Семей – Алаштың жүрегі
02.04.2024
341
0

Семей өңірі десе, Абай есімінің қатар аталуы – заңдылық. Өйткені ХХ ғасырдың басында-ақ Ахмет Байтұрсынұлы Абайға: «Қазақтың бас ақыны», – деп, Мағжан Жұмабаев: «Хакім ақын», – деп, Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Ақындар пайғамбары», – деп лайықты бағасын берген.

Ұлылар туған бұл өңірде ақынға деген құрмет тіптен ерекше. Аймақта Абайға байланысты іс-шаралар да жиі өтіп тұрады. Сөз қадіріне жете білетін қасиет­ті өңір тұрғындары «Абайға деген құрмет – ұлтқа деген құрмет екенін, Абайға деген құрмет – соңындағы ақындарға деген құрмет» екенін жақсы біледі. Сол себепті де, дарынды жерлестердің мәдени және әдеби мұраларын сақтауға, жергілікті авторлардың үздік туындысын жастар арасында кеңінен насихат­тауға, патриот­тық сезімді және туған жерге деген сүйіспеншілікті дамытуға бағыт­талған 2018-2022 жылдар аралығында «Абай әлемі» сериясы әдеби жобасы, сондай-ақ 2023 жылы «Абай жолы» кітапханасы жобасы жүзеге асты.
«Абай әлемі» кітап сериясы біздің облыстың белгілі авторларының, ақындардың, өлке зерт­теушілерінің және өнер адамдарының жанры мен тақырыбы жағынан әртүрлі, бұрын жарық көрмеген немесе аз тиражбен шыққан шығармаларын біріктірді. Жазушылар мен ақындардың шығармаларын бағалау және басып шығару жөніндегі кеңесті күні кеше раббысына қайт­қан КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Медеу Сәрсеке ағамыз басқарды. «Абай әлемі» жобасы аясында «Фолиант» баспасынан А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, М.Әуезов, Т.Көбдіков, Ф.Достоевский, М.Сәрсеке, М.Қабанбаев, А.Иванов, Б.Щербаков, Н.Баймұратов, Қ.Алтынбаев, Т.Әбдікәкімов, С.Черных, А.Қасымов, Б.Раисова, К.Ерқасов, М.Қарт, А.Мещеряковтардың, сонымен қатар «Абай әлемі» жобасы бойынша 2020 жылы «Абайдың 175 жылдығына арналған» белгісімен жергілікті авторлардың 22 кітабын шығарды.
«Абай жолы» кітапханасы жобасының тұсаукесерін биылғы жылдың ақпан айында Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өткізді. «Абай жолы» кітапханасы жобасы облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың қолдауымен жарық көрді. Ақын-жазушылардың шығармаларын бағалау және жариялау жөніндегі кеңеске профессор, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері А.С.Еспенбетов жетекшілік ет­ті.
Бұл серияға хәкім Абайдың «Шығармалары», Шәкәрім қажы шығармаларының репринт­тік басылымы, ұлы жазушы Мұхтар Әуе­зовтің «Абай Құнанбаев» монографиясы, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар, Несіпбек Айтұлының «Есіл де есіл, есіл күн…», Бауыржан Жақыптың «Қарауылтөбе» және Төлеужан Ысмайыловтың «Өмір гүлі», Ырысхан Мұсаұлының «Аға сұлтан», Тұрсын Жұртбайдың «Дәрілқарап», Толымбек Әбдірайымұлының «Ақ кептер», Айгүл Кемелбаеваның «Мұнара», Думан Рамазанның «Көш» сынды еңбектері, сонымен қатар жоба аясында Ақтамберді жырау, Дулат ақын мен Абайдың ақын шәкірт­тері – Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітайдың шығармалары енген «Жыр жауһарлары» жинағы, «Білгенге – маржан» ат­ты абайтануға байланысты мақалалар жинағы, Абайдың қайраткерлік тұлғасын көрсететін материалдар мен қоғамдық кітапханаға қатысты материалдар топтастырылған «Абай кітапханасы сирек басылымдарда» жинағы, Семей облыстық Статистика комитеті мен Императорлық орыс географиялық коғамы Батыс-Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің зерт­теулері жарияланған «Хранитель истории» жинағына енген әдеби шығармалар мен ғылыми-зерт­теулері кірген. Бұл біздің өңіріміздің әдеби ахуалының бір бөлігі десек, қателеспейміз.
Әр жыл сайын наурыздың ­­5 жұлдызында мемлекет және қоғам қайраткері – Әлихан Бөкейханның туған күніне орай Алаштың арда азаматын еске алу дәстүрі бойынша ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етеміз. Мұндай атау­лы күндерге қала басшылығы да белсенділік танытып, өз үлесін қосады. Осы жолғы кез­десудегі рухани олжамыз – қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов өскелең ақындардың антологиясын жарыққа шығаруға көмек көрсететінін жеткізді. Бұйыртса, жақын арада Абай өңірінде тағы да қуанышты жаңалық болмақ. «Семей ақындарының антологиясы» деген атпен жарыққа шығатын жыр-жинақтың тұсаукесерін жасамақ ойдамыз. Бұл жинақта С.Дүйсенғазин, Қ.Сарин, А.Елгезек, Д.Кәпұлы, Д.Берікқажы, С.Қамшыгер, Б.Игілік, М.Қарт, А.Шеризат, А.Сегізбаева, Т.Темірбай, Н.Байтөс, Ж.Мақаев, Д.Төлеутай, Ж.Асқар, Р.Кеңесхан және т.б. ақындардың жүректен шыққан жырлары енбекші.
Алаштың ордасы болған, жүрегі болған Семей елінің мәдениеті – ілгері, әдебиеті озық болуы тиіс!

Мерей ҚАРТ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір