«ЖАС ӘДЕБИЕТТІҢ КӨКЖИЕГІ»: Қазақстан Жазушылар одағы жылды қорытындылады
06.01.2026
381
0

Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында алғаш рет Қазақ­стан Жазушылар одағының жылдық қорытынды жиыны ұйым­дастырылып, 2025 жылы атқарылған жұмыстар жан-жақты сараланды.

«Жас әдебиеттің көкжиегі» тақырыбымен өткен әдеби басқосу Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйым­дастыруымен өтті. Жиында отандық әдебиеттің қазіргі даму бағыттары, жас қаламгерлерді қолдау тетіктері, сондай-ақ қазақ әдебиетін халықаралық кеңістікке шығару мәселелері талқыланды.
Жыл қорытындысы жиынын Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов ашып, жүргізді. Басқосуға Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койшиев, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, белгілі ақын-жазушылар, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбек­стан және Түркия елдерінің Төтенше және өкілетті елшілері қатысты. Шара барысында Одақтың бір жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.
Жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Құттықтау сөзінде Сенат Төрағасы Жазушылар одағының ұлттық интеллигенцияны ұйыстырып отырған рухани орда ретіндегі басты рөліне тоқталып, әдебиеттің қоғамның ойлау деңгейін, тарихи санасын қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ биыл жүзеге асқан жобалар әдеби ортаны жүйелі дамытуға, халықаралық шығармашылық байланыстарды кеңейтуге және жас қаламгерлерді қолдауға бағытталған маңызды қадамдар екенін жеткізді.


Ал ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын оқыды. Министр өз сөзінде Жазушылар одағымен стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңыздылығын атап өтіп, мемлекеттік тапсырыс арқылы кітап шығару, қаламақы төлеу, әдебиетті халықаралық деңгейде насихаттау бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын айтты.
Жиында Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қырғызстанның халық жазушысы Арслан Қойшиев, сондай-ақ белгілі қаламгерлер Төлен Әбдік, Роза Мұқанова, Нұрдәулет Ақыш, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасының қатысушылары Жақсылық Мұратбек пен Азамат Әбілқайыр сөз сөйлеп, әдеби үдерістегі өзекті мәселелерге тоқталды.
Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік өз сөзінде қазіргі әдебиет­тің басты міндеті – қазақ әдебиетін әлемдік кеңістікке жүйелі түрде шығару екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта аударма, баспа ісі, халық­аралық әдеби байланыстар мен кәсіби насихат қатар жүруі тиіс.
«Жеке жазушының өз еңбегін әлемге танытуға мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан бұл – билік пен Жазушылар одағының бірлесе атқаратын жүйелі жұмысы болуы керек. Бізде әлемдік деңгейде көрсетуге лайық шығармалар жеткілікті. Оларды кәсіби түрде аударып, халықаралық оқырманға ұсыну – уақыт талабы», – деді қаламгер.


Ал жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова әдеби ортада жүйелі саясаттың қажеттігіне тоқталып, қандай авторлар мен шығармалардың халықаралық деңгейге ұсынылатыны нақты механизм арқылы шешілуі тиіс екенін атап өтті.
Ол «Әдебиетте кездейсоқтық болмауы керек. Қандай шығармалар аударылады, қандай авторлар таңдалады – мұның бәрі кеңесе отырып, арнайы алқа арқылы шешілгені жөн. Бұл бастама сөз күйінде қалмай, нақты іске айналуы қажет», – дей келе, сондай-ақ орта буын қаламгерлердің шығармашылығына ерекше назар аударып, қазақ әдебиетінің әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Жиын аясында «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасы бойынша жарық көрген Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы, Қырғызстанның Ел жазушысы Арслан Койшиевтің «Тұқымқұрт» кітабының, Әзірбайжанның Халық жазушысы, Әзірбайжан Жазушылар одағының Төрағасы Анар Рзаевтың «Қонақүй бөлмесі» романының, Өзбекстан Президентінің кеңесшісі, жазушы Хайриддин Сұлтанның «Бақыт жағалауы», ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы, қырғыз жазушысы, драматург Сұлтан Раевтың «Топан» кітаптарының тұсауы кесілді. Бұған қоса, «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шыққан Қадыр Мырза Әлінің «Иірім», Тұманбай Молдағалиев­тің «Қайран менің жүрегім» кітаптарының тұсауы кесілді.
Жиынның тағы бір жаңалығы «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жас қаламгерлердің 20 кітабының тұсаукесері болды. Бұл жас әдебиетті қолдауға бағытталған нақты әрі жүйелі жұмыстың көрінісі ретінде бағаланды.
«Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы екі жылдан бері бірлесе жүргізіп келе жатқан нәтижелі, сәтті жоба. Биыл бұл жоба аясында Абай Аймағамбетовтің «Толқынды күткен бала», Азамат Әбілқайырдың «Құдірет», Қарлығаш Қабайдың «Көлеңкесіне кез болған кесіртке», Еділбек Дүйсеннің «Алматы аспаны», Меңдібек Лұқпанның «Кешіккен көктем», Ділда Уәлибектің «Дегелең», Сафина Ақтайдың «Ганин», Жақсылық Мұратбектің «Аспаны жақын ауылдың…», Тілеу­бек Батыстың «Сал көкше», Айзада Рахымжанованың «Сарыарқаның жаңбыры», Феруза Мәдениеттің «Аққалқам», Еламан Қабділәшімнің «Болмысымның бояуы», Әділет Шопеннің «Түсіме салынған үй», Нұрбек Нұржанның «Бесінші қабаттағы үй», Мұхтар Күмісбектің «Жанардағы жан бояуы», Темірлан Қылышбектің «Тырналар мекені», Батырхан Сәрсенханның «Жасыл құс», Биболат Сәтжанның «Күз күткен», Асылан Қуанышұлының «Кішкентай», Дәурен Тілеуханның «Нәзік түндегі ноктюрн» кітаптары жарық көріп отыр.
Сонымен қатар жиынның тағы бір маңызды жаңалығы – қазақ әдебие­тінің халықаралық кеңістікке шығуына қатысты жасалған қадам болды. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов жиынды түйіндей келе, жазушы Төлен Әбдік пен қаламгер Қанат Әбілқайырдың романдарын халықаралық «Букер» сыйлығына ұсыну бағытында нақты жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.
«Менің ойымша, бұл қадам –
Нобель сыйлығына апарар жолдағы маңызды баспалдақтардың бірі. Қазақ әдебие­тінде әлемдік деңгейдегі сыйлықтарға лайық туындылар бар. Алайда мұндай байқауға ұсынылатын шығармаларды алдымен ағылшын тіліне сапалы түрде аударып, шетелде басып шығару – күрделі әрі ауқымды іс. Жеке қаламгердің оны жалғыз атқаруы қиын. Сол себепті, осы жұмысты Одақтың өз қолына алуы – заман талабы мен уақыттың қажеттілігінен туған дұрыс шешім деп есептеймін», – деді Мереке Әбдешұлы.
Шара барысында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы биыл 75 жасқа толған белгілі қаламгер, журналист Несіп Жүнісбаевты мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты.
Астанада алғаш рет өткен бұл жылдық қорытынды басқосу Қазақстан Жазушылар одағы қызметіндегі жаңа кезеңнің бастауы ретінде бағаланып, әдеби қауым үшін маңызды мәдени оқиғаға айналды.

Қазақстан Жазушылар одағының
Баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір