Сөз өнері: ұлттық әдебиеттің даму болашағы
14.10.2025
443
2

3 қазанда Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Сөз өнері: Ұлттық әдебиеттің даму болашағы» атты халықаралық әдеби форум өтті. Айтулы жиынға Қырғызстан Республикасынан, Өзбекстан Республикасынан ақын-жазушылар мен әдебиеттанушылар, отандық қаламгерлер, сыншылар мен әдебиеттанушы ғалымдар қатысты. Форум жұмысын кіріспе сөз сөйлеп ашқан Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов жүргізіп отырды.

Мереке Әбдешұлы өз сөзінде халықаралық форум – бауырлас халықтардың рухани туыстығының, әдеби бірлігінің айшықты көрінісі екенін атап өтіп, Қазақстан Жазушылар одағының түркітілдес елдердің әдеби байланысын нығайтуда атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
– Қазақстан Жазушылар одағы – ел руханиятының тірегі, ұлттық әдебиеттің дамуына, қаламгерлер буынының сабақтастығына үлес қосып келе жатқан шығармашылық ұйым. Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағы жас таланттарды қолдау мен әдеби үдерісті жаңа бағытта дамытуға баса назар аударып отыр. Атап айтқанда, «Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне үміткер» жобасын жалғастырып, 20 жасқа дейінгі жастарды ынталандыру мақсатында түрлі шығармашылық байқауларды, шеберлік дәрістерін, әдеби кештерді тұрақты түрде ұйымдастырып келеміз. Одақ жанынан құрылған жанрлық кеңестер оқырмандарға арналған мазмұнды шығармаларды насихаттау, авторларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп отыр. Былтыр біз Мәдениет ж

әне ақпарат министрлігімен стратегиялық әріптестік негізінде әдебиетті дамытуға бағытталған бірқатар маңызды бірлескен жобаларды қолға алған едік. Атап айтқанда, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», сондай-ақ «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушыларға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу» сынды үш ірі жобаны жүзеге асыра бастадық. Бұл жобалар биыл да жалғасын табуда. Қазіргі таңда «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасының» іріктеуінен өткен 20 жас қаламгер Қазақстанның әр өңірінің әдеби келбетін қалыптастыруда. Ал «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсында биыл шетелдік және отандық қаламгерлермен қатар, алғаш рет 5 бірдей ғылыми-зерттеу институтының өкілдері дәріс оқыды, – деді Басқарма төрағасы.

Форумның ашылуында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысушыларға табыс тілеген арнайы құттықтауы оқылды.
Сонымен қатар жиынға қатысушыларды Алматы қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Халбеков құттықтап, форумның маңызына тоқталды.
Халықаралық форумда Қырғызстанның Ел ақыны, көрнекті ақын, аудармашы Қожагелді Күлтегін «Қазіргі қырғыз-қазақ әдеби байланыстары», Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, Өзбекстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әдебиеттанушы ғалым Сувонкул Милиев «Әдеби сын. Әдебиет пен сенім», сыншы, жазушы Бағашар Тұрсынбайұлы «Әдебиеттің бүгінгі беталысы мен мұраты», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, ғалым Айнұр Ахметова «Заманауи қазақ, өзбек, қырғыз әдеби мәтіндері: Түркілік және Түркістан интерпретациясы», филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы-ғалым, профессор Гауһар Балтабаева «Қазіргі қазақ әңгімесі» тақырыбында баяндамалар жасады.
Бұған қоса, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Кәдірбек Сегізбайұлы, жазушы, Қазақстанның Құрметті жазушысы Жүсіпбек Қорғасбек, қырғыздың «Жетіген» журналының Бас редакторы Абдиламит Жумашев, белгілі жазушы, публицист, Қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин, «Таң-Шолпан» журналының Бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы, Алматы қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының кеңесшісі Бақытжамал Оспанова сөз сөйлеп, әдебиеттің мұраты мен мақсаты, қазіргі ұлттық әдебиеттің даму болашағы туралы өзекті ойларын ортаға салды.
Әдеби форумның екінші бөлігінде еліміздің бірқатар өңірінен келген кітапханашылар бас қосты. Кездесу барысында шетелде тәжірибеден өткен жас мамандар жұмыстың жаңа кәсіби тәсілдері туралы айтып, әріптестерімен ой-пікір бөлісті. Сонымен қатар облыстық кітапхана директорлары өз тәжірибелерін ортаға салды. Форум аясында Алматы кітапханалары автономды аппараттары көрсетілді.
Форумға қатысушылар мен қонақтар Alatau creative hab орталығында жасақталған кітап көрмелеріндегі шығармалармен танысып, кітапхана қызметкерлері сирек кездесетін кітаптарға шолу жасады.

Шығармашылық әлемі ұтар игі бастама

«Бармасаң, келмесең жат боласың» дейтін қазақтың мақалы бар. Тұран жұрты, яғни Орталық Азиядағы ағайындар ғана емес, басқа да алыс-жақын елдер және Ресейдің біраз жұртымен кеңестер кезінде жиі араласып, барып-келіп тұрар едік. Қазақ, өзбек, қырғыз сияқты ағайындас халықтардың тарихында бұл кезеңге дейін де бір-біріне көрсеткен достық қарым-қатынастары ұшан-теңіз. Ол туралы айтылып та, жазылып та жүр.
Жуырда ғана Бішкек қаласында қазақ-қырғыз зиялыларының ІХ форумы өтті. Көптен көріспеген ағайындар келелі мәселелерін қозғап, бір жырғап қалысты. Міне, бүгін Алматыда өзбек-қырғыз зиялыларының форумы өтіп жатыр. Бұл, әрине, ұмытыла бастаған қарым-қатынасты қалпына келтірудегі игілікті шара. Бүгінгі осынау шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Қазақстан Жазушылар одағына, оны жан-жақты қолдағаны үшін Алматы қаласының әкімдігіне алғысымыз шексіз. Мұны үзіле жаздаған қарым-қатынасты қалпына келтірудегі үлкен бастама деп білеміз.
Өзбек, қырғыз жазушыларының таңдаулы шығармалары қазақ тіліне, керісінше қазақ ақын-жазушыларының таңдаулы шығармалары осы ағайындардың тілдеріне аударылып тұрса, бұдан тек әдебиет әлемі ұтар еді. Сондықтан ақын-жазушыларды ғана емес, әдебиетті бір-біріне жақындастыра түсетін ең үлкен дәнекер – аударма жұмысы және осындай әртүрлі форматтағы кездесулер, жиындар деп ойлаймын. Бұл шараларды жүзеге асыру үшін, ең алдымен, үкіметтің қамқорлығы, рухани және материалдық демеушілігі керек. Бұл – аксиома.

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы,
ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері

Рухани тәуелсіздік үшін күрес жүріп жатыр

– Көптен бері ойланып жүрген бір сұрағым бар. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романын не үшін жазды? Жазу үшін жиырма жылдай уақытын арнаған, қазақ әдебиетіндегі ең зеңгір координат – «Абай жолы» данышпан хәкім үшін ғана жазылды ма? Әуезов ақын алдында, оның бар саналы ғұмырына азық болған Абай шығармашылығының алдында өзін қарыздар сезінгендіктен осы қадамға барды ма? Менің ойымша, ең алдымен, қазақ әдебиетіне роман керек болғандықтан жазушы осы тақырыпқа бел байлаған. Ол бір жалған патриоттықтан емес. «Мен жазбасам, кім жазады?» деген ішкі менмендіктен де емес.
Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ зиялыларының бәрі роман туралы сөз айтқан. Әлихан да «Роман туралы» деген сөзінде әлемдік романистерді айта келіп, қазақ әдебиетіндегі романдар деп осы жанрдағы алғашқы қолтаңбаларды мысал етіп келтіреді. Кәсіби жазушы ретінде Әуезовті осы мәселе толғандырмады деп айта алмас едік. Өзі ойлаған осы жанрды дүниеге әкелу үшін, Әбішше айтқанда:
«…тек өз ұлтының ғана емес, өз тұсындағы бүкіл адамзаттың озық ойы мен озық эстетикасының шырқау биігіне бір-ақ самғап көтеріле алған білім, сұрапыл талантқа ие Абайдай алапат тұлға керек еді». Роман жазуға түрткі болған «жалғыз ықпал көзі сол еді деу де ақиқатқа сәскеспейтін» де шығар. Бір үлкен себебі осы деп ойлаймын.
Әр халықтың негізгі ерекшелігі, өмір сүру салты, мінезі, тіршілік болмысы негізінен роман жанры арқылы жазылды. Бүгін осы кәсіби жазушылық жоғалып бара жатқандай. «Ұзақ романдар оқылмайды» деп жал-құйрығын күзегенімізбен, бір дәуірдің суретін жасап, үлкен кейіпкер сомдау үшін роман міндетті түрде қажет. Жақсы шығармалар оқылудан қалмақ емес. Оған дәлел, бүгінге дейін жазылған классикалық романдардың әлі күнге дейін оқылып келе жатқаны.
Осы күні қазақ әдебиеті романнан кенде емес. Кейін­гі шығып жатқан кітаптардың да қарқыны қатты. Бірақ олардың бағасын, көркемдік жетістігін, толайым табысын айтып, талдап, тарқатып жатқанымыз жоқ.
Көңіл бөлді деген сол – соңғы уақытта мемлекеттің де, жеке кәсіпкерлер арқылы Жазушылар одағы тарапынан ұйымдастырылатын бәйгелер мен жобалар жетерлік. Солардың ішінде роман жанрында көптеген кітап шықты. Мен өзім оқыған бір кітапты ерекше айт­қым келеді. Ол Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романы. Жақсы мен жаман дейтін ықылым заманның тақырыбын уақыттарды қатар жарыстырып, замандарды қатар салыстырып, қанша дамып, қанша дәуір өтсе де сол жақсы, жаман болмысынан арыла алмай-ақ қойған адам жанының бітіспес сұрағын жақсы берген. Әдеттегі сюжеттен, әдеттегі формадан өзгешелеу берген осы жазушы өзінің жақсы мүмкіндігін барынша пайдаланса, бүгінгі заманның ең бір жақсы романын берер еді деп ойлаймын.
Кейінгі кездері қазақ әдебиетінің енді бүршік жарып келе жатқан жас жазушыларының қалам тартысы, ой қуаты, ізденіс өрісі оқырман қауымды елең еткізердей. Жадыра Шамұратованың, алдымен тәп-тәуір өлең жазып, кейін бір жола прозаға бет қойған Есбол Нұрахметтің, алғашқы әңгімелері иқы-жиқы басталып, кейінгі кезде ізденісімен де, ойымен де әңгімелерінің бағасын өсірген Досхан Жылқыбайдың, әр әңгімесімен орныққан көзқарасын, қаламгер ретінде алаңын байқата алған Әлішер Рахат пен Думан Терлікбаевтың аяқ алыстары алдындағы ағаларынан да, өз тұрғыластарынан да өзгеше деп айтар едім. Әбішше айтқанда, әйтеуір, біртүрлі өзгешелік бар. Сол өзгешеліктері одан ары бедерлене түсіп, тереңдей беріп, әдебиет көшіне сән бере түссе дейсің.
Латын Америкасының әйгілі жазушылары мен ақындары тәуелсіздік үшін күрескенде «әдебиет – қару» деп шыққан және тәуелсіздіктеріне қол жеткізген. Біздің де әдебиетте, жалпы қоғамда осы тәуелсіздік үшін күрес жүріп жатыр. Ол күрес – рухани тәуелсіздік үшін, ой азаттығы үшін күрес.

Әдебиеттану мен әдеби сынның
аражігі ажыратылуы керек

– Көркем әдебиет пен сөз өнері пайда болған күннен бастап-ақ оған баға беріп, пікір айту да қатар өмір сүріп келеді. Бірі мұны поэтика десе, енді бірі сын дейді. Ал хазірет Науаи бабамыз «Мәжолис ун-нафоис» еңбегінде оны «нәзік мәжілістер» деп атаған. Расында да, сөз өнері мен поэзия туралы пікір айту – нәзік сезімдерді жырлаудың бір түрі.
Бұрын «Сын және әдебиеттану» деп аталған кеңес кейін «Әдеби сын» болып өзгерді. Сырттай қарағанда, мұнда тұрған айырмашылық жоқ сияқты. Егер мәніне үңілсек, әдеби сын – бір бөлек сала, ал әдебиеттану – мүлде басқа бір сала екені анық. Дегенмен екеуінің арасында табиғи байланыс бар, екеуі де әдебиет пен оның жемісі – көркем шығарма жөнінде ой толғайды.
Тәуелсіздік жылдарында әдеби сынға арналған кітаптар мен оқулықтарда, меніңше, осы екі сала – әдеби сын мен әдебиеттану ажыратылған жоқ. Оларды айырып қарау – әдеби сынның болашақтағы дамуы үшін өте маңызды. Мұны неге айтып отырмын? Себебі соңғы уақытта әдеби сынның әлсіреп, қарқынды дамып жатқан әдеби үдеріске лайықты баға бере алмай жатқаны жөнінде жиі айтылып жүр. Тіпті әсіресыншылар «әдеби сын өлді» дегенге дейін барады. Шын мәнінде, сын өлген жоқ. Бірақ ақсап тұрғаны – ащы шындық.
Әдебиет пен оның ажырамас бөлігі болып табылатын әдеби сын иман мен сенімнің қорғанында нық тұруы тиіс. Олай болмаған жағдайда, өз міндетін атқара алмайды, беделі мен қадір-қасиетін жоғалтады. Бұл әдеби сын мен әдебиеттануға шығарманың алға тартқан идеясына, яғни көркемдік концепциясына тереңірек назар аудару қажеттігін тудырады. Адамзаттық ұлы идеялар жоғары көркем деңгейде, өміршең бейнелер арқылы суреттелгенде ғана әдебиет жауһарлары дүниеге келген. Зұлым идея ешқашан көркем шығармаға арқау бола алмайды.

Сувонкул МИЛИЕВ,
Өзбекстанның еңбек сіңірген мәдениет
қызметкері, әдебиеттанушы-ғалым

ҰЛТТЫҚ ОЯНУҒА ҮНДЕЙДІ

– Орталық Азия аймағының заманауи әдебиетіндегі тарихи нарративтердің бір бөлігі VI–VIII ғасырлардағы Көк түркілер қағанатына және Түркістан концепциясына қатысты жазылып келе жатқаны белгілі. Жазушылар әдеби өнімдерінде түркизмдерді қолдану арқылы қоғам санасын отарсыздандыруды көздейді және бұл әдеби үрдіс қазіргі посткеңестік кезеңде әдебиеттің қалай дамып жатқанының бір қырын көрсетеді. Осы жағынан алғанда өзбек, қазақ және қырғыздар – Орталық Азия аймағындағы постотарлық түркітілдес халықтар саналатындықтан, қазіргі тәуелсіздік кезеңіндегі бұл үш елдің заманауи әдебиетіндегі ежелгі Көк түріктерге қатысты тарихи нарративтер мен интерпретациялардың ұсынылуын зерттеу өзекті саналатыны анық.
Көк түркілер ұғымының реинтерпретациясының тарихи оқиғалар мен деректерден ерекшелігін көрсету үшін жазушы Тұрсынхан Зәкенұлының «Мәңгітас» романы мен өзбек жазушысы Исажон Султонның «Білге қаған» романының кейбір тұстарын салыстыра қарастырғанда, көлемінде айтарлықтай айырмашылықтар болғанымен, тарихи кезеңдер мен оқиғалардың көп өзгеріске ұшырамағанын айтуға болады. Екі романда да тарихи нарративтер өзгеріске ұшырамай реинтерпретацияланған, екі жазушы да түркілердің бүгінгі ұрпағын өздерінің ата-бабасы өмір сүрген дәуірмен рухани және тарихи тұрғыда байланыстырады.
Қырғыз жазушысы, драматург Сұлтан Раев «Барс Бек» драмасында VІ–VІІІ ғасырлардағы тарихи оқиғалар арқылы қырғыз халқының өз отанын, жерін қорғауда өр рухты қаһарман халық болғанын көрсетеді.
Қазақ авторларының Түркістан ұғымына қатысты көзқарастары ХХ ғасырда Түркістан жағрафиясының тұтастығы мен түркі халықтарының бостандығы үшін кеңес өкіметіне қарсы күрескен тарихи тұлғаларға арналған шығармаларда көрініс тапты.
Посткеңестік кеңістіктегі қазақ, өзбек және қырғыз қаламгерлері Одақ кезінде бұрмаланған тарих пен отарланған сана-сезімді қайта қалпына келтіруде түркизмдер мен Түркістан концепциясын интерпретациялау арқылы көркем әдебиетті отарсыздандыру құралына айналдырғаны анық. Әдеби өнім авторлары қазіргі түркі халықтарының Көк түркілер қағанатын құрған ата-бабаларының ерлігі мен мемлекет құру туралы өсиет­теріне және тарихи жеңіліс трагедияларына қатысты нарративтерді қайта ұсыну арқылы ұлттық сана-сезімге немесе ұлттық оянуға үндейді. «Білге қаған», «Мәңгітас» романдарын талдау нәтижесі әдеби формалардағы қоғамды ояту мотиві бүгінде де жалғасып жатқанын, «шындықтың көзіне тура қарағанда» және біліммен қаруланғанда ғана халықтың мәдени жады отарлық қорқыныштан арылуы мүмкін болмағын айқындады.

Айнұр АХМЕТОВА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD

Қазақ прозасы жаңа көркемдік
сапаға көтерілді

– Кейінгі отыз жыл ішінде жазылған прозалық туындылардағы көркемдік үлгі-өнегелер өте күрделі. Ол қаламгерлердің ұлттық ауқымдағы шеберлік нақыштарымен ғана шектелмей, әлем әдебиетіндегі көркемдік үрдістерді қазақ топырағында жаңғырта, түлете білгендігімен көңіл аудартады.
Қазақ прозасындағы антропологияның сипатын, орнаментальді, виртуальды, мистикалық прозаның, фольклорлық ой-сананың жаңаша формасын қабылдау кез келген оқырманға оңай болмасы анық. Ал әрбір жаңа образ бен көркемдік әдістің, көркем шығарма мәтініндегі және одан тыс тұрған құпияларына бойлап, сараптау – ең өзекті мәселе. Сонымен бірге қазіргі прозалық туындылардағы аллегориялық, гротескілік тәсілдерді қазақ прозасындағы тың түрендер деуге болады.
Алайда осы тұста әңгімелер мен повестерді арнайы зерттеу нысаны ете отырып, әлемдік әдебиет тәжірибесінен туындаған жаңа шығармашылық ізденістер диссертациялық деңгейде зерттелген жоқ. Әсіресе антропологиялық (көркем және фантастикалық), орнаментальді прозаның қазақ прозасына ықпалы мен виртуальдық және мистикалық сарындардың элементтері қазақ қаламгерінің тарапынан қалай көрініс тапты дейтін мәселе жайлы ғылыми тұжырымдарға арналған еңбек жоқтың қасы.
Тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасының әңгіме, повесть жанры жаңа көркемдік сапаға көтерілді. Атап айтқанда, алғашқы жылдарда бәсеңдік танытқан қазақ прозасы бүгінде жаңаша ізденіс, толысу, түлеу үстінде екенін көрсетіп отыр. Жаңарған проза табиғаты қазақ оқырманына тосын құбылыстарды (антропологиялық, мистикалық, виртуальдық) ұлт ұғымына сәйкес бейнелеу тұрғысынан ерекшеленіп отыр. Ежелден ел жадына енген мұсылмандық қағида, әлеуметтік жағдай (ауыл, қала өмірі, ұлт тағдыры, т.б.), экологиялық апат тақырыптарын жаңаша берудің көркемдік амал-тәсілдері жаңарған, жаңғырған сипатта екені дәлелденді.
Қазақ прозасының тақырыптық деңгейі кеңіп, кеңестік жүйе кезіндегі жазылмақ түгілі айтуға болмайтын «жабық» тақырыптарға қалам тарту мүмкіндігі туды. Сонымен қатар ашық, айқын айтылмай келген 1986 жылғы Желтоқсан, Семей полигоны, Ауған тақырыптарында біраз сүбелі еңбектер дүниеге келді. «Дін –апиын» деген атеистік идеологияның кесірінен мүлде тыйым салынған дін мәселесінде исламдық сарынмен жазылған алғашқы прозалық шығармалар легі келді.

Гаухар БАЛТАБАЕВА,
әдебиеттанушы-ғалым,
филология ғылымдарының докторы,
профессор

КЕЙІПКЕРДІҢ ЖАН ДҮНИЕСІН БЕЙНЕЛЕУДЕ ІЗДЕНІСТЕР БАР

«Назар салған адам қазіргі өзбек әдебиетінің бейнелеу мен өрнек жүйесінде айтарлықтай араласылық, синкретизм, стильдік шектелмеушілік бар екенін байқайды. Дәстүрлі үлгіде жазылған көркем шығармалардың күтпеген жерлерінде модернистік эпизодтар кездеседі, ал модерн философиясы мен көзқарасына негізделген жазбаларда да кейде дәстүрлі бейнелеу тәсілдері пайдаланылады. Жазбалардың жанрын анықтауда да ежелден бар талаптар әрдайым сақталмайды. Осылайша стильдік-өрнектік бағыттар арасында бұрынғыдай әдеби қарама-қайшылықтың орнына эстетикалық консолидация пайда бола бастады. Көзқарас плюрализмі баяу бейнелеу плюрализміне айналып келеді. Қазір әдеби бағыттардағы ерекшеліктен гөрі, әр жазушыдағы даралық маңызды болуда» деп жазыпты Қозоқбой Йулдошев. Әдеби шығармаларды түріне қарай үшке бөліп қарастыруға болады:
Элитарлық әдебиет – нәзік талғамды оқырманға арналған;
Көпшілікке арналған әдебиет – ересек аудиторияға бағытталған;
Эксперименттік әдебиет – сөз өнерін әр қырынан жаңартуға ұмтылған туындылар.
Сонымен қатар, сандық технологиялар негізінде жасалған жасанды интеллект әдебиеті де болашақта қатарда тұруы мүмкін.
Расымен де, қазіргі таңда әңгіме жанрында да, жалпы проза жанрында да, дәстүрлі «түйін» мен «шешім» компоненттерінен бос шығармашылық бағыттар, эксперименттер пайда болуда. Олар Мухиддин Рахим айтқандай, көпшілікке арналмаған шығармалар. Қазіргі уақытта осы бағыт пен стильдерге беріле еңбек етіп жүрген өзбек жазушылары – Баходир Қобұл, Шухрат Маткарим секілді қаламгерлердің кейбір шығармаларында бұл ерекшеліктер айқын көрінеді. Мұндай туындыларда көбіне қазіргі кезде ұмытыла бастаған, жастар тіліне сирек енген халық мақалдары, даналық сөздер, тіркестер, кейде диалектілік сөздер ерекше мәнге ие. Мұнда авторлар кейіпкер бейнесін ашуда күрделі композициялық сюжеттерден қашады, дәстүрлі бастау мен аяқтау өлшемдеріне, көркемдік элементтерге байланысты болмайды. Көбінесе баяндаушы тілі мен кейіпкер сөзі араласа береді.
Өмір тек бақыттан тұрмайтыны сияқты, ол тек трагедиядан да тұрмайды. Әркім де тұтас бақыттың иесі бола алмайтыны секілді, бақытсыздық та абсолют емес. Әр адамның өмірі тек тәртіпсіздіктен тұрмайтыны сияқты, абсолюттік тәртіпке де көнбейді. Сол көзқарас түрлі эксперимент жасайтын жазушылардың шығармашылық басты идеясын құрайды.

Абдиламит
Жумашев,
«Жетіген» журналының
Бас редакторы

Рухани орталыққа айналды 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды», – деген болатын.
Бүгінде бірқатар кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылған. Алматы қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің құрамында қала халқына қызмет көрсететін 28 кітапхана бар, оның 9-ы балалар, біреуі жасөспірімдер, қалғаны көпшілікке арналған. Осы кітапханалардың үшеуі оқырманға 7/24 уақыт қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта тағы 5 жаңа кітапхана ашылады. Солардың ішіндегі маңызды жоба – зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана. Бұл әр азаматты кітаппен қамтамасыз етудегі маңызды қадам болмақ. Қалада кітап оқуды насихаттау мақсатында оқырман өзіне-өзі қызмет көрсететін 25 автономды кітапхана бар. Олар мектептерде, коворкинг орталықтары, метро бекеттері мен сауда үйлерінде орналасқан. Айта кетерлігі, олардағы әдебиеттің 60 пайызы қазақ тілінде. Жалпы, бүгінде кітапханалар жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік беретін рухани орталыққа айналды.
Алматыда 2014 жылдан бастап, қала күніне орай KitapFest мәдени-көпшілік шарасы өткізіліп келеді. Жыл сайын өткізілетін бұл фестиваль алаңы жазушылар, баспагерлер, оқырмандар бас қосып, ой-пікір бөлісетін, жаңа туындылардың тұсауын кесіп, кітап алмасатын республикалық зияткерлік платформаға айналды. Бұл алаңда кітап дүкендері, баспалар және интернет-дүкендер кітапсүйер қауымға өз өнімдерін ұсынады.

Бақытжамал ОСПАНОВА,
Алматы қаласы орталықтандырылған
кітапхана жүйесі директорының кеңесшісі

ПІКІРЛЕР2
Аноним 05.11.2025 | 20:03

Одақтағы әдеби байқауларды ұйымдастыратын, бақылау жасайтын тұлғаның аты кім екен. Соған айтарымыз бар. Ұлттық әдебиет емес, тамыр-таныстың «әдебиеті» озып тұр. Тоқтатылсын.

Аноним 09.11.2025 | 05:13

Шүкірәт белгілеген мерзім бітіп, оған да жарты айдай уақыт жуықтады. Жаңа «қазақ романы» уақытында жазылмады. Жаңа жеңімпаздар және жаңа қазылар алқасын қарастыру керек. Бас қазыны ауыстыру керек. Жас адамдар келсін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір