АЛАШТЫҢ АЛТЫН САҚАСЫ
Пекин Орталық ұлттар университетін бітірген 1987 жылы біз, жолдамамен Үрімші қаласындағы Шынжаң гуманитарлық ғылым академиясының әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылдандық.

Солдан оңға қарай академиктер: Р.Бердібай, З.Қабдолов, М.Қаратаев, «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакторы Р.Нұрғали, Ш.Сарыбаев. 1987 ж.
Аталған ғылым ордасына жұмысқа тұрып, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысу студент кезіміздегі асыл арманымыз еді. Өйткені мұнда қытай, ұйғыр, қазақ, моңғол, қырғыз, өзбек халықтарының есімдері елдің іші-сыртына кеңінен танымал әйгілі ғалымдары жұмыс істейтін. Солардың ортасында жүру, олардан өнеге-тағылым алу, «болмаса да ұқсап бағу» ғылыми-зерттеумен айналысам дейтін жас маман үшін таптырмайтын орта еді. Арман орындалды. Аталған ғылым ордасына «кіші ғылыми қызметкер» болып қабылданып, жұмысымызды бастап кеттік.
Өзге мекемеде жоқ мұндағы бір ерекшелік – академияның ғылыми кітапханасына «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Парасат» секілді қазақстандық басылымдар келіп тұрады екен. Біз, қазақ жастары осы басылымдардың әрбір жаңа нөмірін сарғая күтіп, жыл келгендей ерекше әсермен, үтір-нүктесін қалдырмай оқып шығатынбыз. Оқумен ғана шектелмей, жиналып алып, көтерілген мәселелер мен шығармаларды таласа-тармаса талқылап, қызыл кеңірдек болып жатқанымыз. Қысқасы, ҚХР-да өзіміз тұрып жатқанымызбен, есі-дертіміз іргесі сөгіле бастаған КСРО-да. Дәлірек айтсақ, КСРО құрамындағы тарихи Отанымыз – Қазақстанда. Мезгіл көші жылжып 1990 жылдарға келгенде, алғашқы кезекте Балтық жағалауындағы елдер өз тәуелсіздігін жариялады. Талас-талқымыздың тақырыбы: келесі кезекте қай ел? Қазақстан қашан? Күте-күте күніміз жыл, айымыз ғасыр болды. Иә, ақсарбас, міне, аңсаған күнге де жеттік! 1991 жыл, желтоқсанның 16-жұлдызы!!! Осы күні Үрімшіде қуаныштан жүрегі жарылмаған, көзіне бақыт жасы үйіріліп, бөркін аспанға атпаған қазақ баласы қалмаған шығар! Біз, Шынжаң гуманитарлық ғылым академиясының оншақты қыз-жігіті қолдан бір «туған күн» жасап, халқымыздың үш ғасырдан соң қайта оралған азаттығының алғашқы күнін тойладық. Ертесінен бастап әңгімеміз мүлде басқа бағытта өрбитін болды, яғни енді Қазақстанға қалай жетеміз? Керек болса, шекараны бұзып қашып өтуді ұсынғандар да болды. Себебі ол жылдарда қытайдан шетелге шығу дегеніңіз, қияметтің қыл көпірінен өткеннен де қиын-тұғын. Міне, 1992 жылдың да алғашқы айлары артта қалып барады. Өстіп торығып жүрген күндердің бірінде «Үрімшіге Қазақстан ақын-жазушыларының шағын делегациясы келіпті» деген хабар қалада желдей есті. Жылтыраған болар-болмас үміт оты жанымызды жылытып, кәдімгідей еңсеміз көтеріліп қалды. Себебі делегация өзге емес, құрамында қазақтың ұлтшыл зиялылары Рымғали Нұрғалиев пен Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкеевтер бар ақын-жазушылардан болса, олардың біздерге – атажұртқа жетсек деген шетелдік қазақ жастарына қолұшын бермеуі мүмкін бе?! Осы арман жетектеген біз, ал келіп Қазақстаннан келген делегацияны іздейік. Қаладан адрессіз адам іздеу дегеніңіз көлдің түбінен ине іздеумен парапар далбаса тірлік болып шықты. Делегацияның қайда орналасқанын біле алмай, дал болдық. Сосын, Үрімшінің қонақ үйлерін өз бетімізше сүзіп шығуға бел будық. Өстіп жүріп бірер күнді өткізіп алдық. Бір күні кеште Бақытбек деген жігіт: «Ол кісілердің дерегін таптым – «Күнлұн» қонақүйіне түсіпті», – деген қуанышты хабар жеткізді. Ертеңіне барсақ, «Олар кеше кетіп қалды!» – деді қонақүй қызметкерлері. Біз сан соқтық та қала бердік…
Тұрсынбек Кәкішов:
«Ғалымның Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ауысуы жай әншейін Астанаға қарай ыңғайлану ниеті емес, жаңа астанада, жаңа оқу орнында қазақ ғылымының бір саласын өркендету мақсаты еді. Орыстанып кеткен жерлерге қазақ рухының дәнін себудің бір айла-амалы ретінде барған еді. Осы университеттің қазақ әдебиеті кафедрасын басқаруы, сол оқу орнында ғылыми кеңес ашып, жас ғалымдарды тәрбиелеп шығаруы Рымғалидың іскерлік қабілетінің айғағы. Рымғали нағыз ғұлама ғалым, өз ісінің білгірі еді»
Келесі жылы, яғни 1993 жылдың наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің арнайы шақыртуымен қытай тілінің маманы ретінде Атамекенге оралдым. Ол заман – шетелден Қазақстанға келуге жол табу қиын, жол тауып келсең тұрақтап қалу қиын, тұрақтап қалсаң азаматтық алу қиын, жан бағу одан да қиын болып тұрған кез еді ғой. Осындай күндердің бірінде, жаңылмасам, 1996 жылдың жазында марқұм профессор Құныпия Алпысбаевтың үйіне қаңғалақтап бір шаруамен барып қалсам, төрінде сол кездегі Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, біраз жылдың алдында Үрімшіде ұстай алмай қалған ағам, Алаш жұртының ардақты ғалымы Рымғали Нұрғалиев отыр екен. Ол кісіні бірден тани кеттім, сәлем бердім. Құныкең, әуелі, ол кісіні маған, сосын, мені ол кісіге таныстырды. Атағы Алатаудай ғалымды алғаш рет жүзбе-жүз көруім. Бір таңғалғаным, ол кісінің бойынан әйгілі адамдарда ретті-ретсіз кезігіп қалатын бұлдану, нәнсіну, сыздау, тәкаппарлық, ыңырану, керігу, орынсыз мақтан, т.б. пендешіліктердің бірде-біреуі байқалмады, керісінше, әр әңгімесін әзілмен көмкеріп, сыпайы һәм қазақы юмормен сөйлейтін, нені болса да бетке тіке айтатын кісі екен. Әйгілі ғалымның болмысындағы осы қасиет өзіме ерекше ұнады. Себебі біздің де солай отырған жерде әзілдеп сөйлейтін, күлдіріп отыратын, көңілге алғанды бетің-жүзің демей айтып салатын мінезіміз бартұғын. Сол дастарқан басында айтпағаныммен, ол кісімен рухтас, мінездес болып шыққаныма іштей қуанып отырдым.
Қансейіт Әбдезұлы:
«Қаламының желі бар жастарды жанына үйіріп, біріне тақырып беріп, бірін қызметке орналастырып, жанашыр болып жүретін ағаларымыз сол заманда сирек еді-ау! Сол дараның бірегейі Рәкең еді. Өзінен кейін келе жатқан жас буынның барлығына жол ашты, көмегін берді. Қазіргі әдебиеттану ғылымында жүрген, қолы бір нәрсеге жеткен қай ғалым болсын Рәкеңнің жасаған жақсылығын еш уақытта ұмыта алмайды. Соның бірі өзіммін»
Әңгіме қызығымен біраз отырып қалыппын. «Қонақтың үстіне қонақ келсе қотыр болады» немесе «Екі кісі бейім тұрса, есті кісі кейін тұрады» деген атам қазақтың жоралғысымен тұруға қам жасап ем, Рағаң да, Құнағаң да мүлде рұқсат етпеді… Сосын, орныма қайта жайғастым. Дастарқан басындағы әңгіме болғанымен, тақырыбы ауқымды да мағыналы – тәуелсіздік тағдыры, отаршылдық кезеңнің зардаптары, қазақ әдебиетінің жай-күйі, елдің демографиялық жағдайы, шеттегі қазақтардың тағдыры, ғалым Б.Кенжебаев, әнші Ж.Кәрменов туралы естеліктер, т.с.с. әңгіме арнасы бірден бірге ауысып, өте көңілді отырмыз. Бір әредікте Рағаң менен: «Ғылыми атақ-дәрежең бар ма?» – деп сұрады. «Қытайда қорғаған жоқпын, бірақ осында оқу, қорғау ойым бар», – дедім.
«Қазақстанда біржола қалатын ойың бар ма?» – деді Рағаң. Иә, деп азаматтық алғанымды айттым. «Олай болса енді қорғау керек, менде бір керемет тақырып бар, кімге берсем екен деп басым қатып жүр еді, сен жақсы кезіктің», – деп Рағаң әй-шайға қарайтын емес. Сөздің бір кезегінде мұнда аспирантураға түсудің де, түскен соң қорғаудың да оңай емес екенін, соған байланысты ойланып жүргенімді айттым. Рағаң: «Торықпа бала! Қорықпа, батыр Албан, – деп арқамнан ақырын ғана қағып қойды да, – өзің Мұстафа Шоқайдан аумайды екенсің, саған сол Мұстафа Шоқай бабаңның аруағы риза болатын бір тақырып берейін, тә-ә-әк, бүгін жексенбі, сен маған сәрсенбі күні түстен кейін сағат үште кафедраға кел, келістік пе?» – деді. «Келістік!»
Али Аббас Чынар:
«Рымғали аға Түркия мен Қазақстан достығының дамуына және нығаюына көп еңбек етті. Оның басты себебі қазақ пен түрік халқының тамыр бірлігіне деген сенімі. Бұл туралы сөз арасында көп айтатын. Түркияға бірнеше рет сапар шегіп, халықтың салт-дәстүрі жайлы хабардар болды. Кония, Ыстамбұл, Анкара, Измир, Маниса, Салихли, Кемалпаша т.б. көптеген қалаларды аралап, халықпен жақын араласты»
Уағдалы күні уағдалы сағатта жұрт «Қабдоловтың кафедрасы» атап кеткен Қазақ әдебиеті кафедрасына имене кірдім. Рағаң төрде отыр екен, қасында кафедраның 3-4 мұғалімі бар. «Кел, Мұстафа Шоқайдың інісі, былай кел, – деп маған бір орын нұсқады да, қасындағы мұғалімдерден, – мына жігітті танитындарың бар ма?» – деп еді, әлгілердің арасынан әлдекім: «Үйбай-ау, Раға, Дүкен Мәсімханды танымай не бопты бізге…» – дей бергені сол еді, Рағаң: «Жоқ, танымайды екенсіңдер. Қайдағы Мәсімхан?! Мұстафа Шоқай ғой, басты қара, мұрынды қара, мұртты қара… айнымай қалған», – деді. Осылай оны-мұны әңгімемен аз отырған соң, Рағаң орнынан тұрып: «Жүр, екеуміз оңаша сөйлесейік», – деп мені іргелес бөлмеге ертіп кірді. Кірген бойда жаттап алған адамша ағыл-тегіл сөйледі де кетті. Үнсіз тыңдап отыра бердім. Сондағы Рағаң әңгімесінің жадымда қалған ұзын-ырғасы мынау. «ХХ ғасырдың басы адамзат тарихында әлемнің түкпір-түкпіріне саяси ояну, рухани сілкініс әкелумен ерекшеленді. Бұл арада жер жүзіндегі оянулар мен сілкіністерді санамалап жату басы артық сөз болар. Біз тек айтарымызға арқау болғалы отырған өңірлердегі – Қазақстан, Ресей, Қытай елдеріндегі ХХ ғасыр басындағы тірлікті еске алайықшы. Ресейдегі қазан төңкерісі, коммунистер жеңісі, КСРО деп аталатын еуразиялық алып державаның өмірге келуі; Қытайдағы «4 мамыр» жастар қозғалысы бастаған демократиялық-ағартушылық бағыттағы толқулар, гоминдаң және коммунистік партияларының құрылуы, ең соңында ҚХР дейтін империяның өмірге келуі; Қазақстандағы 16-жылғы көтерілістер, Алаш партиясының өмірге келуі, ұлт-азаттық бағыттағы рухани-ағартушылық сілкіністер, тұтастүркістан идеясының өмірге келуі, ол идеяны қолдаушылардың ақыр аяғында еуразиялық алып державаның қанды шеңгеліне ілініп, жаппай қырғынға ұшырауы, т.б… осының бәрі сөз болып отырған кезеңдегі адамзат қоғамында болып жатқан ояну мен жаңғырудың Қазақ халқы мен қазақ қоғамын да айланып өтпегендігін толық айғақтайды. Ал Ресей мен Қытайдағы ояну мен сілкіністер өзінің діттеген жеріне жетіп тынды да, тек біздегі ояну мен сілкіністер жөргегінде тұншықтырылды. Алайда қудалауға ұшыраған Алаш рухы, ұлт-азаттық идея енді біртіндеп КСРО аумағынан тыс жерлерде әрекет ете бастады. Сондай өңірдің бірі – Шығыс Түркістан, қазіргі Шынжаң болғаны белгілі. ХХ ғасырдың 20-жылдарынан ҚХР құрылған 1949 жылға дейінгі Шығыс Түркістанда болған ұлт-азаттық күреске, Шығыс Түркістан Республикасының құрылуына ұйтқы болған бір-ақ нәрсе, ол – Алаш азаттық идеясы. Осы идеяны жырлап, халықты оятқан, алды атылған, арты қытай түрмесінде шіріген қаншама ақын-жазушылар бар. Айталық, Ақыт, Таңжарық, Көдек, Әсет, Әріп, Жүсіпбекқожа, кешегі Бұқара, бүгінгі Омарғазы, т.б. толып жатыр. Осылардың шығармашылығы мен өмірбаянын, сол кезеңнің әдебиетіндегі ұлт-азаттық идеяны, оны жырлаушы ақын-жазушыларды атажұртқа оралту, ғылыми айналымға енгізу – бүгінгі қазақ әдебиетіндегі көкейтесті міндет. Ол үшін сол жақта туып өскен, сол жақта жоғары білім алып келген, қытай тілін жетік білетін, төте жазуды да емін-еркін оқи алатын адам болса деп армандап жүр едім. Өйткені онсыз бұл тақырыпты діттеген жерге жеткізу қиын. Міне, сені маған, маған ғана емес, қазақ әдебиетіне, тіпті Қазақстанға Құдай айдап келіпті. Енді «ұрыста тұрыс жоқ» деген, білекті сыбан да кіріс. Тақырыпты «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20–50 жылдары)» деп алайық».
Осы ойларын айтып болды да Рағаң: «Келістік пе?» – деді. «Келістік», – деп қол бердім.
Нұрлан Оразалин:
«Әдебиеттің эстетикалық мәні мен сипатын жан-жақты талдай отырып, сұлулықты тануға, бағалауға, адам ой-өрісінің кемелденуіне, көркеюіне шексіз ықпал етер көркемдік категорияларды ұғындыруда Рымғали Нұрғалидың қиялы да, ойы да, тілі де жүйрік. Ол ұсынар критерийлер мен өлшемдер бұрауы берік, талабы қатты, кеңістігі кең, түбі терең. Рымғали Нұрғали ұстанымдары тым қатал ой дәлдігі мен сөз ұрымталдығына орнымен қызмет етеді. Сұлулық пен танымның ажар-кескінін ашар әдеби байланыстар мен дәстүр сабақтастығы турасындағы тиянақты тұжырымдары да – ұлт ойының олжасы».
Осы «келісімге» тура үш жыл толғанда, яғни 1999 жылдың мамыр айында ұстаз айтқан тақырып бойынша кандидаттық диссертациямызды сәтті қорғадық. Ұстаз дән ырза. Қолымды алып тұрып, маған бүй деп бата берді: «Дүкен, үмітті ақтадың! Қазақ әдебиетіндегі ауқымды бір ақтаңдақтың орнын толтырдың. Оны айтпағанда, қаншама шаһит кешкен аруақтарды тірілттің, олардың сауабын алдың. Ендігі өміріңде сол аруақтар саған жар боп жүрсін! Атажұртыңда – Отаныңда жұлдызың жоғары болсын, аумин!» Мен тебіреніп кеттім. Батаға да, басқаға да емес. Екі дүниедегі жалғыз тұрағым – Отанымнан Рағаңдай шын жанашыр, асыл аға тапқаныма!
2000 жылы, өзіміз жұмыс істеп жүрген ҚазМУ-дегі Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс елдері кафедрасына ресми түрде кафедра меңгерушісі болып сайландым.
Сол жылдың маусым айында Рымғали аға 60 жасқа толып, дүркіретіп ҚазМУ-де тойладық. Аға-ұстаздың мерейтойына арнап жырдан шашу шаштық:
Рахман жаңбырындай тұрған иіп,
Жіберер жанға мерей, нұр да құйып.
Аспанын алты алаштың әспеттеген,
Байтақтың бәйтерегі – Нұрғалиев.
Дәуірдің дара тұлға хас білгіші,
«Байқамай» бұздың талай
«дәстүрді» шын.
Сол үшін бөлтірікті соймақ болды,
Қандендер қайдан білсін қасқыр күшін.
Әр сөзің абыздардың батасындай,
Талабың мен талғамың ата шыңдай.
Алшыдан бір жазбадың иіргенде,
Алаштың алтындаған сақасындай.
Өкілі өмірдегі аппақ ардың,
Демедің бақайлықтан бақ табармын.
Анық қилы заманда өмір сүріп,
Алып «Қилы заманды» ақтап алдың.
Ар болып, намыс болып жүгінгенің,
Мансап деп, бақ қайда деп жүгірмедің.
Тасын салып қуғанда тасыр тағдыр,
Түңілмедің өмірден, бүгілмедің.
Бүгілмедің, боп өстің кемел, мықты,
Төңірек «төңкерісті» сенен күтті.
Өйткені Ахаң берген ұлылық бар,
Әуезовтен ап қалдың кемелдікті.
Сенгенің елің еді, еңбек еді,
(Қылышың қиып тұрды ең керегі).
Тағынан тая берді кесір кезең,
Өлкеңнің өрге тасы дөңгеледі.
Таң атты, өлкең нұрлы, елің жарық,
Ол – қанша күткен таңың
сенің де анық.
Алаштың азат төрі орның бүгін,
Жол бермес төбесінен тегін, халық.
Көңілің – жаз, жаның – жайлау,
жүзің – көктем,
Тағдыр да талабыңды қызырлы еткен.
Сен өзің ортамызда жүргеніңмен,
Келешек керуені боп ізің кеткен.
Ол рас ғасырлармен таласарың,
Данышпан, бүгін сенің дана шағың.
Өргізіп арман-тауға үмітіңді,
Алаштың әлдилей бер болашағын!
Өлең «Жетісу» газетінің 2000 жылдың 1 маусым күнгі санында жарияланды. Рағам өлеңге де, өлеңнің тақырыбына да қатты риза болғаны сонша, біразға дейін «Алаштың алтын сақасы» дегенің ұнады», – деп кейбір шумақтарын жатқа айтып жүрді.

Қ.Жұмаділ, Х.Оралтай, Р.Нұрғали, Д.Мәсімхан
Содан көп өтпей Рағаң «үйге келіп кетші» деп шақырды. Барсам, Құныпия аға (Алпысбаев) отыр екен. Қадиша жеңгеміз дастарқан жайып қойыпты. Сәлден соң Рымғали аға: «Екеуіңді шақырып алғаным, сендерге айтатын жаңалығым бар. Біз Астанаға көшетін болдық. Еуразия университетіне ректор болып келген Мырзекең (Жолдасбеков) шақырған соң, бас тарта алмадым. Оның үстіне еліміздің тұңғыш рет өзі таңдап, қазық қағып жасақтап жатқан жаңа Елордасы ғой. Өздерің де білесіңдер, астананың арқаға көшуін қатты қолдаған адамдардың бірімін. Қолдауын қолдап алып, жанға жайлы деп Алматыда жатқанымыз қалай болады? Құдай бұйырса, тамызда көшуге бел буып отырмыз. Екеуіңді шақырып отырғаным, сендер шәкірт қана емес, туған інімдей болып кеттіңдер. Сондықтан маған Ақмола сендерсіз қызық емес, бара салып екеуіңді де Еуразия университетіне алып кетудің қамына кірісем. Іштей дайын болыңдар», – деді.
Содан Рымғали аға ақыры қоярда-қоймай жүріп, 2002 жылдың басында Гумилев атындағы Ұлттық университетке шақыртып алды. Содан бастап Арқа төсіндегі бір ұжымда ұстаз-шәкірт қана емес, аға-іні ретіндегі сыйлас күндеріміз жалғасып жатты. 2005 жылы бізге докторлық диссертациямыздың тақырыбын бекітіп берді. Онысы да «қызық» тақырып еді. «Біз өмір бойы Әуезовті, басқа да қазақ қаламгерлерін орыс жазушыларынан үйренді, орыс жазушыларына еліктеді деуден әрі аса алмай келдік. Ұлы жазушымызды әлемдік қаламгерлермен салыстыра қарастыруға бұрын мүмкіндік те болған жоқ. Енді өз тізгініміз өз қолымызға тиді. Осы М.Әуезовті қытайдың классик жазушысы Лу Шүнмен салыстырып, зерттеп көрші… Екеуінің заманы да бір, әдебиетте атқарған миссиясы да бір, шығармаларында үндестік болмауы мүмкін емес», – деді Рағам. Ұстазға берген уәденің нәтижесінде, 2008 жылдың басында «М.Әуезов және Лу Шүн» атты монографиямыз өмірге келді. Сол жылдың соңында «Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық (М.Әуезов және Лу Шүн шығармалары негізінде)» деген тақырыпта салыстырмалы әдебиеттану ғылымы бойынша докторлық диссертация қорғадым. Ол жолы да Рағам «Жарадың, Дүкен! Қазақтың әдебиетінің, жалпы рухани қуатының миллиардтар елінен еш кем емес екенін дәлелдедің! Бұл қазақ әдебиеттану ғылымы үшін сенсация! Сенің бұл еңбегіңді ағылшын, қытай, орыс тілдеріне аудару керек…» – деп қапсыра құшақтап, маңдайымнан сүйді.
Серік Қирабаев:
«Рымғали Нұрғали қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымындағы жетпісінші жылдар ұрпағының аса көрнекті тұлғасы еді. Қаламы жүйрік талант арагідік әдебиеттің өзіне де араласа жүріп, негізінен, сын мен әдебиет ғылымымен айналысты. Көп еңбектер жазды. Оның қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясына, жанрларды зерттеуге, жеке ақын-жазушылар шығармашылығы туралы ой-пікірге қосқан үлесі аса қомақты. Қазақ драматургиясы туралы зерттеулерінің өзі-ақ оның авторының талдаушылық өнерін көпке танытты»
Қарап отырсам, алғаш танысқан күннен бастап ұстаздың ұлы жүрегі тоқтағанға дейін қасынан екі елі қалмай 15 жыл бірге жүріппін. Осы он бес жылда ұлы ұстаздың бойынан көрген-білген асыл қасиеттерді, бірге болғандағы не бір қызықты да тағылымды сәттерді іріктеп қағазға түсіргеннің өзінде үлкен бір кітапқа жүк болады екен.
Ұзын сөздің қысқасы, академик Рымғали Нұрғали ерекше дарын иесі, отандық әдебиеттану ғылымына, қазақ әдебиетіне өшпес олжа салған ұлы ғалым, суреткер-жазушы ғана емес, туған халқын шексіз сүйген ұлтшыл азамат еді. Бұл сөзімізге дәлел боларлық дәлел-дәйек дегеніңіз мың-сан. «Трагедия табиғаты», «Әуезов және Алаш» бастаған ондаған ғылыми-зерттеу еңбектері, «Ай қанатты арғымақ» бастаған сүбелі романдар мен повестер, ондаған томды құрайтын көркем және ғылыми аудармалар, жүздеген шәкірттер… Ұлт тағдырына, ел болашағына қатысты толып жатқан мәселелер Рағаңның жанын қатты мазалайтын, жүрегін жиі ауыртатын. Сол ұлы жүрек 70 жасын тойлауға санаулы айлар қалғанда, 2010 жылы 16 ақпанда соғуын тоқтатты…
Тірі болғанда биыл Қазақ елі ғалымның 85 жасын тойлап жатқан болар еді. «Жақсыдан шарапат» дейді дана халқымыз. Негізі, Һас жақсының шарапаты жеке адамға ғана емес, тұтас ұлтқа тиеді екен. Рымғали ағамыздың ғылыми жетекшілігімен жүз шақты ғылым кандидаты, ғылым докторлары даярланды. Бұл дегеніңіз өзінің ғылыми мектебін қалыптастыру ғана емес, отандық ғылымының тұтас бір саласының дамуына қосылған өшпес үлес. Өйткені бүгінде ол кісінің шәкірттері еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында әдебиеттану, қазақ әдебиеті салаларында жемісті еңбек етуде.
Иә, ұстаз ұлылығының, аға жанашырлығының тағы бір шапағаты – Әлихан, Ахмет, Мағжан, Әуезовтерден өзінің ұстазы Б.Кенжебаевқа, одан өз бойына дарыған алашшылдықты, ұлтшылдықты біздің, біз арқылы келешек ұрпақтың санасына құйып бергендігі, яғни бізді де осы қасиетті шерудің қатарына – ұлы жолға салып жібергендігі! Мен осыған тәубе деймін һәм мақтанам!
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Р.Б. Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының
директоры, филология ғылымдарының
докторы, профессор
ПІКІРЛЕР1