«Әдебиет әлемінің абызы»
24.04.2024
368
0

11 сәуір күні Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі №4 кітапхана-бөлімшесінде Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 толуына орай, «Әдебиет әлемінің абызы» атты байқау ұйымдастырылды. Экраннан Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмір белестері мен шығармашылығына байланысты «Әбдіжәміл Нұрпейісов – адамзат тағдырының жыршысы», «Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдебиет әлемі» атты слайд-презентациялар, видеороликтер көрсетілді. Оқу залында «Әбдіжәміл Нұрпейісов – ұлттық руханияттың көшбасшысы» атты кітап көрмесі жасақталды.
Әдеби іс-шараға қаламгерлер мен ғалымдар қонақ болып, жазушы шығармашылығы жайлы ойларын ортаға салды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің көркем шығармаларын мәнерлеп оқу байқауына Алматы облысы қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің, Көлсай кәсіптік-техникалық колледжінің, Шелек политехникалық колледжінің, Талғар политехникалық колледжінің және Үшқоңыр су шаруашылығы колледжінің, сонымен қатар Каракемер кәсіптік колледжінің, Талғар жоғары медициналық колледжінің, Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжінің, С.Жандосов атындағы кәсіптік-техникалық колледжі мен Алматы Полиграфия колледжінің ұлағат­ты ұстаздары мен студенттері қатысты.
Екі кезеңнен тұратын аламанның «Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдеби әлемі» аталған алғашқы бөлімінде жиналған қауым қаламгердің ғибратты ғұмыры мен ұлттық әдебиетіміздің алтын қорына қосылған көркем шығармалары хақында ой өрбітсе, «Кестелі сөздің кемеңгері» атты екінші бөлімінде дарынды білімгерлер автордың туындыларын мәнерлеп оқу талабы бойынша бақ сынасты.
Сондай-ақ А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектептің өнерпазы Нұрсейтова Раяна мен П.Чайковский атындағы музыкалық колледж­дің өнерпазы Мәдібек Нұрасыл әсем әндерін шырқап, көрермен қошеметіне бөленді. Колледждің дарынды студенттері «Қан мен тер» романы бойынша қысқаша эпизодтық көріністі аса зор актерлік шеберлікпен орындап, «Курляндия» романынан монолог оқыды.
Кеш соңында әділқазы мүшелері байқау жүлдегерлерін анықтап, сый-сияпат­тарын табыстады. Жеңімпаз топтардың қатысушылары кубокпен, мадақтама грамоталарымен марапатталса, студенттерді дайындап алып келген жетекшілері Алғыс хат иеленіп, барша қонақтарға жазушы кітаптары үлестірілді.

Арайлым ТАЙЫРҚЫЗЫ,
Алматы қаласы
Орталықтандырылған кітапхана жүйесі
№4 кітапхана-бөлімшесінің қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір