ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ АБЫЗЫ 90 ЖАСҚА ТОЛДЫ

Көрнекті жазушы, сатирик, Қазақстанның құрметті журналисі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғаббас Қабышұлы 90 жасқа толды. Көрнекті қаламгерді құттықтау үшін мерейтой иесінің шаңырағына Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов пен Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев арнайы барды. Ғани Майлыбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүрекжарды лебізге толы құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хаты мен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың да құттықтаулары табысталды.
Қазақ қаламгерлері атынан құттықтаған Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов Ғаббас Қабышұлына құрмет көрсетіп, қаламгердің әдебиет пен журналистикадағы, сатира мен аудармадағы ерен еңбегін атап өтті:
«Сіздің қаламыңыздан туған әрбір шығарма – қоғамның терең тамырын дөп басып, күлкі арқылы ой салатын өткір туындылар. «Мысықта сақал неге жоқ?», «Жетім жиналыс», «Тарихта қалғың келе ме?» сынды сатиралық әңгімелеріңіз қазақ әдебиетінің алтын қорынан ойып тұрып орын алады. Сіздің шығармашылығыңыз – күлкі мен шындықтың арасындағы көпір. Әдебиет арқылы елдің санасын жаңғыртып, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қостыңыз. Тоқсан жылдық
мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, Сізге зор денсаулық, шығармашылық ұзақ ғұмыр тілеймін», – дей тұрып, иығына қамқа шапан жауып, отбасына да құрмет сыйын көрсетті.
Сондай-ақ М.Құлкенов жазушының А.Чехов, С.Михалков, Б.Нушич, Әзиз Несин сынды әлем әдебиеті классиктерінің туындыларын қазақ тіліне тәржімалаудағы еңбегін жоғары бағалады. Бұл аудармалар қазақ оқырманына әлем әдебиетінің үздік үлгілерін ұсынуымен қатар, төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейткені айтылып өтті.