгінде сол сенімнің алтын шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағы.
Мереке Әбдешұлы айтып өткендей, Одақ – шығармашылыққа серпін беретін негізгі институттардың бірі. Мысалы, біздің үш романымыз осы Одақ бастамасымен, атымтай жомарт Махат Төрәлі ағамыздың қолдауымен жарық көрді. Оның сапасы немесе бағасы бөлек әңгіме, бірақ осындай дүниенің пайда болуы – әдебиет үшін үлкен қуаныш. Осының тұтқасы әрдайым Одақпен байланысып отырса деймін.
Шеберлік мектебі туралы айтар болсақ, бұл – үзіліп қалған дәстүрді қайта жаңғырту деп ойлаймын. 1990 жылдары бұл тәжірибе болған. Қаламгерлердің ауыл-ауданды аралап, тәжірибе алмасуы – дәл осы шеберлік мектебі сияқты маңызды дүние. Биылғы шеберлік мектебі тек әдебиет саласында емес, саясат, психология, философия сияқты әртүрлі білімді қамтып отыр. Қазіргі заман қаламгері тек сөзбен шектелмеуі керек, әлемдегі жаңа ғылымдар мен дамып жатқан салаларды білуі қажет. Президентіміз айтқан ЖИ дәуірі сияқты жаңалықтарға да бейжай қарауға болмайды.
Дегенмен біреуден дәмету немесе тек қол созу жеткіліксіз. Біз де елге берерімізді көрсетуіміз керек. Жазушы Дидар Амантай ағамыздың айтқанындай, «Жас болу үшін қырыққа жету керек пе?» деген сөз бар. Біз де қырықтан асып барамыз, бірақ мемлекеттің саясаты мен бағыт-бағдарын түсініп, оған қалам арқылы үлес қосу – біздің басты міндетіміз.
Келер жылы Алматы «Түркі дүниесі жастарының қаласы» болады деп жатыр. Бұл – тек қалалық шара емес, түркі халықтарының мәдени байланысын, достығын нығайтатын, рухани кеңістікті тереңдететін маңызды іс. Осындай кезеңде біз бәріміз – әдебиет, мәдениет және руханият саласының өкілдері белсенді қатысып, бауырлас халықтардың мәдени байланысын арттыруға үлес қосуымыз керек.
Ерғали БАҚАШ,
ақын, «Балдырған» журналының
Бас редакторы:
– Мәлік Нұржанұлы, уақытыңызды бөліп, біздің ортамызға келгеніңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Президентіміз кейінгі жылдары «кітап оқитын ұлтқа, интеллектуалды қоғамға айналайық» деген бастаманы ерекше көтеріп жүр. Бұл – елдің болашағын ойлаған, ұлттық сананы бекемдейтін өте орынды үндеу. Шынында да, әдебиет пен мәдениетке мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау бүгінгі деңгейіне бұрын жете бермейтін. Соған куәміз, соған қуанып жүрміз.
Біздің буынның кезінде әдеби байқаулар көп бола бермейтін. Ал қазіргі жастар үшін мүмкіндіктер кең: жаңа жобалар жүзеге асып, кітаптар көптеп жарық көріп жатыр. Бұл – Жазушылар одағымен бірлесіп жүзеге асып жатқан ірі шығармашылық бастамалардың нәтижесі.
Президент «кітап оқитын ұлт болайық» дегенде, мен сол сөздің жалғасы ретінде «газет-журнал оқиық, баспасөзді қолдайық» деген ой айтылса деген тілек білдіргім келеді. Өйткені кітап оқитын бала – алдымен газет-журнал оқудан бастайды. Балаларға арналған басылымдарды оқымаған ұрпақ ертең қалың кітапқа да жақындай қоймайды. Сондықтан бұл үндеудің дер кезінде, орынды айтылғанына өзім қатты қуандым.
Кейінгі үш-төрт жылда Астанада журналистер мен қаламгерлерге арнайы тұрғын үйлер беріліп келеді. Бұл – мемлекеттің үлкен қамқорлығы. Осындай игілікті іс Алматыда да жалғасын тапса, жұртшылық қуана қол соғар еді. Астанадағы 50–60 үйдің санын азайтпай-ақ, жыл сайын Алматыдағы жағдайы қиын жас жазушыларға да Президент атынан қолға алынған осындай бастама жасалса, бұл рухани орта үшін үлкен демеу болар еді.
Менің замандасым марапат алса, мен өзім алғандай қуанып жүретінім рас. Балалар жазушысы, публицист Марат Қабанбай ағамыздың тамаша сөзі бар еді: «Көршің кілем сатып алса қуан, бір шетіне өзің де отырасың» деген. Қазіргі жастардың көпшілігі айына 300–400 мың теңге төлеммен ипотека өтеп жүр. Ондай жағдайда адам шығармашылықпен айналыса ма, әлде күнкөріс қамын ойлай ма, бұл екіұдай күйге түсіреді. Адам — мемлекеттің ең үлкен байлығы. Біз – өсіп келе жатқан жас халықпыз. Сондықтан мемлекеттік стипендия мен түрлі қолдау түрлерінде жастардың үлесін көбейту – өте маңызды іс деп ойлаймын.
Дархан БЕЙСЕНБЕК,
жазушы, «Жұлдыз» журналының Бас редакторының орынбасары:
— Бүгін көтеріліп жатқан мәселелер өте өзекті. Қазақстан Жазушылар одағы Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесе отырып, үш жылдық стратегиялық әріптестік жобасын жүзеге асыру үстінде. Менің ойымша, Мереке Әбдешұлы айтып өткендей, бұл курсты 6 айлық немесе 1 жылдық толық бағдарламаға айналдырсақ, Нобель сыйлығының иегерлерін шақыруға да мол мүмкіндік туар еді.
Кеңес дәуірінде білім алған қаламгерлер көбіне жан-жақты дамыған. Ал қазіргі мектеп оқушылары бұл дәуірдің тарихи, мәдени және әдеби қырларын жеткілікті біле бермейді. Сондықтан жас қаламгерлер мен оқырмандардың көкжиегін кеңейту үшін әлемдік әдеби мұрамен таныстыру қажет. Егер Жазушылар одағының бастамасымен, Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктердің қолдауымен, шетелге сапарлар ұйымдастырылса, онда біздің қаламгерлер сол елдердің тарихын, дәстүрін, әдеби шығармаларын елге алып келер еді.
Осы арқылы жас оқырмандардың таным көкжиегі кеңейіп қана қоймай, Қазақстанның рухани ықпалы мен мәдени беделі де арта түсер еді деп олаймын. Мысалы, әдеби «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» мен «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зертеу жұмыстары» жобасын біріктіріп, «Қазақ әдебиеті және әлем» деген сияқты жобаны іске қосу арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, жастарға жаңа білім мен шабыт беруге әбден болады. Бұл бастама — Президенттің интеллектуалды ұлт құру саясатының ұлттық руханиятты көтеруге, жас қаламгерлерді қолдауға бағытталған іс-қимылдардың нақты көрінісі болар еді.
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
балалар жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағы Балалар әдебиеті кеңесінің басшысы:
— Құрметті Мәлік Нұржанұлы, өзіңіз де жазушысыз, әдебиеттің қазіргі жай-күйін жақсы білесіз. Қазіргі ең өзекті мәселелердің бірі — біз әдеби редакторлықтан айырылып бара жатырмыз. Қазіргі редакторларымыз көбінесе зейнет жасындағы қаламгерлер. Болашақта әдеби мәтіндерді кәсіби деңгейде өңдей алатын мамандар қалмаса, кейінгі буынның әдеби сауаты әлсіреп, кітаптардың сапасы төмендеуі мүмкін. Сондықтан жаңа сіздер айтып жатқан Әдебиет институты ашылатын болса, сол институтқа әдеби редакторлық мамандығы міндетті түрде енгізілуі қажет деп ойлаймын. Мәскеудегі Әдебиет институтының тәжірибесі дәл осыны көрсетіп отыр, бізге де сол жүйелі жол қажет.
Балалар әдебиетіне қатысты да бірнеше өзекті ұсынысым бар. Қазіргі таңда көптеген кітаптар аймақтарға толық жетпейді, біз оны өңірлерлерге жасаған сапарларда бақылап жүрміз. Мемлекеттік қолдау көрсетілуі дұрыс, алайда оны нақты ережелермен бекіту қажет деп есептеймін. Мысалы, композиторлар немесе скульпторлар сияқты өнер саласының мамандарының шығармаларын шығарғанда арнайы талаптар бар: ноталарды, фотосуреттерді енгізуге қосымша қаражат қарастырылған. Сол сияқты балалар әдебиетінің сапасы, мәтіннің мұқият өңделуі, иллюстрация мен таңбалардың айқын әрі көркем болуы стандартқа сай болуы тиіс. Өйткені қызықтыра алмаған кітап балаға қажет емес: сөрелерде тұрса да оқылымы болмайды, ал бұл шығарманың мәнін түбегейлі төмендетеді.
Сонымен қатар Президенттің тапсырмасымен Халық жазушысы атағы қайтадан беріліп отыр. Бұл – әдебиетке, балалар шығармашылығына және ұлттық руханиятқа деген нақты қамқорлықтың көрінісі. Мысалы, 1984 жылы балалар әдебиетінде Мемлекеттік сыйлықты Мұзафар Әлімбаев алған, содан бері 45 жыл өтті, бірақ осы уақыт аралығында бірде-бір балалар жазушысы мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылмаған. Арамызда сол сыйлыққа толық лайық талантты қаламгерлер бар, олардың еңбегі еленуі тиіс. Президенттің бұл қадамдары жас қаламгерлерді қолдауға, әдебиеттің сапасын арттыруға және ұлттық мәдениеттің дамуына ерекше ықпал етеді деп сенемін.
Еділбек ДҮЙСЕН,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Аппарат жетекшісі:
– Мәлік Нұржанұлы, өзіңіз білетіндей, Қазақстан Жазушылар одағы Мереке Әбдешұлының бастамасымен бүгінгі таңда балаларға арналған және балалардың қатысуымен бірнеше жобаны қатар жүргізіп келеді. Бұл сөзіме дәлел ретінде 20 жасқа дейінгі жастарды ынталандыру мақсатында түрлі шығармашылық байқауларды, шеберлік дәрістерін, әдеби кештерді, «Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне үміткер» жобасын, дәстүрге айналатын халықаралық «Ертөстік» балалар әдеби сыйлығын, балаларға арналған үздік туындыларды «Үкілі үміт» атты арнайы сериямен кітап етіп шығару жұмыстарын, жас оқырмандарға арналған мазмұнды шығармаларды насихаттау, авторларды қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп отырған Одақ жанынан құрылған «Балалар әдебиеті кеңесін» айтсақ жетіп жатыр.
Бұған қоса, Қазақстан Жазушылар одағы «Өркен» балалар әдебиетін дамытуға жәрдемдесу қоғамдық бірлестігімен және Алматы қалалық кітапханалар жүйесімен бірлесе отырып, 2025 жылы Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы, көрнекті жазушы Сапарғали Бегалиннің туғанына 130 жыл толуына арналған «Алматының жас жазушысы – 2025» байқауын өткізген болатын. Шығармашылық бәсекеге 15–17 жас аралығындағы 173 жас талапкер қатысып, Сапарғали Бегалиннің шығармаларындағы кейіпкерлер мен оқиғаларды фэнтези жанрымен сабақтастыра отырып, тың дүние ұсынды. Бұл әдебиет пен қиял әлемін тоғыстырған шабыт алаңына айналды.
Биыл Қазақстан Жазушылар одағы аталған байқауды республикалық деңгейде, «Қазақстанның жас жазушысы» атауымен ел көлемінде және жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Байқау екі кезеңнен тұрады деп көзделуде. Байқаудың бірінші (облыстық) кезеңі әр жылдың желтоқсаны мен наурыз айлары аралығында өтеді. (2025 жылдың 1 желтоқсаны 2026 жылдың 2 ақпаны байқауға қатысушылардың жұмыстарын облыстық деңгейде қабылдау. 15 ақпан – 15 наурыз облыстық деңгейде байқауға келіп түскен жұмыстарды бағалау. 20 наурыз облыстық деңгейдегі байқау жеңімпаздарын жариялау). 1 сәуірге дейін облыстық деңгейдегі жеңімпаздардың жұмыстары республикалық деңгейдегі қазылар алқасына жолданады. Байқаудың екінші (республикалық) кезеңі сәуір айында өтеді. 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қалада жеңімпаз деп танылған 20 оқушы арасындағы қорытынды кезең, яғни жұмыстарды бағалау 1 сәуір – 20 сәуір аралығында өтеді. Жыл сайын 23 сәуір – «Ұлттық кітап күні» мерекесінде Астана қаласында республикалық байқаудың қорытындысын жариялау және жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өткізіледі. Облыс деңгейінде жеңімпаз деп танылғандарға дипломдар, «Қазақстанның жас жазушысы» атағы және аталған облыс аумағында орналасқан ЖОО-нан білім беру гранты беріледі деп жоспарланып отыр. Республика деңгейінде жеңімпаз деп танылған оқушыға бағалы сыйлықтар, дипломдар, «Қазақстанның жас жазушысы» атағы және республикалық деңгейдегі ЖОО-дан білім беру гранты беріледі деп көзделуде. Облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларды ұйымдастыруға Қазақстан Жазушылар одағы және оның әр өңірдегі өкілдіктері араласады. Бағалы сыйлықтар Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан, білім беру гранттары ҚР Оқу-ағарту министрлігімен және облыс әкімдіктерімен ынтымақтаса отырып беріледі деп жоспарлануда.
Байқаудың тақырыбы жыл сайын өзгеріп отырмақ. 2026 жылғы республикалық байқау Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Олжас Сүлейменовтің 90 жасқа толуына арналады. Өйткені бұл оқушылардың қаламгер мұрасын мұқият зерттеуіне, жан-жақты тануына ынталандырады. Байқауға қатысу үшін оқушылар алғашқы кезеңде Олжас Сүлейменов және оның шығармашылығы жөнінде эссе жазады, екінші кезеңде проза, поэзия, драматургия, фэнтези бағыттарының бірінде туынды ұсынады.
Айнагүл САДЫҚОВА,
аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының қызметкері:
— Мен Мереке Әбдешұлының ұсынысына орай өз ойымды білдіргім келеді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асырылып келе жатқан жобалардың бірі — «Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебі». Биылғы курстың ерекшелігі — Басқарма Төрағасы Мереке Әбдешұлының ұсынысымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты бес ғылыми-зерттеу институтының көрнекті ғалымдары дәріс оқуға шақырылған-ды.
Нәтижесінде, жас қаламгерлер әдебиет мәселелерінде алған білімдерін ғылыми тұрғыдан байытты. Мысалы, жазушы Мақсат Мәлік биылғы «Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебіне» ғалымдардың қатысуы өте нәтижелі болғанын атап өтті. Бұл бастама эксперимент ретінде енгізілгенімен, дер кезінде және қисынды жүзеге асқаны байқалады. Мұның басты себебі — әдебиеттің сапалы дамуы үшін берілетін мағлұмат, дерек пен ақпарат тексеріліп, жүйелі түрде ғылым арқылы берілуі керек.
Мен бірінші жылы осы мектепте оқытушы болып, биыл директордың орынбасары ретінде ұйымдастырушылық жұмыстарға араласып, қатысушылар мен ұстаздармен тығыз байланыста болдым. Сол кезде түсінгенім, мұндай мектеп өте қажет. Өйткені әр өңірден, республикалық маңызды қалалардан небәрі бір-бір жас қаламгер ғана іріктеледі. Өтпей қалғандар «Неге он адам ғана?», «Неге жиырма емес?» деп сұрақ қойса, қатысқандар өздері де алған білімдерінің кеңдігіне таңданып, «Неге үшжылдық бағдарлама ғана?» деген сауалдарын жолдаған еді.
Үшжылдық жоба ретінде ашылған «Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» сұранысқа ие әрі болашағы зор жоба екенін дәлелдеді. Бұл мектеп жас жазушылар мен ақындар үшін тиімді білім беру алаңы ғана емес, сондай-ақ қатысушылар мен танымал қаламгерлер арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтетін бірегей платформаға айналды.
Осыған орай, ұлттық әдебиетті дамыту мен жазушылардың кәсіби шеберлігін арттырудың тиімді формасы ретінде бұл мектеп үзілмей, тұрақты жұмыс істейтін кең ауқымды оқу орнына айналса, әдебиетті кәсібилендіріп, сөз өнерін биіктетуге қосылған зор үлес болар еді.
Әлібек БАЙБОЛ,
әдебиеттанушы-ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру жөніндегі ауқымды міндет барлығымызға үлкен жауапкершілік, болашаққа зор сенім сыйлады. Президенттің бұл прогрессивті идеяны әлемнің ең басты мінбері – БҰҰ-ның төрінен жариялауы еліміздің жаһандық үрдістен тыс қала алмайтынын көрсетті. Президент атап өткендей, жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің бүгінгі күнде ұлттық басымдығына айналып отыр.
Мәлік Нұржанұлы атап өткендей, расымен де жасанды интеллектен әдебиет өкілдері де тысқары қала алмайды. Дегенмен ол үшін әдебиет те жасанды интеллектің даму жылдамдығына ілесіп, жаңарып отыруы шарт. Жаңарудан бұрын әдебиеттің мәселелерін шешіп алуымыз керек.
Мәселен, қазақ әдебиетін шет тіліне және әлемдік үлгідегі үздік шығармаларды қазақ тіліне аудару жағына мән берген жөн. Ұлттық аударма мектебін қалыптастыру үшін ауқымды байқау ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Өйткені аударманы дамыту, аудармашыларды ынталандыру әлі де жолға қойылмай келеді. Бұған қоса, қазақ драмашыларының қаламақы мәселесі де – шешуін таппай келе жатқан дүние. Сол реттелсе дейміз.
Асылан ТІЛЕГЕН,
ақын, «Ұлан» газетінің бас редакторының орынбасары:
– Қазір қоғамды кітап оқуға қалай баулимыз деген мәселе бар. Президенттің Ұлттық құрылтайда, Жолдауларында айтылған сөзінен кейін әр сала әртүрлі қимыл істеп жатыр. Шешімі жоқ емес мәселе, әрине. Қоғамды кітапқұмар қылудың төте жолы – балаларды кітапқа баулу екені белгілі. Ендеше балаларға арналған контентті мейлінше қолдау керек. Мысалы, балаларға арналған, мемлекет қолдап отырған төрт бірдей басылым бар. Олар – «Балдырған» және «Ақ желкен» журналдары мен «Ұлан» және «Дружные ребята» газетттері. Алды биыл 100 жылдығын тойлаған басылымдар бірнеше буын ұрпаққа сапалы контент болды. Әлі де сол классикалық дәстүрінен айныған жоқ. Бұл басылымдар мерзімінде, мазмұндық сапада шығып тұр. Өкініштісі, оқырманға уақытында жетуде мәселе бар. Яғни оны жеткізумен айналысатын «Қазпошта» мекемесі әртүрлі сылтаумен газетке жазылудың бағасын өсіріп, алайда қызметін дұрыс атқармай отыр. Яғни газет-журналдарымыз оқырманға, балалардың қолына тым кешеуілдеп жетеді. Сәйкесінше оқырманның газет-журналға деген көзқарасы өзгеріп барады. Сөз жоқ, үкімет басшыларының қолына басылымдарды ертесі-ақ жеткізіп береді. Алайда қарапайым оқырманға айлап кешігетін кез көп. Осы мәселені жолға қояр пәрмен керек-ақ. «Қазпошта» бұлай еркінси берсе, дәстүрлі басылымның түбіне жетеді.
Қанат АЛТЫНБЕК,
ҚР Ұлттық кітапханасының ғалым хатшысы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
– Әдебиетке бейжай қарамайтын жұртшылықтың басын біріктірген бүгінгі отырыс, шығармашылық ортаға жаңа леп әкелген әсерлі әрі тағылымды кездесу болды. Осындай ортада сөз алғанда мен ең әуелі Қазақстан Жазушылар одағының кейінгі жылдары жастарға көрсетіп отырған қамқорлығына тоқталғым келеді. Қаламын енді ғана қолға алған жас авторға бағыт-бағдар, рухани тірек ауадай қажет. Одақтың осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары – әдебиетке келетін жаңа буынның сенімін күшейтіп, шығармашылыққа құлшынысын арттырып отырған маңызды іс.
Сонымен бірге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «ТМД архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты жобаның мән-маңызы орасан зор. Екі жыл қатарынан жалғасып келе жатқан бұл бағдарлама – әдебиет тарихын тек кітап беттерінен іздейтін дәстүрлі көзқарастан асып, жаңа бағытқа бет бұрған қадам. Жазушылардың өмір жолы мен шығармашылық байланысын архив материалдары арқылы ашу – қазақ әдебиетінің ғылыми қорын байыта түсетін мүмкіндік.
Осы жобаның аясында маған Қырғыз Республикасында зерттеу жүргізу бұйырды. Қырғыз Ұлттық кітапханасы мен архивтеріндегі сирек қорлардан қазақ жазушыларына қатысты күтпеген жаңалықтар таптым. Екі халық арасындағы әдеби қарым-қатынастың тамыры тереңде жатқанын көрсететін деректер, жазушылардың өзара хат алмасулары, әдеби ортадағы оқиғалар жайлы мәліметтер – барлығы да біздің рухани жадымыздағы олқылықтарды толтыруға сеп болатынын аңғардым.
Қырғыз еліндегі архивтердің ұқыптылығы, сирек кітаптар қорының жүйелі сақталуы да ерекше әсер қалдырды. Осы материалдармен жұмыс істеу барысында қазақ әдебиетінің талай тұсы әлі толық зерттелмегенін, ал көршілес елдердің мұрағаттарында қазақ жұрты үшін құнды дүниелердің көп екенін түсіндім.
Егер бұл бастама уақыт өте келе барлық түркі мемлекеттерін қамтитын ауқымды ғылыми бағдарламаға айналса, ортақ мәдени тарихымызды жаңаша пайымдауға зор мүмкіндік ашылады. Түркі елдерінің архивтерінде сақталған әдеби мұраны да бірлескен зерттеу кеңістігіне қосу – түркі әлемінің рухани тамырын тереңірек танытуға бағытталған үлкен іс болар еді.
Бүгінгі жиында айтылған әр пікір – болашақ әдебиетке жасалған инвестиция. Жас жазушылардың шығармашылық ізденісін қолдау, архив деректерін қайта сөйлету, әдебиеттің ғылыми негізін байыту – ұлттық руханияттың іргесін бекітетін маңызды қадамдар.
Біз әдебиетке қызмет еткен сайын, ұлттың рухы күшейеді. Біз жас қаламгерді қолдаған сайын, ертеңгі әдебиет биіктей түседі.
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ,
ақын, «Қазақ газеттері» басылымдарының тілшісі:
– Қазіргі қазақ әдебиетінің даму үдерісіне үңілсек, бірқатар жүйелі проблемалардың әлі де өз өзектілігін жоғалтпағанын байқаймыз. Ең алдымен, қазақ прозасы мен поэзиясының жаңаша бағыт пен батыл эксперименттерге сұранысы артып отыр. Көп шығармаларда әлеуметтік-психологиялық тереңдік бар болғанымен, әдебиеттегі жаңа формалар, стильдік ізденістер, заманауи кейіпкерді жаңаша концепциялау әлі де мардымсыз. Әсіресе ақындыққа, жазушылыққа баулитын институттардың жоқтығы жанға батады. Мәселен, ақын сіңлілерім қабілетіне сай оқуға түскісі келеді, бірақ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғаліміне ғана тапсырады. Содан ол педагог болып шығады. Педагогика мен шығармашылық екі бөлек дүние емес пе?
Сондай-ақ жас қаламгерлерге қолдау тетіктерінің жеткіліксіздігі, әдеби сын институтының әлсіреуі, кітап нарығындағы бәсекенің төмендігі – ұлт әдебиетінің дамуын тежейтін факторлардың бірі.
Осы ретте, мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты игі қадамдарды да жоққа шығара алмаймыз. Президенттің мәдениет пен әдебиет саласына бағытталған реформалары саланың тамырына қан жүгірткенін көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауын толық оқып шығып, әдебиеттің де жасанды инттелектімен не ымыраға келуі немесе өзге бір қадамдарға баруы керек екенін түсіндім. Бұл біздің ендігі атқаратын жұмысымыз шығар деп ойлаймын.
Сандуғаш СЕРІКҚЫЗЫ,
ақын:
– Біраз ойда жүрген тақырыптарды алдыңғы буын ағаларымыз қозғап кетті, бәріне толық келісемін. Өзім педагог маман болғандықтан, оқу бағдарламасы, қазақ тілі, әдебиет оқулықтарындағы көңіліміз толмайтын кей олқылықтар жайлы айтуды жөн көріп отырмын.
«Жаңартылған білім мазмұны» бойынша әзірленген оқулықтар әдемі бастама, бірақ олар ұлт әдебиетін, тілінің тереңдігін жеткізе алмайтын секілді. Су бетінде қалқып, құдды басқа ұлт өкіліне қазақ тілінде дұрыс сөйлеуді үйретіп жатқандай күй кешеміз. Сөз ішіндегі әріптік қателердің жиі кездесетіндігін айтпағанның өзінде, кейбір мәтіндердің, деректердің тарихи-мәдени дұрыстығына қатысты тартыс бар. Мысалы, 2-сыныпқа арналған оқулықта «ұлттық тағам» ретінде дұрыс емес тағамдар, дәстүрлер көрсетілген бе деген күмән туады…
Тағы бір айта кетерлігі: мәтіндер мен тапсырмалардың сәйкессіздігі. Яғни берілген мәтінге түк қатысы жоқ тапсырмаларды көріп, бала түгілі өзіміз де ауыз ашып қаламыз. Ең сұмдығы, ереже беріледі, бірақ мысалдары ережеге мүлде сай келмей жатады. Оған кішігірім дәлел ретінде 9-сыныптың «Қазақ тілі» оқулығындағы «Құрмалас сөйлемдер» тақырыбы. Бұл өте қабылдауға ауыр, күрделі тақырыптың бірі. Онсыз да миы ашып жатқан балаға мысалдарды анық әрі дәл беру оқу үдерісін жеңілдетуге үлкен көмек болар еді. «Қазақ әдебиеті» оқулықтарының мазмұнына қатысты да жүйесіздіктер бар. 5-6-7-8-9 сыныптардан бастап, әр дәуір әдебиеті рет-ретімен өтіледі. 18-19-20-ғасырға балалар сатылап шығып, біртіндеп әр автормен танысады. Бірақ дәл ортадан топ етіп жаңа заман авторларын қосып, баланың миын ашытып жатқан жоқпыз ба? Қосқан дұрыс, бірақ ұсыну жоспарын жүйелі құрсақ, мұның да орайын келтіруге болар еді…
Осының бәрін ескере келе, мектеп оқулықтарын жазуда, әсіресе «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндеріне қатысты, авторлар, редакторлар, сарапшылар құрамы ретінде нақты әрі кәсіби қор құрылса, ортада талданса деген ұсыныс-тілегімді айтар едім.
Тек ресми сапа бақылауымен емес, қоғам, мұғалімдер, әдебиет зерттеушілері мен ақын-жазушылардың пікірін ескеретін ашық, қоғамдық талқылау жүргізу – кітап оқитын ұрпақ тәрбиелеудің алғыштарты деп білемін.