АЛАШТЫҢ ҚАЙРАТКЕР ҚЫЗЫ
25.12.2023
862
0

Биыл желтоқсанның 28-ші жұлдызында қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш саяси белсенді, мемлекет және қоғам қайраткері, публицист Алма Дінмұхаммедқызы Оразбаеваның туғанына 125 жыл толады. Алма Оразбаева ескіліктің құрбаны болған қазақ қыздарының тағдырына 1917-1928 жылдары пана болып қана қоймай, олардың құқығын қорғау, сауат­тандыру, қызметке тарту үшін күресті.

 Қазақ­стан Республикасы Ұлт­тық кітапханасының мерзімді басылымдар қызмет бөлімі «Алма Оразбаева – қазақ әйелдерінің теңдігі үшін күрескен тұлға» ат­ты көрме ұйымдастырды. Көрмеге қойылған материалдар өскелең ұрпаққа еңбексүйгіштіктің, достық пен адалдықтың эталоны болған Алма Дінмұхаммедқызының өмірі және еңбек жолынан сыр шертеді.
Алма Оразбаева қазіргі Орал облысындағы Орда поселкісінде 1898 жылы жұмысшы, кедей отбасында дүниеге келген. Әкесі Дінмұхаммед оқымаған, өте момын кісі болған. Ал анасы Сәнзира еңбек сүйгіш, адал, таза, ұстамды адам еді. Бұл отбасында Алмадан басқа тағы да төрт баласы болыпты. Ұлы Ғатауолла, қыздары Ханифа мен Мадина және кенжесі Ғарифолла.
Алма 1905-1909 жылдар аралығында Ордадағы орыс-қазақ әйелдер мектебін, 1910-1914 жылдары Ордадағы екінші сыныптық қыздар мектебін, 1914-1916 жылдары педагогикалық курсты бітірген. Кеңестердің бірінші съезінде оны РКП (б)-ның мүшесі ретінде Қазақ­стан үкіметіне сайлаған, Дүниежүзілік әйелдер қозғалысының мүшесі, партияның Қазақ облыстық комитетінің әйелдер арасындағы жұмыс бөлімі басқармасы болған.
1919 жылдан Компартия мүшесі. Ол 1916 жылы Ордадағы үш жылдық оқытушылар курсын бітіріп, Жаңақалада, Казталовкада бастауыш мектепте ұстаздық етеді. Ағартушылық жұмысында өзінің барлық күш-жігерін қазақ жастарын оқытуға, әсіресе қыз балаларды тәрбиелеуге жұмсайды. (Осылайша, Алма Дінмұхаммедқызы, оқысам, білімге сусаған халқымның көзін ашуға аз да болса көмегімді тигізсем деп, аңсаған асыл арманына жетеді).
Алма Оразбаева еліміздің саяси-әлеумет­тік өміріне бас-аяғы он жылдай ғана белсене араласады. Осы жылдардың ішінде партия және мемлекет қайраткері ретінде елге қыруар еңбек ет­ті. Бұған 1919-1928 жылдар аралығында РКП(б) Орынбор губкомы қазақ секциясының жауапты хатшылығын, Бөкей губерниялық партия комитеті әйелдер бөлімін басқаруы, Қазақ облыстық және Қазақ­стан өлкелік комитетінің әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімді басқаруы әрі бюроға мүше болуы дәлел.
Қазақтың қайраткер қызының Қазақ­стан өлкелік Саяси-ағарту бас басқармасының бөлім менгерушісі, 1925 жылдың қарашасында Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті төрағасының міндетін атқарғандығын архив құжат­тары, оның ішінде ол қол қойған мәжіліс хат­тамалары да айқындайды. Алма осыншама жауапты қызмет­термен қоса түрлі қоғамдық жұмыстарды да тең алып жүрді. Мәселен, КСРО Орталық Атқару Комитетінің, Бүкілодақтық Атқару комитетінің мүшесі, РК (б) П Орталық комитетінің жұмысшы және шаруа әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі комиссияның мүшесі, Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі әрі оның Президиум мүшесі болған.
Сол бір қиын-қыстау заманда қазақ қызының осынша шаруаны қолға алып, барлығына үлгергеніне қайран қаласың. Сонымен қатар түрлі күрделі басқосулар, тағылымды іс-шараларды айтпағанда, партияның XII, XIII, XIV съездеріне, XIV Бүкілодақтық партия конференциясына, Кеңестердің халықаралық үшінші конференциясына, Коминтерінің 5-ші конгресіне делегат болып қатысқаны еріксіз тәнті етеді. Ол тек қатысушы ғана емес, күн тәртібіндегі көтерілген мәселелерді талқылауда да пікірін ұстанып, белсенділік таныта білді.
Ордада қазақтың тұңғыш ерікті үлгілі ат­ты әскер полкі құрылғанда Алма Оразбаева осы полктің үгітшісі ретінде жауынгерлердің сауатын ашу жұмысымен белсене айналысады. Алма Оразбаеваның әлеумет­тік және саяси көзқарасының қалыптасуына халық ағарту майданының белгілі қайраткері, 1916 жылғы Бөкей қазақтарының ұлт-азат­тық қозғалысының басшысы Сейтқали Меңдешовтың әсері болды.
1916-1919 жылдары (азамат соғысы) Алма Оразбаева Бөкей ордасының көптеген ауылдарында халық ағарту ісімен белсене айналысты. Жас мұғалім қызды қазақ әйелдерінің жағдайы және олардың сауатсыздығы қат­ты мазалайды. Алма Қазақ үкіметінің қалың малды, көп әйел алушылықты, әмеңгерлікті жою жөніндегі декрет­терін әзірлеуге қатысты. Өйткені ескіліктің қалың мал, әмеңгерлік, кәмелетке толмаған қыздарды зорлап күйеуге беру сияқты қалдықтары әйелдердің адамгершілік қадір-қасиетін төмендетіп келген-ді.
Оның үстіне әйелдердің басым көпшілігі сауатсыз, от басы, ошақ қасының тауқыметінде болды. Бұған қарсы күресте А.Оразбаева зор белсенділік таныт­ты. Қазақ­стан өкіметінің әйелдерді феодализмнің қалдықтарынан азат етуге байланысты көптеген тарихи маңызды документ­терін даярлауға қатысты. Түрлі конференциялар мен кеңестерде совет әйелдерінің правосы мен міндет­терін түсіндірді, ауылдарды аралап, онда қызыл отаулар ұйымдастырды.
Өзі тікелей қатысып, талай қызды қалың малдың құрығынан құтқарып қалды. Бірталайын оқуға тартып, саналы күрескер болып шығуына көмектесті. Солардың бірі – Қамаш Жарлықамышова еді. Қамаш кейін Бостандық аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы дәрежесіне дейін жет­ті. Ал Нұржамал Сәналиева республикамыздың әлеумет­тік қамсыздандыру министрінің орынбасары қызметін атқарды. Алманың мұндай қамқорлығы мен көмегін көргендер көп болған.
Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш саяси белсенді, мемлекет және қоғам қайраткері, публицист Алма Оразбаева туралы замандас достарының пікірлері мынадай:
«…Бұл педагогикалық курстарда оқып жүрген кезіміз болатын. Біз – болашақ мұғалімдерміз. Сондықтан мінезіміз орнықты болуы керек «өзіміздің мұғалімдік қасиет­терімізді сезіне білуіміз керек» дегенді Алма маған жиі айтатын. Біз көбінесе сабақтан кейін Алманың немесе басқа курсант қыздардың пәтеріне жиі жиналып тұратын едік. Болашақ мұғалімдік қызмет жайында сөз қозғайтынбыз, оқыған әдебиет жайында өзара кеңесетінбіз, көбінесе ән салып, өлең айтатынбыз. Алманың дауысы нәзік, сүйкімді еді. Ол біздің хорымызды басқаратын, көптеген орыс әндерін білетін, қазақ өлеңдерін де жақсы көруші еді.
Курс оқушысы Тоня Доценко қазақша мүлтіксіз сөйлеуші еді: қазақ әндерін де білетін. Алма екеуі бірлесіп, басқа қыздарға қазақша өлең айтуды үйрет­ті. Алма айтатын жартысы орысша, жартысы қазақша әзіл ән күні бүгінге дейін менің құлағымнан кетпейді:
Миленький, хороший – қара көзім,
Никогда не забуду айт­қан сөзің.
Алма көптеген қазақ ертегілерін, орысша мақал-мәтелдерді білетін, оларды сөйлеген сөздерінде орынды пайдалануды жақсы көруші еді. Көбінесе біз бірлесіп отырып, кітап оқушы едік».

Екатерина КНЯЗЕВА,
(1900-1958 ж.,
1927 жылдан КПСС мүшесі,
оқытушы, 1935 жылдан партия қызметінде)

«Алма қаршадайынан сергек, мейірбан, әділ болды. Екеуміз бір мектепте оқыдық. Бұл мектепке Алма менен екі жыл бұрын түскен еді. Мектепке дейін мен ауылда өстім. Сондықтан да қала өмірінің көп жақтары маған ерсілеу көрінді, ал Орданың қыздары менің бұл мінезімді күлкі етуші еді. Алма әрдайым мені қорғайтын. Оны жалғыз мен ғана емес, басқа қыздар да тыңдайтын және жақсы көретін.
1911 жылы Ордада интернаты бар екі класты қыздар мектебі ашылды. Алма екеуміз де осыған түстік. Біз осы мектепте орыс қыздарымен жақын достасып кет­тік. Олардың кейбіреулерінің үйіне барып емтиханға бірге дайындалдық, кейде әдеби кештер ұйымдастырдық, өлең айт­тық, Пушкиннің, Лермонтовтың, Тургеновтің шығармаларын оқыдық.
Оқушы қыздардың ішіндегі кітапты көп оқитыны да, ой-өрісі жөнінен озығы да Алма еді. Оның өлең оқығанын немесе ән салғанын бәріміз жақсы көретінбіз. Орыс тілінен ол әрдайым «бес» деген баға алатын. Алма әсіресе шығарманы жақсы жазатын. Қазақ әйелдері жөніндегі жаман әдет-ғұрып, сауатсыздық және олардың күңдік халдері әсіресе біздің зығырымызды қайнататын.
«Кейбіреулер қыздарын мектепке білім алу үшін емес, семьяда бір адамның болса да тамағынан құтылу үшін береді», – деп Алма күйіне сөйлейтін. Ал қыздар 13-14 жасқа толса қалыңмалға сатылатын, зорлап күйеуге берілетін.
Февраль революциясын Алма Жаңақалада бастауыш мектепте мұғалима болып жүріп қарсы алды, сол кез­дердің өзінде-ақ, ол қазақ әйелдерінің арасында тәрбие жұмысын жүргізе бастады. Әйелдерді жиналысқа, митингіге көптеп тартуға тырысты, үй-үйді аралап, әйелдермен әңгімелесті, оларға енді оқу керек екенін түсіндірді.
Алма Ордаға 1921 жылы көктемде екінші рет әйелдердің губерниялық конференциясын өткізуге келді. Көктемгі жолдың бұзылуына қарамастан мұнда 70 делегат жиналды. Олардың қатарында Теңіз уезінің түкпірінде жатқан ауылдан келген Дина Нұрпейісова да болды.
Конференция зор өрлеу үстінде өт­ті. Конференциядан кейін көркем­өнершілер кеші болды. Әсіресе есте қалған Дина Нұрпейісованың домбыра тартқаны мен Алманың айт­қан әндері болды. Ол – сергек, қамқор құрбы еді. Бауырмал адам, жалынды үгітші, кішіпейіл, партия мен халыққа ақырына дейін берілген Алманы білген немесе онымен қызмет­тес болған адамдардың есінде ол мәңгі бақи тап осындай болып қала береді».

Мәдина БЕГАЛИЕВА,
(1889 -1974 ж.,
1920 жылдан КПСС мүшесі,
1922 жылдан басшы партия қызметінде)

Орынбор губкомы қазақ секциясының жауапты хатшысы, Бөкей губерниялық партия комитеті әйелдер бөлімінің меңгерушісі, Қазақ­стан өлкелік саяси-ағарту бас басқармасының бөлім меңгерушісі қызмет­терін атқарған Алма Дінмұхаммедқызының қазақ жастарына, қазақ өнеріне жасаған қамқорлығы да ерекше. Қазақ фольклорын жинақтаушы А.В.Затаевич: «Алма Оразбаева – жас халық мұғалімі, қазақ әйелін күндіктен құтқару жолында күресуші көрнекті қайраткер. Тамылжыған нәзік (сопрано) дауысы бар және әнді нақышына келтіріп, мейлінше әсем айтатын музыкаға аса қабілет­ті жан. Оразбаева менің жұмысыма барынша ықылас білдірген және маған өте құнды деректер берген бөкейлік бірінші қазақ қызы болды», – деп оның өнерін, жұмысын жоғары бағалаған. Өйткені Затаевич Алмадан халқымыздың 10 әнін – «Жайық», «Қосай», «Танысу жыры», «Зейнешім», «Саржан», «Төртпішен», «Ғиндаш», «Айнамкөз» және «Қоштасу» әнінің екі түрлі нұсқасын жазып алып, «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына кіргізген. Алма Оразбаева 1948 жылы небәрі 56 жасында дүниеден озды.

Баян ӨТЕБАЕВА,
ҚР Ұлт­тық кітапханасының
мерзімді баспасөз бөлімінің қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір