АЛАШТЫҢ АРДА ҰЛЫ – ЕСКЕНДІР
20.06.2024
117
0

Өткен тарихымызда қазақ мемлекет­тігінің даму мақсатын тұжырымдап берген, туған халқына қызмет көрсетудің жарқын үлгісін көрсеткен қайраткерлердің бірі Мұстафа Шоқай (1890-1941 жж.) болатын. Келесі жылы М.Шоқайдың туғанына 135 жыл толады. М.­Шоқай өз кезегінде қызмет­тес, мүдделес болған тарихи тұлғаларға жеке басының мүддесі, қарым-қатынасы тұрғысынан қарамады. Ұлт қайраткеріне адам тағдырына аса жауапкершілікпен қарау тән болды. Сондықтан Алаш зиялыларының өткен өмірі мен халқына қалтқысыз атқарған қызметін бағалап, байыптауымыз – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі де бірегейі. XX ғасырдың басында қазақ интеллигенциясы бұған де­йін болмаған қарқынмен өркендеп, өсті, ке­йін олар ұлт­тық ояну кезеңіндегі сан-салалы қызмет­терінде ел мен халық мүддесіне айтарлықтай үлес қосты. Осы тұрғыда біршама іс атқарған бірегей тұлғалардың бірі, Мұстафа Шоқайдың сенімді серігі – Ескендір Исаұлы Көпжасаров.

Алаш қозғалысы тарихында Е.И.Көпжасаров – Алаш милициясының офицері, Ойылдағы юнкерлер мектебінің командирі һәм Батыс Алашорда әскери далалық сотының төрағасы ретінде өзіндік орны бар тұлға. Бірақ осы кезге де­йін оның қайраткерлік орнын белгілейтін қомақты еңбек жазылған жоқ. Жазылғандар болса, оның Алаш партиясына қатысты өмірбаяндық кейбір іздері ғана, не шолу түріндегі шағын жазбалар.
Ендеше Ескендір Көпжасаров деген кім, қандай істерімен ел есінде қалды?
Журналист-өлкетанушы, марқұм Б.Ажниязов Ақтөбе облыстық Ұлт­тық Қауіпсіздік Комитеті басқармасының №3084 қылмыстық ісі дерегі бойынша Е.Көпжасаровтың архивтік құжат­тары бойынша Ақтөбе облысы, Қобда ауданының № 2 ауылында 1884 жылы дүниеге келгенін жазады. Сонымен бірге, ол келтірген дерек бойынша, яғни Е.Көпжасаровтың өз қолымен толтырған өмірбаянында туған жылын 1885 жылы деп көрсеткен.
Ал, әкесі Иса Көпжасарұлы – ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақтың көрнекті саяси қайраткерлерінің бірі, Санкт-Петербург Императорлық әскери-медициналық академиясын бітірген, «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің мүшесі, қаржы министрі болды. Оның азамат соғысы жылдары Краснодар өлкесінде ақ гвардияшылар әскери бөлімдерінің лазаретінде әскери дәрігер болып қызмет атқарғаны туралы дерек Қазақ­стан Республикасы Президенті архиві қорындағы құжат­тарда сақталған. Иса Көпжасарұлы 1920 жылы 70-ке қараған шағында қайтыс болған.
Кейбір деректер бойынша, Ескендір Исаұлы Санкт-Петербург университетінде білім алған. Қазан төңкерісіне де­йін білімді заңгер ретінде болыстық сайлаулар мен әлеумет­тік-саяси талас-тартыстар кезінде екі жақты бітімге келтіруші ара ағайын ретінде қатысып, іс-қағаздарын жүргізген.
Дүрбелеңмен басталған ХХ ғасыр қазақ халқының басына қанқұйлы, қайғылы қасірет­терді ала келді. Сол ХХ ғасырдың бас кезі бүкіл қазақ елі, қазақ қоғамы үшін түрлі саяси, азамат­тық бағыт­тардың өзара қақтығысы мен күреске толы кезең болды. Елдегі саяси-қоғамдық, әлеумет­тік-экономикалық ой-пікірлердің қалыптасып, ұлт­тық сана-сезімінің өрлеуіне мүмкіндік туып және ояну дәуіріне жол ашылғаны белгілі. Патшалы Ресейдегі ақпан айындағы төңкеріс бүкіл империя аймағын дүр сілкіндіріп, өз қол астындағы ұлт­тардың сана-сезіміне тың серпіліс берді. Осы тұста қазақ ұлтының алдыңғы қатарлы оқыған зиялылары, Алаш партиясы өкілдерінің басты ұстанған идеясы қазақ елінің тәуелсіздігі болатын. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі кезінде «Бостандық», «Азат­тық», «Теңдік» сөздері асқақтай самғап, қазақ даласына да жеткені мәлім. Ақпан төңкерісінен ке­йін халқымыздың біртуар ұлдары бас болып ұлтының басқа жұртпен терезесі тең, тәуелсіз мемлекет болуын алдарына мақсат-мүдде етіп қойып, өмірлерін өлімге тікті. Алаш Орда тарихы мен оның көрнекті қайраткерлерінің қоғамдық-саяси қызмет­тері кеңестік кезеңде бір жақты идеология сарынында жазылып, қара күйе жағылғаны да белгілі. Солардың қатарына Ескендір Көпжасаровты да толық жатқызуға болады.
Е.И.Көпжасаров өмір деректеріндегі басты назар аударатын жайт – оның ұлт-азат­тық қозғалыс көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқайдың Түркістан мұхтариаты Уақытша үкіметі кезеңіндегі қызметінде көмекшісі болғандығы. Бұл туралы уақытында тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ­стан тарихы шетелдік тарихнамасын зерт­теудің негізін қалаушы, шоқайтанушы К.Л.Есмағамбетов (Шоқай М. Эпистолярлық мұрасы. 2 томдық / Жауапты редактор, алғысөз бен түсіндірмелер авторы – К.Л.Есмағамбетов, Құрастырушы: Ғ.Т.Исахан. –Алматы: «СаГа» баспасы, 2006. 1-том. – 424 бет) «М.Шоқайдың эпистолярлық мұрасы туралы» алғысөзінде «М.Шоқайдың жеке мұрағат­тық қорындағы құжат­тардың ішінен Ескендір (Искандер) деген азамат­тың 1936 жылдың 26-ақпанында жазған хаты ерекше назар аударады», – деп жазған болатын (көрсетілген еңбек, 19 б.). Кітапта аталған хат­тың жазылған жылы техникалық не баспадан кеткен қате болуы керек, негізінде хат 1930 жылдың 26-ақпан күні жазылған. Себебі Б.Ажниязов келтірген архив деректері бойынша Е.Көпжасаров 1933 жылы 2 -қаңтарында қайтыс болған. Сондықтан да Е.Көпжасаровтың М.Шоқайға 1936 жылы хат жазуының мүмкін еместігі басы ашық мәселе. Кітапты құрастырушы, белгілі архивист Ғазиза Исаханның Ескендір Көпжасаровтың М.Шоқайға жазған хат жиегінде «9.4.30» деп алынған уақыты көрсетілген деген ескертуі де бар (көрсетілген еңбек, 180 б.). Сонымен бірге Көшім Лекерұлының «Әлем таныған тұлға (М.Шоқайдың дүниетанымы және қайраткерлік болмысы). – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 504 бет. + 28 бет жапсырма.)» ат­ты іргелі еңбегінде хат­тың 26 -ақпан 1930 жылы жазылғанына және хат­тың мазмұнына қысқаша тоқталады (239-240 б.б.). Сондай-ақ Ескендір түркістандық зиялылардың бірі ретінде М.Шоқаймен қатар саяси күреске араласқан сияқты деген пікір білдіреді. Жазылған хат­тан шығатын қорытынды шетелде жүрген М.Шоқайдың елмен байланысының бір бағыты осы Ескендір Көпжасаров арқылы жүзеге асырылғаны. Сонымен бірге Ескендірдің М.Шоқайдың сенімді серігі ретінде атаған В.А.Чайкин* Мәскеуден 1922 жылдың 22-наурыз күні М.Шоқайға жазған хатында Ескендір де Түркістандағы достарының қатарында аталады. В.А.Чайкин хатында «Түркістандағы достарыңыз бен таныстарыңыз түгелге дерлік бұған қарсы, сонда жүрген Жанша, Ескендір де және т.б., Оразаев та қызмет істеп жүр (Түркістан Халық комиссариаты комиссиясының мүшесі), жағдайға риза емес, бірақ олардың қарсылығының жөні бар», –деп жазды (Шоқай М. Эпистолярлық мұрасы. 2 томдық, 61 б.).
Ғалым-тарихшы К.Есмағамбетовтың деректері бойынша Е.Көпжасаровқа қатысты дерек ОГПУ-дың Шығыс бөлімінің тыңшысы «алашордашы», Түркістан автономиясы кезінде М.Шоқайдың сенімді серігі болған Ескендір Көпжасаровтың жақын арада Грузиядан оралғанын хабарлаған. Тыңшы тарапынан келіп түскен тағы да бір астыртын мәлімет бойынша М.Шоқай Түркістан Әлеумет­тік қамсыздандыру Халық Комиссариатының қызметкері Е.Көпжасаровпен хабарласып тұратыны қаперге берілген. Біріккен Мемлекет­тік Саяси Басқармасы (ОГПУ) тыңшысының мағлұматы негізінде М.Шоқайдың көмекшісі Ташкент­те қызмет­те жүрген Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, Ғ.Бірімжанов секілді қазақ зиялыларымен араласып тұрғанын аңғаруға болатыны.
Сонымен, Е.Көпжасаровтың 1930 жылдың 26-ақпанында М.Шоқайға Ташкент­тен жазған құпия хатын толық мазмұнда беруді жөн көрдік:
«Аса құрмет­ті Мұстафа ағай! Қазіргі жағдай әрбір тұрандыққа лайықты жұмыс істеу тұрмақ, біреумен өз ойларын бөлісуге де, ақылдасуға да мүмкіндік бермейді. Қандай жағдайда да қажет жұмысты жүргізудің жолын білетін бөлімдер бар екенін біз көптеген астыртын ұйымдар мен үйірмелердің тәжірибесінен білеміз. Қазір бізде мүмкіндіктер тіпті азайған секілді. Ауғанстаннан өз отанына Ташкент арқылы бара жатқан герман-ауған сауда Кº-да бірге қызмет­тес болған бір неміс арқылы хат жазып жіберудің сәт­ті келіп отыр.
Өзім туралы екі ауыз сөз айтайын: Менің өз үйірмемізден қол үзгеніме көп жыл болды, сіздің Түркістанға деген шексіз махаббатыңызды және оның азат­тығы үшін құрбандыққа да баратыныңызды білемін. Осыншама жылдан ке­йін мен Сізбен қайтіп, қалай байланыс жасаудың ретін таба алмай жүрмін. Сізден мен туралы ескеруіңізді өтінемін. Жан-жағымызда орашолақтар мен оралымсыздар толып жүргендіктен, бұл жерде дұрыс ойлайтын адамдарға жұмыс жетерлік.
Большевиктер осыларды ескере отырып, жергілікті зиялыларды жұмыстан басқа жаққа бұрып, олардың орнына келімсек элемент­терді тартуда.
Бізде соңғы уақыт­тары Орталық Азия бойынша мұсылман зиялыларын жаппай қамауға алу жүріп жатыр. 600-ге жуық адам, ал Ташкент­те 1000-ға жуығы қамалды. Түрмеден жақында шығып, айдаудан оралғандықтан, өзімнің тұрмыс жағдайымды түзеу әлегімен айналада болып жатқан оқиғалардың бүге-шігесін біле бермеймін. Біздің қазіргі жағдайымызда қандай да бір беделді үйірме өмір сүре алады деп ойламаймын. Себебі, сол үйірмелердің нұсқауы бойынша жергілікті халық бар мүмкіндігінше өз мүдделерін қорғап қалушы еді. Қазір оған мүмкіндік те жоқ.
Шаруашылықтағы болып жатқан қиыншылықтар мен Қытай шекарасындағы шиеленісулерге байланысты үкімет алдын ала шаралар қабылдады.
Басқа жердегідей, бұл жерде де ұлт­тық бағыт­тағы осы қозғалысты «басмашылық» деп атауға дағдыланған. Осы күзде ташкендік наубайшы Құр-Джурай жинаған саны 25 адамға жуық шағын топ Искент ауданында қарсылық жасады. Дегенмен, ол жаққа қаладан ат­ты әскер жіберіліп, шағын топ талқандалды. Он адам қаза болып, қалғандары тауға қашып кет­ті. Бұдан ке­йін барлығына белгілі жағдай: қышлақтың халқы зардап шекті. Олар кімнің үйіне тоқтады, солардың бәрі дерлік қамауға алынды. Құр-Джурай – Тиляд ауданынан шыққан, 1920 жылы өз отрядымен өкіметке берілген құрбашы, ол соңғы уақытқа де­йін ескі Ташкент­те бейбіт еңбекпен айналысты, нан пісірушілер артелінде төраға болды және оның ескі қалада ұзақ уақыт болуына қарағанда, оны осындай іске итермелеген астыртын ұлт­тық ұйымдар ма деп те ойлаймын. Бидайдың бағасы базарда 7-8 сом, ал мақтаны диқандардан 3 сом 20 тиыннан 5 сомға де­йінгі бағамен қабылдайды, сондықтан да диқандардың сатып алу мүмкіндіктері туралы өзіңіз ойлай беріңіз.
Мұнда «Правда Востока» мен оның өзбек тіліне аудармасы «Шарк-Хақиқаты» сияқты күнделікті газет­терден басқа, қызмет­тен кеткен кеңес қызметкерлерінен жоғары ешкімді сынай алмайтын және жоғарыдағылардың кемшіліктерін сынауға шамасы жетпейтін «Муштум» ат­ты апталық журнал шығарылады.
Дегенмен, мерзімді басылымдардың ішінде ай сайын шығатын «Бюллетень прессы Среднего Востока» журналы кешігіп болса да, Персиядағы, Түркиядағы, Арабстандағы, Үндістандағы және Ауғанстандағы маңызды оқиғаларды баяндайды.
Сізге жеке басылымдар жаңалығынан хабарлайтыным: Қазақ­станға инженер Тынышбаев көшіп келді, егер де оның «жол инженері» деген мамандығы болмағанда, ол қайткенде де, қызмет­тен шет­тетілетін еді. Хұсейн Ибрагимов те Қазақ­станда, «ұзынқұлақтан» естуімізше, астыртын адвокатурамен айналысатын көрінеді, Ташпулат Нарботабеков Файзулланың (Ходжаев. – А.А. ) заңгер-кеңесшісі болып қызмет етеді, ол 1925 жылы БКП (б) партиясына өтпекші болған, ол үшін Файзулланың өзі кепілдік берген, бірақ одан ештеңе шықпады.
Біздің қалған ескі мұсылман зиялыларымыз бұрынғыдай бейсаясат­тық әдетімен әр түрлі мемлекет­тік және кооперативтік мекемелерде техникалық қызметкерлердің жұмысын атқарып, тиісті жалақысын алып, өз жағдайының сәт­тілігіне ризашылықпен жүре береді. Қоғамдық жауыздық жөнінде ешқандай да түсінігі жоқ және қатардағы мещандарша өмір сүреді. Менің мекен-жайымды Сіз Лейпцигтегі [Торрекадероден] білуіңізге болады.
Ескендір» (Шоқай М. Эпистолярлық мұрасы. 2 томдық 180-182 б.б.).
Жазылған хат­та Е. Көпжасаровтың біртуар тұлға Мұстафа Шоқайды жақсы танитыны, аса құрмет­тейтіні сезіледі. Ескендір Көпжасарұлы хатының басында-ақ елдегі саяси ахуалға дәлме-дәл баға береді. Ол саяси сауаты мол, қазақ зиялыларымен қарым-қатынаста болған, әрі елде болып жатқан әкімшілдік-әміршілдік жүйедегі оқиғаларға өзіндік көзқарасы бар тұлға ретінде байқалады. Өкініштісі, Е. Көпжасаров қуғын-сүргінге ұшырап, айдаудан оралып, туған жеріне келген кезінде шолақ белсенділер артынан қайтадан жарық күнде «шам» алып түсіп, 1930 жылдың 22-қыркүйегінде оған РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-10 бабымен қылмыстық іс қозғалып, концлагерьге 5 жылға қамауға алынып, ақыры Алматы түрмесінде бар болғаны 48 жасында қайтыс болды.
Алаш қайраткерлерінің саяси-қоғамдық қызмет­терінен тағылым алу – біздің тарихи дамуымыздың басты құндылықтарының бірі. Тарихтан өткен ата-бабаларымыздың өмірі мен ісіне қайтадан байыптап қарап, олардың жеңістерін бағалап, жеңілістерінен сабақ алуға міндет­тейді.
Тарихта із қалдырған қайраткерлерді танып-білу – әрбір қоғамның рухани деңге­йінің көрінісі. Бүгінгі мына жаһандану заманында өз тарихымен тәрбиелеу ғана келер ұрпақтың рухын көтереді.

* Вадим Афанасьевич Чайкин (1886-1941) – Социалист-революционерлер (эсер) партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы депутат­тығына кандидат, Уақытша үкімет­тің Түркістан комитетінің мүшесі. Бірінші Жалпықазақ съезінің жұмысына қатысты. 1923-1933 жылдары айдауда болып, 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшырады.

Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау
университетінің профессоры,
тарих
ғылымдарының докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір