АДАМЗАТТЫҢ ҺӘМ ӘДЕБИЕТТІҢ АРЗУЫ
Қазақстан Жазушылар одағында Проза кеңесінің кезекті жиналысы ұйымдастырылып, белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әділбек Ыбырайымұлының «Арзу» романы талқыланды. Жанрлық кеңес мүшелері мен қазақтың көрнекті қаламгерлері қатысқан басқосуда туындының өзектілігі мен стильдік ерекшелігі, арқау еткен оқиғалар желісі мен берілу формасы, кейіпкерлер легі мен образдар жиынтығы жан-жақты сарапталып, автордың жазу машығы ой елегінен өткізілді. Алқалы отырыстың тізгінін ұстаған белгілі жазушы, Проза кеңесінің төрағасы Әбділдабек Салықбай қаламгерлерге кезегімен сөз беріп, әр пікірдің маңыздылығын айшықтап отырды.

Алғашқы сөз кезегін алған белгілі ақын Кәдірбек Құныпияұлы: «Басқаны қайдам, мен өзім Әділбектің ғылыми таным-түсінігіне оқушы ретінде ғана емес, ақын ретінде де қайран қалдым! Қаламгер бұл шығармада өзін тек жазушы ретінде емес, ғалым, ғалым болғанда да сан қырлы – физик, биолог, химик ретінде сауатты көрсете алған. Жаңа әлеуетті магнитті сутегі бомбасының, яғни жаңа энергия көзі – дейтериді америкалық жансыздардың Оқжетпестің түбіндегі судан табуы тек қиял емес, қаламгердің Қазақстанның баға жетпес асыл қазыналарына деген перзенттік махаббаты деп түсіндік», – деп талдауын шығарма желісіне ойыстырды.
Көрнекті жазушы Кәдірбек Сегізбай: «Қазір ЖИ деген нәрсе шықты ғой. Теледидардан бір пікірталасты көріп қалдым, енді ЖИ арқылы роман да, поэма да жазуға болады екен. Сонда ертең жазушы қайда қалмақ, ақын қайда қалмақ деп уайымдадым. Бұл не сұмдық?! Техника жетілген сайын адам баласына қарама-қайшылығы да артып жатқан секілді. Бірақ, қалай болғанда да, қолмен, оймен жазылған дүние ешқашан мәнін жоғалтпайды. Осындай өзгерістерге төтеп берудің бір жолы ірі туындылар жазу.
Әділбектің «Семсер жүзіндегі серт» романын бас алмай оқып шыққанмын. Түгелдей оқып тауыстым да, бірден Әділбектің өзіне телефон шалып: «Айналайын, сен нағыз жазушы екенсің», – деп ризашылығымды білдірдім. Тілінің шұрайлығы да, оқиғаларды көркем беруі де, бәрі кереметтей ұнаған және бұдан былай Әділбек не жазса да жаман жаза алмайтын шығар деп ойлағанмын, солай екеніне сенемін. Осылай басымыз қосылып отырғанда Жазушылар одағының бүгінгі беталысының жоғары деңгейде екенін де айтқан жөн. Мереке Құлкенов келгелі көп шаруа жасап жатыр, көп жұмыс жанданды. Проза кеңесіне осылай жиналып отырғанымыз да жалпы жұмыстың ілгері басқанының бір көрінісі. Зейнолла Сәніктің туғанына тоқсан жыл толуына орай бір қауым қаламгердің сапарлауына мүмкіндік туғызды, жұмысшы тақырыбын қозғап көшпелі пленумдар ұйымдастырып жатыр. Осының бәрі жазушылардың ел, жер көруіне жол ашты. Ең бастысы, жақсы дүниелер жазыла берсін», – деп жазушы қолтаңбасы мен Одақтың беталысы жайында да толғамды ой білдірді. Жиынды ары қарай жалғастырған көрнекті қаламгер Смағұл Елубай: «Бұдан бұрын Әділбектің «Семсер жүзіндегі серт» романын оқып едік. Кенесары ханнан бастап, сан ғасырды қамтыған бұл туындыдан Әділбектің жазушылығы ғана емес, тарихи білгірлігі, ойшылдығы, сарапшылық қасиеті айқын көрінген. Бұл романды бүкіл қазақ оқу керек, оқыған жан ұлтымыздың қатпар-қатпар тарихына, қадау-қадау тұлғаларына қанық болып, санасы байи түседі деп түйгенбіз. Ал «Арзу» романында автор екі ғасырға сыймай, екі мың жылға сілтеген екен. Сонау Иса пайғамбардан бастап, бүгінге дейінгі адамзат тарихына шолу жасапты.
Бұл шығарманың ерекшелігі сонда, қазақ әдебиетінде жоқ жанр үлгісінде жазылған. Деректі проза десек те, ғылыми-көпшілік жанрға жатқызуға да болады, таза роман деуге де, танымдық дүние деуге де негіз бар. Міне, осындай көптеген жанрлардың басын қосып, Әділбек Ыбырайым жаңа бір стильді өмірге әкелген. Жазушыға алдыңнан ақ күн тусын деп тілеймін», – деп қорытындылады сөзін.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Мағира Қожахметова: «Мен ылғи мақаларымда, сұхбаттарымда: «Бүгінгі заманға сай жанр қажет», – деп жиі айтамын және оның қандай жанр екенін өзім таппай жүргенмін. Қазіргі заманның талабы мүлде басқа. Бұрынғыдай академиялық нұсқадағы, тіпті көркемдік деңгейі биік дүниелердің өзі қажет болмай қалған заман ғой. «Арзу» романын шолып шыққанымда, маған ең бірінші танымдық жағы ұнады. Сосын, психологиялық астары қалың, парапсихалогиялық элементтері бар ішінде. Өзім не оқысам да жаңалық іздеймін. Әділбектің шығармаларынан сол жаңалықты тауып та жүрмін. Бір туындының ішінде бүкіл әлемнің бет-бейнесін беру батылдықты қажет етеді. Сондықтан бұл роман әлі талай талданып, таразыланады.
Қазір тіпті тарихи романдардың да оқылмайтыны рас қой. Әбіш ағаммен көп сөйлесетінмін. Ол кісі оқырман сүйіп оқитындай тарихи туындыларға көптеп қалам тербегені белгілі. Құрманғазының күйлері туралы қанша жазғым келсе де, әліге дейін қолымнан келмей жүр. Бірде Әбіш ағама: «Құрманғазының образы жоқ, аға. Құрманғазы туралы сіз неге эпопея жазбайсыз?» – деген едім, ол кісі: «Мен әлі Абылай ханды, басқа да хандарды жазуым керек», – деп жауап қатқан-ды. Әділбектің тарихқа басқа қырынан келгені жастарға да әсер ететін шығар деп есептеймін. Трафареттік көзқарастан арылу бар бұл романда», – деп шығарманың тың сипатта екеніне мән берсе, белгілі жазушы Арасанбай Естенов: «Әділбек – проза, поэзия жанрларында өндіре жазып жүрген қаламгер. Кітаптары да кеңінен таралуда», – дей келе жазушының тілінің көркемдігін алға тартты.
Сондай-ақ белгілі жазушы, аудармашы Нұрлан Қами роман желісін әр қырынан бағамдай отырып: «Әділбектің ең басты қасиеті – еңбекқорлығы. Кенесары – менің де тақырыбым. Кенесары туралы пьесам бар. Тағы да бірдеңелер жазсам деп көптен ойға алсам да, әзірге шама болмай жүр. Кенесарыны біраз зерттеген адам ретінде, қазақтың осы біртуары туралы толық білем ғой деген сенімде едім, Әділбектің «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясын оқығанда өзімнің әлі де көп нәрсе білмейтінімді түсіндім. Ал соның бәрін түртінектеп іздеп тапқан Әділбектің еңбегі орасан. Бүгінгі талдап отырған «Арзу» шығармасы, Мағира апай айтып өткендей, нағыз заманауи роман. Бүгінгі күннің тақырыбын дәл табумен қатар, қазір болып жатқан оқиғаларды көркемдік тұрғыдан зерттеу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Негізі, жазушы деген оқиғадан кейінірек жүретін халықпыз ғой. Оқиға болады, біз оны өзімізше түсінеміз, зерттейміз, қорытамыз, біраз уақыт өткеннен кейін барып көркем шығармаға айналады. Ал мұнда Әділбек дәл қазіргі оқиғаларды жазып отыр. Ресей мен Украинаның соғысы, майдан ішінде жүрген қазақ жігіті Ұлан… Иса пайғамбардың өмір жолына тарихи шолу әлем әдебиетінде бар десек те, қазақ жазушыларынан бірінші боп Әділбек жазды.
Тағы бір айтатын дүние, автор тарихи материалдарды терең зерттеген. Түрлі жайттарды ғылыми астарымен шығармаға енгізген. Жазушылар көп нәрсені қамтыған кезде игере алмай қалып жатады. Сол жағынан қалай болар екен деп қорқасоқтап едім, жақсы алып шығыпты. Жарайсың, Әділбек, мына кітабың расымен мықты. Дегенмен өзің: «Кем-кетігін айтсаңыз да ренжімеймін», – деп айтып едің. Ренжісең де айтам. Кітапты оқығанда сызып қойған жерлерім бар, өзің алып қара, не үшін сызып қойғаныма мән бер, зер сал. Ағаларымыз сөздерді жақсы қолданады деп айтып отыр ғой, ол рас. Алайда кейде өзің тапқан жаңа сөзге тез бұрылып кетесің бе, кейбір сөздердің мағынасын зерттей түсуің қажет. Мықты редактор керек. Қайта бұрылуға мұрша келтірмейтін асығыс заман болып кетті ғой. Кей жастар жазғандарын «черновик» күйінде көркем шығарма деп ұсына беретін болған. Сенің романың мүлде олай емес. Десе де шын жаны ашитын редактормен жұмыс жасау артықтық етпейді», – деген сыни тұжырымын да жасырмады. Жазушы сөзін іле сөйлеген белгілі жазушы Серік Нұғыман да: «Расында да, редактор керек. Өйткені біз сіздің алдыңғы романыңызды оқып, сондағы тілдің дәмін алып қалдық. Бұл шығармаға шұқшия қарайтынымыз заңдылық. Мысалы, «айдарлысын құл, тұлымдысын күң етті» деп жазыпсыз. Тұлымды қыз балаға қоймайды, дұрысы – «бұрымдысын күң» етеді. «Домалақ жүзді» деп қолданған екенсіз. Қазақта «дөңгелек жүзді» деп сипаттайды. «Мүләйімдер» деген сөз бар екен. Шетелден келген қазақ ретінде айтайын, «мүләйім» деген өте әдемі сөзді «мүләйімсіп» деген теріс мәндегі қолданылуы жойып жіберіпті. Біздің танымымызда «мүләйім» мен «биязы» – синоним сөздер. Бұл жақта «опалы» деп сирек қолданылады да, есесіне «опасыз» деп жиі қатыстырылады. Тағы бір тұста «жайылып төсек болдым» деген тіркес жүр. Бұл енді «жайылып жастық, иіліп төсек болу» деген тұрақты тіркес екенін білесіздер.
Шығармада қазақ прозасының ешқашан бұзуға болмайтын дәстүрлерінен жалтару бар сияқты. Өзім дұрыс деп есептейтін прозаның рухына сатқындық жасағым келмейді. Әбеке, сіз бен біз көне буынның соңымыз. Бізден кейін қазақ тілінің, күшейтіп айтқанда, быт-шытын шығаратындар келе жатыр. Сенбесеңіз, оқыңыз. Бізден ағат кетсе, бұдан кейінгі бүлінудің жауапкершілігі біздің мойнымызда қалады. Сондықтан тілдің тазалығынан, көркем шығарманың шарттылығынан аттамауымыз керек», – дей келе, өзге де мүлт кеткен сөздерді дұрыс нұсқасымен дәйектеп берді. Осы тұста сөзге араласқан жазушы Смағұл Елубай: «Қазақтың тілінің бүгінгі қолданысы жайлы сөз қозғағанда жанымыз шырқырап кетеді. Теледидар арқылы осы құрамда сөйлейтін болсақ, сандаған пайдалы дүниелер айтады екенбіз. Қазақ тілінің білгірлерінің басын қосып «Қазақ тілі қайда бара жатыр?» деген сауал аясында тұрақты түрде бағдарлама өткізсек», – деп бәрінің көкейіндегісін тап басқандай болды.
«Әділбектің қалыптасқан жазушы екені шығармадан бірден байқалады. Көне мен жаңаны ұштастыруы да ұтымды. Бірінші тарауды оқи бастағанда Сүбе шалдың өлімі, он екі жасар қыздың шырылы, кішкентай ұлдың киіз үйге бастырылып қалуы сынды мөлдіреген, әдемі суреттеулер, жолдар кезігеді де, осы көркемдік шығарманың соңына дейін жалғаса ма деген сауал тұрады ойда. Жалпы, романда автордың, жоғарыда айтылғандай, бір шеңберге бағынғысы келмегені аңғарылады. Абай пәленбайыншы қара сөзінде былай айтқан, түгенбайыншы қара сөзінде олай айтқан деген жерлерінде, әттең, көркем шығармаға осы қажет пе еді, Абайдың қара сөздерін толық келтіргеннен гөрі басқаша, жеңіл түрде үйлестіруге болмас па еді деген ой туды. Қилы оқиғалар желісі суреттеліп келеді де, Ресей мен Украина арасындағы соғыс, одан Екінші дүниежүзілік соғыс шығарма желісіне араласып кетеді. Көркем шығарма ретінде өрілген туындыда екі соғыстың кей деректерін жылнамасымен, егжей-тегжейлі берудің қаншалықты қажеті бар деп тағы ойлайсың. Соңғы тарауда шетелдіктерді қызықтыратыны қазақтың байтақ даласы деген меңзеу бар. Туынды соңында не айтпақшы болды десек, «Сүбе шалдың ұрпағы, жас ғалым Сәмет тегін таныр ма екен?» деген сұрақ қояды автор. Бүкіл оқиғалар осы сұрақ төңірегінде жымдастырылған», – деген белгілі жазушы Жәди Шәкенұлы романның он тарауын жеке-жеке барласа, өткір де ойлы жырларымен оқырман жүрегінен орын алған ақын Шәмшия Жұбатова: «Бұл роман тез оқи салатындай емес, тереңіне үңіліп, зер салып оқуды қажет етеді. Роман желісінде менің назарымды аударғаны – су тапшылығы мәселесі. Екінші ойландырғаны – Сәметтің болмысы. «Сәмет кім? Неге ол әр қызды жақсы көре береді?» деген ой туды.
Маған түсініксіздеу көрінген жері Иса пайғамбардың ізгілік жолындағы күресі неге ұзақ әрі үзбей беріледі де, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) ілімі тек жанама түрде айтылып отырады? Әлде екі саладағы дін қақтығысының аражігін ажырату ма?» – деген сұрақты ортаға тастады. «Бұл романды асықпай оқу керек, – деп сөзін бастады белгілі қаламгер Нұрлыбек Саматұлы. – Себебі бұл – бұрыннан үйреніскен ауыл туралы роман емес, көптеген жазушылар бара алмай жүрген интеллектуалды роман. Ой еңбегімен шұғылданатын адамдар суреттелген. Негізі, біздің қоғамды үш тапқа бөлетін болсақ, соның орта табына ой еңбегін серік еткен ғалымдар, жазушылар енеді. Қоғамды алға сүйрейтін де – осылар. Прозаға ғылымды араластыру біздің алдымызда тұрған міндет болуы қажет. Дәстүрлі романдардың желісіне салып, бас кейіпкер кім деп ойлап отырмыз. Мен де алғашында бас кейіпкер Сәмет деп ойладым. Сөйтсем, ол емес екен. Тағы басқа образдарды алып, осы ма деп ойласам, олар да емес. Ойланып-ойланып, романдағы бас кейіпкер ғылым деп шештім. Ғылымды жасайтын кімдер? Адамдар. Адамның пиғылы теріс бағытқа өзгерсе, ғылым жер жүзін жарып жіберетіндей алапат қару болып шығады, ынта, пейілді таразылау мақсатында шығармаға дінді арқау еткен деген ой келді маған. Туындының негізгі идеясы адам баласы пайда болғаннан күні бүгінге дейін шешімін таппай келе жатқан «Жерді сақтай аламыз ба?» «Адам болып ары қарай да өмір сүре аламыз ба?» деген мәселені қозғаған. Туындыда тауып қолданылған бейнелеуіш сөздер де жеткілікті. Мысалы, қыздың мойнын «алманың сабағындай» деп бейнелеген. Ұшақтан шығып жатқан жолаушыларды «омартадан асығып ұшып жатқан аралар сияқты» деп келтіріпті. Романға қатысы жоқ тіркестерді де кездестірдім. Мәселен, «Ой, түскі асқа барайық, – дейді де, сағатына қарап: – Бірге он сегіз минут қалыпты», – деп жалғастырады. Оқыдым да, неге он сегіз минут? Осының бір мәні бар-ау деп әрі іздеп, бері іздеп, роман біткенше байланысты деталь таппадым. Міне, осындай дүниелерді аямай алып тастау керек».
Жазушы-публицист Әшірбек Көпішев: «Романда ғаламның, жер шарының, адамның жаратылысы, одан кейінгі біздің тағдырымыз, халықтар тарихы зерделенген. Жазушы бұл шығарманы Алланың бұйыртуымен жазғандай. «Еліміздің, адамзаттың ертеңі қалай болады?» деп ойландырады, ой салады», – десе, белгілі жазушы, ақын Жұмабай Құлиев: «Әділбектің «Семсер жүзіндегі серт» романын сүйсіне оқып шыққанмын. Шығармада ұлтымыздың қат-қабат тарихы асқан шеберлікпен кестеленген. Айтылмай кеткен шындықтар ақиқат биігінен көрінген», – деп автордың жазушы ретіндегі өзгешеліктеріне бойлады.
Жазушы Әбділдабек Салықбай: «Бірыңғай мақтау ғана болмай, сынның да айтылғаны дұрыс. Өйткені «іштен шыққан шұбар жылан» дегендей, автордың өзіне бәрі ғажап болып көрінеді. Стиль туралы айтып қалдыңыздар. Естеріңізде шығар, Мұхтар Әуезовтің шәкірті ретінде, сол кісінің ұсынысымен Мәскеуге оқуға аттанған Тәкен Әлімқұлов бір күні төрттомдық «Абай жолын» сызып-сызып екі том жасап қойыпты. Мұны көрген Әбу Сәрсенбаев: «Мына жігіттің есі дұрыс па?» – депті таңғалып. Әр жазушының өзіне тән стилі болатынын көреміз осы оқиғадан да», – деп пікірлерді қорыта келе, әңгіме ауанын әдеби байқаулардың өткізілу барысына бұрды.
Талқыға түскен туынды арқылы адамзаттың арзуын айқындауға талпынған қаламгерлер әдебиеттің де талап-тілегін ескерусіз қалдырмай, шығармашылық бәйгелердің бүгінгі көрінісіне көңілдері толмайтынын тілге тиек етті. Байқау жүлдегерлері нағыз жазушы деген атқа лайық болуға тиіс, әр байқау Жазушылар одағының қадағалауымен, көркемдік тұрғыда әділ баға беруімен өткені дұрыс екенін баса айтып, қара үзіп шыққан қаламгер мен оның шығармасы қазақ әдебиетінің бүгініне ғана емес, болашағына да ықпал ететінін дәлелді түрде жеткізді.
Жиын соңында роман авторы Әділбек Ыбырайымұлы әр пікірге риза екенін, ұсыныстар мен ескертпелерді алдағы туындыларында ескеретінін айтып, қаламдастарына алғысын білдірді.
Мөлдір Райымбекова