АЛАШТЫҢ АБЫЗЫ
09.01.2026
319
0

Алаштың ақырғы абызы деп халқымыздың ұлық перзенті, нағыз ғалым, жан-жақты дарын иесі Қайым Мұхамедханұлы тұлғасына байланысты айту ешбір артық етпейді. Арабша «абыз» сөзі «сақтаушы, қорғаушы» және «Құранды жатқа білуші» деген мағыналарды білдіреді екен. Қайым аға, шын мәнінде, ұлтын жан-тәнімен сүйген, ұлт мәдениетін қызғыштай қорғаған қайраткер болды. Екінші мағынасында кеңестік қырағы идеологияға қарамастан Құранды жатқа білді, ол білімін жүрек түкпірінде сақтап, қолдап келді.

Қайым Мұхамедханұлы мен Мұхтар Әуезов Семей қаласы 1940 жыл

Қазақша мағынасында «ғұлама, дана, әулие, шарапатты, көріпкел адам» ретінде сонау ықылым заманнан Тоныкөк, Әбунасыр әл-Фараби, Асан қайғы, Бұқар жырау, Ақтамберді жырау, ХІХ ғасырдағы Дулат, Махамбет сияқты бабаларымыз, ұлы Абай мен Әлихан Бөкейханов бастаған алаш қайраткерлерін ардақты «абыз» сөзімен зерделесек, бұл сөзді Мұхтар Әуезовтей ғұлама абыздың сенімді шәкірті болған Қайым Мұхамедханұлы есімімен тығыз байланыстырамыз.
Азаттық пен ел бірлігінің ұраны «Алаш» ұғымына өмір бойы адал болып, ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізу жолында қажымас қайраткерлік танытқан Қайым Мұхамедханұлы өзінің алаштық ұстанымын өзі туып өскен Алаш қаласында (Семейдің Жаңасемей бөлігі) туын тіккен Алашорда мұраттарымен тығыз ұштастырып, бүкіл ғылыми-жазушылық шығармашылығы мен ұстаздық қызметіне берік темірқазық етті. Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды алаш көсемдері мен Шәкәрім, Мағжан сынды ақиық ақындарының көзін көріп, олардың ақ батасын алу бақыты бұйырған Алаш ұранды азамат сол ұлылар көшінің заңды жалғасы ретінде ел жадында қалды.
«Ұлт зиялыларының алдыңғы шебінде болып, қалам қуатымен халқы үшін аянбай тер төккен ардақты Қайым аға сегіз қырлы, бір сырлы жан еді. Алаш ардақтыларының алтын бесігі болған қасиетті Семей топырағынан нәр алып, Мұхтар Әуезовтің талантты да адал шәкірті болды. Ғылымның қия жолында ұлы ұстазымен бірге Абайдың ақындық мектебін таныту жолында талмай еңбек етіп, сол үшін де жазықсыз жапа шекті. Сонда да қайтпас қайсар Қайым аға мойымады, тәуелсіздік таңы атып, егемендік туы желбіреген шақта жаңа күш-жігермен сол тақырыпты қайта қолға алып, «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітабын оқырманға ұсынды, сөйтіп, Абайдың ақындық мектебін еліне жарқыратып танытты» деп жазған болатын академик Сейіт Қасқабасов Қайым ақсақалдың дүниеден өтуіне байланысты 2004 жылы 2 шілдеде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абайтанудың беделді ақсақалы еді» атты мақаласында. Шынында да солай, ол абайтанудың асқан білгірі болып қана қоймай, ұлт әдебиеті тарихын терең зерт­теген ғалым болды.
Ұзақ жылдар бойы Семей педагогикалық институтында оқытушылық қызмет атқарған педагог-ғалым ұстаздығына қоса әдебиет тарихының өзекті мәселелеріне дендеп барып, орыс және өзге әдебиеттердің көрнекті өкілдері туралы ғылыми-танымдық мақалаларын сол кездегі Семей облысының қоғамдық-сая­си үні ғана емес, әдеби-тарихи айнасы болған «Семей таңы» газетінде үзбей жариялап тұрды. Сол себепті де зерделі зерттеушінің осы байырғы басылым бетінде жарық көрген әр жаңа мақаласы немесе зерттеуі оқырман үшін өзіндік оқу курсына айналып, ұстаздарының еңбектерін іздеп, құмарта оқитын шәкірттері үшін ізгілік пен парасаттылық туралы баяндап, қазақ елі мен алаш жұртының өткеніне үңіліп, ұлт мәдениеті мен әдебиетінен тың деректер берген әсерлі сабақтар ретінде есте қалды.
Профессор Қайым Мұхамедханұлы­ның ғылыми-педагогикалық, әдеби және рухани мұрасы өте ауқымды. 2005–2011 жылдары белгілі жазушы, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың жетекшілігімен ғалымның онтомдық шығармалар жинағының жарық көруі ерекше атап өтуге тұрарлық оқиға болды. Ал, шын мәнінде, жазушы, ғалым, драматург Қайым Мұхамедханұлының мол мұрасы жиырма томнан да асып кетері бек мүмкін. Онтомдық бір ізге келтірілмей, асығыс дайындалғандай көрінді. Көптомдықты дайындаудың негізгі шарттары ескерілмеген, яғни шығармалардың хронологиялық реті сақталмаған, ғылыми түсініктемелер берілмеген. Әрине, ғалымның ғылыми-жазушылық лабораториясы біршама қамтылған. Соған қарамастан әдебиет тарихы мен мәдениет мәселелеріне байланысты көптеген құнды мақалалары бұл жинаққа енбей қалған. Мәселен, абайтанушы-ғалымның 1945 жылы «Екпінді» (қазіргі «Семей таңы») газетінің қыркүйек айындағы бірнеше санында жарияланған «Абайдың әдеби мектебі» атты зерттеуінің ғылыми-танымдық маңызы зор. Ғалымның ұстазы Мұхтар Әуезов кеңесімен Абайдың әдеби мектебі сияқты күрделі мәселені зерттеуге барар жолдағы өзі таңдап алған тақырыпты кеңінен қамтып жазған бұл мәнді де мағыналы тырнақалды еңбегін ескеріп, ғылыми айналымға енгізген жөн. Сондықтан алдағы уақытта өзі өмір бойы қызмет еткен қазіргі Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті онтомдық жинақты құрастырушылар тобымен бірлесіп, ғалым-ұстаздың көптомдық толық шығармалар жинағын дайындап шығарса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі бұл болашақ ұрпақ үшін қажет игілікті іс болмақ. Тек қолжазба мұрасы ғана емес, облыстық, республикалық басылымдарда 1940–2000 жылдар аралығында жарияланған зерттеу мақалаларын тиянақты түрде іздеп қамтыса, рухани байлыққа кенелер едік. Бұл, біріншіден, ұлт әдебиеті мен мәдениетін зерттеумен айналысып жүрген жас ғалымдарға қажет, екіншіден, Қ.Мұхамедханұлының бай ғылыми мұрасы еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері мен жалпы білім беретін мектептер оқушыларының рухани-адамгершілік, ұлтжандылық тәрбиесінде өзіндік орны бар баға жетпес қазына екенін назарға алу керек.
Қазақтың көрнекті ғалымы, әдебиет зерттеуші, абайтанушы, текстолог, ақын, жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Қайым Мұхамедханұлының туған халқының рухани қазынасына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Оны айтып тауысу мүмкін емес. Өйткені ғалым әдебиет, оның ішінде, абайтану саласында алпыс жылдан астам уақыт жемісті еңбек етті. Ғылыми-зерттеу еңбектер, көркем шығармалар жазды, көптеген аудармалар жасады. Туа біткен дарыны мен қалам қарымынан туған жүрекжарды дүниелері оны үлкен биікке көтерді.

Қайым Мұхамедханұлы мен Мұхтар Әуезов
Семей қаласы 1940 жыл

Мұхтар Әуезовтің адал шәкірті болып, Абайдың әдеби мектебін зерттегені үшін де сталиндік лагерьде жантөзгісіз азаптың талайын көріп, маңдайы тасқа соғылса да, рухы жасымаған Қайым Мұхамедханұлы туралы көп айтуға болады. Қай қырын алсақ та, оның азаматтық тұлғасы жарқырай түсері анық. Оның есімінің қазақ тарихында ерекше аталуының тағы бір мәні – Қазақстанның тұңғыш Әнұранын жазған бірегей тұлға екендігі. Сол әнұранды бәріміз де «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған, Бостандық өмірге ар үшін қиған жан» деп жаттағанымыз белгілі. Ал, шын мәнінде, оның Қайым аға жазған алғашқы нұсқасы «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» болып шыққанын ел енді ғана біле бастады.
Ғалымның абайтану ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ұлт­тық әдебиеттанудағы тың саланы өзінің басты ғылыми бағыты етіп алуының себебін айғақтайтын маңызды бір құжат бар. 1940 жылы Абайдың 100 жылдығын өткізуге байланысты құрылған мемлекеттік комиссияда Қайым Мұхамедханов ғылыми хатшы болып бекітіліпті. Сол кезде 24-тен енді асқан жас ғалым 1945 жылы Абайдың ақын шәкірттері туралы мақалалар сериясын жариялайды. Осылайша, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен оның достығы Абайды терең тануға, жан-жақты зерттеуге жол ашты. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын ұлы ақын мен оны үлгі-өнеге тұтып, поэзияға бой ұрған талантты шәкірттерінің шығармашылығын зерттеп насихаттауға арнайды.
Мұхтар Әуезов абайтанудың негізін қалап, оның тізгінін өзінің жолын қуған Қайымдай талантты шәкіртіне ұстатып кетсе, ол ғылымға бағыт берген ұстазының сенімін ақтап, алпыс жылдан астам уақыт бойы заңғар биіктен көріне білді.
Абайдың ақындық мектебін жеке нысан ретінде зерттеп, 1951 жылы осы тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл еңбегінде Абай мен оның шәкірттеріне тағылған кінәнің негізсіз жала екенін дәлелдей отырып, әділ бағасын береді. Бірақ ғалымның бұл батыл ғылыми ұстанымы тырнақ астынан кір іздеген ғалымсымақтар мен саяси жүйеге ұнамады. Соңына шырақ алып түсіп, қуғынға ұшыратты. Алғы сөзін М.Әуезов жазып, мәтіндерін бірнеше жыл бойы Қайым Мұхамедханов жинап құрастырған «Абайдың шәкірт­тері» жинағы баспаға жетпей жойылды, ал зерттеу­ші жас ғалым жазықсыз тұтқындалып, бірнеше жыл Карлагта жапа шекті, адам төзгісіз қорлық пен зорлықты бастан кешті.
Қайыңдай қайыспайтын Қайымды басқа түскен бұғау да, темір тор да мұқалта алмады. Жігеріне жігер қосып шыңдалып шыққан ол, ақталғаннан кейін бұрын бастаған сүйікті ісі – абайтану мәселелерін зерттеуге қайта құлшына кірісті. Содан беріде өткен алпыс жылдан астам уақыт ішінде ол, абайтану ілімін алға жылжытып, қыруар іс тындырды. 1959 жылы «Абай шығармаларының текстологиясы» зерттеуін жарыққа шығарды.
Ал, жалпы, Қайым Мұхамедханұлы­ның басына төнген қара бұлт еліміз егемендік алған жылдардан кейін ғана ыдырағаны шындық. Абайтану саласындағы зерттеу еңбектері мемлекет тарапынан қолдау тауып, әсіресе Абайдың 150 жылдық мерейтойы алдында ғалым шығармашылығына баса назар аударылды. Абай шығармаларының екі- томдық академиялық жаңа басылымын әзірлеп шығару үшін Қайым аға сонау Семейден М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына аға ғылыми қызметкер болып шақырылды. 1951 жылы тыйым салынып, баспадан алынып тасталған «Абай шәкірттері» жинағын қайта толықтыра әзірлеп, бір кітап қана емес, төрт кітаптан тұратын «Абайдың ақын шәкірттері» деп аталатын ұлы ақынның талантты ізбасарлары туралы өз зерттеулері мен олардың шығармалары енген құнды еңбекті оқырманға тарту етті. 1993–1997 жылдары аз таралыммен шыққан бұл жинақ бүгінгі күні әдебиет сүйер қауым іздеп оқитын зәру басылымға айналды.
ЮНЕСКО көлемінде дүркіреп атап өтілген Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақ тарихында жеке тарихи қайраткерге арналған тұңғыш «Абай» тұлғалық энциклопедиясын құрастырып шығаруға, Абайдың екі- томдық академиялық жаңа басылымын дайындауға қатысты. Сонау 1918 жылы Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов бірігіп шығарған «Абай» журналының 70 жылдан кейін қайтадан жарық көруіне көп күш-жігер жұмсап, өмірінің соңына дейін оны шығарушылар тобының құрамында жемісті еңбек етті.
Абай мен оның ақындық мектебін зерттеу Қайым Мұхамедханұлының абайтанудағы негізгі бір бағыты болса, екінші үлкен бір еңбегі – Абай шығармаларының текстологиясын жете зерт­теп сараптауы. Ұлы ақын өлеңдерінің текстологиясын ретке келтіріп, бір ізге түсіруде ғалымның 1959 жылы жарық көрген «Абай шығармаларының текстологиясы» атты монографиясының маңызы зор. Себебі абайтануға қосылған елеулі үлес болып бағаланған бұл іргелі зерттеу қазір де Абай шығармаларының жаңа басылымдарын әзірлеуде арқа сүйей­тін, тірек болатын бірден-бір ғылыми еңбек ретінде пайдаланылып келеді. Ол жай жорамалдар жетегінде кетпей, нақты қолжазбалар мен кітаптарға сүйене отырып, Абай шығармаларының әр жылдардағы басылымдарында жіберілген кемшіліктерді айқындап берді. 1985 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Маржанды тозаң тұтпасын» деген мақаласында бұл күрделі мәселені қайта қозғап, Абай шығармаларының соңғы басылымдарында орын алған олқылықтарды тайға таңба басқандай етіп саралап көрсетті.
Алдағы уақытта Абай мұрасын зерт­теушілер абайтанудың асқан білгірі Қайым Мұхамедханұлы еңбектеріне үнемі сүйеніп, ғибрат алулары тиіс. Данышпан Абай – дүниеге бірер ғасырда бір келетін құбылыс десек, сол Абайды өмір бойы зерттеген профессор Қайым Мұхамедханұлын ұлттық әдебиеттану ғылымының жарық жұлдызы, Алаш қайраткерлерінің арманын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп кеткен арысымыз деп білеміз.
Ғалым өзінің ғылыми қызметінде Абай мұрасы мен ақындық мектебін, Абай мен Шәкәрім шығармаларының текстологиясын зерттеумен ғана шектелмей, кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында-ақ көрнекті әдебиеттанушы-ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың қазақ әдебиеті тарихын ерте дәуірден бастап қарастыру идеясын қолдай отырып, орта ғасырлардағы түркі халықтарына ортақ әдеби жәдігерлерді зерттеуге қызығушылық танытты, бұл жазба ескерткіштерді қазақ мәдениетінің бір мұрасы ретінде қарастыру керектігі туралы байыпты тұжырымдама жасады.
1967 жылы 23 желтоқсанда Семей педагогикалық институтының филология факультетіндегі кезекті сабағында әлемге әйгілі ғалым, қазақ даласында өмірге келген шығыс ғұламасы Әбунасыр әл-Фараби туралы әңгімелеген ұстаз келесі дәрісін Қадырғали Қосынұлы Жалайыриге арнап, «Қазақ халқының тарихшы ғалымы» деп нақты атап көрсетеді. Ғалым-ұстаз «Қадырғали – қазақ тарихында көрінбей келген адам. Тек соңғы жылдары ғана Қазақстан тарихшылары оған көңіл аудара бастады. Қадырғалидың еңбегін тұңғыш жарыққа шығарған татар ғалымдары. Татарстан тарихында Қадырғали Жалайыри – әлдеқашан құрметті орын алған тарихшы ғалым» деп татар ғалымдарының
Қ.Жалайыри мұрасын зерттеуде ілгері кеткеніне назар аударып, бұл жағынан «Шоқан Уәлиханов Қадырғали Жалайыридің кітабына «Қазақ тілінде жазылған тұңғыш тарихи ғылыми еңбек» деп зор баға берген» деген уәжін келтіреді де, ең соңында «Қазақтың үлкен тарихшы ғалымы Қадырғали Қосынұлы Жалайыридің өмірі мен ұмытылмас еңбегін ғылыми тұрғыдан зерттеу – Қазақстанның тарихшы, әдебиетші ғалымдарының алдында тұрған абыройлы міндеті деп осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын үлкен мәселе көтерген еді. Бұл озық ойды арқау еткен осындай ұсыныс айтуға құзыреті бар республика Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу институтында істейтін ғалымның емес, шалғайдағы облыс орталығында өз бетімен ғылыми жұмыстар жүргізген ғалымның батыл пікірі болатын.
Қайым Мұхамедханұлы осындай ізгі ниетті ойын 1968 жылы 26 қарашада әйгілі тарихшы, ғалым Мұхаммед Хайдар Дулати туралы дәрісінде де ашық білдірді. «Біз бүгінгі әңгімемізді қазақтың дулат руынан шыққан, әлемге әйгілі ғалымы, сегіз қырлы білімпаз, өнердің сан алуан саласын меңгерген дана – Мұхаммед Хайдар Дулатиге арнаймыз» деп бастап, ол өз «еңбегінде Алтын орда мен Шағатай ұлысының әбден ыдырап, ХV ғасырдың орта кезінде бұрынғы қазақ тайпалары бірігіп, жеке өкімет құрғанын бірінші рет ашық, кең көлемде, нақтылы жазған» деп атап өтеді. Осы тарихи еңбек туралы кеңінен әңгімелеп, Қазақ хандығының құрылуы туралы баяндалған тұсынан құнды деректер келтіреді, бұл кітапты орыс ғалымдары мен Ш.Уәлиханов зерттеп, тарихи зор баға бергенін айта келіп, «Қазақстан ғалымдары Мұхаммед Хайдар Дулатиді зерттеу мәселесін соңғы кезде қолға алып отыр. Мұхаммед Хайдар Дулати – қазақ халқының мақтанышы, тарихи ұлы тұлға» деп ой қорытады.
Осылайша, сол жылдары қазақ әдебиетінің тарихын орта ғасырлардан бастап оқыту үрдісін Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) нағыз ұлтжанды ғалым Бейсенбай Кенжебаев бастаған шәкірттері, Мұхтар Мағауин, Мырзатай Жолдасбеков сынды жас ғалымдар мықтап қолға алса, Семейде алаш ұранды ғалым Қайым Мұхамедханұлы еш нұсқаусыз-ақ осы өрісті бастаманы іліп әкетіп, студенттер құрметіне бөленді. Ал Б.Кенжебаев, Қ.Мұхамедханов алғаш рет әңгіме етіп жеке ғылыми нысан ретінде қарастырған М.Х.Дулати мен Қ.Жалайыри шығармашылығын жан-жақты зерттеу ісі еліміз тәуелсіздік алған жылдары ғана жүзеге асты.
Үнемі жаңа атаулының басы-қасында жүретін бастамашыл ғалым елімізде қайта құру кезеңі белең алып, Алаш арыстарын ақтау ісі басталған 1988 жылы бірінші болып Шәкәрім туралы көлемді мақала жазғаны өз алдына, одан кейін халқына қайта оралған алаш көсемі Әлихан Бөкейханов, алаштың арда қайраткерлері Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан туралы да бірінші болып өзінің жеке мұрағатында сақталған материалдар негізінде көлемді зерттеу мақалалар жазып, Семей облыстық «Семей таңы», «Иртыш» газеттерінде қазақ, орыс тілдерінде жариялады, бұл мақалалардың біразы республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде де жарық көргені белгілі. Осылайша, оқырман қауым алаш зиялылары туралы алғаш рет толық мағлұмат алған болатын.
Өркенді ұстаз, өнегелі ғалым өмір бойы үлкен ізденіс үстінде болды. Жаңалыққа жаны құмар жан өзінің басты жұмысы – абайтану өрісін кеңейтуді мақсат етіп, Абай мұрасын насихаттап зерттеушілер туралы ғана емес, Абайдың 1909 жылы Петербургте жарық көрген алғашқы жинағын кітап етіп шығарған баспагер Ілияс Бораганский туралы ұзақ жылдар бойы көп ізденді. Бұрынғы Кеңес Одағының түрлі ғылыми мекемелері мен кітапханаларына сұрау салып, көптеген архивтерде жұмыс істеу өз нәтижесін берді. Түркі халықтарының мәдениеті тарихында ерекше орны бар тұлғаның өмірі мен қызметін жан-жақты ашып көрсеткен «Қадірлі есім, аяулы еңбек» атты көлемді мақала жазып, Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында «Семей таңы» газетінің 1971 жылғы
21 мамырдағы санында жариялайды. «Абайдың асыл әдеби мұрасын ең алғашқы кітап етіп баспадан шығарған – Ілияс Бораганскийдің есімі мен еңбегін қазақ халқы қадірлейді, ұмытпайды» деп оның еңбегін әспеттеп, қазақ және башқұрт қаламгерлерін баспагер өмірінің соңғы беймәлім кезеңін тиянақты зерттеуге шақырады. Шын мәнінде, ғалымның бұл еңбегі І.Бораганский туралы жазылған алғашқы да бірден-бір жалғыз мақала болып қалды.
Профессор Қайым Мұхамедханұлы өмір бойы Семей педагогикалық институтында қазақ әдебиетінен дәріс берді, ұлт әдебиеті мен мәдениеті туралы көптеген ғылыми зерттеулер мен мақалалар жазды, абайтану ілімін дамытудағы жетістіктері үшін ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Оны атақ, мансап қызықтырған жоқ. Өзі бала кезден сүйіп, еліктеп өскен Алаш көсемдері сияқты, ұлы ұстазы Мұхтар Әуезов сияқты ұлтына адал қызмет етті, халқының болашағын ойлап, еліміздің тәуелсіздігін армандады. Осы жолда әдебиеттанумен қатар, рухани саладағы көкейтесті мәселелермен айналысты. Ғалымды Абай мен Шәкәрім, Мұхтар мұрасы ғана емес, Семейдегі кітапханалар тағдыры, Абай музейінің жағдайы және басқа да мәдениет мәселелері толғандырды. Ол, осылайша, Алаш абыздары деңгейіне көтерілді.
Ұлттық рухты сақтап, ұлттық ойды дамытушы тұлғасы бар ел, ұлық ұстазы болған ұрпақ бақытты десек, Қайым Мұхамедханұлы осындай абыз ақсақал болатын, ол ізгілік пен ақиқаттың қызметшісі, ар-ұяттың қорғаушысы, сөз сардары болды. «Өмірде табанды, бір сөзді болудың қияметін Қайым ағадай көрген адам аз. Міне, мәнді, елеулі еңбекті осындай адамдар жасайды, оның қызығын халық көреді. Соның арқасында өзіңнің елдік сипатыңды танып, қуанасың, шаттанасың» деп көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы дәл танып айтқандай, ол сағы сынбаған, Алаш мұратына адал болған нағыз ғалым, ұстаз болатын. Қайым сынды адал перзентті қазақ деген ұлы халық тәрбиеледі, енді оның асыл мұрасы ұлт болашағы үшін қызмет етер қазақ мәдениетінің басты құндылықтарының бірі болып қала береді. Осы құндылықтар негізінде халқымыздың асқақ арманын жүзеге асыра алатын боламыз.

Серікқазы ҚОРАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір